Home » Мақалалар » «Шәкәрім еңбектерін оқыту үрдісінде қолдану тиімділігі»

«Шәкәрім еңбектерін оқыту үрдісінде қолдану тиімділігі»

Кусаинова Каракөз Сеитмагзумовна
Астана қаласы
№69 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

    Жарты ғасырдан астам үзілістен соң халқымен қайта қауышқан ұлы тұлғаларымыздың бірі-Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлының қазақ әдебиеті мен рухан мәдениетіміздің тарихында алатын орны ерекше. Қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ өлеңін түрлендіре алған қаламгер еді. Ол қазақ әдебиетінің көшбасшысы Абайдың үлкен ағасынан туған ізбасар інісі еді.

Шамалы кері шегініс жасасақ, Құнанбайдың үлкен бәйбішесі-Найман Ағанас бидің қызы Күңке. Ел аузында Ағанасты әділ би, сезімді, ақылды, әулие адам болған деседі. Сол Күңкеден Құдайберді жалғыз. Ол ер жеткен соң  алыстан болжай білетін сұңғыла Құнанбай ұлына  тәрбиелі,  ата-ана тәрбиесін көрген жақсы жермен құда болуды ойластырады. Қаракесек руынан шыққан   Алдаберген деген кісінің қызы Төлебикеге құда түседі. Алдаберген бай емес, орта дәулетті, өте адал болған адам. Сол қасиеті үшін елі оны қатты қадірлеп, құрмет тұтқан екен. Балаларын, қыздарын оқытқан адам. Болашақ ақын, ойшыл, тарихшы  Шәкәрімнің анасы Төлебике арабша, түрікше көп білген. Қолөнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын шебер әйел болған. Сонымен қоса, ақындығы да болған екен. Құрбы-құрдастарына шығарған өлеңдерін ел жатқа айтып жүрген. Өкінішке орай, ол қағазға түспеген соң толық сақталмаған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) –өмір сүрген ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абайдың тәлім- тәрбиесін алған және  анасының сүтімен келген ақындық қасиетінің арқасында ол бала кезіне зейінді, сезімді, сергек болды. Алғаш өлеңге талпынысы әкесі Құдайберді қайтқаннан кейін  «құрт» болып өлең шығарғаны. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Шәкәрім Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды.

Шәкәрім еңбектерінің тәрбиелік мәні.

Шәкерім адамның баласы өмір жолында ойлаған мақсатына жетуі үшін, қиындықты жеңе білуі үшін ғылымды меңгеру керек деп жазды. Өзінің  «Насихат» деп аталатын өлеңінде «Балаңа ғылым үйрет жас күнінен, Ол-таусылмас кен, оны игеру үшін талаптан, ерінбе!»-деп көрсетті. Ғылымды меңгерсең, бұл-қазіргі, кешегі, бүгінгі, ертеңгі өмір талабы. Өзі өмір сүрген кезеңді сынға алып:

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр атаққа.
«Анау-қу, мынау-пысық, мен-батыр!»-деп,
Айналды бір-бірін құртпаққа.
Елінің намысын оятып, жігерленуге, адамгершілікке шақырды, ғылымға бет бұрғызғысы келді.

«Біреудің мінін кешірсең..»атты өлеңінде адам кекшіл, кесірлі болмай, кешірімді болғанын насихаттады.Қателескен кезде, артық кетсе, кешірімді бола білген адам  нағыз адам болып қалатынын көрсетті.

Адамның мінезі-өмірлік бет алысын және  оның өзіндік әрекетінің айрықшылығын  сипаттайтын қасиеттер жиынтығы. Адам жақсы өмір сүру үшін әуелі өз мінезін дұрыстау қажет. Адам кейде ашуға бой алдырады, барға қанағат ете алмайды.   «Ашу мен ынсап»өлеңінде қазақтың ерікті, еңселі ел болуына кедергі болып отырған жағдайларды ашына жазды. Әділетсіздік, қисық мінездерді сынады.

«Ел саңырау, надан ғой,
Естіле ме құр айқай,
Емделмеген адам ғой,
Ем бола ма құр ойбай?-деп іштегі назы мен қыжылын айтты.
Заманды түзеудіңең бірінші шарты-адамды түзеу деп ой түйді.
Адам бойындағы ең нашар қасиет-міндеу мен күндеуді де сынға алды.
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды не етерсің?
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтіп алып кетесің?

Бес күндік жалған өмірде ешкімді күндемей, тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін! Адам баласы мал, мансап іздегенше, әдеп сақтап,, адамшылықпен пікір айтып, біреудің мінін кешіре білу керек. Ақылды адамдар ғана шынайы сын айта білген, бірақ көзге шұқымаған. Ақын біреудің мінін көрсең, түзете білу керектігін ақылға салады. Ол үшін түзетуші адамның өзі білімді болуын ескертеді.

Қырық жасқа дейін Шәкәрім ел жұмысымен айналысып дала, қара жайларын өз көзімен көріп, ондағы әр түрлі тартыстар, қайшылықтар сырына үңіледі. Бөтен жұрт өмірін, мәдениетін білуге, ғылым жетістіктерін тануға талап қылады. Білім мен мәдениет, өнер салаларының жетістіктеріне назар аударады. Қазақ қоғамындағы үстемдер өктемдігіне, надандық кесепаттарына, қулық – сұмдықтарға қарсы шығады. Әділдік, адамгершілік, мәдениет, оқу – білім ұрандарын жырлайды. Айтып, уағыздап қана қоймай шамасы келгенінше, өзінің ізгі ойларын іске асырып та жүреді, Халықты жақсылыққа үндеп, ар – ұят сақтауға, жоқ – жітікке қарасып, қайырымдылық жасауға тырысады.

Басқа елдерде саяхат шегу ілімге, білімге зәру, өнерге сусап барған ойшыл дарынға үлкен әсер етеді. Ол аздап орысша, түрікше, арабша, парсыша білгені болмаса, батыс тілдерін білмейтін еді. Әйтсе де, зерек ақын әуелі тілмаш арқылы,кейін аударма сөздіктер арқылы өз бетімен оқығандарын түсінетін дәрежеге жетеді. Ол көзбен көріп, құлақпен естігендерін, оқып білгендерін көңіліне мықтап тоқиды.

Өнер – білім жолына белін бекем буады. Қайда білгір ғалым, өнер өрнектері бар десе, соның жөнін тануға асығады. Өмір, өнер, қоғам, жан, тән туралы жаңаша байыптай бастайды. Өз халқының болашағын ойлап, өткен-кеткеніне көз жібереді. Тарихына үңіледі. Шығыс, орыс, Батыс классик әдебиетін шұқшия зерттей оқиды. Абай мұраларына қайта үңіліп, оның тереңіне бойлап, асыл сырына қаныға түседі. Оқыған шығармаларының халқына үлгі болар дегендерін қазақ тіліне аударады.

Халық поэзиясы жасаған қаһармандық бейнелер мен лирикалық сюжеттер ақынның көңіліне қонып, жүрегіне берік ұялайды. Нәтижесінде: «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» лирико-эпикалық дастандарын жазады. Дастандардың оқиғалары сол заман  әдет – салтына негізделіп, сенімді баяндалады. Кейіпкерлерінің ішкі сезіміне құрылған оқиға өрісі жинақы да әсерлі шығады.

Абай сияқты Шәкәрім де: Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Тургенов, Толстой, Некрасов, Салтыков – Щедрин т.б. алыптарды оқып, көзі ашылып, көкжиегі кеңіген. Ол ар – ұждан, жақсылық, әділдік, кісілік жолын нұқсайтын шығармалар жазды. «Насихат»,  «Өлген көңіл – нысапсыз өмір», «Талап пен ақыл» және т.б. өлеңдері («Қазақ айнасы» жинағы) мен «Бояулы суыр», «Қанішер мен бөдене», «Ақылшы торғай», «Қасқыр, түлкі, бөдене» сияқты мысалдары сондай туындыларға жатады. Оларда әр кез ар – ұждан, адалдық, шындық жолы жеңіл, жұғымсыздық, әділетсіздік әшкере болып, мазаққа айналады.

Абай ізін жалғастырушы, адамдық жолын айнытпай танытқан Шәкәрім жырлары бүгінгі ұрпақтың бойтұмары болмақ. Шәкәрім өлеңдерінің тақырып ауқымы өте кең. Соның ішінде негізгі тақыптарының бірі – рухани адамгершілік мәселесіне қатысты ойлары. Ол адамгергершілік ар-ұятты жоғары қояды. Оның өлең жолдарынан кісіліктің келбетін танытар асыл қаситтерімен сусындауға тұту, бауырыңа тарту бұл да адамгершіліктің жоғары түрі. Осы Шәкәрім өлеңдерінде қалай көрініс тапқан?

Бұл тұрғыда Шәкәрім атамыз: «Ойлансаң, барша адамзат – туған бауыр»- дейді. Ол өлеңдерінде қазағым, ұлтым, алашым деп өз жұртын бүйрегіне бұрса, барша адамзатты бауыр тұтады.

«Ақылды болсаң арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта» деп ар- ожданды қастерлеп, оны адамгершіліктің туы санайды.
Адам үшін-еңбегім
Өмірден барлық тергенім
Қалағаның қарап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенім,-деп Шәкәрімнің өзі айтқандай, ақын ұрпағына рухани азық боларлық мол мұра қалдырды.

Адамдық борышың-
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да, білім мен өнер үйрен:
Білімсіз, өнерсіз
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба,
Мансаптың тағы үшін,
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарп қып өлгеніңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайырылып
Қауымға келмейсің,
Барыңды,
Нәріңді тәңірлікте бергейсің,
Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,
Шын бақыт,
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
Шәкәрім өлеңдерінің басты тақырыбы – адам.Ол   адамды жақсылыққа жетелеп, жақсы қасиеттерді қалыптастыруға  ұмтылды. Адам мінез – құлқындағы  салақтық, еріншектік, бойкүйездікті сынады. Бұл тұста оның «Сәнқойлар», «Қылжақпас», «Еріншек» деген  өлеңдерін жазды.
Мысалы:
«Еріншек» өлеңінде:
Еріншектен – салақтық,
Салақтықтан – надандық…
Бірінен-бірі туады,

Жоғалар содан адамдық, – деп надандықты, еріншектікті сынап, адам деген атыңа қалам десең, күн-түн демей ғылым ізде дейді.
Абай айтқан бес дұшпан мен бес асыл істі Шәкәрім де айтады:
Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық,
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.
Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан;
немесе:
Өмірдің өкінбейтін бар айласы
…Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос-сол шарасы.
…Бұл төртеуін кім қылса, шын адал – сол,-
деп ой қорытады.

Сонымен қорыта айтқанда, Шәкәрім шығармашылығы-тұнып тұрған нақыл мен философия. Адам бірінен-бірі көріп тәлім алады» дейді. Сонда адам бір-біріне қарап өссе, өткеніміздің құнды дүниесінен ажырап қалған бүгінгі ұрпақты ар-намыс, ождан, адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу-бүгінгі күннің басты міндеті. Олай болса, қай шығармасын алсақ та адами құндылықты сөз етіп, кейінгіге өсиет айтатын Шәкәрім шығармалары -біздің басты құралымыз болмақ керек.

Шәкәрім еңбектерінің  мектеп бағдарламасында оқытылуы.
Мектеп бағдарламасында Шәкәрім еңбектері аз қамтылған. 5-сыныпта жаңартылған білім мазмұны бойынша мүлдем енбей қалған. 6- сыныпта «Адамдық борышың» өлеңі ғана  берілген. 7- сыныпта мүлдем жоқ. 8-сыныпта  2 сағат «Қалқаман-Мамыр» поэмасы берілген. 10- сыныпта 6 сағат бөлінген. «Еңлік –Кебек» поэмасы мен Абай шығармаларымен үндестігі және шығармаларындағы адамгершілік, ар-ождан мәселелеріне тоқталған.

11 сынып бағдарламасында да жоқ.

Сондықтан да тереңдетіп оқыту мақсатында мен басшылыққа  «Әдіскер-ұстаз»,тіл маманы Дариға Омарбайқызы Мұстафинаның еңбектерін ала отырып, 10-11 сынып оқушыларына арнап  Шәкәрімтану бағдарламасын құрастырдым.

Бағдарламаның жалпы саны 34 сағатқа негізделген. Бұл бағдарламаны орта мектептің 10-11 сыныбына өткізуге болады. Курс сабақтары әр түрде өткізіледі: қойылым сабақ, семинар сабақ, конференция сабақ, сайыс сабақ, саяхат сабақ, шығармашылық-жобалау сабақ т.б. Бағдарламада «Сөз өнері — өмір сәулесі», «Тіл мәдениетін талдау», Шәкәрім  философиясындығы адам мәселесі және әндері, дастаны, Шәкәрім лирикасы және адам негізін түзету мен әлеуметтік теңсіздік туралы сөз қозғалады.

Ақынның ақындық өнері Абай дәстүрімен жалғасып,  «өлең, сөз – киелі өнер, өлмес мұра» екенін таныту мақсатында және қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен философиялық ойлары оқытылады.

Бағдарламаның  негiзгi  мақсаты – Шәкәрім шығармаларымен жан-жақты таныстыра отырып, ақынның ұлттық әдебиеттегі орнын шәкірттерге жеткізу, ұғындыру, тәрбиелеу. Ақын шығармаларынан тәлім-тәрбие бере отырып ұлтжанды, өнерлі, адамгершілігі мол, инабатты, еңбексүйгіш, толыққанды ұрпақ тәрбиелеу. Алған білімдері арқылы зерттеу жұмысын жүргізе білу, шығармашылық жұмыспен айналысуға жол ашу.

Осы мақсаттан барып  мынадай  мiндеттер туындайды:

  • Оқушылар сөз байлығын молайтып, Шәкәрім еңбектерін сүйіп оқуға;
  • Өз ойларын жатық тілмен баяндауға;
  • Мақал-мәтел, нақыл сөздерінен ғибрат алуға;
  • Топпен, жұппен жұмыс жүргізуге;
  • Шығармаларды жан дүниесімен түсінуге;
  • Ойын қысқа, нұсқа жеткізуге;
  • Тақырыпты таңдай білуге;
  • Қойылым қойып, өздері қатысуға;
  • Өлең шығарып, эссе, ойтолғау жазуға.

Күтілетін нәтижелер:

 «Шәкәрімтану» курсы бойынша балалар төмендегі білімдерді меңгеріп шығулары керек: Шәкәрім өмірбаяны; Шәкәрім өмір сүрген ортасы; Шәкәрім туыстары, отбасы жөніндегі мәліметтер; Шәкәрім атасы Құнанбай туралы зерттеулер; Шәкәрім мұрасының рухани көздері; Шәкәрім және шығыс әдебиеті; Шәкәрім жұмбақтары; Шәкәрімнің Пушкиннен, Толстойдан, Фзулиден аудармалары; Шәкәрім өлеңдеріне талдау жасай білу; Абай мен Шәкәрімнің шығармашылық байланысы; Шәкәрімнің ойшылдығы; Шәкәрімнің сазгерлігін дәріптейтін жұмыстар жасау және өмірде саналы өнеге мен тәлім-тәрбие алу.

Қорытынды: қорыта келгенде ақын өлеңдерінің басым көпшілігі рухани адамгершілік қағидаларға толы десек артық  айтпаған болар едім .Шәкәрім мұрасы жан-жақты зерделеуді тілейтін асылдарымыздың санатында.

Адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстаған Шәкәрім атамыздың тәлім – тәрбиесінің, ұстаған қағидаларының жас ұрпаққа берері мол. Сонау атадан –балаға келе жатқан  ұлттық құндылығымыз — рухани – адамгершілік байлығымыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1Шәкәрімтану мәселелері. Семей-Новосибирск. Талер-Пресс. 2006, 440 б.
2.Шәкәрім шығармалары. Алматы «Жазушы» баспасы ,1988 ж.
3«Шәкәрім шығармаларының тағылымдық мәні».Семей.2008 ж.
4.Шәкәрім. «Иманым» Алматы.2000 ж.
5.Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармалары. Құрастырған Х.Сүйіншәлиев
6 Алматы. «Рауан» баспасы, 1990 ж.
7.Сәтбаева Ш.Қ. Шәкәрім Құдайбердиев. Алматы, 1990 ж.
8.Шәһкәрім I-III том. Жидебай, 2008 ж.
9 «Аңыз адам»№16. Тамыз 2011ж.
10.Р.Сейсенбаев  «Аманат» Алматы 2002 ж.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.