Мен ол кезде студент едім. Маман боламыз деген алып-ұшпа көңілмен өмірдің жаңа парақтарын ашуға дайындалып жүргенде, М.Мақатаев атындағы №140 гимназияға іс-тәжірибеден өтуге жіберді. Қауызын әлі толық жарып үлгермеген біз балаң күймен мектепке келгенімізге мәзбіз. Әрнәрсені қызықтаймыз, қараймыз, сұраймыз. Мұнда өткен бір айлық тәжірибеміз құдды бір ғұмырлық өмірге татитындай. Тарыдай болып кірдік-дағы, таудай болып шыға келдік.
Жас маман қатарына қосылуға аздаған уақыттар қалғанда өзімізден ересек ұстазға еліктеу әдетіміз емес пе?! Мен де сондай болғым келеді дейтін кішкентай ғана қалау апайдың жанында көбірек жүрсем екен дейтін тілекке ұласты. Себебі, мен ол кісінің сабақ өту методикасы, оқушымен байланыс, әріптестерімен қарым-қатынасынан бөлек, адамгершілік қасиеттерін, рухани байлығын құрмет тұттым. Оның ұстаз ретіндегі орны бір бөлек те, жаны нәзік әйел ретіндегі орны бір төбе. Мен сипаттап отырған ұстаз – үздік педагог, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, бірнеше жыр жинақтары мен қазақ тілі оқулықтарының авторы, әдіскер, коуч, тренер Сафура Сәлімбайқызы.
Мектепке алғаш келгеннен-ақ қанатының астына алып, білгенімді дамытып, білмегенімді үйретіп, үнемі бағыт-бағдар беріп, ақылшы да, сырлас та, ұстаз да, әпке де, ана да бола білді. Жылы сөздерімен жанымды жылытып қоя беретін. Оқуды аяқтағаннан кейін, мені жұмысқа да шақырып, жанына тартты. Қазір өзім тәлім алған ұстазбен әріптеспін. Бір кемедеміз. Сол кемені қалай басқарып, қалай жүргізу керектігін де үйретіп келеді. Шыны керек, апайдың жанында тым көңілді. Біз секілді жастардың бәрін үйіріп әкетіп, өнерге де баулыды, түрлі байқауларға да жіберді, шығармашыл тұлға қалыптастырды. Оны шәкірттері ғана емес, күллі адамзат жақсы көретіндей. Иманы мен адамдығы астасқан, көркем мінез иесі.
Бір қызығы, апаймен тым еркінсің. Жұмысқа қатысты мәселелермен ғана емес, өмірдегі кез келген ситуацияда көмектесіп, ақыл-кеңесін аяған емес. Апайдың бойынан ұстаздықты ғана емес, ұстамдылықты, ұтқыр болуды, ұлылықты көріп келемін. Кейде қатал, кейде аңғал, кейде дана, кейде бала, кейде дос, кейде ұстаз апайдың қайсарлығы мен тәуекелшілдігіне, әділдігі мен аппақ көңіліне, шынайылығы мен шыншылдығына жетер адам жоқ-ау, сірә.
«Жақсы ұстаз ғана жақсы оқушы дайындай алады» — дейді. Сафура Сәлімбайқызы білім берген әрбір шәкірт еліміздің түкпір-түкпірінде ел болашағы үшін өлшеусіз еңбек етуде. Бұл – олардың жүректеріне елге деген махаббатты қоса еккен ұстаздың жемісі. Шын мәнінде өзі шәкірт болып көрмеген адам ешқашан да ұстаз болып жарытпайтыны бар. Мақатаев мектебіне аяқ басқалы апайдың тек құр сабағын ғана түсіндірмей, әлеуметтік әділеттілік, адамгершілік мәселелері туралы оқушыларымен ой бөлісіп отыратыны ұнайтын. Апай менің ғана емес, әр шәкіртінің сенімді досы, сыр жасырмай ашық айтатын жанашыры. Жас маманның міндеттерін үйретумен ғана шектелмей, адамның жан дүниелік қасиеттеріне жататын ізгілік, адамилық, әділеттілік сияқты мәселелерді бағалау мен сол қасиеттерге жол ашуды үйреткен апайыма алғысым шексіз. Кейде қанша кітап, қанша оқулық оқысаң да жаныңа сіңбейтін нәрселер болады. Апай өз пәнінен сабақ беріп қана қоймай, сонымен қатар тәрбиеші, адал, әділ, шыншыл адам ретінде де оқушылары ғана емес, ұжым алдында үлкен беделге ие. Мұның бәрі ұстаздың Абай айтқан адамзатқа деген махаббатында жатыр.
Азды-көпті ұстаздық қызметпен айналысқалы түсінгенім: қызметте адам баласын үйретуде, бала тәрбиелеуде күй таңдамайтын ұстаздар болады. Сондайлардың сапынан апайды да көремін. Апайдың бастамасымен мектебімізде талай оң өзгерістер орын алды. Өз ісінің білгірі ретінде өзгеден көмегін еш аяған емес. Апайымыздың әрбір қадамы мен іс-әрекеті – біздерге үлкен үлгі. Белгілі бір масштабқа сыймайтын сіздің шексіз еңбегіңіз – мектеп тарихында алтын әріптермен жазылар үлкен жетістік. Әр сабағыңыз шәкірт жүрегінде мәңгі жаттаулы.
Иә, бүгін маған өнер мен өмірді қатар үйреткен апайымның мерейлі күні. Мен апайды адам жанының бағбаны дер едім. Бағыңыз тек гүлдер мен жемістерге толы болсын дегім келеді. Жиырма жылдан астам тарихы бар ұстаздық қызметіңізде атқарған жұмысыңыз аз емес. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмірдің қай кезеңінде де қайсарлық танытып, еңбек ету, қызмет қылу – қиынның қиыны. Бастысы, мамандыққа деген махаббат. Өз ісіне деген құрмет. Өмірдің даңғыл жолында дара ізі бар, жүзінен мейірім лебі төгіліп тұратын табиғаты бөлек ұстазыма толағай табыстар тілеймін. Адамзаттан алғыс алар күндеріңіз көп болғай. Жазарыңыз, береріңіз таусылмасын. Сіз мақтанатын шәкірттеріңіз көбейе берсін!
Құрметпен: Нүсіпхан Гүлназ
Жетекшісі: Темурбаева Сафура Сәлімбайқызы