Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданында білім саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағындағы білім ошақтарының жай-күйі туралы сұхбат берген аудан әкімі Әділ Жоламанов бұл саланың келешекте одан әрі өркендей түсеріне сенім білдірді.
– Әділ Тауфикұлы, алдымен аудан аумағында орналасқан білім нысандары туралы мәлімет бере кетсеңіз.
– Тәрбие мен білім алу – әр баланың өміріндегі маңызды кезең. Ауданымызда 40 мектепке дейінгі ұйым болса, 11 мемлекеттік, 5 жеке, 24 мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс жасайды. Мектеп жасына дейінгі балалардың 1349-ы мемлекеттік, 372-сі жекеменшік балабақшаларға барса, 346-сы мектеп жанындағы шағын орталықтарда тәрбиеленуде.
Тағы бір айта кетерлігі, цифрландыру бағдарламасы аясында балаларды тіркеу және мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу жұмыстары автоматтандырылды. Алты балабақшада ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасалған. Қазіргі таңда ол ұйымдарда 41 жеткіншек тәлім алуда. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің жалпы санының 41%-ын құрайды.
2018 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында аудандық бюджеттен балабақшалар қызметіне субсидиялар төленеді. Бұл қаражат 2018 жылы 39 198,0 мың теңгені құраса, 2019 жылы 96 198,0 мың теңгеге, биыл 140 миллион теңгеге жетті. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың оң динамикасы баланың бірінші сыныпқа білім деңгейінің дайындығын арттыруға көмектеседі.
Теректілік шәкірттер 38 мемлекеттік мектепте білім алуда. Оған қоса саз мектебі, балалар шығармашылық үйі, балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы сынды үш қосымша білім беру мекемесі бар. Подстепное ауылында орналасқан Теректі колледжінде жалпы орта білім негізінде күндізгі оқыту жүзеге асуда. Бүгінгі таңда аталған оқу орнында заман талабына сай ветеринария, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, техникалық қызмет көрсету, автомобиль көлігін жөндеу және техникалық қызмет көрсету және басқа да мамандық иелері даярлануда. Теректі колледжінде оқығысы келетін шәкірттер толық ақпаратты www.college.terektiroo.kz сайтынан ала алады.
– Аудан мектептерінде қанша оқушы білім алуда?
– Аудандағы 38 мектептің ішінде тоғыз бастауыш, тоғыз негізгі, 19 жалпы орта білім беретін және бір лингвистикалық гимназия бар. Оқу іс-шараларын 22 мектеп қазақ тілінде, бес мектеп орыс тілінде, 11 мектеп екі тілде жүргізеді. Бұл білім ошақтарында білім нәрімен сусындап жатқан шәкірттер саны – 6162.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-2020 жылдар аралығында балаларды 1-сыныпқа қабылдау жұмыстары толықтай автоматтандырылды.
– Соңғы үш жылда Теректіде жаңа мектеп-балабақшалар салынды ма?
– Жалпы аудан көлемінде 2012 жылдан бері мемлекеттік балабақшалардың құрылысы жүргізілмеген. Халық санының өсуіне байланысты жеке меншік балалабақшаларды көбейтіп, орын жетіспеушілігі мәселесін шешіп отырған жағдайымыз бар. Айталық, Подстепный елді мекенінде «Жайықплемсервис» ЖШС жанындағы «Болашақ» жеке бөбекжайы 2017 жылы өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда мұнда екі топта 45 бала тәрбиеленуде. 2018 жылы ашылған «Алмажан» жеке бөбекжайында төрт топта 123 бала тәлім алуда.
2018 жылы жеке кәсіпкер Шайжан Нургалиев Ақсуат ауылынан бір тұрғын үйді қайта қалпына келтіріп, «Тұлпар» жеке бөбекжайын пайдалануға берді. Бөбекжайдағы екі топта 60 бала тәрбиеленіп жатыр. 2018 жылы Тәуелсіздік мерекесінде Подстепный ауылында жаңа заман талабына сай тағы бір жеке меншік бөбекжай бой көтерді. Онда жасақталған төрт топқа 120 бала барып жүр.
Биыл 1 сәуірде еліміздегі төтенше жағдай мен карантинге қарамастан Жаңа Өмір ауылында 100 балаға арналған «Алмажан» жеке меншік бөбекжайы ашылды. Аталған бөбекжай карантин аяқталған соң бүлдіршіндерді қабылдауға сақадай сай тұр.
Мұның барлығы – мектепке дейінгі мекемелер. Ал соңғы үш жылда ешқандай мектеп құрылысы қолға алынбады. Тек қана Пойма және Подстепное ауылдарында оқушы санының артуына байланысты мектеп ғимараттарын салу туралы шешім қабылданды. Бүгінде Подстепное елді мекенінде – 600, Поймада 180 орындық мектеп ғимараттарының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалуда.
– Соңғы жылдары жаңа мектеп-балабақшалар салынбады дедіңіз. Ал қолданыстағы білім ошақтарының материалдық-техникалық жағдайы қандай?
– Аудан мектептерінде өскелең ұрпақтың дамуына және денсаулығын сақтауға ықпал ететін білім беру ортасы қалыптасқан. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту жоспарлы түрде жүзеге асуда. Барлық 38 мектепте 372 интерактивті тақта және 675 жаңа үлгідегі компьютер бар. Таяуда 39 миллион теңгеге 264 компьютер сатылып алынды. Ал 2018 жылы 37 мектепке 90 Bilim Book трансформаторлық планшеттері алынды. Барлық білім ордалары ғаламторға толық қосылған. 14 мектепте 294 бейнебақылау камералары орнатылды. Биыл аудандағы мектептердің барлығына бейнебақылау жүйелерін орнатуға бюджеттен 63427000 теңге бөлінді. Оларды орнату жұмыстары жазғы кезеңде жүзеге асады. Алты мектепте IT сыныптары іске қосылса, Шаған мектебінде алғаш рет арнайы жабдықталған «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Ал 2019 жылы үш мектепте шәкірттердің салауатты өмір салтын сақтау үшін спорттық алаңдар салынды.
– Ауданның білім саласындағы жетістіктермен бөліссеңіз?
– Білім саласындағы жетістіктеріміз ұшан-теңіз. Былтырғы оқу жылында оқушыларымыз түрлі білім додаларында бақ сынап, жүлделі оралды. Мысалы, II республикалық «Менің кіші Отаным» интеллектуалдық конкурсының облыстық кезеңіне Мерболат Кажмухановтың жетекшілігімен қатысқан Чапаев ЖОББМ-нің оқушылары ІІІ орынды иеленді. Облыстық «Сәкен оқуларында» Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының 10-сынып оқушысы Мейрамбек Шулумов ІІІ орынды қанжығасына байлады. Алматы қаласындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының ұйымдастыруымен өткен II республикалық олимпиадаға қатысқан гимназия оқушылары Айгерім Шагибанова, Дана Сандибек, Лилия Мендибаева ІІІ орындарға ие болса, Арсен Кенжетайұлы, Кәмила Аманова, Гүлнұр Қадыр алғыс хаттармен марапатталды.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық «Менің Абайым!» байқауында гимназия мақтанышы Мейрамбек Шулумов бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ оның «Ұлы дала ұрпағы» атты Махамбеттің жас мұрагерлеріне арналған IV республикалық байқауда да бағы жанып, бас жүлдеге ие болды.
Облыстық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының «Сөз шеберлері» бөлімінде Ақсуат ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Виктория Бакаушина І орынды жеңіп алды. Облыстық «Ақберен» байқауында «Ақындар айтысы» бөлімі бойынша бағын сынаған Подстепный қазақ ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы Нұрдана Темір ІІ орынға қол жеткізсе, Теректі аудандық лингвистикалық гимназияның 10-сынып оқушысы Диас Айтен «Шешендік білгірлік» бөлімінен ІІІ орынға табан тіреді.
2019-2020 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне Теректі ауданынан 22 оқушы қатысты. Оның 16-сы – Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының ұл-қыздары, сондай-ақ Федоровка №1, Федоровка қазақ, Абай атындағы, Восход, Подстепный қазақ, Анқаты мектептерінен – бір оқушыдан. Білім додасының қорытындысы бойынша теректіліктер жеті жүлделі орынды олжалап, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Төрт оқушы Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының дипломымен марапатталды. Жансұлтан Шоқай есімді оқушымыз Қазақ Британ Техникалық Университетінің грантына ие болса, Диас Төлегенов, Қания Амангельдина, Нұрсұлан Утегалиев сынды жүлдегерлер олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Биыл қашықтан оқыса да, шәкірттеріміз онлайн режимде өтіп жатқан іс-шаралардан қалыс қалмады. Таяуда аудандық балалар шығармашылығы үйіндегі «Жас авиатор» үйірмесінің мүшесі Ырысбек Сапарғалидың есімі білімге құштар, ізденімпаз, спорт пен өнерде, қоғамдық шараларда белсенді жеткіншек ретінде республикалық «Дарынды дарабоздар» энциклопедиясына енді.
Сондай-ақ XVI халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» байқауында Шаған ЖОББМ-нің 10,11-сынып оқушылары, «Технополис» үйірмесінің мүшелері Дәулет Сұлтанғалиев пен Даниял Сағын «СКАЙЛЭБ» көпмақсатты ғарыш зертханасы жобасымен ІІІ орын тұғырынан көрінді. Жетекшісі – Медет Бисекенов.
2018-2019 оқу жылында 244 шәкірт ҰБТ тапсырып, орташа балл 82-ні құрады. Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының түлегі Асқар Сайын ең жоғары 137 баллды жинады. 41 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 23 шәкірт «Ерекше аттестат» иеленді. Барлығы да жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантын иеленіп, үлкен өмірге қадам басты.
– Білім саласындағы өзекті мәселенің бірі – үш ауысымды оқыту. Бұл мәселе ауданда қалай шешілген?
– Теректіде халық санының артуына байланысты 2019-2020 оқу жылында Подстепный қазақ мектебінде орын тапшылығы айтарлықтай сезілді. 345 орындық ғимаратта 812 бала оқыды. Осыған орай үш ауысымда оқытуды жою мақсатында «STROYCONSALTING» ЖШС-мен 9 775 000.00 теңгеге 600 орындық мектептің жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Құрылыстың монтаждық жұмыстары 2022 жылға жоспарланып отыр.
– Ауданның білім саласында бұлардан бөлек қандай өзекті мәселелер кездеседі?
– Бұл ретте мектеп ғимараттары мен балабақшалардың тозуы өзекті күйінде қала береді. Көптеген мектеп-балабақшалар өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары пайдалануға берілді. Осыған байланысты мектеп ғимараттарына кезең-кезеңімен ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар алдымызда тұрған үлкен міндеттер де бар. Күрделі жөндеу жұмыстары басталған Ақсуат және Чапаев жалпы орта білім беретін мектептерінің оқушылары келер оқу жылын жаңа мектепте қарсылайды деп жоспарлануда. Жазғы демалыс уақытында 18 мектепке ішкі әжетхана орналастырылады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 42 100 000 теңге қаражат бөлінді. Оған қоса жергілікті бюджеттен қосымша 50 000 000 теңге бөлініп, Ақжайық, Ы.Алтынсарин, Чапаев, Восход және Ұзынкөл мектептеріне спорт алаңдары салынады.
– Мектептің жүрегі – мұғалім. Осы орайда ауданның білікті ұстаздары туралы айта кетсеңіз?
– Ұстаз – ол адамзаттың жүрегінде орын алатын бірден-бір тұлға. Сол жанның арқасында бәріміз де қолға қалам ұстап, әріптерді үйрендік. Бұл мамандық – біреулер үшін арман. Ал кейбіреулер үлкен жауапкершіліктен қашады. Алғаш рет ұстаздың қоғамдағы рөлі туралы Конфуций өз туындыларында баяндады. Ол тәлімгердің басты міндеті – оқушыға жаңалық ашу деп санаған. Ауданымызда Бисенғалиев Бақытжан Мәсімұлы, Сүлейменова Роза Серікқызы, Граница Ольга Викторовна, Пернебекова Алтынай Сайфуллақызы, Тукпаева Марина Павловна, Хасанова Әлия Сәлімқызы, Бердібеков Дамир Жұматайұлы, Бисекенов Медет Есейұлы сынды жаңашыл, кәсіби білікті де білімді ұстаздар жетерлік. Олар Абай атамыз айтқандай, ұстаздық етуден жалықпайды.Ал Мұштанова Дариға Ғазизқызы, Адиев Самиғолла Құдашұлы, Нағима Саматова, Қуанышқалиев Төлеген Икрамұлы, Горшкова Зоя Александровна, Рахметова Ғазиза Рахметқызы, Журавская Ольга Григорьевна, Мазур Александра Михайловна және басқа да тәжірибелі ұстаздарымызды мақтан тұтамыз. Олар бүгінде зейнеткерлікке шығып, бейнеттерінің зейнетін көруде.
Биыл әлемді дүрліктірген індетке байланысты қашықтан оқыту жүйесіне көшу туралы шешім қабылданған кезде, жаңа ережелерді толықтай қабылдап, жұмыстарын абыроймен атқара білген педагогтар қауымына таң қалғанымды жасырмаймын. Мамандығына, шәкірттеріне деген махаббатының арқасында қиын кездерді еңсерген мұғалімдерге ризамын.
– Әділ Тауфикұлы, сөз арасында қашықтан оқыту үрдісі туралы айтып қалдыңыз. Ерекше форматта аяқталған биылғы оқу жылын аудан мектептері қалай аяқтады, қашықтан оқыту өз деңгейінде жүзеге асырылды ма?
– 2019-2020 оқу жылындағы төрт тоқсанның қорытындысы бойынша оқушылардың білім сапасы 62,4 %-ды құраса, жылдық білім сапасы – 61,7 %. Аудан бойынша 9-сыныпты 565 оқушы бітірді. Оның 73-і «Үздік аттестат» алып отыр. Биыл алтын ұяларымен қоштасқан 303 түлектің 22-сі – «Ерекше аттестатқа», 36-сы «Алтын белгіге» ие болды.
– Ауданда қосымша білім беру саласы қандай деңгейде?
– Бүгінде Теректі ауданы аумағында қосымша білім беру бойынша үш ұйым жұмыс істейді. Олар: саз мектебі, балалар шығармашылық үйі, балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы. Балалардың жалпы контингенті – 1666. Қосымша білім беру бойынша мұғалімдер саны – 122. Оның ішінде жоғарғы білімді ұстаздар саны – 94, арнаулы орта білімді мамандар – 28, жоғары кәсіби педагогикалық білімді – 41, орта кәсіби білімді – 10. Жалпы 100 үйірменің 29-ы – көркем эстетикалық бағытта, 17-сі сәндік-қолданбалы, 10-ы техникалық, 2-еуі экологиялық, 35-і туристік-өлкетану, 4-еуі қосымша спорттық бағытта жұмыстануда.
Саз мектептерінде оқушылар домбыра, қобыз, скрипка, флейта, баян, терме, фортепиано, вокал мамандықтары бойынша білім алады. Олардың ішінде хор, оркестр, би сынды ұжымдық сабақтар да өткізіледі. Жас өнерпаздарымыз халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Өткен жылы аудандағы балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Барбастау» сауықтыру туристік базасы ашылып, жасанды жартас орнатылды. Ауданымызда 34 мектеп жанында жазғы лагерьлер және Сарыөмір ауылында 400 орындық «Жасұлан» лагері бар.
– Әділ Тауфикұлы, ауданның білім саласында атқарылған біраз жұмыстардан хабардар еттіңіз. Енді болашақта осы саланы қандай деңгейден көресіз?
– Дамушы қоғамға заманауи білім қажет. Сондықтан білім ордалары адамгершілігі мол, қарапайым, таңдау еркі берілгенде өз бетімен шешім қабылдай алатын, сенімді серіктес болуға қабілетті, ұтқыр ойлы, ісіне мұқият, жауапты маман даярлап шығуы тиіс. Болашақта ауданымыздағы мектептерде бәскекеге қабілетті, еліміздің дамуы үшін аянбай қызмет ететін, нағыз патриоттар тәрбиеленіп шығады деп сенемін. Сол үшін ауылдардағы білім беру сапасын жақсартуымыз қажет. Жас мамандардың ауылдарда жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызып, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, жылдамдығы жоғары ғаламтормен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
– Барлық жауаптарыңыз үшін рахмет Сізге!
Сұхбаттасқан Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ, «BILIM AINASY», БҚО