Алматы қаласы Білім басқармасының КМҚК «№184 бөбекжай-балабақшасында»
«Асық ойыны-ұлттық құндылығымыз” атты аудандық семинар өтті.
Алматы қаласы Наурызбай ауданының Білім бөлімінің басшысы С.А.Кусаинова, Алматы қаласы Наурызбай ауданының Білім бөлімінің бас маманы М.С.Зеитова, Алматы қаласы Наурызбай ауданының мемлекеттік балабақша меңгерушілері семинарда қонақ болды.
Асықты білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә.
Асық – қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелеген. Осыны негізге ала отырып, ұлттық ойынымызды ұлықтап өткізілген семинарға тоқталатын болсақ.
Семинар барысында “Не? Қайда? Қашан?” интеллектуалды ойыны өтті.
Тәрбиеленушілер ұлттық аспаптармен әсем ән айтып, мың бұралып би биледі.
Тәрбиешілер бала бойына құндылығымызды сіңіру мақсатында шахмат ойынының тастарын асықпен алмастырған екен. Сонымен қатар ұлттық тағамдарымыз жайында да көрініс көрсетілді. Бұл жердегі де басты мақсат балаға ұлттық тағамдарымыздың дайындалу жолын көрсетіп, ойларында қалдыру.
Тағы бір айта кететін жайт семинар барысында қолданылған көрнекіліктердің барлығы да “қалдық заттардан” жасалған екен. Яғни, балабақша ұжымы “қалдық заттарға” екінші өмір сыйлап отыр.
— Бүгін “Асық ойыны — ұлттық құндылығымыз” атты семинар өтуде. Бүгінгі іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Семинарды екі бағытта қарастыруға болады. Бірінші: Асық- оның пайдасы, өміріміздегі мәні, баланың ой-өрісіне, дене қозғалысына әсері. Екінші: күнделікті тұрмыстағы қалдықтарды пайдалана отырып, асық жасап шығару, көрнекілік құралдарын қолдан жасап, қалдықтарға жаңа өмір беру. Семинардан басқа да балабақшалар өзіне керегін алды деп ойлаймын, — деді Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Кусаинова.
— Семинар өткізер алдында біз өте көп дайындалдық. Ата-аналар арасында акция жасап, асық пен асықтың құралдарын жинадық. Қазіргі кезде балабақшаларда баланың ептілігіне өте көп көңіл бөлуде. Балаларға арнап массаждық қолғап, есепшоттар, асықтан денсаулық жолы және үстел ойындары жасалған. Бұның барлығын балалар жұмыс барысында іс-әрекетте үнемі қолданады. Ұлттық қазынамызды дәріптеу жұмыстарын жасап жатырмыз. Бұнымен тоқтап қалмаймыз, алдағы уақытта көптеген жұмыстар жасаймыз. Келгендеріңізге рахмет, — деді семинарды қорытындылаған балабақша меңгерушісі Жанна Абдуллаевна.
«Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» дегеніне түсінген адамға астарында үлкен мән жатыр. Асық ұлттық ойыны соңғы уақытта мемлекеттік қолдауына ие болып, өзінің мәртебесін ала бастады.
Қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар.
№184 бөбекжай-балабақшасына ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау жолында толағай табыстар мен еңбектеріне жеміс тілейміз.
«BILIM AINASY»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы