Наурыз мейрамы «Жаңа жыл» екенін қазақ баласының көбі біледі. Наурыз туралы ақпарат көптен бері жазылып та, айтылып та жүр.
Қаhарлы қыспен қоштасып, жайдары жаздың келетіндігіне барлық жаратылыстың дайындалатын уақыты.
Наурыз кірді дегеннен, мерекелік іс-шаралардың саны көбейіп, көңіліміз жайлана бастайды.
Наурыз мерекесі қарсаңында біздің жолымыз — Астана қаласындағы С.Сейфуллин мұражайына түсті.
Мұражайда Наурыз мерекесіне орай «Қош келдің Әз-Наурыз» — атты іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Наурызда жасалатын жөн-жоралғылар жасалды.
Ежелден тарихы тереңде жатқан мұражайдың көркі көңілге қуаныш сыйлады.
Қазақтың салт-санасын, әдет-ғұрпын, болмыс — бітімін есіктен кіргеннен сезесіз.
Осы орайда мұражайдың жай-күйіне тоқталмас бұрын, Сәкеннің өміріне тоқталып өтсек.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысы, Ағадыр, қазіргі Шет ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген.
Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстазы, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі.
Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған.
Мұражайға кірген беттен қазақы болмыстың иісі аңқып тұр. Сәкен жайлы естеліктер есіп, ескерткіштер көзімізге оттай басылды.
Сәкеннің білім жолы Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде басталған.
Алаштың ардақтысы 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған.
Тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденіс — Сәкенге жаңа тыныс сыйлады.
Бір істің соңында емес, бүкіл істі қоса алып жүрген. Сәкен — Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған.
1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген.
Айта берсек бірінің ізін бірі жалғайтын тарихи кезеңдерді жік -жігімен оқып, көруге мүмкіндік жасалған. Мұражай ішін аралап жүріп,
бір сәт мүлгіген тыныштықты сезіндім.
Бірнеше тарихты басынан өткерген ғалымның өмірін шүбәсіз сезінесіз. Қуаныштан қайғысы көп азаматқа ақтар көтеріліс жасап, тұтқынға алған.
Сәкен Сейфуллин атаман Анненковтың «азап вагонынан», 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан.
Сәкеннің сыры мен сыны жайлы естеліктердің біразын бізге Сәкентанушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик
Тұрсынбек Кәкішев тарқатып айтып берген болатын. Мұражай төрінде Сәкен жайлы естеліктер жазған ғалымдар бұрышынан Т. Кәкішевтің суретіне көзім түсті. Ұстазымның бейнесі әрқашан жаныма жақын . Осы тұста ағайдың Сәкен жайлы айтқан деректері есіме орала кетті.
Сәкен 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған.
Мінекей, осындай тұтқыннан шығып, тоқтамай еңбек еткен тұлғаның өмір жолы бәріне қызық.
Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған.
Оны дәлелдейтін барлық құжаттар мұражайда сақталыпты.
Сонымен қатар, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған.
Жігітке жеті өнер де аздық етеді. Сәкеннің тұла бойы тұнған талант екенін осыдан байқауға болады.
Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді.
Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытқан.
Алғаш жарық көрген шығармасынан бастап, өмірінің соңына дейінгі туындыларының тарихы болмысын жоғалтпаған.
Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді.
С.Сейфуллин өмірде белсенді күрескер болғанын мұражайдың ішіндегі дәлелдерден байқауға болады.
«Сонымен қатар,
С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек еткені әмбеге аян.
С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атты тарихи-мемуарлық романында анық көрсетеді.
Сәкеннің публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі орасан зор. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданған. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері — Ақтоқты», «Ләйлі — Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрген.
Мұражайдың сәнін келтіріп тұрған Сәкеннің сұлу шығармалары. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан.
Жазушының шығармалары бірнеше рет шет тілдеріне аударылған. Мұражайдың мұрағатынан көрген естеліктерді айтып немесе жазып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да, әрбір қазақ мұражайды көруге асық болса екен, деген тілек бар.
Сәкен — сұлулыққа жаны құмар жігіт болған деседі. Расымен де мұражайдан сұлулықтың сыры еседі.
Ғалымдар тілек айтқан кезде: Сәкеннің сәнін берсін! — деп, бекер айтпаса керек. Орта бойлы, реңді жігіт Сәкен европалық стильде киінген. Киген киімі, аяқ киімі, немере қарындасы сыйға берген алтын сағаты, жеке бас дүниелері тағысын тағы бағалы, құнды әсем бұйымдарына қарап, жаны сұлулықты сүйген азамат екеніне көзіңіз жетеді.
Осындай тарихи естелікке толы мұражайда ұйымдастырылған Наурыз мерекесі қазақтың тарих қойнауында жатқан талай шежіреден сыр шертті. Өскелең ұрпақтың санасын оятып, қазақылықтың иісін сездіру үшін — рухани маңызы зор мекендерге жиі апарған жөн.
Жоғарыда аталған естеліктер мен, тарихы тереңде жатқан шығармаларға сызат түсірмей сақтап отырған мұражай қызметкерлеріне алғыс білдіреміз.
Сәкен — қазақ баласының көзі ашық , көкірегі ояу болуы үшін білім ізденген. Алаш ардақтыларының құнды ізденістен туған шығармалары өскелең ұрпаққа рухани азық сыйлары сөзсіз.
Зинара Ерланқызы ✍️