Бақытгүл Өтегенқызы БАЙГАЗИЕВА
ҚазҰУ-нің Философия және Саясаттану факультеті,
«Дінтану және Мәдениеттану» кафедрасы,
Исламтану мамандығы 2-курс магистранты
kaznu.kz
https://kaznu.kz/
Әл-Фараби философиясының мәні
(Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай)
Әл-Фараби ғаламдық деңгейдегі ойшыл, ол өз уақытының ғана емес, мәңгіліктің еншісінде. Оның философиясы әлемдік мәдениеттің қайнар бұлағынан сусындады. Ол араб перипатетизмінің ірге тасын қалаушы. Фарабидің философиясының қалыптасуына Аристотель әсер етті. Оның онтологиясында Құдай және профетизм тақырыбы маңызды орын алды.
Субстанция мәселесін түсіндіруінде, болмыстың құрылымы мәселесін шешуде және осы иерархияның барлық сатыларының өзара байланысын Аристотель ілімі негізінде жалғастырды. «Даналық маржаны» трактатында «Қажетті – мән» деп аталған жоғарғы саты — жалқы түрдегі мән, универсум. Фараби Құдайды барлық көп пішіннің тіршілік етуінің бастапқы көзі, себебі деп есептейді. Әлем де Универсум, бірақ ол көптік формасында.
Әл-Фарабидің эманациялық теориясы мұсылман философиясының бүкіл тарихымен екі жақты байланысты: ол теологиялық және философиялық ойдың алдыңғы бағыттарында орын алған ілімдерді өзінде біріктіреді. Философ мәңгілік әлемді өзгермелі әлемнен бөліп қарайды, дегенмен Бүтін және көптік арасына байланыс орнатады. әл-Фарабидің эманация теориясы өзінде теология мен космология мәселелері тұтасады. Ақыл барлық затты жасампаз ете отырып, жалғыздан тарайды. Бұлай болу себебі, құдай өз субстанциясын біледі, барлық игіліктің бастауы өзі екенін біледі
Әл-Фарабидің «Бақыт туралы ілім – адамның өмірінің мүддесі» теориясы оның ақыл-ой туралы таным көзқарасында жазылды. Бақыт, ақыл-ой – қайырымдылықтың негізгі катеогориясы ретінде, оның қоғамдық саяси сипаттағы «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолын көрсетілетін кітап», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы» шығармаларының басты тақырыбы болды .
«Адам үйлесімді өмір сүру үшін бақыт қажет». Ол қайырымдылықты этикалық және рационалды деп бөлді. Этикалық қайырымдылыққа ерлік, ақкөңілділік, әділеттілік, ал рационалды қайырымдылыққа – ақылдылық, интелект (жан-жақтылық), логикалық ойлау жатады. Қайырымдылық ілімі арқылы этикалық және рационалдық адамгершілік пен ақыл-ойдың байланысын көрсетті. «Ақылдылар деп әл-Фараби зұлымдықтан қашатын, қайырымдылық жасай алатын адамдарды» атады. «Ақылдылық» этикалық мәнде болса, онда этикалық қайырымдылық ақылдылықтың белгілері болады
Әл-Фараби адам өзінің өмірдегі міндеті мен орнын табу жолындағы белсенді іс-әрекеті арқылы бақытқа қол жеткізеді деп есептеді. Адамның іс-әрекеті, қылығы мейірімді болуы керек (бұл арада парасаттылық, даналық, өлшемділік, әділдік). Адамның барлық сапасы – борыш пен ождан (ар), жақсылық пен зұлымдық, өлшем мен ынсаптылық т.б. негізгі идеядан – бақытқа жетуден туындайды. «Бақыт» ұғымы этикалық категориядан кең мағынасында, ең алдымен, онтогносеопраксеологиялық категория ретінде маңызды. әл-Фараби бойынша бақытқа жету үшін теориялық білім, яғни, философиялық білім қажет.
Адам проблемасын жалпы, күрделі проблема ретінде қарастырады. Әл-Фарабидің адамы – мінсіз. Мінсіздікке жету үшін білім, рухани психикалық-физикалық сипаттағы күш-жігер талап етіледі.
Мінсіз адам заттардың мәнін тамаша түсінуімен әрі елестетуімен ерекшеленуге тиіс, ол ғылымды игеру барысында табанды болуы, оның табиғаты ақиқатқа және оны жақтаушыларға іңкәр, әділ болуы, өз қалауында бірбеткей, өзімшіл, ішіп-жеуге қомағай болмауы, табиғатынан құмарлықтан жиренуі, дирхем мен динарларға жоламауы керек. Адамдардың тәрбиелі болуы, мейірімділік пен әділдіктің ырқына тез бағынуы, зұлымдық пен әділсіздікке аяқ баспауы, орасан парасатқа ие болуы керек. Бірінші орынға даналықты шығарады. Ол адамның барлық басқа сапаларынан гөрі маңыздырақ әрі басымырақ. Осыдан байқағанымыздай, әл-Фараби адамның мәнін түсіндіруден адамгершілік — этикалық маңызына баса назар аударған.
Адамды осылайша түсіну оның философиясының мәнінен келіп шығады. Дүниені пантеизм тұрғысынан бағамдаса, адамды табиғи-рухани жан иесі, жүрегі, жаны бар, рухани таза субстанция ретінде қарастырады. Адам мен әлемдік проблемасын дәл осылай алып қарастыру қазіргі заманғы рухани ахуалдың талаптарына сай келеді. ХХІ ғасырдағы дүниеге, адамға философиялық көзқарас тұтас универсал ретінде қалыптасуда. Оның өзегі жүрегі, жаны, рухани ожданы. Философия тарихы өне бойында жинақталған осы бір ерекшелікті өзіне сіңіріп алуда. Ол бұл ақиқаттың көз-құлағы, айқындамасы бола білді. Соның жақын бір тұлғасы – әл-Фараби. Оның философиясы өз уақытында, демек мәңгілікке тән болды.