Home » Мақалалар » БАЛА – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ

БАЛА – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ

Садибекова Мадина Оңғаровна,
 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ мектепке дейінгі
тәрбиелеу және инклюзивті білім беру
кафедрасының аға оқытушысы, Тараз қаласы

Бала — біздің болашағымыз, ертеңгі үміт артар жалғасымыз. Болашақ еліміздің туын тік ұстар, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеті. Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі екендігі сөзсіз.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегі күнгі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында бала мәселесіне арнайы тоқталып, Үкіметке бала таба алмай жүрген отбасыларға жасалатын көмек ретінде 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды, 2025 жылға дейін балалардың 100 пайызын балақбақшамен қамтуды тапсырды. Сонымен қатар Жолдауда айтылған үлкен мәселенің бірі адамзат баласының  қол жеткізген ұлы игіліктері оқу-білім, ғылым туралы болды. Бүгінгі күні білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің  мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан жақты, көп тіл білетін маман дайындау. Жолдауда қазіргі кезде әлемде қалыптасып отырған «Коронавирус індетінің салдарынан мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті» дей отырып, бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгерткенін, қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін ескере отырып,  толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет, деген тапсырма берілді. Осыған байланысты, «Өрлеу» БАҰО»АҚ барлық өңірлердегі филиалдары 2020-2021 оқу жылының бірінші тоқсаны бойынша барлық пәндер бойынша бес мыңнан астам сабақ әзірлеп, олар Youtube-тегі «Өрлеу» білім беру арнасына орналастырылды. Қазіргі уақытта филиалдар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі Мұғалім күні атқарылатын іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында өткізілетін  виртуалды білім беру бағытының аясында еліміздегі үздік педагогтардың эстафетасын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жасалып жатыр.

Эстафета аясында еліміздің үздік мұғалімдері заманауи педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді, білім беру мәселелері бойынша кеңес беретін, еліміздің үздік педагогтарының осы заманғы озық жаңашылдық идеяларын көрсету мен таратудың түрін насихаттайтын өз пәндерінің бағыты бойынша сабақтарын дайындауда.

Эстафетаны ұйымдастыру барысында заманауи озық педагогикалық тәжірибені жинақтау мен тарату; үздік авторлық тәжірибені көрсету; әрбір білім беру ұйымдары үшін тәлімгерлер мен  коучерлерді даярлау (анықтау);  педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін және аймақтарда педагог мамандығының мәртебесін арттыру мақсаты қойылып, педагог мәртебесін нығайтуға және оның беделін арттыруға жәрдемдесу; үздік педагогикалық тәжірибеге қолжетімділікті қамтамасыз ету; орта білім беру қызметкерлерінің кәсіби құзыреттіліктерін, оның ішінде  IT- және медиақұзыреттіліктерін дамытуға жәрдемдесу; үздік авторлық тәжірибені көрсету арқылы педагогтердің жаңашылдық идеялары туралы материалдар дерекқорын жасау міндеттері айқындалған.

Бүгінгі күнгі барлық жақсылық пен озық жетістіктер балаға арналады десек, «Өрлеу» БАҰО» жасап жатқан игіліктердің барлығы өскелең ұрпаққа сапалы да қолжетімді тәрбие мен білім беруге бағытталған.

Осы орайда, мектепке дейінгі ұйымдары мен отбасылық тәрбиенің сабақтастығы баланың даму процесі үшін аса маңызды екенін де естен шығаруға болмайды. Себебі ата-ананың бала дамуына ықпалы орасан зор екені сөзсіз. Елімізде «ана құрсағынан бастап тәрбиелеу», «ана сүтімен тәрбиелеу» деген мағынасы терең ұғым бар. Балаларды тәрбиелеу мен білім берудің ең алғашқы іргетасы мектепке дейінгі ұйымдардан бастау алмақ. Мектепке дейінгі кезең бұл бала тұлғасының дамуы мен қалыптасуының ең маңызды кезеңі. Яғни, баланың санасы дүниеге келген күннен бастап әлем туралы түсінік, қоршаған орта туралы алуан ақпарат алуға дайын болады. Осы ақпаратты дұрыс, сауатты жеткізу үлкен, жауапты еңбек. Бұл ең алдымен мектепке дейінгі ұйымдардан басталмақ. Яғни, мектепке дейінгі ұйымдардың базасы, педагог қызметкерлердің кәсіби білігі, дамытушы ортаны тиімді құру, заманауи әдістерді тәрбиелеу мен оқыту процесінде тиімді қолданудан  бастау алары сөзсіз. Мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие процесіне оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін үздіксіз ендіру және қолдану — уақыт талабы. Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда қолданылатын инновациялық педагогикалық технологиялары өте көп. Олардың негізгі көздейтін мақсаты — жаңа әдіс-тәсілдері қолдана отырып, мектепке дейінгі жастағы баланы ойын арқылы жан-жақты дамыту. Демек, әр педагог осы жайтты ескеріп, бала үшін ойын арқылы оның логикасын, шығармашылығын, моторикасын, денсаулығын, санасын сапалы, бірізді, жуйелі дамытатын тиімді инновациялық технологияларын меңгеріп, тәжірибеде қолдану  басты талап болмақ.

XXI ғасыр – білім мен ғылымның дамыған ғасыры. Осы ғасырдың көшінен қалмау үшін зияткерлік, креативтілік, шығармашылық, инженерлік секілді қабілеттіреді шыңдау аса маңызды. Болашақ ұрпақ бойынан ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз деп білемін

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.