Home » Айтарым бар » Тәрбие тал бесіктен басталады

Тәрбие тал бесіктен басталады

Алимжанова Айжан Жумашевна
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылы
« М. Ломоносов атындағы орта мектеп» КММ
мектеп алды даярлық сынып жетекшісі

 

Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Заманға сай отбасында баланы тәрбиелеу жауапкершілікті және білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен көңілі ауадай қажет. Отбасы – сыйластық орнаған орта. Бала тәрбиесі – отбасынан басталады. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасының әсері мол. Тәрбие тал бесіктен басталады. Баланы бесіктен тәрбиелеу қажет.

Бесікке бөленген бала дені сау, ұйқысы тыныш, өмірге құштар болып келеді. Тілі де ерте шығады, балабақшаға барғанда қатарластарынан бойы озық тұрады. Бала бесікте жатып әуезді ән тыңдай отырып, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі. Айналаны бағдарлайды, ата-анасын, әке-шешесін, бауырларын таниды. Олармен ымдап тілдесуді бастайды. Алғашқы айлардан бастап жекелеген буындарды айтып, тілі шыға бастайды.  Уақыт өте келе бала өскен сайын, көп нәрсені үйрене бастайды, айналадағы құбылыстарға зер салады.

«Отан – отбасынан басталады» дейді халық. Отбасының екі тірегі – әке мен ана. Баланың өзгелермен қарым-қатынасы осы отбасынан басталады. Қазақ қашанда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отырған дана халық. Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, баланың ұлттық сана сезімі ерте оянады.

Қазіргі заманда оқыту мен тәрбиенің табысты болуы ата-ананың тәжірибесіне, мәдениетіне, отбасында бір-бірін түсінушілігіне, өзара қарым-қатынасына, мақсаттарының бірлігіне байланысты. Ата-ана балаға өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсетуінде. Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындыққа төзген ата-ана ғана сапалы тәрбие бере алады. Ол үшін баласы не істеп жүргенін, кіммен қайда жүргенін, тапсырманы қалай орындағанын қадағалап отыруы тиіс.

Жас ұрпақты  рухани өнерлі, білімді етіп тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы. Әсіресе балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында оқу-қызметін меңгерту басты бағыт болып саналады.

Осындай мақсатта М.Ломоносов атындағы орта мектебіндегі мектепке дейінгі шағын орталықта тәрбиеші болып жұмыс атқардым. Тәрбиеші мектепке дейінгі балаға күшті педагогикалық әсер етеді, ол өзара әрекет үрдісінде кешенді әдістер мен тәсілдердің көмегімен танымдық белсенділікті қалыптастыруға, баланың психикалық ойлау, қабылдау, ес, зейін, сөйлеуді, өзіне сенімділікті, ынталылықты дамыта отырып, олардың белсенді танымдық іс-әрекетпен шығармашылыққа бой алуына көмектеседі.

Еліміздің егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең басты міндет – бала тәрбиесі, егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Бала – біздің болашағымыз. Ендеше мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі.                      Ол – үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі ел болашағы, біз әрқашан заманауи білімді балаға берсек, біздің балаларымыздың болашағы жарқын болмақ.

Біздің шағын орталықта өткізілген  ертеңгіліктер, мерекелер, семинарлар, ашық оқу-қызметтері, тәрбиелік іс-шараларды өткізу кезеңінде ән, тақпақтар, би билеу, сахналау балалардың рухани дамуына оның жетілуіне, олардың бойына адамгершілік құндылықтардың терең тамыр жаюына әсерін тигізді. Әрине, мұндай тәрбиелік іс-шаралар ата-ананың қолдауымен, қатысуымен өткізілді. Балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста болғандықтан осындай сапалы, талапқа сай жұмыстар жүргізілді.

«Жақсы өнеге көрсе бала бүгінде, еңбегімен қуантады түбінде» — деген Жүсіп Баласағұн бабамыздың сөзін бағдар етіп ұстасақ  бала тәрбиесінде баршамыздың жоғары жетістікке жететінімізге еш күмәнім жоқ.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.