Ержігіт Талап,
Қ.Аманжолов атындағы ЖОББ мектептің оқушысы,
Бәйтерек ауданы, БҚО
Әр адамның арманы болады ғой, менің де балалық армандарым өте көп. Соның бірі – науқас адамдарға көмектесетін дәрігер болу.
Менің аты-жөнім – Талап Ержігіт Хаирханұлы. Тоғыз жастамын. Батыс Қазақстандағы Бәйтерек ауданы, Переметный ауылында тұрамын. Анам Иманқұлова Салтанат Амангелдіқызы – ұстаз, Бәйтерек колледжінде тарих пәнінен сабақ береді. Өзім ақын Қасым Аманжоловтың есімін иеленген орта мектептің 3-сыныбында оқимын. Мектебім, ұстаздарым өзіме қатты ұнайды. Қазақ тілі пәнін сүйіп оқитыным тағы бар. Жалпы біздің ана тіліміз – шексіз бай, шұрайлы, мықты тіл ғой. Мен мектеп өміріне белсене қатысып, көптеген үйірмелерге қатысып жүрмін. Ал басты мақсатым – мектепті жақсы бағамен бітіріп, үздік маман болу.
Енді өзімнің арманыма оралайын. Арман адамға қанат бітіреді. Мен өскенде кім боламын, қандай мамандықты таңдаймын деген сұрақтың толғандыратыны рас. Мектепте оқып жүргенде осы сұрақты нақтылап алу керек деп ойлаймын. Себебі, бұл – сенің жарқын өміріңнің бір бөлігі. Жалпы мамандықтың жаманы болмайды, оны адамдар өз қалауымен таңдауы керек. Мұғалім бізге мамандық таңдауда қателесуге болмайды дейді. Егер адам өзі таңдаған мамандығын жақсы көріп, шын ниетімен атқарса, еңбегінің жемісін көреді.
Мен кішкентай кезімнен дәрігер болсам деп армандап келемін. Ақ халат киіп жүретін дәрігерлер өзгелерге көмектеседі. Мұның өзі – үлкен мәртебе. Менің қолымнан дәрігер болу келеді деп ойлаймын. Сол арманыма қол жеткізуге тырысамын. Ол үшін ең алдымен сабағымды жақсы оқуым керек. Анам солай дейді, ал мен анамның айтқан ақылын тыңдап жүремін. Мектеп бітірген соң дәрігерлер дайындайтын оқу орнына оқуға түскім келеді. Мен өзім қалаған кәсіптің иесі боламын. Өзіме сенемін.