Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Тұрар Кәметай І республикалық Әбіш Кекілбаев оқуларында жеңімпаз атанды. «Алтын глобус» халықаралық білім мен ғылым және мәдениетті дамытудың оқу-әдістемелік, ғылыми-инновациялық академиясы ұйымдастырған байқауда шәкіртіміз «Жазушы шығармаларын жатқа оқу» аталымы бойынша үздік деп танылды.
— Оқу маусымының 2-ші тоқсанында Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев оқулары өтетіні жайлы ақпарат келді. Өзім тарихшы болсам да, қаламгер шығармашылығына деген құрметім ерекше. Сол құрмет осы байқауға өзім сабақ беретін сыныптың бір оқушысын неге қатыстырмасқа деген ойға алып келді. Таңдау Тұрарға түсті. Нәтижесі көргендеріңіздей, қуанып отырмыз, — дейді әріптесіміз, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Салима Шаянбаева.
Еліміздегі мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында алғаш рет ұйымдастырылған байқау 4 аталым бойынша өткен. Тұрар байқау талабы бойынша жазушының «Абайла, бауырым, абайла», «Алматыда, күзді күні, бульварда», ««Аға!»- дедің, бұрылдым», «Қыстағы ой» өлеңдерін жатқа оқып, шағын бейнематериал түсірілді.
Қол жеткізген бас жүлдесі үшін Тұрарға 1 дәрежелі диплом мен бірге арнайы тағайындалған «Ел үміті» төсбелгісі, жетекшісі Салима Босқынбайқызына Құрмет грамотасы табысталды.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі