Home » Жаңалықтар » Әлем чемпионы оқушылармен кездесті

Әлем чемпионы оқушылармен кездесті

Жуырда Алматы қаласы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясында әлем чемпионы Елдар Шекербекпен кездесу өтті.

Жас спортшыны мектеп қабырғасындағы үздік оқушылар қарсы алып, ықыластарын білдірді. Аталмыш шара «Мен Мұқағали мектебінің шәкіртімін» деген атаумен жалғасын тауып, керемет концерттік бағдарламаға ұласты.

Кездесуде әлем чемпионы Елдар Шекербек жас өрендермен сұхбаттасып, олардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді. Әдемі кеш мың бұралған бишілерге, әуелеткен әншілермен көмкерілді. Мектептен түлеп ұшқан жас өренге деген мектеп ұжымының ерекше құрметі кеш қонақтарын тәнті етті.
Жетістікке жетудің құндылықтары, чемпион болудың сыры мен биік шыңды бағындырудың жолдары айтылғанда оқушылар шабыттанып, жеңіске деген құштарлықтары оянғаны көздерінен көрінді.

Жас спортшының жетістігі орасан. 2022 жылы Таиландта Краби аралында өткен «Мұхит адамы — 2022» халықаралық жарысында Азия чемпионы атанған, ең жас спортшылардың бірі. 28 елден 3 мыңнан астам спортшы қатысқан Парсы шығанағы суларында (Дубай, БАӘ) өткен халықаралық жарыста 10 шақырым қашықтыққа жүзуден жоғары нәтиже көрсеткен Елдар Шекербек — бір күміс, екі қола медаль жүлдегері. Сондай-ақ, ол ерлер арасында 3х500 метр қашықтықта OCEANTEAMS ерлер арасында өткен жүзу эстафетасында күміс жүлдегер, 20-29 жас аралығындағы профи жас санатында ашық суда 10 шақырым қашықтықта жүзуден қола жүлдер атанды.

 

Кездесу кешінің негізгі мақсаты жас өрендерге мотивация ретінде мектеп түлегінің жетістікке жетудегі құпияларымен бөлісуі. Балапандарды әлем чемпионымен жүздестіріп, спортқа деген құндылықтарын ояту негізгі мақсат болды.

Еліміздің мақтанышы Елдар Шекербек өзі түлеп ұшқан мектеп басшылығына,
Сәния Өскенбайқызы жетекшілік еткен барлық аяулы ұстаздарына зор алғысын білдіріп, ризашылығын танытты.

Кеш соңында жас спортшы оқушыларға сәттілік тілеп, болашақта олимпиада ойындарының чемпионы боламын деп уәде берді.

«BILIM AINASY»
Алматы қаласынан
Дулатбек Нұрланұлы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.