Тіршілігі көп қым-қуыт заманда отбасындағы ерімен қатар әйелі де несібесін тауып, қоғамға етене араласып кетті. XXI ғасырдың талабы күшейіп, бәсекеге қабілетті болуы үшін көпшілік әйел баласының үйде отырмай, кішкентайларын бақшаларға беріп, еңбек еткісі келетіндігі де жасырын емес. Өткен ғасырдағыдай немере бағып, үйде отырған әжелердің қатары да азайып барады, бұған себеп еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қордаланған мәселелер. Осындай түйінді түйткілдерден ат тонын алып қаша алмаған азаматтар бала тәрбиесін бақшаларға тапсырады.
Бірақ қазіргі балабақшалардағы қызметкерлердің жүгі екі-үш еселеп ауырлағаны жасырын емес. Себебі ата-аналардың талабы жоғары. Міне, бұндай жоғары талаптарға сай еңбек етіп, тәрбиенің алтын бесігі – балабақшаның тәрбиешілеріне әдістемелік бағыт-бағдар сілтеп, Әулиеата өңірінде көш ілгері мекеме атануға ат салысып жүрген білім саласы ордаларының бірегейі – Тараз қаласындағы №36 «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасы.
Осы орайда біздің газетіміздегі «Жанында жүр жақсы адам» айдарының бүгінгі кейіпкері 2014 жылдың шілде айынан қазіргі таңға дейін сол бөбекжай-бақшада әдіскер қызыметін атқарып жүрген Спатаева Анар Исатайқызы. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам селосында 1967 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келген Анар Исатайқызының мектепке дейінгі мекемелерге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ендеше, кейіпкерімізбен жүргізген сүбелі сұхбатымызды қабыл алыңыздар, құрметті оқырман!
-Анар Исатайқызы, өзіңіз жайлы сыр шертсеңіз, мұғалімдік мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
— Бурабайдағы қазақ мектепті 1985 жылы бітірген соң 1986 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қаратау қаласындағы салиқалы әулеттің жігітіне тұрмысқа шықтым. Үш қызым, бес немерем бар. 1989 жылы сол Қаратау қаласындағы № 9 балабақшада тәрбиеші көмекшісі жұмысын атқарғаннан кейін баламен жұмыс жасаудың үлкен бақыт екен сезіндім. Қазақ халқы:«Бала – бауыр етің», — деп тегін айтпаса керек… Мен өз жұмысымды жақсы атқарып, әр кез тәрбиешілердің жанынан табылғаннан болар, маған меңгерушіміз Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесіне жолдама берді, оқуға түсіп келген соң мені тәрбиеші қызметіне ауыстырды. 1994 ж. Жамбыл педагогикалық колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығы бойынша дипломымды алдым. 1996 жылы Қаратау қаласында барлық балабақшалар жабылып, жұмыссыздық белең алса да білім саласында қызмет атқарып, балалармен жұмыс жасауға қолымнан келгенше тырысып бақтым. Иә, 1990 жылдар экономикалық тұрңыдан қиын кездер еді. Көптеген педагог мамандар саудаға кірісіп, көшеде шемішке сатқандары да болған.
Әрі қарай Әулие-Ата университетінің «Тарих және география» мамандығына түсіп, жұмысымды мектепте жалғастырдым. 2010 жылы Абай атындағы №26 мектептің шағын орталығында тәрбиеші қызметіне ауыстым, себебі менің жаныма жақын мамандығым өмірдегі – жүрек қалауым балалармен жұмыс жасау, олардың қуанышымен күлкісінен нәр алу.
Ал қазір мен «Мектепке дейінгі мекеме әдіскерімін». Әдіскер болу — жәй ғана қызмет емес. Ол – адам бағдарын жасаушы, келешек ұрпақтың сәулетшісі. Бұл сөздің астарында әдіскер мамандығының үлкен жауапкершілік иесі екендігін айқындап тұр. Бала тәрбиесі, оның ішінде бақшадағы сәбилерді тәрбиелеу үлкен мәртебе. Лирик ақын Мағжан Жұмабаев: «Тәрбие — адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне — өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» — деген екен. Сондықтан біз балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз.
-Педагогикадағы еңбек өтіліңіз және №36 «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасында неше жыл еңбек етіп келесіз? Мекеменің қысқаша тарихы мен қазіргі ұжымыңыз туралы айта кетсеңіз…
-Жалпы, білім саласындағы еңбек өтілім 24 жыл. №36 «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасында 2014 жылдың шілде айынан бастап, яғни 5 жылдан аса қызмет атқарып келемін. Балабақша 2013 жылдың мамыр айынан пайдалануға берілген. Бөбекжай-бақшаның меңгерушісі Болысбаева Куляш Пернебековна — өз жұмысын жан-жақты білетін білікті маман.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы жұмыстардың басты бағыты оқу тәрбие процесін жүйелі жоспарлау, жаңа инновациялық технологияларды ендіре отырып балаларды дамытудың тиімді жолдарын қарастыру. Міне осындай жұмыс жүйесі менің бөбекжай-бақшамда қалыптасқан. Бөбекжай-бақша педагогтары Республикалық «Өрлеу», «Нұр болашақ» ғылыми зерттеу орталықтарының ұйымдастырған жаңа технологияларды меңгерту курстарына қатысып білімдерін жетілдіріп, бөбекжай-бақшаның оқу тәрбие процестеріне ендіруде. Білікті педагогтармен бірлесе отырып жас мамандармен де жұмыстар жүргізу жүйелі жолға қойылған. Жас мамандарға тәлімгерлер бекітіліп берілген. Өз ісінің шебері атану үшін не керек? Әрине білім, міндетті түрде — мейрімділік, жылы жүрек, баламен мамандығына деген сүйіспеншілік.
Мен өзімнің әріптестеріме жаңа инновациялық тұрғыда әдістемелік көмек бере отырып, алдымен оларға рухани қуат, мейрімділік, шыдамдылық, кешіре білу, қызметтестеріммен тең жағдайда сырласу, әр кадрдың мүмкіндіктеріне сену, ойларын тыңдау қасиеттерім арқылы өз бақшамның жұмысын жетілдіріп, мәртебемді көтере алатындығыма сенемін.
Ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасқан. Педагог-тәрбиешілеріміз халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде байқаулармен конкурстарға қатысып, жүлделі орындар алып отырады.Әрбір маман шығармашылығын, шеберлігін, талантын жаңғыртып, өз ісінің шебері атанса мен үшін үлкен бақыт. Ата — аналарда өз баласының тәрбиесімен білікті мамандардың айналысқандарын қалайды. Тұңғыш ағартушы педагог Ы. Алтынсарин «Күнәнің ең үлкені – бала жанының нәзік пернелерін дұрыс сезіне алмайтындарда» деп бала тәрбиесіндегі басты тұлға ұстаздардың өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырған.
-Педагогика саласында қандай жетістіктерге жеттіңіз? Арнайы марапаттарыңыз бен бөбекжай-бақша жетістіктері туралы айта кетсеңіз…
— Әрине, мақтанғым келмейді. Бірақ сіз сауал қойған соң айта кетейін. 2015 жылдың 19 желтоқсанында Халықаралық экология және инженерия ғылым академиясы «Білім берудің заманауи әдістері мен технологиялары балабақша – мектеп – Ж О О» ІІ республикалық ғылыми-практикалық конференциясында «Лучший методист» кубогін иелендім. Сонымен қатар, сол жылдары «Умната» Ресейлік педагогтар конкурсының Блиц-олимпиадасында «ТРИЗ-педагогика» іс-тәжірибемді электронды жолдап І орын дипломын иелендім. «Вопрасита» Ресейлік балалар мен педагогтарға арналған Блиц-олимпиадасында «Педагогическое мастерство» тәжірибеммен бөлісіп ІІ орын дипломынын алдым. Республикалық «Заманауи педагог» журналына «Жобалау әдісі — инновациялық педагогикалық технологияның тиімді түрлері» тақырыбы жарияланып, редакцияның 14.12. 2017 жылғы шешімі бойынша «Педагогикалық құрмет» медалімен, ал 2017 жылы «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға белсене араласқаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталдым. «Үздік жетекші» Дипломымен «Балдәурен» республикалық шығармашылық байқауына дарынды шәкірт дайындағаны үшін марапатталдым.
Ал, Халықаралық шығармашылық фестивалінде 2018 жылы Алматыда өткен «Тайжарыс — Талант» «Жас дарын» республикалық байқауында шәкірт дайындағаны үшін грамота алдым. Білім-шыңы-ғылым сыры» республикалық ғылыми-әдістемелік, танымдық, мәдени — рухани журналына ұжыммен біріге отырып, үнемі озық тәжірибелерімізбен бөлістік және өз тәжірибеммен бөліскенім үшін «Үздік балабақша педагогы» төс белгісімен марапатталдым. Осы сынды марапаттарым бар.
—Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына және көп балалы аналарға қандай да бір көмек мекеме тарапынан көрсетіледі ме?
-Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және көп балалы аналарға арнап «Бүлдіршін» ақыл-кеңес пункті ашылған. Онда психолог, логапед, педагог-тәрбиешілер бақшамен қамтылмаған балалармен, жағдайы төмен отбасымен байланыста, ол балаларға арнайы ашық есік күндері ұйымдастырылады. Ата-ана тарапынан қандайда бір сұрақ болса, біздің мамандардан толық жауап алып отырады. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, мектепке баратын балаға құрал-жабдықтарын ұсындық.
-Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
-Менің өмірдегі ұстанымым:
• көмек сұрағандарға көмек беру;
• өзгелердің пікірін сыйлай білу;
• тыңдай білу, тыңдата алу;
• Жас ұрпаққа заман талабына сай тәрбие мен білім беру ісінің мазмұнын серпінді түрде дамыта отырып, тиімділігі мен сапасын арттыру .
— Анар Исатайқызы, сүбелі сұхбатыңызға рахмет! Республикалық «BILIM AINASY» газеті сізге шығармашылық табыс тілейді!
— Сіздерге де көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жансая Құрманғалиқызы,
«BILIM AINASY» газеті,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы