Home » Мақалалар » «Домбырашылар ансамблімен жұмыста дамыта оқыту технологиясын қолдану»

«Домбырашылар ансамблімен жұмыста дамыта оқыту технологиясын қолдану»

Жусупова Балым Сейтхановна
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының
«Арқалық қаласы білім бөлімінің Бақытжан Байқадамов
атындағы балалар музыка мектебі»коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Ұлттық музыка аспабы домбыраның дыбыстық ерекшелігіне, әуендік-әуездік мүмкіндігіне мән бере отырып, домбырашылар ансамблін ұйымдастыру — оқушылардың білімі, біліктілігін дамытумен қатар, олардың бойындағы өнертанымдық, ұлттық, рухани қасиеттерін кеңейте түсу.

Осы саладағы оқу-тәрбие жұмыстары нәтижелі болуда, сан жылдар бойы қалыптасқан заңдылықтар мен теорияларға, әдістер мен принциптерге сүйеніп, ғылыми педагогикалық негізде өткізілуі тиіс. Сонда ғана бұл жұмыс өз нәтижесін бермек.

Ансамбль жұмысын ұйымдастыру кезеңінде қойылатын басты талап – репертуар таңдау. Репертуар бүгінгі өмір деңгейіне сай терең мазмұнда, көркемдік педагокикалық дәрежеде және оқушылардың жас ерекшеліктеріне, аспаптарда ойнау мүмкіндіктеріне сәйкес болуы тиіс. Демек, жетекші ансамбльдің ойналатын репертуарына шығармашылық тұрғыдан келіп, оның идеялық-эстетикалық мәнін, көркемдік ерекшелігін дұрыс ашып таныта білгенде ғана оқушылар музыканы терең сезініп, дұрыс түсіне білу қабілетін дамытып, дүние танымы кеңейе түседі. Репертуар іріктеуде бірімен-бірі тығыз байланысты бірнеше мәселеге көңіл аударған жөн.

Олардың бірі – ансамбльде ойналатын музыкалық шығарманың мазмұны мен көркемдік ерекшелігі. Онда қазақ халқының ән-күйінен бастап, композиторлардың шығармалары, шетел, дүние жүзі классиктерінің туындылары кеңінен қамтылып, ал іріктелген шығармалар тақырыбы, құрылысы, жанрлық ерекшелігі жағынан жан-жақты болып келуі тиіс.

Ансамбльді ұйымдастыру жұмысындағы келесі проблема – оның құрамының тұрақтылығы. Кейде оқушылар дайындықтарға келмей немесе дайындық кезінде көңілсіздік, салғырттық танытады. Бұл – оның  ынта-ықыласы мен құштарлығының әлсіреуі.
Ансамбль құрамын тұрақтандырып, оқушылардың белсенділігін арттыру үшін не істеу керек? Алдымен бұл жетекшінің тапқырлығы мен шеберлігіне байланысты. Жеке дайындықтарды жиілетсе, қызықты да көңілді ән-күйлер, пьесалар берсе, олардың музыкаға деген белсенділігі арта түскен болар еді.
Егерде дайындықтар қарапайым,  ешқандай эмоциалық әсерсіз, репертуар қызықсыз болса, оның үстіне жетекші дауысын көтеріп, көптің алдында олардың намысына тиіп, дұрыс ойнай алмайтындығын айтса, әрине, оқушы көп ұзамай-ақ ансамбльді тастап кетуі ықтимал. Және де мұндай коллективте алға қойған мақсат жүзеге асып, творчествалық табысқа жету мүмкін емес. Ансамбль жетекшісі оқушылардың танымына, қабілетіне, психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес түрлі амал, әдіс-тәсілдерді пайдалануға тиіс.

Сондай-ақ өзінің ұйымдастыру шеберлігін шындап және талмастан ізденіп, білімдарлығымен шәкірттерді баурап алуы қажет. Сонда ғана оқушы өзін үлкен ұжымның бір мүшесі ретінде сезініп, тәртібі мен белсенділігі арта түседі.

Ансамбльмен  жұмысты одан әрмен тереңдете түсуде төмендегідей дидактикалық принциптерді есте сақтаған жөн:

1.Ғылымилық;

2.Жүйелілік;

3.Теория мен практиканың бірлігі;

4.Саналылық пен белсенділік;

5.Көрнекілік;

6.Түсініктілік пен шамаға лайықтылық;

1/ Алғашқы домбыраны үйрену кезіндегі жұмыс домбырашының отыру реттілігі, қол мен саусақтарын аспапқа дұрыс қоя білу, аспаптан музыкалық дыбыс әуенінің мәнді шығуы, штрихтар, апликатурларды меңгеру. Екіншіден жетекші ансамбльде ойналатын шығарманың тарихы мазмұндық сыр-сипатын бұрмаламай дәл қалпында жеткізу, үшіншіден ансамбль дайындығының ғылыми жүйелігіндегі пән аралық қатынас.

2/Жүйелілік оқушының дайындықты үзбей, дағдылы уақытта аспапты сатылай меңгеру жолы.

3/ Теориямен практиканың байланысы. А) Музыка теориясының ережелері түсіндіріледіде кейін аспапта қалай ойналатыны көрсетіледі. Мысалы: динамикалық белгілер P,F сияқты таңбаларды сөзбен түсіндіргенмен практика жүзінде көрсетпейінше ұғыну қиын. Б) Жетекші өзі аспапта ойнап көрсетіп түрлі штрих, қағыс апликатураларды байқауына мүмкіндік жасайды да олардың маңызын теориялық жағынан қортындылап тұжырымдайды.

В) Ансамбль дайындығында оқу тәрбие процессінде алған білімдерін, концерт залында мәдени орындарға барып онда орындалатын шығармаларды тыңдау және концерттерде өнер көрсету.

4/ Музыканы саналы түрде қабылдап игеру үшін: оқушылардың танымын дамыту, шығарманың мән-мазмұнын түсініп, ойнап білудегі алдын ала істелетін жұмыстар, шығарманы талдау, композитордың өзіндік шеберлігін, ерекшелігін түрлі музыкалық мысалдар арқылы таныта білу керек.

5/ Ансамбль дайындығында көрнекілік принципін сақтау оқушылардың музыканы терең әрі саналы игерудің басты құралы болып табылады. 1)Техникалық: аудио, видео -жазбалар, 2)графикалық кескіндеме: таблица, схема, 3)көркем сөз: музыка мазмұнын суреттеген әдеби көркем шығармалар, 4) бейнелеушілік: композитордың немесе күйдің мазмұнына байланысты салынған суреттер.

6/ Оқушылардың ансамбльде игерілетін жаттығулар, пьесалар, күйлер шәкіртердің ойнау дәрежесіне сай түсінікті және шамасына лайықты болған жөн.                                                                                                                        Сонымен қатар ансамбль дайындығында мынандай әдіс-тәсілдерді қолданса нәтиже болады:

1.Балаларға екі партияны да үйрету;

2.Ұрмалы аспап арқылы ритм дұрыстау;

3.Парлап жеке ойнату, жарыстыру;

4.Әндету, дауыстап санату;

6.Нотаны атап ойнатуға болады;

7.Үйге өз бетінше талдауға тапсырма беру керек.

8. Шығарманы бастан аяқ бірнеше рет қайталап, көркемдік дәрежеге дейін жеткізу, техникалық жағын жетілдіру;

9. Бір- бірін тыңдап ойнау;

10.Концерттік дайындық.

Ансамбль дайындығының алғашқы кезеңіндегі тәрбие, ұйымдастыру жұмыстары оның бір арнаға түсіп қалыптасуына, оқушылардың дайындыққа үлкен шығармашылық шабытпен кірісуіне, шығарманың мазмұны мен көркемдігін терең түсінуі зор мүмкіндіктер туғызады. Ұстаз үйдегі жаттығудың методикасын өзі аспапта ойнап көрсетіп, мысалдар арқылы айқындағаны жөн, үй тапсырмасына әр кез ерекше көңіл аударып, оны тексеріп, өзіндік пікір айтып, қадағалап отыру қажет.
Оқушыға үйрететін шығарманы ұстаз өзі орындап берумен қатар, заманауи интернет жүйесін пайдаланып, белгілі домбырашылардың орындауындағы аудио жазбаларын тыңдатып, видеоларын көрсетіп, баланың санасына «түпнұсқадағы» автордың немесе жеткізуші орындаушының шығармадағы ойын, ырғағын, мазмұнын түсінуге үлкен ықпалын тигізеді.Осы орайда заманауи компьютерлік бағдарламалар көмекке келеді.

Компьютерлік бағдарламалар:

-аспаптарда ойнауды үйретуде,

-музыкалық құлақты дамытуда, музыкалық шығармаларды тыңдауда,

-әуендерді таңдауда,

-музыкалық мәтінді өңдеуде, импровизациялауда  да  қолданылады.

Музыканы үйренуге арналған бағдарламалық құрал:

1.Музыка ойнатқыштары;

2. Караоке ән айтуға арналған бағдарламалар;

3.Музыкалық конструкторл;

4.Музыкалық энциклопедиялар;

5.Оқыту бағдарламалары;

6. Импровизацияға, топта ойнауға, музыка жазуға  арналған бағдарламалар.

Осындай жақсы дайындықтың нәтижесінде музыка мектебін тәмәмдаған оқушы аспапты еркін меңгеріп,ұлттық өнерге деген көз қарасы түзеледі,      күйдің мән мағынасын түсініп, ажырата біледі, кәсіби бағдар алып,болашақта  кәсіби мамандық алуына жол ашады, музыкалық шығарманы  немесе  күйді  өз  бетінше  талдау жасап,  орындай  алатын  музыкант болады. Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан жүйесін оятуда, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі қара домбырасының атқаратын ролі ерекше.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.