Альмаганбетова Анар Осеркызы
Дүниетаным – баланың қоршаған табиғат пен әлеуметтік ортаға өзінің қатынасын білдіретін шындыққа негізделген көзқарастар жүйесі.
Ұлттық сана, ұлттық болмыс негізін қалыптастыру балаларды жалпы адамзаттық құндылық, бағалық, ұлттық төл мәдениет негізінде дүниенің мән–мағынасын түсініп, игеруіне,өзгеріске толы әлеуметтік–экономикалық, саяси жағдайларға бейімделіп, өмірден өз орнын табуына көмектесу бәрі–бәрі дүниетанымға байланысты.
Дүниетаным – адамның білімі, іс–тәжірибесі мен сезімдік–көркемдік талғамының ең жоғарғы көрсеткіші, бағасы.
Дүниетаным – адамның белсенді ақылшысы. Оның ерекшелігі – адамның табиғат пен қоғамға қатынасын білдіріп, оның іс-әрекеті мен қызметінің бағыт–бағдарын анықтап белгілеу. Дұрыс дүниетаным балаларды жақсылыққа жетелейді, прогрессивті түрдегі өмірді қайта құруға ұмтылдырады.[6; 48]
Балалар не нәрсені болса да білуге құмар, қызыққыш, қолымен ұстап, көзбен көргенді жақсы көреді, сөйтіп, баланың танымы арта түседі. Алайда бұл аталған қасиеттер өзінен-өзі қалыптаспайды. Шаршамай,талмай ыждағаттылықпен жүйелі жүргізетін жұмыстарға, оның мазмұны мен түрлеріне байланысты. Әрбір ұстаз алдындағы балауса шәкірттерінің дүниетанымын бақылап, оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, айналадағы өмір болмысына сай жан-жақты тәлім-тәрбие беруді көздейді.Сондықтан жас бүлдіршіндердің мектепке алғаш келген күннен бастап, біліммен қатар танымдылық қасиеттерін де дамыту, тәрбиелеуді қолға алу қажет. Себебі өзін қоршаған ортаны жете таныған бала, сабақты да терең меңгереді.
Алтынсарин түсінігінде білім дегеніміз айналадағы ақиқатты тану. «Табиғи ақыл — ол бізді қоршаған айналаны ғана қамтуға қабілетті, ал оны дамытып,біздің көрмегенімізді де білуге мүмкіндік беретін дүниелік білім ғана» — деп жазды ол.[1;10]
Өз шығармаларында Алтынсарин қазақ халқының көзін ашу, өнер-білімді ету, мәдениетке баулу, тұрмысын жақсартуға зор мән берді. «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңінде:
Оқымаған жүреді,
Қараңғыны қармалап,
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей-ақ табылар, — деп жас ұрпақты білім алуға шақырған. Білім арқылы мақсаттарына жетеді деген. [2;12] Сонымен қатар оқудың пайдасы, оқу арқылы баланың көп нәрсеге жетілетіні жайында Ыбырай шығармаларында аз айтылмаған. «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өнер-білім, техниканың пайдасын айта келіп, балаларды, жастарды мәдениетті ұлы орыс халқының қатарына қосылуға, соған жетуге, солардан үлгі-өнеге алуға шақырады.
«Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды
Айшылық алыс-жерлерден
Көзінді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды» — деп радио, телефон, телеграфты айтса,
«Мың шақырым жерлерге
Аты жоқ құр арбаны
Күн жарымда барғызды», — деп поезд бен автомашинаны үлгі етіп көрсетті. [5; 8]
Адамның жан-жақты қалыптасуының негізгі көзі – тәрбие екендігін ол «Бақша ағаштары» деген әңгімесінде жақсы көрсете білген: «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, — дейді әке өз баласына, — шырағым, мұнан сен де өзіңе тәлім алсаң болады; сен жас ағашсың, саған да күтім керек, мен сенің істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең жақсы, түзу кісі болып өсерсің, бағусыз бетімен кетсең, сен де мынау кисық ағаштай қисық өсерсің». [2; 64] Мәселен, «Әке мен бала» және «Сараңдық пен жинақылық» әңгімелерінде «аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат етпесең – көпиен құр қаларсың» деген халық мақалының мәнін әкесі баласына жолда келе жатып іспен дәлелдесе, келесі әңгімеде байдың әдептілігі мен көмегін алған соң, жолаушылар сараң деп күдіктенген ойынан қайтады. «Аз нәрсені азсынбай, қадірін біліп жинағаннан осындай кемкетікке жәрдем беруге қолым жетті, жинақтылық – сараңдылыққа қосылмайды» — деген бай сөзіне құлақ түреді. [ 2 ]
Ы.Алтынсарин шығармаларында көтерілген екінші бір өзекті мәселе – жастарды түрлі жақсы қасиеттерге баулу, жаман істерден жирендіру мәселесі. Ол балаларды әдептілікке, сабырлылыққа, қанағаттылыққа, мейірімділікке, әділдікке, еңбексүйгіштікке т.б. өнегелі істерге үгіттеді. «Асыл шөп» әңгімесінде Батима мен Зылиха мінезіндегі сабырлылық пен төзімсіздікті салыстыра суреттеп, «сабыр» дегенге жүгіндіреді. Шыдамды болсаң қандай қиыншылықты да жеңуге болатынын жеңіл әзілмен түсіндіреді. [2; 46]
Сондай-ақ ананы қандай түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан – аяған күштірек» деген әңгімесінде көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейіт деген бала жанына аяғының ауруы қанша батса да анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Сейіт шын мәнінде мейірімді бала болып суреттелген. әлпештен өсірген анамызды қадірлеп, сыйлауымыз керек. Ана жүрегі, ананың аялы алақаны қашан да құдіретті екенін естен шығармай жадымызда сақтау керек. [7;39]
Ыбырайдың:
«Бала, бала, бала!», — деп,
Түнде шошып оянған.
Түн үйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған, — деп жырланатын «Бұл кім!» өлеңі де өзінің өміршеңдігімен ерекшеленеді. Ол ананың балаға деген махаббатын, қамқорлығын дөп басып, ұлттық нәрімен өте нәзік жеткізеді, сол арқылы баланың анаға деген мейірімін, қайырымын, сүйіспеншілік сезімін дамытуға ықпал етеді. [2; 15] Және де оның «Мейірімді бала» әңгімесі баланы мейірімді, кішіпейіл және жігерлі болуға тәрбиелейді. Ерік – жігері күшті бала батылдыққа, ерлікке бара алады. Мұндай жігерлі азаматтар өз Отанын қорғауға әрқашан дайын болады. [8; 5]
Ағартушының еңбек тақырыбындағы «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», “Бай баласы мен жарлы баласы”, “Киіз үй мен ағаш үй”, “Байлық” т.б. әңгімелері өзінің өнегелілігімен ерекше мәнді тәлім берер күші мол көркем шығармалар. «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімеде баланы ұшқан құс, түрлі жәндіктердің тірлігімен таныстырып, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсеткен, оны балаларға үлгі еткен. Қарлығаш, өрмекші, құмырсқа құрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа дейді. Бұл әңгіме еңбекті қадірлеуге және сүюге тәрбиелейді. [4;300]
Жастардың байқағыштық қасиетін арттыру, жетілдіру мақсатын көздеп «Үнді» ертегісінде байқағыш болудың адам өмірінде, оның дүние тануында қаншама маңыз алатынын, тіпті мұндай қасиет білімі жоқ, тәжірибесі мол адамдардың басында біртіндеп қалыптасатынын сөз етеді де, балаларды өмірді жан – жақты зерттеп білуге, түймедейден түйедейді таба білетін ізденімпаз тәжірибелі болуға меңзейді. [1;13]
Сондай-ақ Алтынсарин «Лұқпан әкім» деген әңгімесінде адамның дүниетанымы жөнінде кейбір қызықты жәйттер келтіреді. «Қашанда бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, онан соң көзіңізді жұмылдырыңыз, сонан соң ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін тауып, мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз». Оның ойынша дүние тануда адамның ақыл — ой парасатымен қатар түсініктері де, әсіресе, көру түйсігі қатысуы тиіс. [1;10]
Адам өмірін емірене жырлаған ақын табиғаты ескермей кетуге тиіс емес еді. Себебі, адам өмірі табиғат құшағынан тыс болмақ емес. «Жаз», «Өзен» атты өлеңдерінде ол өзінің табиғатқа көзқарасын білдіреді және қоршаған ортаның адамның жүйкесіне әсерін ететінін суреттейді. Яғни жаныңды сергітіп, әрі сауықтыратыны көрсетеді. Табиғат берген байлықты өзінің қажетіне жұмсай білсін, пайдасына асырсын жайдақ жай ағып жатқан пайдасыз өзен екен ғой деп қарамасын дегенді үйретеді. Міне, Ыбырайдың табиғат туралы өлеңдері осындай бастан-аяқ адам тіршілігіне байланысты. [4; 297-298]
«Таза бұлақ» әңгімесі арқылы автор халықты жан мен тән тазалығына, адалдыққа, достыққа және мейірімділікке шақырады. [3; 54] Керісінше «Салақтық», «Мұңсыз адам» туындылары арқылы өмірде ақ пен қара қатар жүретінін ескертеді. [ 3 ]
Келешек ұрпаққа құнды мен құнсыздың айырмашылығын таныстыру біздің міндетіміз. Ыбырайдың шығармаларының үлгі болар, тәлімдік мәні бар ерекшеліктерін тиімді пайдалана отырып ұрпағымыздың дүниетанымын кеңейте білейік.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қалиев С. Ыбырай Алтынсариннің таңдамалы педагогикалық мұралары. –Алматы., 1991ж.
- Алтынсарин Ы. Өнер, білім бар жұрттар.- Алматы., 1991ж.
- Алтынсарин Ы. Таза бұлақ.- Алматы., 1988ж.
- Сүйіншәлиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті.- Алматы., 1992ж.
- Байділдаев М., М. Мағауин. Бес ғасыр жырлайды.- ІІ том, Алматы., 1989ж.
- Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі.- Алматы., 2004ж.
- Ахметова Г. Ы.Алтынсарин шығармаларын оқыту.// Бастауыш мектеп 2002, №2.
- Жұмашева Н. Өнегелі тұлғаны қалыптастыруда Ыбырай тәлімінің құндылығы.// Бастауыш мектеп 2001, №12.