Home » Білім және тұлға » АБАЙ БОЛАЙЫҚ

АБАЙ БОЛАЙЫҚ

    Қай елдің болмасын туын көкке, діні мен тілін күллі әлемге паш ететін рухы биік, бағамы зор, бағалы тұлғалары болары сөзсіз. Иә, кең байтақ дархан даламыздың абыройын асқақтатып, тәуелсіздігіміздің теңдігін таразылап, жылдар бойы жан алысып, жан беріскен, қазақ елінің бүгінгі бейнесін таңбалап кеткен ата- бабамыздың бізге сіңірген еңбегі ұшаң теңіз. Өзге елдерге қыран болып көкте, барыс болып дөңде, балықтай көлде жүзе алатындарын дәлелдей алғаны тайға таңба басқандай айқын.

Тартып мінгеннің тақымында кетпесін деп атқа қона білген аталарымыздың тарланбоздай тағасы тауға қадалып, тұяғы құмға сіңген кезеңдерден өтіп, баба тарихымызды біздерге жыр етіп те, мұра еткен. Енді бәз біреулер еншілеп алмауы үшін ерен еңбек ететін, біз және келер ұрпақ болмақ.

Өзін жер жастанса да, есімі ел есінде қалған ата- бабаларымызды ұлықтау, сөзімізге иек, ісімізге тірек ету әр қазақтың міндеті. Осы орайда, 2020 жыл — қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын, ағартушы, ойшыл, философ, аудармашы әрі композитор, дала данышпаны Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы. 2019 жылы 30 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының мерейтойын дайындау және өткізу жөнінде Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды.

   Нұр- Сұлтан қаласында Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына бағышталған әдеби конференцияның №38 мектеп- лицейде де негізін қалауы табиғи заңдылық. Мектепшілік шараның негізгі мақсаты, ұрпақ жадына Абай есімін ұялатып, оқушылардың өнерін арнап, атсалысуы. Мектеп ұжымы бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып, әдеби кешті әсерлей түсті. Әрине, бұл мүдденің өз мінберіне жеткені көрер көздің дәлелі. «Абай- қазақтың бас ақыны» атауымен ұйымдастырылған әдеби конференцияның ұйытқысы болған, әрі тізгінін ұстаған ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Қазақстанның үздік педагогы» орденінің иегері Маулетқали Қыдырбекұлы. Әдеби кеш Мағжан Жұмабаевтың «Алтын хакім Абайға» өлеңіне сомдалған мектеп оқушылардың қойылымымен ашылды. Сондай-ақ, әр кафедра меңгерушілерінің дайындаған материалдарымен жалғасын тапты. Қарап отырсақ, тарих, әдебиет, ән-күй, орыс және шет тілі тағы да басқа көптеген саладан бойкөтерген Абайдай ұлы тұлғаны дәріптеу бір күн емес, бірнеше жылдарды қамтитыны сөзсіз. Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Боранбай Науанұлы «Абай тарихшы және философ» деген тақырыпта сөз қозғаса, орыс тілі мұғалімі, жаңашыл ұстаз Раушан Жұмажанқызы аудармалар тарихынан баяндады. Абай елінің тумасы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Қадырғазы Камалұлы Абай әндері хақында сыр шертті. Ұлы ақын ән, қарасөз, өлең ғана жазбаған, көңілге түрлі ой салатын күйді де мұра етіп қалдырған. Сондай-ақ, орыс ақын- жазушыларының өлеңдерін аудармалап, тіпті, Батыс Европаның әйгілі ақындарының Байрон шығармаларын тәжімалаған. Абайдың тағы бір қыры, оның композиторлығы жөнінде де әнші, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Ардақ Маратқызы сөз қозғады.

 Мектеп оқушылары Абай өлеңдерін жатқа оқып, көрініс қойып, ән- күйімен баураса, бірнеше дүркін қалалық, республикалық, халықаралық суретшілер байқауының жеңімпазы, 11 «А» сынып оқушысы Жомарт Жансая Абайдың табиғат лирикасына арнап бейнелеген, сурет көрмесімен тәнтті етті. Ал, небәрі 3 сынып оқушысы Даниярова Рамина «Сегіз аяқ» өлеңін мәнерге салып, жатқа оқып берді. Тіпті, «Ескендір» поэмасының өзі жадында сайрап тұрғаны көңілге медеу болды. Мәулетқали Қыдырбекұлы: «Біз осы шараға мектеп ұжымы мен оқушылары түгелдерлік атсалысуы үшін тырыстық. Абайды жүрекпен сезініп, көңілдеріне тоқыса дедік. Әрине, зиялы қауым өкілдерін шақыртып, сахнаға әкелуге де болар еді. Бірақ, балдырғандардың санасында көзбен көріп, қолмен істелген, жауапкершілігі басым жұмыстар ғана сақталатыны сөзсіз»,- деп ойын тұжырымдады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл емес пе?! Оның нәтижесі де, жетер шыңы да қошемет болмақ. Кеш соңында, директордың бастауыш сыныптар бойынша орынбасары, Құрмет грамотасының иегері Ляззат Жақыпқызы Абай өлеңінен үзінді оқып, жылы лебізін білдірді. Мектеп ұжымы мен оқушылары және ата-аналар атынан Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

   Ұлтым дейтін ұл мен қыз тәрбиеленсе, рухымыз қашан да биік болмақ. Әдеби кештің әсерлі өтуімен, оқушыларды ізгілікке баулып, ізденіске тәрбиелегені үшін мектеп директоры Камила Кәрімбердіқызы және оқу ісінің меңгерушісі Назигүл Мұхамедсағиқызына алғыс айтамын. Жалпы, мектеп ұжымы мен оқушыларының белсенділігі, Абай атамызға деген құрметі сахна төрінен, көрермен жүрегінен жол тапты.

Әлем картасында өзіндік көлемімен таңбаланған жеріміздің бүтіндігі мен ұлтымыздың тұтастығына абай болайық! Һәм ертеңімізге  сеніммен қарасақ көш бастау қиынға соқпасы анық. Көк найзасын көлденең ұстап жорытқан бабалардың елдігі мен мұрасына абай болайық! Болашақтан алапаты асқан Алаш жұртын көргісі келіп, ғұмырын күреспен өткерген ғазиз ағалар аманатына абай болайық! Елі мен жерін сүйген, Отаны үшін жанын берген Абайдай болайық!

Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
BILIM AINASY
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.