Home » Мақалалар » «Оқуға құштар сынып» жобасы: кітапқа құштарлықтың алғашқы қадамы

«Оқуға құштар сынып» жобасы: кітапқа құштарлықтың алғашқы қадамы

Акирапбаев Нурбол Болатбекович
Астана қаласы,
М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясы
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
педагог-зерттеуші,

«Оқуға құштар сынып» жобасы: кітапқа құштарлықтың алғашқы қадамы
Кітап адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбие құралы. Шығыс ғалымы Науаи «Кітап ақылына ақыл сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамшысы кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа» деген екен.

Бүгінде  еліміздегі «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасын жүзеге асыру және тәжірибеге енгізу мақсатында «Оқуға құштар сынып» жобасын жүргізіп жатырмын.  Жобаның негізгі мақсаты: оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын қалыптастьыру, оқу сауаттылығын  арттыру, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын арттыруға ықпал ету. Егер оқушы кітап оқуды әдетке айналдыра алса, оқушының  білім көкжиегінің кеңейетіні сөзсіз.

Соңғы  жылдарда ақпараттың қарқынды дамуы оқушының кітап оқуына кері әсерін тигізуде. Көркем шығарманы оқымаған оқушы сабақ барысында өз білімін көрсете алмай жатады. Сонымен қатар, сабақ үдерісінде көркем шығармаға әдеби талдау жасау, жазба жұмыстарын орындау барысында оқушы белсенділігі төмен екендігін көрсетуде. Кітапты көп оқымау оқушының зейініне де кері ықпалын тигізеді.   Осы мәселелерді шешу мақсатында «Оқуға құштар сынып» жобасы бастадым.

Кітап оқудың пайдасы неде? Неге кейбір адамдар оқуды әлі де жалғастыруда, тек демалу немесе бос уақытты өткізу үшін ғана емес шығар?
Әрине, кітап оқудың пайдасы зор екендігінде сөз жоқ. Жақсы кітапты оқу арқылы адамның білім көкжиегі кеңейеді, ішкі жан дүниесі байыды, есте сақтау қабілетін арттырады, ақылдырақ болады. Кітап оқу арқылы адамның сөздік қоры көбейіп, ойлау қабілетін арттырып, өз пікірін еркін жеткізе алады. Оған сөз жоқ өз тәжірибеңде көз жеткізуге болады. Мысалы, бір классиктің шығармасын оқысаң-ақ болды, бұрын екі сөздің басын құрамайтын адам, өз ойын жеткізе алатындай дәрежеге жететініне күмән жоқ. Міне, кітап оқудың осындай пайдасын оқушыға түсіндіре отыра, зейінін дамытуға, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға түрлі  әдістерді жоспарладым.

Жобаға өз сыныбымды алдым.  Ата-аналар жиналысына қатысып, өз жобамның негізгі мәселесімен таныстырдым. Ата-аналар тарапынан жыл бойы оқылатын кітаптар тізімдемесі ұсынылды.  Жобаның алғашқы кезеңінде уақыттың тапшылығы, көлемді шығарманы оқуға қызығушылықтың болмауы, таным белсенділігінің көрініс таппауы сияқты кедергілер көрініс тапты.  Бұл кедергілерді жоюда жаңашыл оқытудың әдістерін қолдана бастадық.  «Заманауи оқырманға – заманауи кітапхана» деген айдармен жобамды жалғастыра бастадым.  Кітап оқудың заманауи түрлері мен әдістерін зерттеуге кірістік. Сонымен қатар,  электронды кітаптармен таныстырылды. Еліміздегі кітапханалардың  вертуалды көрмесін ұйымдастырдым.  Кез келген ұнаған кітапты оқитын онлайн кітапханалармен таныстырдым. Атап айтқанда, әдебиет порталы, kitap.kz   сайттары арқылы онлайн оқуға кірістік. Қаламыздағы кітапханаға саяхат жасадық. Осындай іс-шаралардан кейін оқушылар тарапынан белсенділік байқалды.

Жоба жұмысын жүйелі жүргізуде жылдық жоспар құрылды.

Іс-шара мазмұны
1Кітап оқуға құштарлығын анықтау мақсатында сауалнама алу
2Сыныпта  кітап  бұрышын ұйымдастыру
3«Оқырман  күнделігі» Оқушылар күнделікті оқыған шығармалары туралы жазба жүргізу
4«Кітап – ұстаз, ақылшы дос» тақырыбында

ата-аналарға арналған сынып сағатын өткізу

5 «Кел, балалар, оқылық!» атты  күн сайын

20 минуттық оқу сағатын өткізу

6«Оқимыз, ой толғаймыз!» атты  (әңгіме, эссе, өлең)  шығармашылық сынып сағатын өткізу
7«Оқимыз, сурет саламыз!» атты шығармашылық сынып сағатын өткізу
8«Оқимыз, зерттейміз!» атты  ғылымға баулу сынып сағатын өткізу
9Флешмоб «Ұйқы алдында оқимыз!»  оқушылар мен ата-аналар қолдауымен
10Отбасымен бірге мектеп ауласында «Кітап оқу сағаты» атты акциясын өткізу
11«Оқылған кітап жарнамасы» акциясын өткізу
12«Мен жазушымын» атты шығармашылық сабақ өткізу
13«Ертегілер әлемінде»  қоылым қою
14«Көңілді үзіліс» жобасын өткізу
15 «Әдеби аукцион» атты оқылған кейіпкерлерін аукционға қойып, сату, өз кейіпкерін жоғары деңгейде қолдап шығу
16«Поэтикалық марафон» атты әдеби кеш өткізу
17«Оқырман бенефисі» оқылған кітап авторымен кездесу
18«Кітаптар керуені» атты жыл бойы өтілген кітаптарының шеруін өткізу
19Жыл соңында «Ең үздік оқырман» номинациясы бойынша марапаттау
20«Жылдамдық планшеті», «Сөздікқор планшеттері» тақырыбында онлайн тапсырма жинағын жасау
21Барлық өткізілген іс-шараларды Instagram, Facebook желілеріне тұрақты түрде орналастыру

 

Таңдалған кітапты бірлесе оқуда  букроссинг, буктрейлер  әдісі – тиімді әдістердің бірі. Букроссинг дегеніміз кітаптың  айналыста жүруі: «өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» деген қағидада кітап оқу. Буктрейлер дегеніміз көркем шығарма жайында айтылатын шағын бейнетүсірілім жасау. Осы әдістермен жұмыс жасау барысында оқущылардың белсенділігі көз қуантарлық қуаныш болды. Оқушыларымның кітапты мектепке алып келіп, үзілісте бірлесе оқи бастағанын көргенде жасаған жұмыстың еленгені осы деп ой түйдім.  Көркем шығарма мазмұны бойынша проблемалық сұрақтар, «Шындық пен жалған»,  викториналық ойындар өткізу арқылы оқушының кітап оқуға деген жауапкершілігі арта бастады. Себебі оқыған кітап туралы талдау, талқылау жүргізілмесе, еңбектің зая кеткені.

Нәтижеге бағытталған шараларды өткізу арқылы оқушылардың сабақ үрдісіндегі белсенділігі, ой ұшқырлығы, сөздік қоры да  арта бастады. Бұған дәлел білім сапасының артуы, барлық пәндерге белсене қатысуы көрініс тапты. Сабақ барысында оқылған шығармаларды талдауда бірнеше әдіс-тәсілдерді қолдану сабақтың қызықты өтуін, оқушының оқуға деген танымдылығын, белсенділігін арттыра бастады. Нәтижеге жетуде әдіскер В.Голубковтың әңгімені талдаудың түрлерін жүйелі жүзеге асыра бастадым. Олар:

1) қысқаша әңгімемен түсндіре отырып, шығарманың бас кезін сыныпта оқу; 2)сұрауға жауап боларлықтай маңызы бар эпизодтарға айырықша көңіл бөлу;

3) шығарма кейіпкерлерін топтау;

4) шығарманың негізгі бөліміне немесе сюжеттік желісіне баса көңіл аудару; 5) шығарманың басты-басты проблемаларын алдын ала таныту.

Сонымен қатар, оқылған шығарманың оқушы жадысында сақталуына баса назар аудардым. Осы тұста Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тиімділігі аса зор болды.  «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы оқушылар оқыған шығармаларына жан-жақты талдап, зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ғ.Мүсірепов  «Ер ана» әңгімесін сатылай кешенді талдау.

1.Автор: Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында кедей шаруаның семьясында туған. Өз аулында ескіше окып, хат таныған 14 жасар Ғабит 1916 жылы Обаған деген жердегі нағашыларының көмегімен орыс мектебіне оқуға түседі, бұл мектепті бітірісімен Пресногорьковтағы екінші басқыш орыс мектебінде оқып, жеті жылдық мектептің көлемінде білім алады. Ақын әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.

2.Тақырып-  бұл өнер туындысының іргетасы. Бұл – шығарма. Әдеби шығарма дегеніміз–  белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Бұл әңгіменің  тақырыбы – Диқаншылар еңбегін, кедейлердің ынтымақтастығын, бір-бірін тартуын, ел бірлігін суреттеу. Елдің диқаншылық шаруашылыққа деген ынтасын арттыру. Елі үшін істеген ананың ерлігі.

3.Жанр түрі- шағын көлемді эпикалық жанр түрі–  әңгіме. Әңгіме дегеніміз – көлемі шағын, әдеби дүние. Оқушысын тез тапқыш, өткір, икемді, сүйкімді жанр.

4.Идеясы-  автор тақырып арқылы  шындық өмір көріністерін  суреттегенде , оны өз көзқарасы,  дүниетанымы арқылы бейнелейді.  Бұл ертегінің  идеясы- елін қорғай білуге, ананың ерлік істерін құрметтей білуге  тәрбиелейді.

5.Шығарманың композициялық құрылысы – сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін тәртіпке салып реттеп, қиыннан қиыстырып тұратын ой бірлігі. Шығарманың композициялық бөлімі бес кезеңнен тұрады.

Сюжеттің басталуы әңгіменің кіріспесі іспетті, әдеби қаһармандар өзара қарым – қатынасқа көшпес бұрынғы хал – жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар суреттеледі.  Мектеп интернатта Наталья ананың ауру баласымен қалуы.

Сюжеттік байланыс адамдар арасындағы әрекеттің басы, тартыстың басталуы іспетті шығарма арқауындағы негізгі оқиғаның әуелгі туындау себебі секілді. Ауылды басып кірген неміс  офицерлері.

Шиеленісуі оқиғаның адамдар арасындағы әрекеттің шиеленісіп, ширығуы. Наталья ананың партизандар көмген минаның үстіне от жағуы.

Шарықтау шегі – сюжеттік дамудың ең жоғарғы сатысы, адамдар арасындағы қимыл-әрекеттің  күшейіп өрбіп жеткен жері, драмалық тартыстың өрістеп шыққан биігі.  Неміс офицерлері орналасқан мектеп үйінің өртенуі.

Шығарманың шешімі суреттердің өзі суреттеп отырған өмір шындығына шығарған «үкімі». Адамдар арасындағы қарама – қарсы тайталастардың, күрделі күрестердің  бітуі, түрліше тағдырлар тартысынан туған нақты нәтиже оқиғаға қатысушылардың ең ақырғы хал-күйі, күллі құбылыстың соңғы сахнасы. Наталья ананың партизандарға қосылуы.

6.Шығармадағы кейіпкерлер бейнесі:

Жағымды – Наталья ана, баласы. Жағымсыз – неміс офицерлері.

7.Түсіндірме сөздік.

8.Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні. Ананың елі үшін , туған баласы үшін істеген ерлік ісі арқылы ананы құрметтей білу.

«Сатылай  кешенді оқыту» технологиясы бойынша әр оқушы оқыған кітабын арнайы алынған дәптерге талдап, жазып отырады.

“Кітабымның ерекше беттері” атты кездесу – оқушының кітап бойынша алған әсерін бағалаудың реті болды. Оқушылар өз оқыған кітаптары туралы ойларын ортаға салды. Оқыған кітабынан үзінді жаттаған оқушылар білімдерін көрсетті. Кездесу соңында оқушылар мараптталды. Арамызда осы уақыт аралығында бірнеше кітап оқыған оқушылар анықталды. Бұны үлкен жетістік деп бағаладық.

Кітап оқуға қызықтыру арқылы көркем шығарманы бірлесе оқи отыра оқушының зейінін шоғырландыруға негізделген бірнеше тапсырма түрлеріне тоқталып өтейін.

1.Ой әрекетін белсенді ету: Көркем шығарманы оқудың алдында және оқығаннан кейін сұрақтарға жауап беру арқылы оқушының  ой әрекеті үнемі белсенді дамып отырады.

2.Есте сақтау қабілетін арттыру: Шығарманы тек оқып қоймайды. Викториналық ойындар мен талқылау кезінде оқушының есте сақтау қабілеті дамып отырады.

3.Идеялар мен мәліметтерді талқылау:  Оқылған шығарманы талқылау әдісін өздері таңдайды.  “Шындық пен жалған” ойыны, буктрейлер түсіру, қойылым қою және т.б.

4.Эмоциялық интеллектінің дамуы:  Көркем шығарманы көп оқу эмоциялық интеллекті дамытуға септігін тигізеді. Сөздік қоры дамиды.

Аталған тапсырма түрлерін топтастыра келе, түрлі шаралар ұйымдастырылып, өтілді. Бұл шаралар оқушының оқылым дағдысын қалыптасырудың бірден-бір нәтижелі тәсілі.

«Оқуға құштар сынып» жобасының  ең тиімді тұсы – оқушының кітап оқуға деген қызығушылығының артып, өз білімі мен бағалау қабілетінің жетілгені дер едім. Осы жоба аясында ата-анамен де тығыз байланыста, ынтымақтастықта жұмыс жасай бастағанымызға көңілім толады. Болашақта желі парақшалары арқылы оқыған кітаптарын талқылау, жарнамалау, «Адал кітапхана» бұрышын жандандыру уақыт еншісінде.

Көркем әдебиет – өмір айнасы. Онда халқымыздың тарихы, ғасырлар бойы өлең-жырмен насихаттап келе жатқан салт-дәстүрі, ата-бабамыздың ізгі қасиеттері, терең ойы, ақыл-парасатты жинақтап айтқанда бүкіл өмір жолы суреттеледі. Сол құнды мұрамызды бүгінгі ұрпақ қалай оқып, қандай дәрежеде бағалап жүр деген мәселі қай-қайсымыздың да көкейімізде сайрап тұр десек болады. Өкінішке орай, халқымыздың сол жақұттарын бүгінгі таңда жылтыраған, көздің жауын алатын құнсыз дүниеге алмастырып алдық па деген ой мазалайды. Сондықтан әр қазақ азаматы өсіп келе жатқан ұрпағын ұлтжанды етіп тәрбиелеудегі басты құралы көркем әдебиет екендігін ұғына білуде ең бастысы жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыру, дағдыландыру. Бұл істе көштің басында мұғалім тұрары сөзсіз.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.