Home » Жаңалықтар » Білім беруді дамытудың инновациялық бағыттары

Білім беруді дамытудың инновациялық бағыттары

«Өрлеу»   біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
филиалы  Түркістан облысы және Шымкент қаласы
бойынша педагогикалық  қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының аға оқытушысы
Сугирова Бану Асеткызы

                                                   «… Қазақстанның интеллектуалды элитасын тәрбиелеудің іргетасы болып табылатын жаңа мектептер,
Ұлттық интеллектің ядросын құруымыз қажет. Біз Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім ордасына
айналдыруымыз керек».
Н.Назарбаев

ХХІ ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністермен ерекшеленеді.

Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені-сау, ой-өрісі жоғары дамыған әлемдік деңгейдегі  жоғары білімі бар азаматтарды  тәрбиелеу – мемлекеттік ең маңызды стратегиясы. Әлемдік өркениетте өз орнын тауып, жаһандану  ағысына енген еліміздің алдында   міндеттер мен бұлтартпас бағыттар тұр. Солардың бірегейі – білім беру жүйесін жетілдіру.  ХХІ  ғасырда Қазақстанда білім беру жүйесінде  инновациялық серпіліс жасалынды. Жаңа  мыңжылдық білім беру үдерісін мүмкіндігінше кеңірек  қарауды талап етеді. Әр адамды жаңа әлемде  жұмыс істеуге, білім алуға, өмір сүре алуға,  бірлесіп өмір сүре білуге үйрету қажет. Бұл  ЮНЕСКО қалыптастырған білім берудің төрт тағаны. Әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінің  білім беру жүйесі білім берудің құрылымын, мақсатын, мазмұны мен технологиясын өзгертті. Білімді,  білікті, дағдыларды бұрынғыдай механикалық  түрде беру емес, ақпараттық-зияткерлік ресурстарды  өз бетінше тауып,  талдап және пайдалана  білетін, инновациялық идеялардың қуат көзі  болатын,  жедел өзгеріп отыратын әлем жағдайында  дамитын және өзін-өзі ашып көрсете алатын  болашақ маман тұлғасын қалыптастыру басымдылық болып табылады. Осыған сәйкес білім беру  жүйесін жетілдірудегі  маңызды міндеттер қойылып отыр:

-педагогикалық білімнің мазмұны мен әдістерін жаңарту;

-педагогикалық кадрларды кәсіби даярлауда  теориялық және практикалық инновациялық бағыттарды анықтау;

-оқу-тәрбие процесіне инновациялық ақпараттық-коммуникациялық білім беру   технологияларын енгізу;

-кез келген  жағдайда өз бетімен  оң шешім қабылдай алатын, өзіндік білім алу  траекториясын құрастыра білетін және  оны тиімді  жүзеге асыру жолдарын анықтай алатын, оны тиімді жүзеге асыра білетін интеллектуалды тұлғаны тәрбиелеу, яғни адами капиталды  қалыптастыру.

Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай- ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңестігіне ене отырып, басекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі.

Педагогика саласындағы ғалымдардың көзқарасында педагогикалық технология дидактикалық процестермен, оқыту құралдарымен, ұйымдастыру түрлерімен байланысқан, оқыту жүйесінің құрамды бөлігі болады. Осы оқыту жүйесі «нәтижелі қалай оқытуға болады» деген дәстүрлі сұраққа жауап береді. Яғни, педагогикалық технология дегеніміз, барлық бөлшектері ойластырылған оқу және педагогикалық іс-шаралардың жобаланған моделі, оқу үрдісін ұйымдастыру және жүргізуде оқушы мен мұғалімге барлық ыңғайлы жағдай туғызу және педагогикалық технология оқу процесін толық меңгеру идеясын іске асыруды болжайды.

Ал жалпы инновацияны модификациялық, комбинаторлық, радикалдық деп үш түрге  бөлуге болады.

Модификациялық инновация – бұл бұрын қолда барды дамытумен, түрін өзгертумен айналысу. Бұған В.Ф. Шаталовтың математикаға жазған тірек конспектісі жэне оны көптеген мұғалімдердің пайдалануы мысал бола алады.

Комбинаторлық модификация – бұрын пайдаланылмаған, белгілі әдістеме элементтерін жаңаша құрастыру. Бұған пәндерді оқытудың қазіргі кездегі әдістемесі дәлел.

Радикалдық инновация  – білімге мемлекеттік стандарттарды енгізу жатады. Мемлекеттік стандарт білім беруде, негізінен, мөлшерлерді, параметрлерді, деңгейлік және сапалы оқытудың көрсеткіштерін қалыптастырады.

Жаңа инновациялық оқыту технологиясы кәсіптік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Инновациялық оқыту технологиясын меңгеру үшін педагогикалық аса зор тәжірибені жұмылдыру қажет. Бұл өз қызметіне шығармашылықпен қарайтын, жеке басының белгілі іскерлік қасиеті бар адамды қажет ететін жұмыс. Шындығында да әрбір педагог жаңа инновациялық технологияны меңгеру барысында өзін-өзі дамытады және өзін-өзі қалыптастырады. XXI ғасырда болашақ мамандарды даярлау, олардың кәсіби бейімделуін қалыптастыру мәселелері – кезек күттірмейтін өзекті қоғам талабы. Сондықтай біз болашақ педагог-психологтардың жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды қолдануға даярлығын қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделін жасадық. Болашақ мамандардың жаңа инновациялық педагогикалық технологияларды қолдануға даярлықты қалыптастыру мына көрсеткіштерді қамтиды.

Әрбір педагогтің инновациялық іс-әрекетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары:

инновация туралы білімі;

инновацияны жан-жақты меңгеру;

инновациялық іс-әрекет диагностикасын меңгеру;

инновацияны тәжірибеге ендіру жұмыстары; инновацияны практикада дұрыс қолдану.

Білім сапасын арттырудағы жаңа инновациялық технологияларды оқып, үйреніп, сараптай келе, мынадай тұжырым жасауға болады:

—  білім алушылардың білім, білік сапасын  арттырудағы    жаңа   инновациялық технология түрлері сан алуан, оларды таңдау жэне одан шығатын нәтиже оқытушының кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты;

— жаңа   инновациялык   технологияларды   енгізу   жүйелі  әрі   мақсатты  түрде жүргізілгенде ғана жетістікке жетуге болады;

— жаңа инновациялық оқыту технологияларын енгізу барысында әрбір оқу орнының материалдық-техникалық базасының бүгінгі талапқа сай еместігі, әрі жетіспеуі, кадрлық әлеуметтің төмендігі көп кедергі жасайды.

Бүгінгі мақсат — әрбір оқушыларға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.

«Инновация» ұғымын қарастырсақ, ғалымдардың көбі оған әртүрлі анықтамалар берген. Инновация латыншадан аударғанда «жаңа», «жаңалық», «жаңарту» дегенді білдіреді немесе  «инновация» — бұл нақты қойылған мақсатқа жетуде ойға алынған жаңа нәтиже. Нақты мақсатқа қандай әдіс-тәсілдердің көмегімен жетуге болады?

Оқу мақсатының жүйесінде берілген мақсаттың негізгі категорияларын пайдалана отырып, педагог өз еңбектерінің нәтижесі туралы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Демек, мақсат пен нәтиже — жаңалыққа бет бұрудың кілті.

Инновациялық үрдістің негізі — жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Кез келген жаңа әдіс жекелік, сондай-ақ уақытша жоспарға

жатады. Бұл яғни, бір мұғалім үшін табылған жаңа әдіс, жаңалық басқа мұғалім үшін

өтілген материал тәрізді. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай туғызады.

Инновацияның өмірге енуі мектептің өзінің жұмыс істеуіне себепші болатын ішкі жағдайларға байланысты.

Білім беру мекемесінің алға қойған мақсатына жетуі үшін басқаруға ықпал жасайтын (мұғалімдер, мектеп оқушылары) және өзінің басқарушы ішкі жүйесі (әкімшілік, педагогикалық ұжым) біртұтас жүйе болғандықтан, инновацияға үнемі орын табылады. Ал жаңа өзгеріс нәтижесі білім беру мекемелері үздіксіз өзгеретін және дамитын жаңа қайшылықтардың көздері болады. Сонымен қатар басқарудағы маңызды орын үнемі қозғалыс пен дамуда болатын педагогикалық және балалар ұжымының қажеттілігіне беріледі.

Инновацияның қажеттілігі сыртқы себептермен де анықталады, мынадай бірқатар себептерге байланысты: адамдардың мұқтаждылығын қамтамасыз ету қажеттілігі, мектеп оқушыларының білімге, дағдыға шеберлікке деген ұмтылысы, жоғары сапалы білім алудағы жеке түлғаның дамуы. Технологияны, ұйымдастыруды үнемі жаңғырту жағдайында ұстап тұрып қана мектеп өз бағытын нығайта алады. Жаңалық енгізу кез келген білім беру мекемесінің дамуы мен жоғары жетістікке жетуінің негізгі факторы болып табылады.

Педагогтердің идеясы, ойлап шығарулары мен ашулары сияқты кез келген инновациялық қызметінің нәтижесі мектептер мен педагогика ғылымының прогрессивті дамуына ықпал етуі керек. Бұл қызметті күнделікті тіршілік әрекеті мен психологиялық және тағы да басқа стресс сияқты нәрселерден құтқарып, шығармашылық ой заңдылығы бойынша және ғылымның өзіне тән дамуының кең өріс алуына мүмкіндік беруі керек.

Инновациялық оқыту білімді тереңдетумен қатар оқушының оқу әрекетіне жетелеп, олардың оқуға деген ынтасын оятады. Казіргі кезде педагогикалық технология ұғымы педагогикалық лексиконымызға берік еніп келеді. Технология – бұл қандай да болсын істегі,  шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы деген ұғымды білдіреді.

Қорыта келгенде, жаңа инновациялық педагогикалық технологияның негізгі, басты міндеттері мынадай:

— әрбір білім алушының білім  алу, даму, басқа да іс-әрекеттерін мақсатты түрде ұйымдастыра білу;

—  білім мен білігіне сай келетін бағдар таңдап алатындай дәрежеде тәрбиелеу;

—  өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, дамыту;

—  аналитикалық ойлау қабілетін дамыту.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Астана . 2004. 28-б
  2. С.Е. Шишов. Понятие компетенции в контексте проблемы качества образования // «Государство и образование», 2002. 88-б
  3. Раджерс Э. Инновация туралы түсінік. – //Қазақстан мектебі, №4, 2006.
  4. Қабдықайыров Қ. Инновациялық технологияларды диагностикалау. – А., 2004
  5. Жүнісбек Ә. Жаңа технология негізі – сапалы білім. – //Қазақстан мектебі, №4, 2008
  6. Нағымжанова Қ. Инновациялық технологияның құрылымы. – А.:Өркен, 2007
  7. Көшімбетова С. Инновациялық технологияны білім сапасын көтеруде пайдалану мүмкіндіктері. – А.: Білім, 2008.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.