Home » Балабақша » Ұлттық білім беру – заманауи оқытудың негізі

Ұлттық білім беру – заманауи оқытудың негізі

Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты № 180 жалпы білім беретін мектепте «Гимназия мәртебесіне көшу» бойынша сынақ алаңы тәртібіндегі орта білім беру ұйымының қызметі туралы «Ұлттық білім беру – заманауи оқытудың негізі» атты қалалық семинар өтті.

Семинарға сынақ алаңы тәртібінде жұмыс істейтін орта білім беру ұйымдарының басшылары мен директорлардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, аудандық мектеп директорлары қатысты. Іс-шара барысында мектеп ұжымының үш жылғы еңбегінің нәтижесі көпшілік назарына ұсынылды.

Семинарға қатысушыларды оқушылардан құралған «Телқоңыр» оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды.

Семинарда бастауыш сыныптардан бастап әр бірлестіктегі білікті ұстаздар  оқу мен оқытуды жақсартуда ұлттық құндылық бағдарын қалыптастыру арқылы сабақта қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдерді, түрлі платформаларды және оқу — әдістемелік көрнекі құралдарды пайдалану жолдарымен таныстырып, іс тәжірибесімен бөлісті. Қырық жылдан бері мектепте ұстаздық етіп келе жатқан Абдурасулова Бақыттың көп жылдар бойы жинақтаған көрнекіліктері бойынша картатекалық жүйесі жиналғандар назарына ұсынылды. Тәжірибелі ұстаз жастарды   ғаламтор  ақтармай еңбектеніп, ізденіп ұқыптап құнды дүниелерді  жинауға шақырды. Жас мамандарда ұлағатты ұстаздан аларымыз көп деп, әр сөзін ден қоя тыңдасты.

Әр бірлестік бойынша түрлі додаларда жеңімпаз атанып жүрген талантты да дарынды шәкірттер өздерінің ғылыми жобаларымен таныстырып, өнерлерін ортаға салды.
Қазақ тілі мен әдебиет бірлестігінің ұйымдастыруымен ақын Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай оқушылардың ақын өлендерін мәнерлеп оқулары өте әсерлі болды.
Қазақтың танымал «Пәленшиевтер отбасы», «Алтын адам» , «Ұлы дала Қасым хан» секілді киноларына түскен жас актёр 2 — «Ә» сынып оқушысы Марат Жан Бауыржанұлы биылғы оқу жылында қорғаған «Бата беру дәстүрі» тақырыбында ғылыми жобасын таныстырды. Қонақтар жас баланың бата беру өнеріне таңданысты.

11-сынып оқушылары Диас Ерлік пен Бекнұр Бейсен математика курсындағы кейбір күрделі есептерді шешудің тиімді әдіс-тәсілдерін көрсетіп, есептер шығарып, түсіндірме жасады.
Цифрлық сауаттылық – заман талабы екені даусыз.  Информатика пәні бойынша 8-сынып оқушылары Ержанов Ернұр, Серік Аңсар, Шәрәпи Алишер Smart робот жобасын  сызық бойымен қозғалтып көрсетсе, 11- сынып оқушысы  Тұрсын Жанашат 3D принтерде жасалған өнімдерін таныстырды.
«Жаңа әлемдегі – жаңа тарих» атты тарих әдістемелік бірлестігінде 5-8 сынып оқушыларына арналған «Pro Eco» экологиялық жобасының қалалық кезеңінде жүлделі орын алған 6-«Д» сынып оқушысы Рақыш Ұлболсын өз жобасымен Абдиманапова Жадыраның жетекшілігімен жүргізілетін «Ұшқын» дебат клубының мүшелері 11- «Б» сынып оқушысы Нүсіпжан Тоғжан  мен 5- «А» сынып оқушысы Мұқатай Карина дебат құрылымы мен ойын нәтижесіне әкелетін құндылықтарын таныстырды.
Оқуға құштар мектеп жобасы бойынша орыс тілі мен ағылшын тілі пәні мұғалімдері тілге жетік, шетел мамандарымен де байланыс жасап жатқандарын көрсетілген қойылымдардан байқатты.
Мектеп оқушылары жаратылыстану әлеміне саяхат жасау арқылы химия, биология, физика, география пәндерінен шығармашылық және ғылыми жұмыстарының тәжірибелерін көрсетіп, мектеп жылыжайында өсімдіктерді өсіру бойынша зерттеу қызметін саралап көрсетті.
Сонымен қатар оқушылардың дарынды, ізденімпаз, ғылыми қызығушылықтары жоғары, спорт, шығармашылық өнерге бейімі анық көрініс тапты. Соның бір көрінісі ретінде мектебімізде эстетикалық пәндер бірлестігінің «Саялы» этноауылының ашылуы болды. Этноауылда ұлттық құндылықтарға бағытталған оқушылардың қолөнер, әшекей – киімдерінен көрме ұйымдастырылып, семинарға қатысушыларды тәнті етті.


Қорытынды бөлімде мектеп директоры Л.Б. Дәулетбек эксперимент алаң жылдарындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, мектеп тынысымен таныстырды.  Семинардың соңы оқушылардан құралған «Достық» хорының орындауындағы Е. Хасанғалиевтің «Айналдым елім» әнімен  және ұстаздар  ұжымының орындауындағы Ө. Алтаевтың «Қазақстаным алға» әнімен аяқталды. Келген қонақтар семинардың жоғары деңгейде өткізілгендігін бағалай отырып, мектеп- гимназия мәртебесіне лайықты деп оң бағасын берді.
Бүгінгі көрсетілген жұмыстарды саралай келе, ұстаздардың ілім-білім жолында заманға сай ұлттық бағытта жан-жақты  дамыған озық ойлы жандар екендіктеріне көз жеткіздік.
Ұстаз — білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге ақ тілеулі ана тәрізді барлық адам бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Олай болса әр ұстаздың бойында осы қасиеттер болуы керек ақ.  Ал шәкірт ұстазынан озып жатса,  ол – ұстаз еңбегінің ақталғаны. Ендеше талабы күшті ұстаздар мен талантты да ұлтжанды ұл-қыздары бар №180 ЖББ мектеп ұжымының алар асуы мен бағындырар биік белестері алда екеніне сеніміміз мол!

«BILIM AINASY»,
Жұлдызай Елеусізқызы,
Алматы қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.