Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып — жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, -деп Ыбырай Алтынсарин атамыз жырлағандай ХХІ ғасырда компьютер мен ғаламтордың болуы қашықтағы кез-келген білім алушымен, қай жерде болса да, сөйлесіп, пікір алысып, кері байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр.
Еуропа елдерінде 18 ғасырдың аяғында пошта байланысының пайда болуымен корреспонденттік оқыту жүзеге асты. Студенттер пошта арқылы оқу материалдарын алып, оқытушылармен хат алмасып, емтихандар тапсырып отырған. Осындай корреспонденттік «ЕШКО» білім мектебінен ағылшын тіліне қатысты барлық оқу материалдарын пошта арқылы алып, үй жұмысын орындап, тексеруге қайта жіберіп, қашықтан отырып білімімді жетілдірген болатынмын.
Өз дәуірінде радио мен теледидардың пайда болуы да қашықтан оқыту әдістеріне өзгерістер енгізді. 50-ші жылдардан бастап әр түрлі оқыту телебағдарламалары көрсетіле бастады. Алайда, теледидар мен радио арқылы кері байланыс алу мүмкін емес болатын.
1969 жылы Ұлыбританияда тұңғыш рет қашықтан білім беру университеті ашылды, және өзінің қол жетімділігін төмен бағамен және сабаққа жиі барудың қажеті болмауымен көрсете алды.
2020 жылы өкінішке орай, әлемде COVID-19 вирустық инфекциясының таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, нәтижесінде оқушылар мен студенттерді қашықтан оқытуға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Індеттің таралуы жалғасып келе жатқан кезде денсаулық сақтау саласының мамандары әлеуметтік оқшауланудың бірнеше апта емес, бірнеше айлар қажет ететіндігіне келісіп отыр. Ал, мектептердің жабылуы бүкіл әлем бойынша миллиондаған оқушылардың білім алуына кедергілер келтіруде.
Осы орайда оқудың үздіксіз болуын қамтамасыз етуге арналған бір қатар шаралар жүзеге асырылуда. Қашықтан оқыту жүйесінде алғашында онлайн-байланыс арқылы сабақ өту жоспарланғанымен, кейбір елдімекендердің ғаламторға қосыла алмауынан бұл мүмкін болмады. Оқу тоқсанының алдында өткізілген сынама сабақтан кейін Білім және ғылым министрлігі онлайн сабақ өткізу жоспарын тоқтатып, қашықтан оқыту тиімді жолдарын ұсынды. Қазіргі сандық дәуірде «онлайн» және «қашықтан оқыту» сияқты терминдер кеңінен таралды, олардың мағыналары бір-біріне жиі қолданылып жүр. Екі нұсқа да өз оқушысына үлкен икемділікті ұсынады, бірақ олардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Білім министрі бұл айырмашылықты да атап өтті. «Көбіне, қашықтан оқу дегенді онлайн оқумен бірдей ұғымда пайдаланамыз. Бірақ қашықтан оқыту деген онлайн оқытумен тең емес ұғым. Қашықтан оқыту деген — пошта, теледидар, радио, интернет арқылы оқыту және интернеттің өзінде онлайн емес, қашықтан тиісті тапсырманы алып, орындап, видеосабақтарды бірнеше рет көруге мүмкіндік береді. Бұл — баланың өзіне икемдеп істейтін жұмыс. Сондықтан бұл екі ұғымды бөлек тануымыз керек, — деді ол.
Мектебімізде қашықтан оқыту бағдарламалары іске қосылып, оқу кестесі жоспарланды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларының жағдайы ескеріліп, оларға уақытша компьютерлерді беру көзделді және оларды ғаламторға қосуға қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылды. Ұстаздар оқушылармен арадағы байланысты нығайту үшін барлық күш-жігерін жұмсауда. Психолог мамандарымыз қазіргі оқшаулау жағдайында кездесетін психоәлеуметтік мәселелерді шешу мақсатымен мұғалімдер мен оқушыларға қашықтан әр түрлі қысқа тренингтер өткізуде. Оқушылар мен ата-аналарға олардың тым көп қосымшаларды немесе платформаларды шамадан тыс жүктемеуін ескере отырып, сандық құралдарды қолдану мәселелері бойынша қолдау көрсетілуде. Мектебіміздің мұғалімдері оқыту мен оқу сапасын жақсарту мақсатында, сабақ беруде кері байланыс орнатудың әртүрлі ұтымды жолдарымен тәжірибе алмасып және оқудағы кедергілерді жою стратегияларын жиі талқылауда.
Біз бүгін дамытатын кейбір инновациялар, бәріміз ұмтылған болашақтағы теңдік пен білімнің қол жетімділігі жолындағы тұрақты қиындықтарды жеңуге көмектесетін жаңа және қуатты шешімдерге апарары анық!
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты сөзді ұмытпайық! Осы қиын кезеңнен абыроймен шығып, алтын ұя мектебімізде оқушылармен амандықта жуздесейік! Біз біргеміз!
Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№ 14 жалпы білім беру орта мектебінің
ағылшын тілі пәні мұғалімі
Серикбаева Ажар Бостангалиевна