Home » Жаңалықтар » Дара-АБАЙ, дана-АБАЙ!

Дара-АБАЙ, дана-АБАЙ!

                                                     Аязбаева Гулия Кыдырбековна,
Павлодар облысы
«Павлодар қаласының
№10 сәбилер бақшасының
«ZamanStar» білім беру-дамыту
орталығының тәрбиешісі.

 Ұлы даланың ұлы перзенті Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы туған халқына баға жетпес рухани қазына сыйлады. Ұлт поэзиясын Абай тұңғыш рет қуатты оймен суарып, қазақ философиясын поэзия тілімен өрнектеді. Құдайға сенімнің, жүрек культінің және адам болмысының генезисін ашты. Өмір, махаббат, өлім, әділет ұғымдарына ғарыштық мағына берді. «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» деп өзі айтпақшы, әр құбылысқа тән сыртқы сымбат пен ішкі сырды айыра білу керек. Абай мұрасының ұлылығы, әрине, ішкі сыр мен мәнде жатыр.

Қазақ поэзиясын, Абай тұңғыш рет терең философиялық қуатты оймен суарды. Дешті Қыпшақ даласына жаңа поэзия қамалын соғып, ой мен суреткерлік тоғысқан кенен бұлақтың тұнық көзін алғаш ашты. Абай есімімен қазақ топырағына философиялық және стилистикалық бағыттағы жаңа поэзия келді.

Абай поэзиясы сиқыр үн мен құпия сырға тұнып тұр. Абай өлеңі – қуатты жан тебіренісі, қайыспас жанкештілік және ішкі бостандық. Сонымен бірге адам баласының басына түскен әділетсіздікке қарсы, ұят пен намысқа толы ақын үні  ғайыптан қосылып ат ойлап тұрып алады.

Абай поэзиясы ой мен сезім әлемін еркін жетелеп,қазақтың тарихи тынысын да,ғаламдық болмыстық тынысын да кең ашады. Оның мұңға тұнған әндері биік ақыл мен саф тазалыққа шақырады. Абайдың бойына біткен өнер қуаты көңілінде қыздырып, жаныңды жаңғыртады.

Ақынның ұлылығынан жаратылып, сомдалған суреткерлік әлем қазақ даласының тылсым қуатын танытады. Оның шығармашылығы тірліктің терең тамырынан үздіксіз нәр алған.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Абайдың… барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат адамзат ардағы, адамзат ақыны, адамзат ақылманы болып көтеріліп отыр… Бала кезінен таныс араб, парсы тіліндегі кітаптарды қайта ақтарып, шығыс поэзиясына, тарихына, философиясына соны көзқараспен қарап жаңаша баға берді. Шығыстық логика мен мұсылман құқығын үңіле зерделеді», -деп бағалайды. Ия, Елбасының пікірімен келіспеуге болмас. Абай- шығыс пен батысты байланыстырған көпір іспеттес. «Ұлы ұстаз» деген атқа Әбунасыр әл- Фарабиден кейін Абайдан артық лайық есімді табу мүмкін емес. Абай есімі неткен жылы, неткен дара?! Ес білгелі өз жаныма сонша жақын дара тұлғаның әрбір сөзі, бүкіл халқымның болмысын танытар дана ойлары мен күн өткен сайын өз жұмбақ әлеміне қызықтыра алып кетті. Абай әлемі, Абай поэзиясы, қара сөздері, әндері, әсіресе, оның жаңа ғасыр босағасын аттаған балғын жастарға, бізге берер мол ғибраты соншалық жақын да алыс құпиясымен оқырманды өзіне баурай берді.                        «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық құндылықтарымызды сақтау, ұлттық код, туған жер деген ұғымдарды негізге алынған. Ал осы рухани құндылықтарымыздың бастауы – Абай мұрасында жатыр деп айту, қателік емес. Мектеп табалдырығын аттағаннан Абай мұрасымен сусындаған бала, келешекте өз мемлекетінің бір кірпіші болып қаланып, елін көркейтері анық.

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап,

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап,-деп кемеңгер надандықтан шығар жол – оқу-білім, өнер екендігін айта келіп, оның жетістікке жетуіндегі еңбектің рөліне мән береді.

«Абай — дана, Абай — дара» деп бекер айтпайды екенбіз. Қазақ елінің ақыны көп болғанымен, Абайы біреу-ақ. Абай тереңіне әлі де толық бойлай қойғанымыз жоқ. Оны алдағы уақыттарда да терең білуге тырысарымыз хақ. Абайы бар қазақ бақытты. Абайы бар ел қай халықпен де терезесі тең. Абайы бар елдің мерейі үстем.

Абай өмір бойы сыртқы ортадан бойын жиып, тартынып қана қойған жоқ, феодализмнің зорлық пен зомбылық жеңген қапас құрсауынан құтылуға жан салды. Жасында зер қойып, қанаттанған дала ақындарының бір сарынды дидактикалық қайталауларынан ойысып, дара шығып, тың образ бен тең идея аясына ұмтылды. Бұл көне тіршіліктің ыңғайында қалған күндерін жеріп, жаңаша қалыптасқан адамдық идеялар мен адамдық ойларға батыл бет бұрысы болатын.

Ақын ерекшелігі, өмірді-сүйіп-күюдің ордасы немесе тағдырдың межелі бөлігі деп емес, ұзақ, күрделі күрес жолы деп ұғынуында. Өлең әлемінде мәңгі ғұмыр кешу үшін айтулы жанкештілік керек. Поэтикалық жанкештілік қана сөз құдіретін сөндірмей, адамзат көшін ілгері бастай алады.

Абайдың философиялық толғаулары – өмірге өзінше қарау, адамның тіршіліктегі поэзиясын айқындау. Абайдың ойлы поэзиясы этикалық бағдар мен тағлым биігін көрсетеді. Ақын санасы бір ортаға, адамгершілік бірлігін іздеуге ұмтылған, сол арқылы ақын адамды өлімнен қорықпауға, өмір сырын ұғынуға шақырады.

Абай өлеңдерінің мағынасы — үлгі ақыл үйреткен, жаманшылықтан жиренткен, түзу жүріс-тұрыс көрсеткен рухта тәрбиеленген үлгі, үгіт екенін көреміз. Ал енді өлеңдерінің сырт көркемдігін, түрін, түзілісін, кестесін, сыршылдық жағын алсақ, Абайдың бұл ретте келтірер пайдасы айрықша  артық Абайдың неше түрлі сұлу суретін кестелі сөз, үлгі, өрнектері қазақ әдебиетінің бұл күнге дейінгі ардақты гүлі болып келеді. Алдында басшылық қылған әдебиет ағасы жоқ. Маңайында сөзін ұғып, тілегіне қосылып ой бөліскен замандасы жоқ. Абай қараңғы тұманда жылтырап көрінген жалғыз жарық сияқты.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.