Home » Мақалалар » ЛАТЫН – ӘЛЕМ  ӨРКЕНИЕТІ  МЕН  ТЕХНИКАЛЫҚ  ҮДЕРІСТІҢ ӘЛІПБИІ.

ЛАТЫН – ӘЛЕМ  ӨРКЕНИЕТІ  МЕН  ТЕХНИКАЛЫҚ  ҮДЕРІСТІҢ ӘЛІПБИІ.

Канжекеева Венера Омирзаковна
№91 ЖББОМ Қарағанды қаласы
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Садуова Акмарал Айтжановна
№7 ЖББМ Шахтинск қаласы
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

ЛАТЫН – ӘЛЕМ  ӨРКЕНИЕТІ  МЕН  ТЕХНИКАЛЫҚ  ҮДЕРІСТІҢ ӘЛІПБИІ.

Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын жоба біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарынан бастауымыз керек», — дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
«Мәңгілік ел» болып қалыптасу –жарқын болашаққа бастар жол болса, латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы.
Азияның кіндігінен ойып тұрып орын тепкен, бүгінде бірнеше елдермен бәсекелестік орнатып,  терезесі тең тұрған, 18 миллион халқы бар бүтіндей бір мемлекетті бір ғасыр бойы қолданып келген «кирилл» қаріпінен латын әліпбиіне көшіру – бір айда немесе бір жылда жүзеге аса салатын оңай іс емес. Мұндай үлкен жобаны іске асыру үшін біршама уақыт пен еңбектің қажет екендігі белгілі.
Қазақ тілі-халқымыздың тарихымен астасып, тірлігімен тыныстап жатқан тіл.Тілдің құндылығы тереңде жатыр. Ол қоғам рухын, мәдениеті мен ұлттық кодын білдіреді. Қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесі ұлтты дамытудың объективті факторы.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы  латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасын негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды [1]. Сондай-ақ, Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті [2].
Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Біздің еліміз латын қарпін іс-қағаз құжаттарында, әдебиет, мәдениет және басқа да барлық салаларда 1929-1940 жылдары пайдаланылғаны тарихтан белгілі.
Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар.
Бүгінгі күнге дейін Тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда ойларын да айтып бөлісті. Айта кетсек, солардың бірі – филология  ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің пікірі: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілі мен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі  реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды – деп айтты [8, 7].  Әрине, ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескеріліп, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасалу жолдарына қатысты өрбісе және басқа жоғарыда аталған елдердің тәжірибесіне қарап салыстыра отырып жасалса құба-құп болар еді.
Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда.  Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз.
Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр. Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол  ашады демекпін.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.