Home » Жаңалықтар » Бір тамшы махаббат

Бір тамшы махаббат

        Жазу мен оқудан басқа да білім бар. Оны қазақ атам «рух» құндылығы дейді.  «Рух» — ол жігер, мінез, мәдениет, адамгершілік, көрегендік, бір сөзбен айтқанда —  сапалы толық АДАМ. Адам деген үлкен әріпті атаққа ие болу. Өзіңмен өзіңнің талмай ізгілікті жұмыс жасауыңның нәтижесінде ғана жететін жетістік.  Осы тұста Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым…» — деп келетін бір ғасыр жиырма жыл бұрын, яғни 1902 жылы жазған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі бүгінде құндылығын жоғалтпағанының тағы бір дәлелі.

Елордамыз Астанада халықаралық «Махаббат – жүректің даналығы» атты кең көлемді семинар өтті. «Махаббат» дегеннен түсінікті, жоғарыдағы Абай атамыздың бір ауыз сөзінің төңірегінде жүргеніміз. Ең қызығы, бұл үлкен іс-шараны қазақтың қаршадай қыздары ұйымдастырған. «Адамгершілік және эстетикалық тәрбиені дамыту қауымдастығының» негізін қалаушы Айтхожина Самал Умирзакқызы, Ажикенова Мадина Берикболқызы, Большимбаева Динара Айдарбекқызы, Нургалиева Анара Ғалымқызы қарындастарымыз бен замандастарымыз екен. Қазақта «бесігіңді түзе» деген керемет ұғым бар. Бұл — қыз-келіншектерге тікелей қатысты. «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», — деп бекер айтпаған. Осындай жас, бойларында қуаттары тасыған қазақ қыздары барына шүкір дедім.

Ізгілікті шараға ізгілікті қарамаса болмайды. Сондықтан болар, сонау Каспийдің арғы жағы, Қара теңіздің бергі жағынан «Халықаралық ізгілік  педагогикасы» орталығының президенті, психология ғылымының докторы, жазушы, «Өнер және әлеуметтану академиясының» ғылыми жетекшісі Паата АМОНАШВИЛИ мырзаны да арнайы шақырған екен.  Екі күндік бұл шараға «Білім беру «GL talimger» жобасының құрылтайшысы» Гүлнар ҚҰСИДЕНОВА және «Білім беру «GL talimger» жобасының бас директоры»  Ляззат БУЛЕБАЕВА модераторлық жасады.

      МВА магистрі, «Амонашвили Академиясының» және «Амонашвили авторлық бағы» балабақшасының негізін қалаушы, Амонашвили жазғы курстарының кураторы, гуманитарлық педагогиканың рыцарі Мариам ДАВИТИНИДЗЕ-АМОНАШВИЛИ  (Тбилиси қ., Грузия);

«Махаббат жаңа буын балаларына білім беру принципі ретінде»  тақырыбында педагогика ғылымдарының кандидаты, гуманитарлық педагогиканың рыцарі, жаттықтырушы Гүлжан ОМАРОВА (Астана қ., Қазақстан);

«Махаббатқа тәрбиелеу» тақырыбында «Көшбасшылық және мотивация» бойынша жаттықтырушы, отбасылық жаттықтырушы, «Жаңа Ұрпақ» республикалық көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы, Шалва Амонашвилидің шәкірті, «Әкем жасай алады!», Қазақстандық жас кәсіпкерлер қауымдастығының үздік бизнес-жаттықтырушысы (2015ж) Асхат Әбжанов  (Астана қ., Қазақстан);

«Басти-Бубу» мектепке дейінгі білім беру мекемесінің продюсері, режиссері, тең құрылтайшысы және тең жетекшісі Тамрико СКВИТАРИДЗЕ (Тбилиси қ., Грузия);

     «Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жүрегіне гүл егетін, бала жанының бағбаны ол – ұстаз» тақырыбында ұстаз, «Sultan magazine» халықаралық қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық журналының авторы, Қазақстан журналистер клубының мүшесі, «ҚР Бас редакторлар клубының мүшесі», «Мәдениет майталманы» және «Ақпарат саласы үздігі» медальдарының иегері Каракоз АЙДАШ (Астана қ., Қазақстан);

«Z Буыны» бағытында жоғары жетістікке жеткен спортшылар мен жаңадан бастаған спортшыларға арналған коучинг; гипнокоуч, регрессолог; «Спорттық жетістіктер күнделігі» әдістемесі мен кітабының авторы; бизнестің бірінші басшылары мен иелеріне арналған коучинг; life-коучинг, мақсат қою, базалық құндылықтарды зерттеу; шегелену практикасының шебері Вера Садықова (Астана қ., Қазақстан). Осы аты аталған кісілер махаббатқа толы дәрістерін жасады, әңгңмелеп берді.

      Келесі күннің екінші жартысында «ОТШАШУ САБАҚТАРЫ» болды. Бұл атауды да жайдан-жай алмаған сияқты. Ұстаздар тәжірибе алмассын деген ниет болу керек. Олай дейтінім, ортамызда жүрген ұстаздар өздерінің тәжірибесін ортаға салды.  «Баланың жеке басын тәрбиелеудің практикалық әдістері» тақырыбында педагог-психолог, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының жаттықтырушысы Лилия ЗОРИНА (Астана қ., Қазақстан) және бастауыш сынып мұғалімі, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының жаттықтырушысы, жоғары санатты мұғалім Светлана БУРГАНДИНОВА (Астана қ., Қазақстан); «Гуманитарлық педагогика қадамдары» тақырыбында Астана қаласы «Мерей» балабақшасының тәрбиешісі Ермек АЙДАРБЕКОВА (Астана қ., Қазақстан);  «Ертегі негізінде мейірімділік пен достық» тақырыбында «Теремок» балабақшасының тәрбиешісі Марина СПИЧКИНА (Астана қ., Қазақстан) отшашу жасады.

Бір түсінгенім, біз адамдармен қарым-қатынас арқылы байланыс жасаймыз. Өмірің айна сияқты, не көрсетсең соны көресің. Достық қатынас кез-келген жерде керек, яғни, жан-жағыңа махаббатыңды шашатын болсаң, саған да сол келеді. Ізгілік жолы шынайы махаббаттан басталады. Адамзаттың бәрін сүю, сүйе білу кішкентай ғана жүрегіңе әміріңнің жүруінен басталады. Бір тамшы махаббат осы жерде керек.

Сөз соңында осындай іс-шараны ұйымдастырған, жүректері махаббат пен ізгілікке толы «Адамгершілік және эстетикалық тәрбиені дамыту қауымдастығының» ұжымына қанаттарыңыз талмасын демекпін.

Астана қаласы
БІЛІМ АЙНАСЫ
Қуантай Амантайұлы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.