Home » Мақалалар » ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ БАҒАЛАУДЫҢ БІЛІМДІК-ТАНЫМДЫҚ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТЫРУДАҒЫ РӨЛІ

ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ БАҒАЛАУДЫҢ БІЛІМДІК-ТАНЫМДЫҚ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТЫРУДАҒЫ РӨЛІ

 Амангелдинова Айгуль Кабдешовна,
№85 мектеп-лицейдің  қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі
Астана қаласы

Бүгінгі күннің талаптарына сай мектепте оқыту сапасын жоғарлату, оқушылардың білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру мақсатында критериалды бағалау жүйесі енгізілуінің маңызы ерекше. Критериалды бағалаудың маңызды бөлшегі – қалыптастырушы бағалау.  Қалыптастырушы бағалау бағаны жақсарту мақсатында жасалатын қадамдарды анықтау үшін ағымдағы жағдай туралы мәліметтер алу үшін қолданылады.

Баланың білім мен дағдыны меңгеру деңгейін анықтау мақсатында мұғалім күнделікті қалыптастырушы бағалауды жүргізеді. Тапсырмаларды оқу мақсатына сай, оқушылардың қажеттілігі мен жас ерекшелігіне сай құрастыру мұғалімнің кәсіби шеберлгін талап етеді. Мақсаты: Мұғалімдерге 5-сыныпта қазақ тілі пәнінен  сабақ үдерісінде қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын жоспарлау, құрастыру мен өткізуде әдістемелік көмек көрсету.

Күтілетін нәтиже:

  • Мұғалім мен білім алушылардың арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді
  • Оқу жетістігінің дамуына ықпал етеді
  • Тапсырмаларды қолдана отырып, қалыптастырушы бағалауды қолдану тәсілдерінің саны, сапасы артады

Ойлау дағдыларының деңгейлері – әрбір деңгейі ойлау дағдыларын анықтауды қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаттарының иерархиялық өзара байланыстағы жүйесі.

Оқытудың күтілетін нәтижелері – білім алушының оқу үдерісі аяқталған кезде нені біліп, түсініп, нені көрсете алатынын айқындайтын құзыреттіліктер жиынтығы.

Түрлі деңгейдегі тапсырмалар – білім алушының қабілетін есепке ала отырып, дифференциациялық оқытуды ұйымдастыру үшін қолданылатын күрделілігі түрлі деңгейдегі тапсырмалар.

Күнделікті тәжірибеде білім алушылардың ілгерілеуін, меңгеру деңгейін өлшеу үшін қалыптастырушы бағалаудың түрлі әдістерін қолдануға болады: «Екі жұлдыз, бір тілек», «Қолмен белгі беру», «Бағдаршам», «Жинақтау парақшасының индексі», «Бір минуттық эссе», «Сөйлеу үлгілері», «Үш минуттық үзіліс», «Ауызша бағалау», викториналар, сұрақтар және т.б.

Қалыптастырушы бағалаудың әдістерін, оқу әрекеттерін ұйымдастырудың әр кезеңінде, тақырыпты түсіндіру, тапсырманы орындау, білім алушыларға кері байланыс беру кезінде қолдануға болады. Қалыптастырушы бағалаудың әдістерін жеке, жұптық және топтық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде де қолдануға болады.

Қалыптастырушы бағалаудың ажырамас элементі мұғалім тарапынан және білім алушылар арасында қойылатын сұрақтар (сауал, диалог, әңгімелесу және т.б.) болып табылады. Сондықтан сұрақтарды тиімді құрастыру техникасын  меңгеруі, сыныпта диалогті қолдану мәдениетін дамытуы маңызды. Сұрақтардың түрлеріне қарай көптеген топтастырулар бар. Көбінесе қолданылатын сұрақтар тобы: ашық және жабық сұрақтар.

Ашық сұрақтар талдауды және бағалау ақпараттарын талап етеді, қиялдауға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ынталандырады.

Жабық сұрақтар қысқа жауапты қажет етеді, мысалы, деректің, оқиғаның кезеңін атау, түсінгенін анықтау және т.б.  Сұрақты дұрыс қойғанда өз ойын айтуға, ақпарат алмасуға, диалогтік оқуды дамытуға, маңызды кезеңдерге назар аудартуға, оқудағы бастамашылдығын қолдауға мүмкіндік беруі, қызықтыруы мүмкін.

Осылайша, сұрақ білім алушы қалайтындай, жауап бере алатындай немесе оқуда, жауап іздеуде қызықтыратындай берілуі қажет.

Қоғам мүшелерінің өз ара пікір алысуы тіл арқылы іске асады. Адам өз ойын басқаларға тіл арқылы айтып, не жазып жеткізеді.Тыңдаушы да сөйлеушінің ойын тіл арқылы түсінеді. Ойдың жарыққа шығып, іске асуы, өмір сүруші үшін тілдік материалға негізделуі, сөздер мен сөз тіркестері және сөйлемдер түрінде айтылуы шарт. “Тіл дегеніміз – ойдың тікелей шындығы”(К.Маркс). Ой шындығы тіл арқылы, тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы көрінеді. Демек, тіл – пікір алысу құралы, ойлаудың қаруы, ойды білдіру құралы.

Негізгі ақпаратҚосымша ақпарат
Мәтінде  не туралы айтылады?К.Маркстың тілге қатысты ойын түсіндіріп көріңізТілдің қарым-қатынас құралы екенін дәлелдейтін қандай нақыл сөз немесе мақалдарды келтіре аласыз?
   

Дескрипторлар:

  • Мәтіндегі негізгі ойды анықтайды
  • К.Маркстың ойын , көзқарасын түсіндіреді
  • Тақырыпқа қатысты қосымша білімін пайдаланады

Келесі мысал, 1-бөлім: Мәдениет: тіл және қарым-қатынас. Фонетика

Сабақтың тақырыбы: Тіл тазалығы

Оқу мақсаты:

5.3.1.1 (Ж)- берілген мәтінге сәйкес кіріспе, негізгі және қорытынды бөлімдерді қамтитын қарапайым жоспар құру;

Бағалау критерийі:  Мәтін мазмұын бойынша жоспар құрайды

ОДД:  түсіну

Тапсырма. Мәтін мазмұнын мұқият оқыңыз. Кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімдерін сақтай отырып, қарапайым  жоспар құрыңыз.

Біздің тіліміз — қазақ тілі. Дана халқымыз сан ғасырлар бойы талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірсе де, ана тілі — қазақ тілін, бай мұрасын саф алтындай сақтап, аса қадір тұтып, бізге мұра етті.

Тіл тазалығы –жан тазалығы. Еліктеушілік — мақтаншақтықтан басталады. Шектен тыс еліктеушілікке салынып, өз тілін шұбарлау – барып тұрған әдепсіздік,  сорақылық, аяқ асты ету деп есептеледі. Мұндайларды кездестіргенде Константин Паустовскийдің: «Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік» деп ашына айтқаны еске түседі.

Демек, біз ана тілімізді ата-бабаларымыздың «келешек ұрпақ үшін сақта, жоғалтпа» деп мирас еткен аманаты деп біліп, оған қиянат етпей, аса қадір тұтуға тиіспіз. Аманатқа қиянат жүрмейді.

Кіріспе бөлім ………………………………………………………………

Негізгі бөлім ………………………………………………………………

Қорытынды бөлім ……………………………………………………..

Дескрипторлар:

  • Кіріспе бөлімдегі негізгі ойды анықтайды
  • Негізгі бөлімдегі негізгі ойды анықтайды
  • Қорытынды бөлімдегі негізгі ойды анықтайды
  • Қорыта келгенде, оқыту мен оқу үдерісінің аясында мұғалім оқушылардың жетістік деңгейі мен пәнді түсіну деңгейін қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру арқылы үздіксіз бақылап отырады. Сондықтан қалыптастырушы бағалау қалыпты оқытудың құрамдас бөлігі ретінде жүзеге асады. Оқушының жетістік деңгейі арту үшін қалыптастырушы бағалаудың оқу мақсаттарына сәйкес жоспарланып, түрлендіріліп, сапалы түрде ұйымдастырылуы –басты міндет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «2018-2019 оқу жылында ҚР жалпы орта білім беретін мектептерде оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері» туралы әдістемелік нұсқау хат
  2. Негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық: Оқу-әдістемелік құрал. / О.И.Можаева, А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциялауымен – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2016.
  3. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған оқулық. /Т.Н.Ермекова, Ж.К.Отарбекова, Р.Н.Мұнасаева.-Астана:Арман-ПВ баспасы, 2017.-144 бет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.