Шәкәрімнің өзіне үлгі тұтып өскен ұлы Абайдан тыс үш бұлақ-бастауы бар десек, солардан алғашқысы қазақтың төл әдебиетінің ықпал-әсері дей аламыз. Екіншісі, шығыс әдебиетінің туындылары деген жөн. Осы бағытта ол әйгілі Қожа Хафиз лирикалары мен Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын қазақшаға аударды. Үшіншісі, орыс ақын-жазушыларынан М.Е.Салтыков-Шедрин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов, А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой шығармаларының игі әсері еді. Шәкәрім бұлардан А.С.Пушкинның «Дубровский» повесі мен «Боранын» қазақ тіліне өлеңмен аударса, Л.Н.Толстойдың бір топ әңгімелерін қазақша сөйлетті.
Шәкәрім Құдайбердіұлы бір сөзінде:
Науаи, Сағди, Шәмси, Физули бар,
Сайхали, Қожа Хафиз, Фирдоусилар,
Бәйітші елден асқан ,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар,
деп шығыстың атақты шайырларын санамалап, ұстазы Абай сияқты оларға жоғары баға береді.Бір назар аударарлық мәселе екеуі де осы жеті ақынды ғана айтады. Енді Абай сөзіне құлақ түрелік:
Физули, Шәмси, Сайхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа Хафиз – бу Һәммәсі,
Мәдет бер я шағири фәрияд,
Ақындардың аттарының орны ауыстырылып берілгенімен, дәл сол жеті ақын аталып отыр.
Шығыс мәдениеті – қазақ әдебиеті ежелден нәр алған түпсіз қазына. Қай заманда да қазақ әдебиетіміздің дамуына Шығыстың классикалық поэзиясының ықпалы күшті болды. Тіпті ауыз әдебиеті үлгілерінің өзінде де Шығыс әдебиетінің кейбір шығармаларымен сабақтастық байқалады. «Қыз Жібек» жырындағы мына бір жолдарға жүгінсек:
…Ғашықтардың пірі едің,
Ләйлі-Мәжнүн сардар-ау.
Ғашықтардың саруары
Зылиха-Жүсіп пайғамбар
Әйелдің бірі Бибі Фатима
Баламды сізге тапсырдым.Осы шағын мысалдың өзі Шығыс елдеріне кең тараған ежелгі «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиха», «Атымтай жомарт», «Фархад-Шырын» сияқты толып жатқан хисса-дастандар оқиғаларының, олардағы бас кейіпкерлер тұлғасындағы махаббат мұңлықтарының қазақ арасында да ерте замандардан белгілі болғанын айғақтайды.
Сол сияқты сонау «Авестадағы» аждаһа, дию, перілер де қазақ ертегілерінде көп кездеседі,
Шығыс елдерінің көне мұраларының қай-қайсысы да өзара сабақтасып жатыр. Арабтың әйгілі «Мың бір түніндегі» үнді, түркі, парсы ертегілері, үнді жерінде дүниеге келген «Калила мен Димна», «Тотынама» секілді туындылардың парсы жұртының төл шығармасындай болып кетуі осы сабақтастықтың ізі деп білсек керек. Халықтық ырым, түсініктері, жалпы мифологиялық танымы ұқсас парсы мен түркі халықтары арасындағы байланыстың тамыры тым тереңде жатыр. Осындай байланыс нышандары қазақ әдебиетінің даму шежіресінде де аз ұшыраспайды.
Қазақ жұртына шығыстың жарық жұлдыздары Сағдидің, Низамидің, Фирдоусидің дастандары жақсы таныс. Абай, Шәкәрім бастаған қазақ ақындарының қай-қайсысы да оларды өздеріне ұстаз тұтқан, шығармаларынан нәр алған.
Осы тамырластық дәстүрі әдебиетіміз үшін үлкен бір үйрену, қалыптасу мектебі болды. Ұлы Абайдың ақындық мұраларына үңілсек, оның да Шығыстың дәстүрлі поэзиясына еліктегені, оның жақсы үлгілерін пайдаланғаны байқалады. Ақынның әсіресе махаббат тақырыбына жазылған лирикалық туындыларында, имандылық пен философиялық мәні салмақты поэмаларында Шығысқа тән дәстүрлі айшықтар мол. Ол өз өлеңдерінде Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули, Низами тәрізді Шығыс жырының жарық жұлдыздарының аттарын атап қана қойған жоқ, олардың шығармаларымен жақсы таныс болды, солардан үйренді. Шығыстың бірқатар дастан-хикаяларын жаттап алып, ел арасына таратты .
Қазақ әдебиетінің аса қарқынды дамыған кезеңі жиырмасыншы ғасырдың басы болды десек, бұл кезеңдегі әдеби процесс те осындай дәстүрлі ықпалдан тыс қалған жоқ. Бұл кезеңге дейінгі байланыстың ара-жігін ажырату қиын болса, Шығыстан келген нәрселер байырғы дүниелермен сіңісіп кетсе, соңғы тарихи тұстағы шығармалардың кім арқылы, қашан және қай дәрежеде келгені жақсы белгілі. Бұл дәуірде әсіресе «Құраннан», «Мың бір түннен», «Шаһнамадан» тамыр тартатын шығыстық сюжеттерге құрылған хисса-дастандар көп жазылды. Күні бүгінге дейін «кітаби ақындар» деген шартты атау иелігінде жүрген әдебиет өкілдерінің қаламымен Шығыстың әралуан оқиғалары қайта жырланды, кітап болып басылып шықты.
Шығыстан алынған сюжеттерге дастан дәстүрінде көп хиссалар жазған Жүсіпбек Шайхысламов, Ақылбек Сабал, Шәді Жәңгірұлы, Әбубәкір Кердері, т.б. ақындар қазақ әдебиетінің классикалық Шығыс әдебиетімен байланысының тамырын бұрынғыдан да кеңейте түсті. Бұл топтағы ақындар Шығыстың классикалық әдебиеті, аңызы мен қазақтың ауыз, жазба әдебиеті аралығындағы дәнекерлік, жалғастырушы әрі көпір секілді, Шығыстық мәдениет пен әдебиеттің қазақ әдебиетіне дарытқан парасаты мен ғибратты ойларын жеткізуші, насихаттаушылар тәрізді қызмет атқарды.
«Кітаби ақындар» ғана емес, бұл кезеңде өмір сүрген ақын-жазушылардың қай-қайсысы да осынау нәрлі бастаудан молынан сусындады. Мәселен, М.Сералиннің «Шаһнаманың» жекелеген тарауларын аударуы, Ә.Найманбаевтың «Ағаш ат», «Салиха-Сәмен», «Шеризат», «Барат қыз», «Үш жетім қыз» поэмаларына шығыстық сюжеттерді арқау етуі, өзге де ақын-жазушылардың шығармаларында шығыстық элементтердің мол кездесуі осыны айғақтаса керек.
ХХ ғасыр әдебиетімізді классикалық Шығыс әдебиетімен жалғастырған алтын көпір іспетті әйгілі «Шаһнама» дастанының шоқтығы биік тұрғаны анық. Дастан сюжеті қазақ жұртына етене таныс. ХХ ғасырдың басында аталмыш туындыны қазақ ортасына жеткізуге талпыныстар жасалды.
Жоғарыда атап кеткен М.Сералиннен өзге, дастанның жекелеген бөліктерін Ораз молда аударды. Әйтсе де, «Шаһнама» туралы сөз еткенде Тұрмағанбет Ізтілеуовтың есімі, сол сияқты Тұрмағанбет десек әйгілі «Шаһнама» ал ойымызға оралады. Өз кезіндегі Шығыстың әйгілі медреселерінде білім алған, шығыстың бірнеше тілін меңгерген парасатты тұлға, сондай-ақ ақын ретінде ұлттық әдебиетте өз бағытын қалыптастырған атақты шайыр мұрасының қадір-қасиетін мейлінше терең ұғынатын бүгінгі ұрпақ осылай ойласа керек .
Көзі тірісінде тарихи кезеңнің небір талқысынан өтіп, рухани дағдарыстың сан қилы сындарын жүрегінен өткізген шайырдың
Дүниеден өмір бітіп, өлсем де өзім,
Аралап жердің бетін жүрер сөзім, — деген сөздері бүгінде ақиқатқа айналды.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті – ұлттық сөз өнеріміздің дамуындағы аса күрделі, әрі жемісті кезең. Ол дәуірдің әдебиеті — ескі мен жаңаның, кеше мен бүгіннің арасына жасанды белдеу тұрғызып, өткеннің бәрін санадан өшіруге тырысқан қоғамдық құрылыс пен ұлт жадын сақтап, рухани қазынаның қоржынын молайтуға, сол арқылы халық санасына сәуле сіңіруге ұмтылған әдебиет өкілдері арасындағы бітіспес күрес кезеңінде қабырғасы қатайып, бұғанасы бекіген әдебиет болды.
Міне, осынау әдебиеттің шыңдалып шынығуына тұғыр болған тірек дәстүрлердің бірі классикалық Шығыс әдебиетінің өлмес, өшпес үлгісі еді.
Мұқашева Қуаныш Маратқызы,
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
№2 Қосшы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.