Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқу арқылы нені үйрендік?

Қашықтықтан оқу арқылы нені үйрендік?

 Бақытбек Сәния Бақытбекқызы,
№2 Жалпы білім беретін мектеп
Көркем еңбек пәні мұғалімі
педагог-модератор

Қазақ елі ежелден бері кең байтақ жерінде, еркін өскен ұлт. Тарихымызға тереңінен үңілсек, батыр бабаларымыз және ақжаулықты аналарымыздың басынан не қиындық өтпеді?! Бірақ ештеңеге мойымастан, қандай қиын замандар болса да қасқиып қарсы тұра білді. Қасық қаны қалғанша күресіп,  жас ұрпаққа тәуелсіздік таңы атты.  Бірақ кенеттен ашық аспанымызды бұлт торлады. Тек қазақ елі емес, әлемде жағдай күрт өзгерді. Қытай елінен бастау алған індет күннен-күнге өршіп, бейнебір мылтықсыз майдан басталғандай күй кештік. Осындай кезеңде біршама орындарда өзгеріс енгізілді. Соның бірі білім ордалары еді. Әр адамның бойын үрей биледі. Мемлекет тарапынан оңтайлы шешімдер қабылданып, оқушылар қашықтықтан білім алады деген шешімге келді.
      Білім ордалары тып-тыныш. Қоңырау соғылмады. Сонымен қашықтықтан және онлайн оқуға көшіп кетті. Алғашқы айда ауыр болды. Кейіннен ата-аналардың қолдауының арқасында, білім беру саласы ілгері жылжи түсті.
Қашықтықтан оқу дегеніміз интернет ресурстары арқылы бір-бірімен байланыс жасай отырып білім алу түрін айтады. Бұл үрдісті ең алғаш шетелдіктер қолдана бастаған. Америка Құрама Штаттары майл арқылы, университеттері қолданып, кейіннен сабақ беру әдісін осындай деңгейге жеткізген.
Онлайн оқу кезінде маған аздаған қиындықтар туды. Неге десеңіз? Еңбек сабағында баланың көз алдыңда болып, физикалық денемен бірге жұмыс істеуге тиіссің. Оның қате жіберген тұстарын, қолыңмен ұстап, оны икемдеп, үйретіп дағдыландырасың. Онлайн режимде ондай мүмкіндіктер бола қоймады. Дегенмен ата-аналардың көмегі арқылы өз жұмысымды жалғастыра бастадым. Бейнелер жіберу арқылы, оларға үйреттім. Оқушыларымның ішінде Аяла Оразалы, Ақбота Тұрдақын, Альбина Тұрсынбай өздерінің алғырлықтарымен көзге түсті. Жоғарғы нәтиже көрсете білді.  Сонымен қатар онлайн сайыстарға қатысып, бақтарын сынады. Кейбірі жүлде иеленсе, кейбірі алғыс хатқа ие болды.
Онлайн оқу арқылы нені үйрендік?

  • Жаңа технологияның мүмкіндіктерін
  • Сілтемелермен жұмыс істеуді
  • Компьютерлік түрлі бағдарламаларды қолдануды
  • Балалардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнату арқылы, бала психологиясын байқауды
  • Электронды кітаптарды пайдалана бастадық
  • Сабаққа қатысты электронды сайттарды қолдануды
  • Арнайы платформаны қолдануды үйрендік

Баланы білім нәрімен сусындату ұстаздың басты міндеті. Қандай жолмен болса да, оқушының ойын тек кітапқа аудару болып табылады. «Ұстаздан шәкірт озады» деген дана қазақ. Сондықтан жауапкершілігі мол мамандықтың да өзіндік қиындығы бар. Бірақ біз мойымауға тырысамыз. Ұстаз – барлық мамандықтың төресі. Барлық маман иелері мұғалімнің алдынан тәлімді тәрбие алып, болашаққа қанат қағады. Шәкірттеріміздің білімді, парасатты, пайымды, өнегелі болғанын қалаймыз. Олардың биіктен көрінгені үшін жан-тәнімізбен бірге қуанып, жігерлендіруге тырысамыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,-деп хакім Абай айтқандай, ұстаздық қызметтіңде өзіндік қиындығы бар.
Түйін: Онлайн оқу біраз әбіргерге түсіріп, ойымызды онға бөлгені рас. Бірақ ұстаздар қауымы бұл белесті де артқа тастап, еңсеріп келе жатыр. Ұстаздар қандай жағдай болсын, өзінің шәкірттері үшін барын салады. Ел еңсесін тіктеген уақытта, тұтқасын ұстайтын ұрпақ тәрбиелеу басты міндет деп білемін.
            Ел ертеңі – білімді ұрпақ қолында!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.