Home » Балабақша » Асық мектеп жасына дейінгі балалардың ой өрісін дамыту құралы

Асық мектеп жасына дейінгі балалардың ой өрісін дамыту құралы

Ұрпақ тәрбиесі – ата-бабамыздан келе жатқан рухани мұралардың бірі. Қай елдің болсын бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дәстүрлі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарымен сабақтасып жүзеге асатындығы белгілі. Сол себептен де бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, рухани бай мұрамызды бойларына сіңіре тәрбиелеу ─ алда тұрған басты міндеттердің бірі. Елбасымыз жариялаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының көздегені де осы, яғни, төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету.
«Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісін жүзеге асыратын жастар болғандықтан оларды бала кезінен бастап, ең алдымен, білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білетін, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға тәрбиелеу біздің міндетіміз [1].

Салт-дәстүрімізді қастерлеп, бабалар ерлігін насихаттау, тарихи тұлғаларға еліктеуге,   тарихи оқиғаға байланысты ойларын айтқызу, қиялын шарықтату барысында отаншылдыққа баулу мектеп жасына дейінгі тәрбиеде өзі нәтижесін берері хақ. Сондай-ақ, ұлттық ойындардың да тәрбиелік мәні зор. Бала ойнау арқылы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің үлгісін саналы түрде орындайды [1]. Осы орайда асық ойындарының орны ерекше. Асық жайлы батыр атамыз Бауыржан Момышұлы «Асық – үлкен халықтық тәрбие» деген екен. Бұл сөздерде үлкен мән мағына жатыр.
Асықтың бала өміріндегі маңызы орасан зор. Асық ойындарын ойнау кезінде баланың түрлі танымдық қабілеттері дамып, денсаулығы нығайды. Асық ешбір зиянсыз табиғи зат болып табылады. Халқымызда  «Асығың  алшысынан  түссін»  деген  жақсы  тілек  бар.  Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ойыны – өзінің түрлеріне қарай баланың  күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігі мен қырағылығын жетілдіреді. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын жанып, «қатарымнан озсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Қазіргі танда балалардың қолынан телефон түспейді. Техниканың тілін білген жақсы. Бірақ денсаулықты, қоршаған ортаны естен шығармаған жөн. Бұл шыдамдылыққа шыңдап, ұжыммен жұмыс істеуге тәрбиелейді. Жеңіп алу, ұту, алға ұмтылу деген сезімді сезіндіреді. Көздің көруін жақсартады. Баланы физиологиялық, психологиялық жағынан дамытады. Бұл асықтың құдіреті.
Біздің балабақшада өзім асықты  жиі қолданамын. Қазіргі таңда аяғын дұрыс баспайтын, жалпақ табан балалар өте көп. Табан астында мидың жұмысына әсер ететін нүктелер бар. Осы мәселені шешу үшін асықтаң жасаған арнайы денсаулық жолақшасын жасауға болады. Баланың аяқ өлшемін алып, оған асықты орналастырамыз. Бала асықтың үстінен өткенде табан нүктелеріне тиіп, тітіркенеді. Денсаулық жолақшасы барлық топта бар. Асықты таңғы жаттығу барысында тиімді қолдануға болады. Асықты ойыннан бөлек балаларды жан-жақты дамыту мақсатында ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде пайдаланамын. Балалардың саусақ буындарына өте пайдалы, ұсақ моторикасы дамиды. Саусақтармен жұмыс жасау арқылы саусақтары иілгіш болып жаттығады. Мұның бәрі баланың қиялы мен ойын, ұшқырлығын, зейінін жан-жақты дамытады. Асық терапиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік – логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылық ойлауға,сабырға,бірлесе әрекет етуге тәрбиелейді. Сондықтан мазмұнды ойындар, жаттығулар құрастырып, оқыту барысында қолданамыз.
Асықты пайдалана отырып санау, құрастыру, асық үстінен жүру, математикалық логикалық тапсырмаларды шешу сияқты әртүрлі оқиғаларды ойлап тауып, біз бала үшін әлдеқайда қызықты түрде өзіміздің біліміміз бен өмірлік тәжірибемізді, қоршаған әлемнің заңдылықтары мен оқиғаларын көрсете аламыз. Балаларды ұлттық ойындарды ойнау барысында шапшаңдылыққа, ептілікке, бір-бірін сыйлауға, өз ойын еркін жеткізе алуға баулимыз.
Асық терапиясы Ф.Фребель, М.Монтессори технологияларын негізге ала отырылып жасалынды, ол балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, көп функционалдылығымен, көп нұсқалылығымен ерекшеленеді.
Асық ойының балабақшада пайдаланғанда тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктерін үнемі есеріп отырамыз. Мысалы бірінші сәбилер тобында келесі ойынды пайдалануға болады: «Асықты жіпке тізу». Асық арқылы балалардың ұсақ моторикасын дамытуға арналған жаттығулар жүргізуге болады. Мысалы: тәрбиеленушілер боялған, тесілген асықтарды жіпке бір түстен соң екінші түске тізбектеп тізеді. Бұл тізбекті тізу арқылы бала түстермен танысып, бір – бірінен ажырата алады. Қолмен жұмыс жасау барысында баланың ұсақ моторикасы дамиды. Саусақтарымен жұмыс жасауда баланың саусақтары иілгіш болып, жұмыс жасауға жаттығады. Екінші сәбилер тобында түрлі-түсті асықтарды пайдаланып «Асықпен із салу» ойының ұйымдастыруға болады. Бұл жерде балалар санына байланысты төрт – төрттен бірнеше топқа бөлінеді, әр топқа тиесілі түс пен шеңбер сызылған парақшалар беріледі. Балалар парақшада берілген шеңбердің ішіне асықты бояуға малу арқылы парақша бетіне нүктелер түсірулері тиіс. Бұл әрекет осылайша бірнеше рет қайталанады. Нәтижесінде парақ бетінде әр балада әртүрлі бейне пайда болады. Балалар үшін бұл жасырын пайда болған бейне, қызықты әрі сиқырлы сәт болады. Мұндай әдісті қолдану балалардың саусақ моторикасын дамытумен қатар, баланы берілген тапсырманы таза әрі ұқыпты орындауға баулиды. Қағазда қанша тор, сонша асық. Бұл әдіс асық және фетр қағазын қолдану арқылы жасалынады. Фетр қағазы торкөз дәптер беттері сияқты шаршыларға теңдей бөлу керек. Балалар фетр қағазында қанша дөңгелек, шаршы немесе үшбұрыш тізілсе, сонша асықты тізе білуі тиіс. Тапсырмаға мұқият мән бере отырып, ойланып орындайды. Тапсырма бойынша фетр қағазындағы әр шаршының ішіне асықты дұрыс орналастыра білуі шарт. Орта топтың балаларымен келесі ойынды ойнауға болады: «Асықпен құмда сурет салу». Балалар құмның үстіне асықпен түрлі мазмұнды суреттер сала отырып, нені бейнелегендерін айтып береді. Ойнай отырып құмға асықпен сурет салу бала үшін қызықты, әрі пайдалы. Баланың ұсақ моторикасымен қатар бейнелеуге деген қызығушылығы артады, қиялы дамиды және өзінің ойымен салынған бейнені өз сөзімен түсіндіру барысында сөздік қоры молаяды, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады. Ересек топ тәрбиеленушілерімен асықты пайдаланып «Мозаика» құрастыруға болады. Балалар жеке – жеке отырғызылады. Оларға асықтан жасалған белгілі бір бейнеленген пішін беріледі. Пішінді балалар дәл сондай қалыпта боялған асықтармен құрастырып шығулары тиіс. Бұл тапсырма балалардан ұқыптылық пен мұқияттылықты талап етеді. Тапсырманы орындау барысында балалар пішіннің көлемімен қатар, оның ішінде берілген түстерден жаңылмауы тиіс. Ересек топтары үшін тапсырма қызықты әрі өте пайдалы. Баланың логикалық ойлауы, көзбен көру арқылы есте сақтау қабілеттері артады және бір – бірімен бәсекелесіп орындау барысында шапшаңдылыққа тәрбиеленеді. «Тақтайшаны әсемдеу» ойыны. Балаларды үш-үштен топқа бөліп отырғызып, мозайка тақтайшасына әр түрлі түске боялған пішіндер, ал қасына түрлі түсті бояулардағы асықтар беріледі. Балалар осы берілген пішіндерге боялған асықтардың ішінен пішінді ашатындай түс таңдап, көлеміне сәйкес тізіп шығуы тиіс. Тапсырманы орындау барысында баланың эстетикалық талғамы мен шығармашылық қабілеті дамиды. Ересек топтағы балалар үшін бұл оңай тапсырма болмағанымен, балалар бұл тапсырманы қызыға орындайды.
Денсаулық білім беру саласында да асық терапиясын пайдалануға болады. Дене шынықтыру оқу іс-әрекетінде тақтайшалармен жүру арқылы балалардың аяқ, қол еттері қатаяды, жұмысқа қабілеттілігі артады. Қимыл-қозғалыс координациясы артып, қол мен аяқтың бірлескен қимылы дамиды. Табандағы жүйке нүктелері арқылы ойлау қабілеті дамып, психикалық процестердің дамуына әсерін тигізеді. Жалпақ табанның алды алынып, ең бастысы балалардың дұрыс жүру дене бітімі артады.
Қорыта келгенде, ойнай бiлген балаға асықтың пайдасы орасан зор. Асық ойыны балаларды мергендiкке, ептiлiкке баулиды. Бұған қоса аяқ-қолдың қимылын жақсартып, денсаулыққа көп пайдасын тигiзедi. Асық ойыны балалардың ойлау қабілетін дамытады, жаң-жақты дамуына ықпал етеді, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді.
Қолданылған әдебиеттер

  1. «Мәңгілік Ел» мектеп жасына дейінгі балаларды рухани-адамгершілік тәрбиелеу бойынша ұлттық идея мәнмәтінінде әдістемелік ұсынымдар. –Астана: 2016.

Шамшиева Ақерке Семетайқызы,
Нұр-Сұлтан  қаласы әкімдігінің
№80 «Ботақан»
балабақшасының тәрбиешісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.