Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО
Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы қолға алған «Жұлдызды отбасы» жобасының кезекті кездесуі Ербол және Елена Есендосовтардың өмірі мен өнер жолын дәріптеуге арналды.
Кеш қонақтары қызмет ететін Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ақпарат бөлімі хабарлағандай, алдымен жұлдызды жұп пен шара қонақтары Қадыр ақынның рухына тәу етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
«Ғұмырсахна» атты айрықша атау берілген кеш «Жалт еткен сәуле» қойылымынан үзіндімен басталды. Өмірде де, өнерде де жұп жарастырып, ел-жұртқа шынайы сезімдерімен, ақ адал ниеттерімен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, шаңырақ шаттығын еселеуімен үлгі болып жүрген ерлі-зайыптыларға театрдағы аға буын әріптестері – ардагер Құжырғали Төлеуішов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сердеш Қажымұратов, актриса Бақытгүл Жақыпова ақ баталарын берді. Ал Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Салтанат Абулғазиева ұжымындағы белді де беделді әріптестері жайлы мақтанышпен баяндап, ерекше ықыласын білдірді.
Кеш барысында Есендосовтар қосыла шырқаған ән көпшіліктің көңілін тербетті. Театрдың белді актері, отағасы Ерболдың өзі қатысқан қойылымдардан келтірілген үзінділер мен монологтар, кәсіби биші Еленаның мың бұралған биі көрермен тарапынан ерекше қошеметке ие болды. Бойларына талант тұнған өнерлі жұптың қыздары Тоғжан Мағзомованың ерекше толқыныспен оқыған монологын да көпшілік ұйып тыңдады. Әсерлі де әдемі кеш әулеттің үлкені – Күлән ананың алғысқа толы ақ батасымен түйінделді.
Айта кетсек, Ербол мен Елена Есендосовтар – Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында еңбек етіп жүрген танымал өнер иелері.