Қоңыр жел самал ескен қырат қырдан,
Даласы сырға тұңған, жырға толған,
Құтты мекен туған жерім, Қараобам-ай
Жандары жаралғандай шырақ нұрдан,- деп жырлаған БҚО-ның Казталовка ауданы, Қараоба ауылында дүниеге келген педагог-шебер Қаратаев Нұржан Құспанұлының есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Ұлағатты ғұмыр жалғасы» тақырыбында еске алу кеші Астана қаласының №60 мектеп-лицейінде атап өтілді.
Аталған іс-шараға ұстазды жақсы білетін, жастайынан қоян қолтық араласқан бауырлары, жерлестері және жары Сандуған Мұсақызы, қыздары Айнұр мен Тоғжан қатысты. Алғашқы болып сұхбат төріне Нұржан Құспанұлының ағасы, тай құлындай тебісіп, бірге өскен бауыры Мәлік Құспанұлы шақырылды. Бала Нұржан қандай болғанын, балалық дәуреннің қалай өткенін сағынышпен айтып жеткізген соң, ұстаздың жерлесі әрі әріптесі Ырысты Жүнісқызы Нұржан Құспанұлының сөзіне жазылған «Қараоба» әнін орындады.
Сұхбаттың келесі қонақтары болып, ұстаздың бірге еңбек еткен қызметтегі әріптестері сөз сөйлеп, ғибраттарға толы естеліктерімен бөлісті.
Еске алу кешін ағамыздың өмірлік серігі, аяулы жұбайы Сандуғаш жеңгеміз қорытындылап, кешті ұйымдастырған мектеп лицейінің директоры Роза Әбіләкімқызына және «Қазақ тілі» кафедра ұжымына алғыс білдіріп, келген қонақтарға ізгі тілегін білдірді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар, — деп еске алу кеші өткен соң, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Астана қаласы бойынша мұғалімдердің «Алтын Кітабына» есімі енген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қаратаев Нұржан Құспанұлы атындағы кабинеттің ашылу салтанаты өтті. Сол кабинетте «Есімі өшпес жүректен» тақырыбында өткен сынып сағатында ұстаздың дәріс берген шәкірттері шығармаларын орындап, ұстазға деген сағыныштарын жеткізді.
Ғалымның хаты өшпейді, жақсының аты өлмейді демекші, жиналған қауым өзінің артынан жарқын із қалдырған Нұржан Құспанұлының есімі ешкашан ұмытылмайтынына кәміл сенеді.
«BILIM AINASY»
Астана
Жамила Қайырханқызы