Home » Мақалалар » Жалпы орта мектептепте білім алатын церебралды сал ауруына шалдыққан бастауыш сынып балаларына білім берудің әдіс-тәсілдері

Жалпы орта мектептепте білім алатын церебралды сал ауруына шалдыққан бастауыш сынып балаларына білім берудің әдіс-тәсілдері

Мухтарова Акмарал Абдуллаевна
Астана қаласы
Ы.Алтынсарин атындағы Binom School мектеп-лицейі
бастауыш сынып мұғалімі

Аңдатпа(аннотация): бұл мақалада церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға білім берудегі нақты әдіс-тәсілдер қарастырыла отырып, сондай-ақ аталмыш балалармен жұмыс жасайтын бастауыш сынып мұғалімдеріне қажетті бірқатар нұсқаулықтар мен ақпараттар көрсетілген.

 

Қазіргі таңда басым көпшілігі тірек жүйесінде ауытқулары бар болып табылатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны айтарлықтай өсуде. Балалардың милық салдануы (БМС) мәселесінің өзектілігі соңғы он жыл ішінде артқаны белгілі. Себебі, аталмыш ауру түрі де ұлғайған.

Балалар церебралды сал ауруы – ерікті қозғалыс үшін жауапты саналатын ми құрылымының зардап шегуімен сипатталатын орталық жүйке жүйесінің ауыр сырқаты.

Церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға берілетін қысқаша психологиялық-педагогикалық сипаттама:

  • Қолдары мен көздерінің біріккен әрекеттері жеткілікті дамымаған.
  • Кейбір балалардың бір немесе екі бірдей құлағының есту қабілеті нашарлаған, әсіресе жоғары тоналдылықтағы дыбыс жиіліктерін айыру қабілеті әлсіз болып табылады. Көру қабілеттерінің де төмендігі жиі байқалады, мәселен, балалардың 20-30%-ы қитарлыққа шалдыққан.
  • Еркін-эмоционалды бөлікте түрлі ауытқулар (кейбіреулері – аса қозғыш, тітіркенгіш, тірек қозғалысы тежелген, басқалары – артта қалу, әлсіздік) мен көңіл-күйдің жиі өзгеруге бейімдігі байқалады.
  • БМС шалдыққан балалардың көпшілігіне қатты шаршау, босаңсу тән. Мұндай балалардың ерікті әрекеттері баяу іске асырылады.
  • Жеке тұлға қалыптастыруда орын алатын ерекшеліктер (өз-өзіне деген сенімділіктің, дербестіктің жоқтығы, жетіспеген, толықпаған аңқау пайымдаулар, ұялшақтық, ұяңдық, жоғары сезімталдық, жиі ренжу, әлеуметтік байланысқа түсуден шектелу) байқалады.
  • Көптеген балаларда кеңістік пен уақытқа қатысты көзқарастарының, дене бейнелерінің бұзылуы назар аудартады.
  • Келесідей соматикалық ауытқулар байқалады: жүрек ақауы, өкпе ақауы, эндокринды жүйенің өзгеріске ұшырауы және т.б.
  • Церебралды сал аурына шалдыққанбалалардың шамамен 20-25% әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемтарлығына душар болған. Ал 20%-ында эпилепсиялық талмалар, жүйелі невроз (мәселен, кекештену) кездеседі. Сондай-ақ, биіктік, жабық есік, қараңғылық және жаңа заттар сынды нәрселер балалардың көпшілігінің бойында үрей ұялатады.

ДЦП балалардың басым көпшілігі тірек жүйесінен зардап шегетін көптеген ауытқуларға ие. Жоғарыда аталғандарды назарға ала отырып,бұл балаларды оқыту барысында келесі мәселелерге көңіл бөлінуі тиіс.

Баланы жазу сауаттылығына үйрету барысында мүмкіндігінше ыңғайлы жұмыс орнын ұйымдастырған жөн, яғни әрбір бала үшін жеке-жеке орындық немесе кресло таңдалып, қажет болған жағдайда шынтақ тірегіш не аяқ бекіткіш (иық бекіткіш) құрал болғаны абзал. Бұл жабдықтар баланың партаға құлап кетпеуінің алдын алады. Сал ауруына шалдыққан балалардың басым көпшілігінің жамбас бөлігін дұрыс ұстай алмайтынын, ал дұрыс позаның бала үшін аса маңызды екенін ескере отырып аталмыш құралдардың қажеттілік туындадатынын атап өткім келеді. Осы орайда, теріс әрі ыңғайсыз позада отырып қалған  балалардың тірек-қимыл аппараты қысқа уақыт ішінде деформацияланып кету қаупі бар.

Келесі мән берілуі қажет сұрақ – қалам және қарындашты еппен ұстату. Алдымен жай әрі жұмсақ қарындашптан бастап, кейін қаламсаптарға көшуге кеңес беріледі. Айта кетейін, кез келген пішінде жазуға мүмкіндік беретін және сияларында арнайы шарлары бар қаламсаптар өте ыңғайлы болып келеді. Сонымен қатар, бұл қаламдар қағаз беттерін сырмайды (демек балалардың да жүйкесіне тимейді) және кез келген парақ бетінде (күңгірт не жылтыр) жазыла береді.

Бұдан бөлек, жазу барысында қырлы қарындаштар емес, баланың саусақтарына күш салмайтын дөңгелек қарындаштар қолданған жөн.

Келесі бір мәселе – баланың қайда жазатыны. Кейбір балаларға әдеттегі дәптерлер жарап жатса, кейбіреулеріне үлкен тор көзлі дәптерлер керек. Кей балалар өздігінен парақтарды белгілеп, сызып жатады. Бұл әдетте баланың көру қабілетіне байланысты 1-2 см тор немесе жол көздерден тұрады.

Баланы қаламды дұрыс ұстап, дәптер бетінде жолақтар сызуға үйрету барысында да бірқатар қиындақтарға тап болуыңыз мүмкін. Гиперкинез балалар қарындаш немесе қаламды ұстауда салыстырмалы түрде мығым болып келеді, алайда басқа сау балалардың ұстайтыны секілді үш саусақпен жазуды олардан талап етудің қажеті жоқ. Бала қаламды өзіне ыңғайлы түрде ұстап, қаламның қолынан шығып кетпеуін және бұлшық еттеріне күш салмуын қамтамаыз ету керек. Алайда, жаза білу үшін тек жолақтарды белгілеп қана қоймай, сондай-ақ араларын уақытында айырып отыру қажет. Гиперкинезбалаларға парақ бетінен қолын алып отырып жазу көбінде қиынға соғады. Дегенмен, үлкен ынта мен жаттығулардың арқасында көптеген балалар қабілеттерін шыңдап жатады.

Ал бұлшық еттері әлсіз балалармен жұмыс жасау әлдеқайда қиынға соғуы ықтимал. Олар қарындашты басқара алмайды, қағаз бетінде із қалатындай қолдарымен бастырып жаза алмайды. Сондықтан, үстел бетінен қолын қалай алса, сол бетімен қаламды ұстауды жалғастырады. Мұндай балалармен алғашқы уақытта бірге жазуға тура келеді (қолын ұстап отырып). Одан әрі баланың қолында қарындашты мықтап бекіте алу үшін ең тиімді тәсілді ойлап табу қажет.

Бастапқы деңгейлерде қолданылатын ең қарапайым тәсіл келесідей:

Бала басбармағы мен сұқ саусағының ұштарын бір-біріне тигізе алатындай жүннен жасалған домалақ жіпті қолданыңыз. Ол үшін баланың алақанына сыятын диаметрде жіп таңдалғаны дұрыс. Шүйке жіп пішінінің басым бөлігі білекке қойылады.

Тірек жүйелері аса қатты зақым көрмеген балалар үшін «Өздігінен үйренгіш қалам» (Ручка-самоучка) сынды жаттықтырғыш құралдарды қолдануға болады. Әдетте олардың пішіні “қалам үстіне орнықтырылған балық” іспеттес болып келеді.

БЦП балалардың ерекшеліктері әрқашан да ескерілуі қажет. Көбіне бұл балалардың оқуын үйде жалғастыруына мұқтаждық тууы мүмкін. Үйде оқуға арнайы мұқият дайындалған және сарапталған бағдарлама баланың әлдеқайда дамуына зор үлес қосады. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау – баланың жас ерекшеліктері мен ауытқулары ескеріле отырып дайындалған жан-жақты құрылымға ие. Берілетін сабақтар әртүрлі деңгейдегі жаттығуларды кезектестіре отырып, өзара байланыс орнату қағидасы бойынша жоспарланады.

Баланың ұйқы режимі және де басқа факторлар назарға алына отырып, ата-ананың келісімімен мұғалім белгілі бір сабақ кестесін құрады. Күннің бірінші бөлігінде бала ем-шаралар не массаж сияқты процедуралар қабылдайтын болғандықтан, сабақтар көбіне түстен кейінгі мезгілге алынады. Сабақтардың оқу дәрісімен (тіл дамыту, әдебиет) бастауға кеңес береміз. Мәтіндерді оқу барысында баламен тікелей қарым-қатынас орнайды, сондай-ақ жұмыс істеу атмосферасы орнығады. Мұғалім мен оқушы арасындағы диалог интеллектуалдық жаттығу, жаңа қиын сынақ алдындағы серіппе болып табылады.

Оқу дәрісінен соң қазақ тілі/орыс тілі пәніне көшкен жөн. БЦПбалалар үшін әдетте сауат ашу сабағы аса үлкен қиындық туғызбайды. Жеткілікті есте сақтау қабілетіне ие бола отырып, балалар ережелерді жаттап, сауатты жаза бастайды. Тек көңіл бөлуіміз қажет бір мәселе – мұндай балалардың жазу жылдамдығы төмен болып келеді. «Сөз тыңдамайтын» қалам кез-келген сәтте баланың әлсіз саусақтарынан сусып шығып кетуі мүмкін. Бұл жерде мұғалімнің шыдамдылығы қажет. Баланы асықтырудың еш мәні жоқ, керісінше, қолдарының тынығуына мүмкіндік беріп, көмектесіп, сызғышын ұстап тұруға жәрдемдесіп, жазылған бетті теріс аударып, қаламын ауыстырып, саусақтарының демалуы үшін аздаған массаж  жасатқан жөн.

Қазақ тілі сабағында қиындық келтіретін тапсырмалардың бірі шығармашылық жұмыс болып табылады. Себебі, күні бойы төрт қабырға ішінде отыратын сырқат балаға көктемгі шуақ, қысқы қызықтар немесе орманға саяхат сынды құбылыстарды сипаттау қиынға соғады. Сондықтан, бұл жағдайды ескере отырып, шығармашылық тапсырмалардың тақырыптарын аса байыппен таңдауымыз керек:

 менің сүйікті ойыншығым;

 тереземнің алдындағы ағашқа сипаттама;

 мен үшін сүйікті жан.

 

Сонымен қатар, сұрақ қоюға жол ашатын алдын-ала дайындалған жоспарлар балаларға септігін тигізуі мүмкін. Әдетте қойылған сұрақтарға ешқандай әдеби метафорасыз қысқа сөйлемдермен жауап беретін балалардың шығармашылық жұмыстары қысқа да нұсқа шығады. Дейтұрғанмен, БЦП ауруына шалдыққан балалардың жан дүниесі кең әрі бай болып келеді. Мұндай балалар есесіне ғажайып суреттер салып, түстердің сан алуанын қолданудан жасқанбайды. Дәл осындай жағымды сәттерді басты сабақтардың арасындағы үзіліс ретінде қолдануға болады. Дәрістердің ішіндегі ең тиімділерінен бірі дүниетану пәні болып табылады. «Қазақстан өсімдіктері», «Орман жануарлары» сияқты тақырыптарға суреттер салдыра отырып және географиялық картамен жұмыс жасай отырып, айтарлықтай жақсы нәтижелерге, жоғары бағаларға қол жеткізіп және бастысы жасалған жұмыстан моральді ләззат алуға болады.

Ауыр деңгейлі пәндердің бірі – математика. 1-2 сыныпта оқитын бала 20-ға дейін қосу-алуды және көбейту кестесін білсе, бұл үлкен жетістік. Себебі, мұндай балалармен алдағы сыныптарда есептеу әдістерін шыңдай түсу қиынға соқпайды. Алайда, мұндай ақпараттық базаны есте сақтауда қиындаққа тап болатын балалар категориясы да бар. Бұл жағдайда ауқымды уақыттың қажеттілік тудыратынын және бағдарламадан қалыс қалу қаупі барын ескере отырып, уақытты созуға болмайды, яғни аталмыш кестелер үнемі баланың көз алдынан табылуы қажет. Бұл баланың күйгелектенбеуіне және көру қабілетінің дамуына оң әсерін береді.

Баланың ерекше тұстарына қарай тапсырманы орындау барысы да шыңдалып отыруы қажет. Сондай-ақ, 1–2 сыныптарда алдымен тапсырманың схемасы, суреттері және шарттары маңызды, тек сонан соң ғана тапсырманың шешіміне мән беріледі. Ал 3–4 сыныптарда өзіндік оқу мен тапсырманы талдау қабілеті ұштала береді. Әлбетте, аталған қабілеттерді дамыту үшін әлдеқайда көп уақыт жұмсалады, бірақ, баланың келешекте өз бетімен басқа да материалдармен  жұмыс жасай білуі үшін таптырмас мүмкіндік. Тапсырманың шешімі алдымен орындау кезегі мен әрқайсысына берілетін анықтамалар арқылы іске асырылады. Өрнектер мен теңдеулердің шешімі ең қиын тапсырмалардың бірі болып табылады. Геометриялық сипатта берілген тапсырмалар оқушылар үшін салыстырмалы түрде жеңіл болғанына қарамастан, шалдыққан сырқаттарының себебінен фигуралар мен графикаларды орналастыру қиынға соғып жатады. Осы орайда, жоғарыда аталған бақылаулардың, қорытындылардың барлығы сырқат болғанына қарамастан оқып-үйретілуге жарамды балаларға қатысты екенін атап өтуді жөн көреміз.

Дәрігерлерден гөрі балалармен әлдеқайда көбірек уақыт өткізетін, бірге жұмыс жасайтын мұғалімдерге де бір өсиет сөз айтқым келеді.

— Сабырлы әрі аңғарымпаз болыңыз. Балалар үздіксіз оқи алмайды, уақытында демалулары керек.

— Балаға мұқият қараңыз, ойлау жүйесін, не білетінін, қабілетін қалай іске асырып жатқанын түсінуге тырысыңыз.

— Баламен сөйлесу барысында сұрақтарыңызға жауап қайтара алуы үшін оған уақыт беріңіз; кезекпен сөйлеңіз, бірнеше рет қайталауды ұмытпаңыз.

— Жүйелі, сатылай әрекет етіңіз. Ең оңайынан қиынына, бір әдістен екінші әдіске жылжып отырыңыз.

— Дәрістеріңізді түрлендіріп, күнделікті жаңа элементтер енгізіп отырыңыз.

— Кейде байыппен, кейде эмоционалды сөйлей отырып, дауыс ырғағыңызды өзгертіңіз, бірақ еркелетпей анық сөйлеуді ұмытпаңыз.

— Баланы көбірек мақтап ынталандырып отырыңыз.

— Епті болыңыз, баланың көбіне өз бетімен жұмыс жасауына мүмкіндік беріңіз. Бұл баланың дербестігін дамыта түседі.

— Өз-өзіңізге деген сенімділігіңізді жоғалтпаңыз. Барлық балалардың махаббат, қамқорлық және ықыласқа жылы жауап қайтаратынын ұмытпайық.

— Балалардың білместікпен жасаған қателіктері, кемшіл тұстары, ағат қылықтары мен түсінбестігіне аяныш сезімімен тәрбие беруге тырысыңыз.

— Соңғысы: Сырқат бала махаббат, түсіністік және тыныштық кеңістігінде өмір сүреді. Сондықтан, кез-келген дүрсіл, айғай, тіпті жай ғана жөтел баланың сескенуіне, іштей қысылуына теріс әсер тигізеді. Сол себепті, мұғалім мен оқушы арасындағы диалог көзбен байланыс орнату арқылы немесе төмен дауыс ырғағымен жүзеге асуы қажет.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.Арнайы педагогика: Педагогикалық оқу орны студенттеріне арналған оқу құралы/ Л.И. Аксенова, Б.А.Архипова, Л.И.Белякова т.б.; «Академия» Баспа орталығы, 2001.

2.РФ Білім жіне ғылым министрлігінің хаты, 2008ж. № АФ-150/06 «Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына жағдай жасау  туралы ».

  1. Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім мекемелеріндегі арнайы әлеуметтік жағдайын ұйымдастыру: Методикалық нұсқаулар С.В. Алехина. – М: МГППУ, 2012.

4.Инклюзивті білім беру: іс-тәжірибе, зерттеулер, әдістеме: Матер.жинақтары Халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция//  Алехина С.В.: МГППУ, 2013.

5.https://ru.wikipedia.org/wiki/Детский_церебральный_параличғаламтор желісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.