Жаңа жағдайдағы білім беру⠀
Назарбаев Зияткерлік мектептері Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына арналған жобаны бастауда.⠀
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналған «Жаңа жағдайдағы білім беру» жобасын жүзеге асыру қолға алынды.⠀
Мерейтойлық бағдарламаның басты жаңалығы – белгілі ұстаздар тәжірибелерімен бөлісетін Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық шеберлік онлайн алаңының ашылуы. Алғашқы боп Білім және ғылым министрлігі «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегерлері шақырылады. Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде 80-нен астам адам – жоғары педагогикалық марапат иегерлері. Олар елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің математика пәні мұғалімі Гүлнәр Апеева, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі Сәуле Ахметова, Өскемендегі NIS-тің биология пәні мұғалімі Татьяна Джежеря, Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шолпан Жайлаубекова, Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектеп директорының орынбасары Ирина Бабич және өзге де мұғалімдер.⠀
Кәсіби диалог пен кездесу орнына айналатын NIS-тің онлайн алаңына еліміздегі жалпы білім беретін мектептерден тәжірибелі мұғалімдер қосылады деп жоспарлануда. ⠀
Қазақтың ұлы педагогінің шығармашылығы мен ағартушылық қызметіне арналған тақырыптық симпозиум Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жыл сайынғы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында ашылмақ. Дәстүрлі тамыз конференциясындағы табысты тәжірибелер панорамасы да Ыбырай Алтынсариннің мерейтойы шеңберінде өтетін болады. ⠀
«Дөңгелек үстелдер» сериясы заманауи білім берудегі басты трендтер – еңбек нарығындағы жаңа талаптарға, жаппай стандарттаудан жаппай бірегейлікке көшуге, жасанды интеллект дәуірінде ұстаздардың алмаспайтындығына, табысты білім беру жүйесіндегі бағалау мен өзге де сұрақтарға арналады. ⠀⠀
Жаңа жағдайдағы білім берудің миссиясын анықтайтын басым бағыттар бойынша талдамалық мақалалар топтамасы әзірленуде: балаларға игілікті орта құру, мұғалімдердің кәсіби дамуы, бейакадемиялық үлгерім, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, сандық аборигендердің киберқауіпсіздігі, covid generation үшін мега тәуекелдер. ⠀
Мерейтойлық бағдарлама аясында елімізде үлкен қызығушылық тудырған «Ұлылықтың жолында ұстаз тұрар» жобасы да өз жалғасын табатын болады.⠀
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған алғашқы шаралар легі қаңтар айында бастау алмақ.⠀
Айдана ХАМИДУЛЛИНА
Орал қаласындағы НЗМ-нің
баспасөз қызметкері