Home » Мақалалар » Кітапханадан музейге

Кітапханадан музейге

«Елімізде ұлттық кодымызбен барынша үйлесім тапқан түрлі мәдениеттер тоғысқан. Біз төл тарихымызға көптеген халықтардың көрнекті тұлғаларының есімі жазылғанын мақтан тұтамыз. Мысалы, Қазақстанда Тарас Шевченко музейі бар. Сан қырлы ұлттық мәдениетімізді айшықтайтын осындай мол мұраны сақтап, зерделеу қажет»

Мемлекет башысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінен.

      Әр мемлекеттің жастарын, оқырмандарын кітап оқуға бастайтын, ілімін арттырып,  білімнің жолында іздегенін тауып беретін рухани орда — кітапхана. Халықтың көзін ашып, көкірегін оятатын мәдени ошақтың ішінде тізілген кітаптардан тыс түрлі әдеби кештермен мәдени шаралардың өтіп жататыны оқырмандар мен қалаға келген жаңа қонақтарды қуантпай қоймайды.

Кітапханадағы биылғы өтетін ауқымды шаралардың ішінде украинның ұлы ақыны, суретші Тарас Шевченконың 210 жылдығы және Маңғыстаулық жырау Мұрын Сеңгірбекұлының 165 жылдығы. Осы шараларды өткізбес бұрын танымал тұлғалардың өмірімен жақын танысу мақсатында Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапхана ұжымы бірауыздан Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласындағы музейлерге баруға шешім қабылдаған болатын.

Бұл бастама кітапхана мен музей арасындағы алтын көпір, жақын байланыс, әрі кітаптардан оқып, суреттерден көріп, тарихи тұлғалардың музейін өз көзімен көрмеген әріптестерімізге таптырмас мүмкіндік болды.

Саяхат барысында біздер Маңғыстау этнография, Тарас Шевченко мемориалдық және Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы музейлерге барып, рухани шөлімізді қандырып келген болатынбыз. Алған әсеріміз, көзімізбен көріп, құлағымызбен тыңдағанымыздың барлығы тағы бір білім шыңын бағындырып тастағандай болды. Солардың ішінен ғасырға жуық тарихы бар Тарас Шевченко мемориалдық музейінен алған әсерді баяндайын.

Енді музейден біздер өзімізге не аламыз, бойымызға не сіңіреміз? Сол үшін құрметті оқырман музейдің адам өмірінде қандай маңызы бар екенін алғаш айтқан атақты француз суретшісі Жак Луи Давидтың сөзіне тоқталып кетейін. Ол былай дейді: «Адаспаңыздар азаматтар! Музей дегеніміз — әуестікті қанағаттандыру үшін жиналған пайдасыз байлық емес. Музей үлкен мәні бар мектеп болуы тиіс, оқытушылар бұл жерге өз шәкірттерін, әкесі ұлын ертіп әкелсін. Жас адам данышпандардың мұрасын көрген сәтте, өз табиғаты қандай өнер немесе ғылым түріне  тартатынын сезіне түспек. Содан бергі уақыт ішінде музейлердің түрлері көбейіп, сан алуан жәдігерлерге толған екен». Міне, біздің де қалағанымыз, ойымыз бен бойымызға аларымыз осы еді.

Жалпы музей сөзі грекше museion – муза сарайы, муза ғибадатханасы деген мағынаны білдіреді, Ежелгі Грекиядан өз бастауын алады. Сол уақыттардағы Грек философтарының жиын жасауға арналған сәнді ғимараттары «Мусейон» деп аталған.

  Сабақты ине сәтімен демекші, ұйыған ұжымның бұл идеясы кітапхана қызметкерлерінің санасына сәуле сыйлайтын, танымы мен білімін молайтатын сәтті сапар болып шыға келді. Облыстың орталығынан екі жүз жылға жуық тарихы бар Ақкетікке де келіп жеттік. Шіркін-ай! Ауа да өзгеріп сала берді, тіршіліктің тұнық ауасының барлығы осы жерде шоғырланғандай, таудан соққан самал жел самайымызды сипайды. Маңғыстаудың қос батыры Иса мен Досан тұр төбемізден қарап… Маңғаз өлкенің қарашаңырағы аталған тарихи мекенде мәдениет пен өнердің өшпейтін ізі жатыр. Қираған бекініс қалдықтары да алыста жоғарыдан шошаяды. Деректерге сүйенсек, 1846 жылы Новопетровск бекінісі болып салынып, 1857 жылы ІІ Александрдың таққа отыруына байланысты бекіністің атауы Форт-Александровск болып өзгертіледі. 1928 жылдың 19 наурызынан бастап Форт-Александровск «қала» мәртебесіне ие болады. Жиырмасыншы жылдардың орта шенінде аз уақыт «Форт-Урицк», 1939 жылы  Тарас Шевченконың туғанына 125 жыл толу құрметіне байланысты Форт-Шевченко деп аталады.

Қаланың көшелеріне қарасаң мұнтаздай таза, үйлерге үңілсең, ақталған ауласы, егілген ағаштары ұқыптылықты ұқтырып тұрғандай. Көбісінің иелері бәсеке байлық қумағаны байқалады, баяғы шатырлар мен терезелер әдемілеп сырланған, ешқандай бүлінбеген. Қалаға жеткеннен біздің ұжымның мүшелерін арайлы Ақкетіктің тумасы, осындағы музей басшысы Айгүл Балабаева жылы қарсы алып күтіп алды. Құдды бір, ізденіп оқитын кітап пен көруге асығатын жәдігер жүздескендей. Жайдары жүзбен, әдемі әңгімелерімен ертіп отырып Тарас Шевченко мемориалдық музейіне алып барды. Осы музейге кішкентай оқушы кезімде Таушық ауылындағы жазғы лагерде жүргенде тобымызбен, жетекші ұстаздарыммен, ата-анаммен келгенімді есіме түсірдім. Енді араға бірнеше жылдар салып, рухани білім мен мәдениеттің қызметкері болып тағы келіп тұрмын. Ғимараттың ауласына кіргеннен бастап бетіне мыжырайған әжімдердей терең сызылған, діңі жуан ағаштарды, сонау тоқырау жылдарында кесіліп қалғандарының да түптерін кездестіресіз. Жерананың бусанып, тіршіліктің оянып жатқан мезгілінде барған біздерге ақынның бақшасындағы құстар да шиқылықтап «Қош келдіңіздер!» деп қуанып, сәлемдесіп жатқандай. Музей ғимаратының сыртқы көрінісінің өзі ерекше. Әдемі өрнектелген, өңін бермеген ағаш, бұрынғының шыны терезелері көздің қарашығындай сақталған.

Өлкеміздегі ең алғашқы ашылған қандай музей екенін білесіз бе? Оның жауабы осы – Түпқараған ауданында 1850-1857 жылдары айдауда болған Украин халқының ұлы ақыны Т.Г.Шевченконың мемориалдық музейі. Мемориалдық музей дегеннің өзі мемлекетке, өнерге, әдебиет пен ғылымға еңбегі сіңген белгілі адамдардың жеке өмірі мен қызметіне арналып жасақталатынын да естен шығармаңыз оқырман. 1925 жылы Қазақстан үкіметі ұлы украин ойшылы, ақын, суретші Т.Г.Шевченконың мемориалдық музейін ашу туралы  шешім қабылдайды. Шевченконың есіміне байланысты жәдігерлер мен мәліметтер жинастыру, дайындық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде арнайы комиссия құрылып, нәтижесінде 1932 жылы 1мамырда салтанатты түрде ашылады. Музейді алғаш жасақтап ұйымдастырушы — жергілікті ұстаз Нұртілеп Несібеков. Ал музейдің алғашқы директоры кезінде Тарастың көзін көріп дос болған, қаладағы алғашқы бақты егуге атсалықан бағбан  Тәжі ақсақалдың баласы Сатанғұл Тәжиев болады. Тарихы терең ғимарат негізінен ақынға барынша қолдау көрсеткен бекініс коменданты И.А.Усковтың салдырған жазғы үйі екен. Ішінен ақынның шығармалары, күнделігінің көшірмелері, суреттерінің, автопортреттерінің көшірмелерін көруге болады. Сонымен бірге өзінің отаны Украинадан әкелінген көптеген құжаттар да сақтаулы.

1981 жылы Т.Г.Шевченко мемориалдық музей кешені республикалық статусқа ие болады. Келушілердің сол маңдағы таңданатын тағы бір жері — Тарастың шығармашылықпен айналысқан жертөлесі. Мұнда ол жертөленің тарлығына қарамастан, дүниенің түпкір-түпкіріне тарайтын кең көлемді шығармаларын өмірге әкелді. Іші суық жертөлені жаз мезгілінде комендант И.А.Усковтың рұқсатымен пайдаланып отырады. 47жыл ғұмырының 7 жылын Маңғыстау жерінде өткізген Тарас Шевченко осы өлкеде 100-ден астам өлең, 20-ға жуық повесть жазып, 500-ге тарта сурет салған. Ғасырдан асып өскен  қызыл талы, қуаңшылықта қазған құдығы оның осы жердегі халықпен бірге болғандығын көрсете түседі.

Тарас шығармашылығын зерттеп, музей жәдігерлерінің толығуына бірден-бір үлес қосқан өлкемізден шыққан тарихшы, өлкетанушы, этнограф-зерттеуші Есбол Өмірбаев. Ол 1963-1982 жылдары осы музейдің басшысы болады. Бірінші болып суретші болған жерлердің картасын жасайды. Ленинградтағы әскери мұрағаттан алынған Новопетровск бекінісінің бас жоспарына қарап жасалған макет, Тарас Шевченко туындыларында бейнеленген құлпытастардың өзі келген қонақтарды қызықтырмай қоймайды.

Еңбек жолын осы музейдің экскурсия жетекшісі болып бастаған, өмірінің 34 жылын мәдениеттің ордасына арнаған Айгүл Балабаева басынан бастап аяғына дейін музейдің барлық жерін, экспозициясын көрсетіп, біздерге сауатты таныстырды. Шыны витринаның ішіндегі құнды жәдігерлерді сөйлетіп, кітапхана қызметкерлеріне рухани азық сыйлады. Музей басшысының сөздік қоры мен білімділігіне, қарапайымдылық қасиетіне тәнті болдық. Әрқайсысымыз емін-еркін сұрақтарымызды қойып, тұшымды жауаптар алдық.  Рухани қазынаға толы ғимараттың кіре берісінен күтіп алған шебер Қара Жүсіптің қолынан шыққан қос теңіз арыстан мүсін, біздер шығарда да артымызда қимай қала берді.

92 жылдық тарихы бар музейге 1978 жылы 5мамырда Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев, 1990 жылдары үлкен делегацияны бастап украин президенті Леонид Кравчук келген. 2005 жылы 31 мамырда Украинаның үшінші президенті Виктор Ющенко елдің мемлекеттік хатшысы, бірнеше министрлерімен бірге, 2008 жылы қыркүйекте тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келеді. Мұнда әр жылдары Украина  мен Қазақстанның, басқа да елдердің көрнекті жазушылары, мәдениет пен өнер қайраткерлері болады.

Кезінде қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов «Тарас Шевченко ең бірінші реалист-суретші, реалистік тұрғыда қазақ халқын, қазақ даласын, қазақ қырын бірінші болып Еуропаға танытқан» деген сөзінің өзі оны өзге ұлт өкілі деп еңбегін жоққа шығармай,  тарихымыздың, мәдениетіміздің, туған өлкенің зерттелуіне де үлкен үлесі барын, екі елдің арасындағы рухани, мәдени байланыстың, достықтың негізін аңғартады.

«Ондағы тас екеш тас, бұта екеш бұта әлденеге ұқсап, әлденені ұқтырып тұрады. Тек көре білсең болғаны. Көрсең ойланасың. Ойлансаң – түсінесің.

Көзің барда, Маңғыстаудың ғажайыптарын көріп қал! Шежіресін бойлап, өткенін ойлап, жер мен елдің қасиетін сезіп қал!» деп абыз Әбіш Кекілбаев айтқандай, туған жердің тарихын, мәдениетін тереңірек білу әр ұрпақтың парызы.

Кейде қалада кітапханаға, басқа да мәдени ошақтарға көлік тоқтатқанымда байқайтыным, кейбір жүргізушілерінің санаулы рухани ордаларымызды білмей жататынын көріп ойланып қаламын. Сондай сәттерде маған мынадай ойлар келеді. Егер сіздің үйіңіз кітапхана, музейдің дәл қасында тұрып, есігін ашып көрмеген болсаңыз, онда сіз өзіңізге берілген үлкен ризық несібеңізден құр қалған адамсыз деген. Ойлаңызшы, қаншама шаралар мен танымал тұлғалардың кездесу кеші өтіп жатыр, сіз көрмеген қазынадай тарихи жәдігерлер тұр бірінен соң бірі тізіліп. Сананы тұрмыс билеген заманда материалдық байлықпен сырқаттанатындарға таптырмас ем осы болмақ ағайын. Әрқашан да рухани бай болайық, рухани бай деген атқа сай болайық.

Нұрболат Жалжанов
География пәнінің мұғалімі,
облыстық кітапхана қызметкері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.