Home » Ашық сабақтар » ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУДАҒЫ ИНТЕРАКТИВТІ ӘДІСТЕР

ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУДАҒЫ ИНТЕРАКТИВТІ ӘДІСТЕР


Абдреш Аяулым Бекболатқызы

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан мектептерінде оқытудың жаңа жүйесі жасалып, еліміздің әлемдік білім беру кеңістігінде өзіндік орын алуына батыл қадамдар жасалды. Мұның өзі қазіргі кезде елімізде ерекше білім беру парадигмасының қалыптасуына негіз болды. Сонымен қатар мұндай өзгерістер оқу-тәрбие үрдісінде де байқалды. Өйткені, қазіргі таңда заман талабына сай білім  беру парадигмасы түбегейлі өзгерді, білім беру ошақтарында оқытудың мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңа идеялар мен тұжырымдар пайда болды, соған сәйкес жаңартылған білім беру бағдарламасы дүниеге келді.
Білім беру мазмұны жаңарған сайын мектеп мұғалімдеріне артылар жүктің салмағы да ауырлай түсті. Олар, ең алдымен, білімді де білікті шығармашылық тұлға ретінде, келер ұрпаққа әлеуметтік қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде үнемі өзінің инновациялық іс-әрекетін жетілдіруі және оны оқыту үдерісінде жүзеге асыруы керек. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай, сонымен қатар оны іске асыруда нақты 10 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Соның бірі – болашақ ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мәселелесі. Мемлекет басшысы еліміздің индустрияландыру саласында жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуына баса назар аударып, бұл жүйенің білім беру жүйесіне де әсер ететінін, яғни коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет екендігін айтты. Жетінші бағытта «Адами капитал – жаңғыру негізі» дей келе, «орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар», — деп атап көрсетті [1]. Соған сай қазіргі білім беру ошақтарына білік-дағдысы қалыптасқан, инновациялық технологиялар мен ақпараттық технологияларды жетік игерген, оны оқыту үдерісінде тиімді қолдана білетін ізденімпаз, шығармашыл тұлғалар ауадай қажет.
Оқыту үдерісінде қолданылатын интербелсенді әдістер – оқу материалын игеруде оқушыларды белсенді ойлауға талпындыратын,белсенді практикалық әрекетке итермелейтін әдістер. Бұл әдістер сабақ барысында оқушылардың өздігінен білім-дағдыларды қалыптастыруына септігін тигізеді. Ал мұғалім іс-әрекетті ұйымдастырушы, бағыттаушы тұлға ретінде сабақ барысында интербелсенді әдіс-тәсілдерді оңтайлы қолдануға күш салуы қажет. «Әдістеме әлемінде» ғылыми-әдістемелік жинағында интербелсенді әдіс-тәсілдердің тиімділігі туралы әдіскер-ғалымдар былай деп ой қорытады: «Интерактивті әдістер оқушылардың жоғары белсенділігін көтереді, алынған білімін қайта қарауына мүмкіндік береді» (Ф.Оразбаева), «Интерактивті әдістер жүйесі дегеніміз – оқу үдерісіндегі жасалатын қызметтердің рет-ретімен іске асуының негізіндегі қажет ақпараттың жиналуы мен өңделуі» (Н.Құрманова),«Оқыту үдерісінде интерактивті әдістерді қолданудың жағымды жақтары – оқушының білімді меңгеруде белсенді түрде жұмыс жасауы, алға қойған мақсатты ұжым болып шешуі, оқушының сабаққа деген ынтасы» (С.Жұманова) [2].  Әдіскер-ғалымдардың тұжырымдарын ары қарай сабақтар болсақ, қазіргі таңда интербелсенді әдіс-тәсілдер оқу үдерісінде сабақты нәтижелі өткізуде өте маңызды рөл атқарады. Бұл әдіс-тәсілдер оқушылардың қазақ тілін оқуға деген мотивациясын қалыптастырады, оқу материалдарын жан-жақты игеру арқылы ұлттық құндылықтарды тануына әкеледі және де коммуникативті тәжірибенің іргетасын қалайды. Сабақты тиімді өткізуде қолданылып жүрген әдіс-тәсілдердің біразын зерделеп көргенде байқағанымыз, интербелсенді әдіс-тәсілдер оқыту үдерісінде тұлғаны дамытуға, ізгілендіруге, сыни тұрғыдан ойлауына бағытталған әдістер жүйесі ретінде оқ бойы озық тұр. Әсіресе, аталған әдіс-тәсілдердің өзіне тән мынадай басты ерекшеліктерін атап өтуге болады:
—  оқушының тілдік қарым-қатынас жасау барысында қызығушылығын оятады, яғни белгілі тілдік ортада өзін жайлы және еркін ұстауына әкеледі;
— оқу үдерісінде оның тілдік, танымдық, шығармашылық қабілеттерінің оянуына түрткі болады;
— оқушының сабақ үдерісіне қатысатын басқа да тілдік тұлғалармен қарым-қатынасқа түсетін негізгі фигура ретінде белсенділігін оятады;
— мұғалім оның интеллектуалдық, шығармашылық мүмкіндіктерін толық ашушы тұлға ретінде инетрбелсенді әдіс-тәсілдер арқылы өздігінен білім алуына ықпал етеді;
— сабақта түрлі формаларда (жеке, жұптық, топтық, ұжымдық) сабақ өтуге мүмкіндік туады, т.б.
Қазіргі білім беру жүйесінде кез келген ізденімпаз мұғалім оқытудың интербелсенді әдістемесін терең меңгермейінше оң нәтижеге қол жеткізе алмайды.  Интербелсенді әдістемені меңгеру арқылы мұғалім интеллектуалдық, кәсіптік, рухани жағынан өседі, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік алады. Ж.Аймауытов айтқандай, «Бір нәрсе туралы адамның саңлау мүшелері неғұрлым жапатармағай қызмет етсе, соғұрлым ол нәрсені тезірек, нығырақ меңгеріп алмақ. Білімнің қиқымы бейне бір суда жүзген жеміс: бес бармақты батырып, шеңгелдемесең, уысыңа түк ілінбейді, іліксе де аз келеді. Ендеше, білім алуға қармақты тұс-тұсынан салу керек. Ол қармақтар – саңлау мүшелеріміз (көз, құлақ, тіл, мұрын, қол-дене). Балаға сөйлеңіз (тыңдасын!), жазыңыз (көрсін!), айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін!), жаздырыңыз (қолымен, денесімен істесін!). Міне, тұс-тұсынан қармақ салған деп осыны айтады. Мүшелері жегілсе, оқушы тез меңгеріп, тоқып алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу керек» [3, 187 б].  Сол себепті біз өз тәжірибемізде жазылым дағдысы арқылы оқушылардың тілін дамытуда интербелсенді әдістердің маңызды рөл атқаратындығын байқадық.
Жазылым – жүйелілік пен бірізділікті басшылыққа алатын сөйлесім әрекетінің ең күрделі түрі. Сол себепті жазылым әрекетінде қолданылатын практикалық және теориялық жұмыстар оқушының  тілін  дамытуға негіз болады. Осыған орай, жазылым әрекеті арқылы оқушылардың тілін дамыту әдістемесі бүгінгі таңда күн тәртібінен  түспейтін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Біз зерттеу нысаны етіп алып отырған 7-сынып оқушылары жазылым әрекеті бойынша сабаққа қатысты жұмыстардың мынадай түрлерін жаза алады: шағын өлең жолдары, әңгіме,  хат, жарнама мәтіні, газет-журналдарға мақалалар, шығарма,  мазмұндама,  эссе, т.б. Сондықтан бұл жазба жұмыстарын қандай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болады? Осы жазбаша жұмыстарды игертуде интербелсенді әдіс-тәсілдерді қалай қолдану керек? деген сұрақтардың туындауы заңды. Себебі, аталған әр жазба жұмысы оқушының тілін дамытуына тікелей әсер етеді. Сол себепті тиімді, ұтымды әдіс-тәсілдерді іріктеп алған жөн. Мәселен, қазіргі кезде оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретуде, жазбаша тілдерін дамытуда «РАФТ», «INSERT», «Екі түрлі түсінік күнделігі», «Еркін жазу», «Бес жолды өлең» (синквейн), «Түртіп алу», «Төрт сөйлем», «Қосжазба күнделігі», т.б. стратегиялар мен әдіс-тәсілдерді қолдану өте тиімді. Эксперимент жүргізуде байқағанымыз, бұл әдіс-тәсілдердің қай-қайсысын да бір сабақтың көлемінде пайдалануға болады. Оқушының ауызша және жазбаша тілін дамытуда, белгілі бір күрделі мәтінді жете түсінуде бұл әдіс-тәсілдер көп көмегін тигізеді.
Жаңа білім беру мазмұны бойынша «Атамұра» баспасынан шыққан 7 сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының 1-тақырыбының (Ауа-райы  және климаттық өзгерістер) 1-2-сабағы «Ауа райы. Климат. Атмосфера» деп аталады [4, 187 б]. Жаңартылған білім беру бағдарламасында осы тақырыпқа қатысты жазылым әрекетіне байланысты мынандай оқу мақсаты қойылған: 7.3.3.1 — мәтін құрылымын (кіріспе бөлім, жалпы мәлімет беру, детальді мәлімет беру) сақтай отырып,  графиктік мәтін (шартты белгі, сурет, сызба) түрінде берілген процесті сипаттап жазу. Білім алушы осы мақсатқа сай тақырып бойынша мәтінді тек оқып-түсініп қана қоймай, сонымен бірге мәтін құрылымын сақтай отырып, өзінің түсінігін детальді мәлімет беру, болмаса сызба-кесте түрінде орындауы қажет. Осыған сай бұл тақырыпты өту барысында «INSERT стратегиясы мен «Қосжазба күнделігі» тәсілін қолдануға болады.
Оқушылар мәтінді оқығаннан кейін кестенің «үзінділер» деген бөлігіне мәтіндегі өзі назар аударған немесе ерекше толғандырған  үзінділерді (жеке сөздер, сөз тіркестері, фразалар қысқаша сөйлемдер, т.б.) жазады. Ал «түсіндірме» бөлігіне өз ойын, пікірін жазады. Мұндай тәсілдерді қолдану кезінде байқағанымыз, мұғалім бұл әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы оқушының мәтінді өз бетінше меңгеруіне жағдай жасайды. Сабақ барысында мәтінді талдатуда бірде-бір оқушы қалыс қалмайды, барлығы дерліктей оқыған/тыңдалған мәтінді түсінуге, өзіндік ой қорытуға талпынады.  Мұның өзі жазылым дағдысы арқылы оқушының тілін дамытуға жағдай жасайды.
Жазылым дағдысы арқылы оқушының тілін дамытуда жиі қолданылатын интербелсенді әдіс-тәсілдердің бірі – «РАФТ» стратегиясы. Әдіскер-ғалымдар бұл стратегияны «кейіпкерге хат» деп те атайды. Сабақ барысында орындалатын жазылым әрекетіне қатысты тапсырмалардың сипатына қарай стратегияның формасын түрлендіруге (хат,  хабарландыру, жеделхат, жарнама, т.б.) де болады. Жоғарыда аты аталған баспадан шыққан 7-сынып оқулығының 6-Модулі «Ғаламтор және әлеуметтік желілер» деген тақырыпқа арналған. Соның 3-4-сабағы «Ғаламтордың пайдасы мен зияны» деп аталады. Бұл тақырып аясында қазіргі жаңа ақпараттық технологиялардың (компьютер, ұялы телефон, т.б.) пайдалы, зиянды жақтары талданады. Модуль көлемінде оқылған/тыңдалған мәтіндерді талдау үшін «РАФТ» стратегиясын қолдану өте тиімді десек те болады. Мысалы, ұялы телефонның пайдасы туралы «РАФТ» стратегиясын пайдаланып, оқушыларға «Анама» деген хат (Р – рөл: оқушы, А – аудитория: ана, Ф – форма: хат, Т – тақырып: пайдалы ұялы телефон) жаздыруға болады.
Ойымызды түйіндер болсақ, жазылым – бұл оқушылардан мәтінді талдау барысында күрделі дағдыларды меңгеруді талап ететін дағды. Оқушының  жазылым дағдысы арқылы жазбаша тілін дамыту үшін мұғалім өз бетінше жұмысты орындау алдында өзіндік ойын тұжырымдауға көмектесіп, бағыт-бағдар беруі қажет. Сонымен қатар оқушылардың жазба жұмыстарында орфографиялық норманың сақталуына мән беру керек. Жазбаша жұмыстарды орындау алдында мұғалім жұмысты бағалаудың критерийлерін ұсынып, жұмыс орындалғаннан кейін оқушының мақсатқа жеткен-жетпегендігін анықтауға мән беру тиіс. Сол кезде ғана мұғалім оң нәтижеге жете алады. Мұнан шығатын қорытынды:  интербелсенді әдістемені пайдаланып, дұрыс жүргізілген жазбаша жұмыстар оқушының қиялын ұштап, өзіндік тұжырым жасауға дағдыландырады, қағаз бетінде тек құрғақ жазу ғана емес, көркемдеп, әсірелеп жазуға үйретеді. Оқушыны өмірде кездесетін түрлі жағдаяттарға, оқиғалар мен құбылыстарға байланысты ой қорытындылауға талпындырады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Елбасының Қазақстан халқына жолдауы. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндікте-рі»:  https://sputniknews.kz/society/ (толық мəтін, 10.01.2018).
  2. Әдістеме әлемінде. Ғылыми-әдістемелік жинақ. – Алматы: «Сардар», 2008. – 368 бет.
  3. Алаштың тілдік мұрасы: Мақалалар жинағы. /Құраст.: С.Шүкірұлы, Е.Тілешов. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009. – 364 бет.
  4. Қосымова Г., Рахметова Р. Қазақ тілі: Оқулық. Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған. – Алматы: Атамұра, 2017.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.