Қадырова Рысгүл Қуанышқызы
Астана қаласы
Әбіш Кекілбаев атындағы Binom school
мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі
Қазіргі заманның ерекшелігі қоршаған ортаның қарқынды өзгермелі болуында. Орын алып жатқан өзгерістер бұрын-соңды болғандарға мүлдем ұқсамайды, ол адамзаттың өмір сүру саласының барлық деңгейіне өз ықпалын тигізуде. Бұл өзгерістердің негізгі сипаты — үздіксіздік, үдемелілік, жылдамдық және жаһандық. Аталған факторлардың барлығы қазіргі үздіксіз білім беру саласына, соның ішінде білім беру мәселесіне үлкен талаптар жүктеп отырғаны белгілі.
Адам ойының, ойлауының биік өресін ғылым мен техника дамуының деңгейі арқылы көруге болады. Себебі техниканың әртүрлі озық түрлерін пайдалана отырып адам өз мүмкіндіктерін жан-жақты аша алады, оны қолдана отырып дамытады. Әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерге қол жеткізіп, функционалды ойлау қабілеті де артады.
Бұл мәселе Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасында жалғасын тапты. Еліміздің білімін дамытудың стратегиялық бағыты ретінде білімді трансляциялау арқылы оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру идеясын ұстанады.
Педагогикалық процесте білім, білік, дағдыны игеру ғана емес, сонымен қатар тұлғаны функционалды дамыту мүмкіндігі қарастырылады. Оқыту процесінде әр оқушының нақты білімді «табу» қабілеті айқындалады. Оқушы пассивті тыңдаушыдан креативті ойлайтын, тез шешім қабылдайтын, белсенді іс-әрекеттер жасайтын және функционалды сауатты тұлғаға айналады.
Мұндай сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметке қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін факторға, қоғамдық әл-ауқаттың индикаторына айналады.
Бұл тенденция әлем елдерінінің дамуымен тығыз байланысты. Себебі, көптеген әлем елдері білім индустриясын трансляциялау мен оны қолдануға негізделген экономикаға көшті. Сондықтан да білімнің дамуына еңбек нарығының сұраныстары әсер етуде. Осындай күрделі процестер білім индустриясын өзгертуге өз септігін тигізуде. Экономикасы дамыған ынтымақтастық ұйымы 21 ғасырға қажет дағдылардың бірі ретінде функционалдық сауаттылықты белгілеген еді.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі адамзаттың жағдайы инновациялық технологиялардың дамуымен тығыз байланысты екенін айта келе, білім беру үрдісінде функционалдық сауаттылықты дамыту мүмкіндіктерін арттыруды тапсырды. Бұл мәселе еліміздің ҚР Білімді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жж. бағдарламасында білім дамытудың негізгі индикаторлары айқындалған.
Қазіргі мектептің басты мақсаты- әр оқушының қабілетін ашу, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны өмірге дайындау, сөйлеу дағдысын дамыту, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру. Даму тарихына назар аударатын болсақ, ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша 1960 жылдардан бастап, зерттеушілердің нысанына айналды. Әлем елдері функционалдық сауаттылықты халықаралық бағдарламалардың құрамына енгізді. Білім деңгейін, оқушылардың оқу жетістігін анықтау мақсатында мектеп оқушылары PISA және TIMSS бағдарламаларына қатысып, функционалды сауаттылықтарын көрсетеді. Функционалдық сауаттылықты бастауыш сыныпта дамыту маңызды.
Заманауи өркениет сауаттылықты қажет етеді. Белгілі бір мәдени ортаға тез бейімделу қабілеті ретінде анықталатын функционалдық сауаттылық болып табылады.
Ғалымдардың тұжырымы бойынша, функционалдық сауаттылық білім алушының алған білім, біліктілігі мен дағдыларын нақты өмірлік жағдайларда қаншалықты пайдалана алатынын көрсетеді. Ол белгілі бір мәдени ортада өмір сүру үшін адамның дайындығының ең төменгі қажетті деңгейін белгілейді. Оқушыны дайын білім алуға ғана емес, сол білімді пайдалану мүмкіндігін дамытуымыз қажет.
Функционалдық сауаттылық оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті, оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуінің шарты, оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытудың тетігі, әлеуметтік-мәдени дамуының өлшемі, білім, білік, дағдыларының құзыреттілікке ұласу жолы. Ол оқушылардың қатысымдық, ақпараттық, проблемалардың шешімін табу құзыреттіліктерінің бірлігінен құралады. Оқушылардың функционалдық сауаттылық мазмұны келесі құзыреттіліктерден көрінеді:
‒ оқу, жазу сауаттылығынан;
‒ жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығынан;
‒ математикалық сауаттылығынан;
‒ компьютерлік сауаттылықтан;
‒ денсаулық мәселесіндегі сауаттылықтан;
‒ құқықтық сауаттылығынан
Бастауыш сыныпта функционалдық сауаттылықты қалыптастыруды барлық пәндерде жүзеге асыруға болады, солардың бірі «Дүниетану». «Дүниетану» интеграциялық пән ретінде, биология, география, химия, экология сияқты пәндердің негізін үйретеді. Бастауыш сынып оқушысы ғылыми ұғымдармен таныса отырып, қоршаған ортаға деген өзіңдік көзқарасын қалыптастырады. Осы сабақта қоршаған ортадағы әртүрлі құбылыстарға талдау жасайды.
Адам әрекетінің табиғатқа әсері қандай? Жерде тіршілікті, адамды қалай сақтап қалуға болады?- деген сұрақтарды қою арқылы, оқушылардың креативті ойлау дағдысын, тез шешім қабылдау ептіліктерін дамытуға болады. Алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға үйренеді. Дүниетану сабағында адам, табиғат, қоғам арасындағы интеграциялық байланысты және табиғи үйлесімділікті оқушылар көреді. Қоршаған ортада болатын әртүрлі құбылыстарды сезіну арқылы олардың таным мүмкіндіктері артады. «Дүниетану» пәнінде оқушылардың алғашқы зерттеу әрекеттері қалыптасады. Осындай жұмыс түрлері оқушының зерттеушілік мүмкіндіктерін ашуға көмектеседі. Сонымен қатар функционалдық сауаттылықтары қалыптасады.
Қaзіргі зaмaн оқушылардың функционaлды сaуaтты болуын тaлaп етсе, соның бірі – оқу сaуaттылығы. Оқу сaуaттылығы:
— Aқпaрaтты тaбу;
— Мәтінді интерпретaциялaу;
— Рефлексия және бaғaлaудaн тұрaды
Мәтіндегі ақпаратты анықтау, тірек сөздерді дұрыс қолданып, иллюстрацияларды сипаттау негізінде оқушы әрекеті белсенді болады. Мәтінге байланысты оқушылар бірнеше тапсырмаларды орындайды. Әр топқа мәтін ішіндегі сөз тіркестерін түсіндіруге арналған тапсырмаларды беруге болады. Мәтіндегі сөз тіркестерін түсіндіру үшін олар ақпараттар жинақтайды және талдайды.
Тапсырманы орындауда «Хикая картасы» әдісін қолдану оқушының сыни тұрғыдан ойлау және сөйлеу, ойын дұрыс айту дағдысын қалыптастырады. «Хикая картасын» толтыру үшін, оқушылар берілген суреттерді мәтін мазмұнына сай ретімен орналастыра отырып, берілген тірек сөздерді пайдалана отырып, суреттерді сипаттайды. Ретімен сипаттай отырып, мәтін мазмұнын, негізгі ойды баяндайды. Топпен орындау оқушылардың ұжымдық, коммуникативті қарым-қатынас стилін дамытуға мүмкіндік береді. Суреттерден мәтін құрастыру арқылы олардың көркем сөйлеу, әдеби тілі және оқу сауаттылығы қалыптасады.
Сабақ бойынша өз пікірлерін және сыни ойлау деңгейінің қаншалықты артып отырғанын анықтау мақсатында сабақта «ББҮ» стратегиясы, «Екі жұлдыз, бір тілек», «Күнделік жазу» арқылы кері байланыс жасап отыруға болады. Рефлексия жасау оқушылардың пікірлерін дәйектеп, ойларын жүйелі, сөздерін нақты жазуға дағдыланады. Сонымен қатар оқушылардың сөйлеу және ойлау дағдысын әртүрлі пән арқылы дамытуға болады.
Бұл кезеңде оқушылар белгілі бір тақырып төңірегінде бірнеше сөздер атап, оларды байланыстырып сөйлеуге, мағыналық жағынан топтастыруға, жаңа ұғым жасауға үйренеді. Бірін-бірі қайталамауға үйренеді. Ойлау, оқу арқылы жазуды жүзеге асыра отырып, бірте-бірте шығармашылық жүйеге түседі. Мағынаны тануда оқушы әртүрлі болжам жасау, бұрынғы білетіндерін жеке және топта айту арқылы жаңа білімге деген қызығушылықтары артады. Олар «Мені түсін» әдісі арқылы мәтінді өз беттерінше оқу, тезис құру арқылы көлемді материалдарды өздеріне керек тұстарын ғана алуға, екі жақты түсіндірме күнделігін жасау, талдау, зерттеу, салыстыру, терминдермен жұмыс, бірін-бірі толықтыру арқылы оқушы жаңа білімді өздігінен меңгеріп, жаңалық табу, шығармашылықпен жұмыс істеу сатысына көтеріледі. Осындай іс-әрекетті ұйымдастыру оқушылардың сыни ойлауына және функционалды сауаттылығына әсер етеді.
Функционалды сауаттылықты дамыту әртүрлі пәндер негізінде жүзеге асады. Соның бірі «Ана тілі» пәні.
Ана тілінде үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі. Мысалы, «Дыбыстар екіге бөлінеді, дауысты және дауыссыз, н-дауыссыз үнді дыбыс» — деп белгілі бір тұжырымды айтқан кезде оқушылар ақиқат болса жасыл түсті қағазды, жалған болса қызыл түсті қағазды көрсетуі керек. Бұл әдіс оқушыдан шапшаңдықты талап етеді. Сонымен қатар оқушының сауаттылығын айқындайды.
Математика сабағында оқушылардың функционалды сауаттылығын қалыптастыру маңызды. Математика сабағында оқушылардың сапалы есептерді өз бетінше шығаруына көп көңіл бөлуіміз керек. Сапалы есептер оқушының логикалық ойлау қасиетін шыңдайды және пәнге деген қызығушылығын арттырады. Логикалық ойлауын дамытуға бағытталған есептерді шығару қажет. Ауызша және жазбаша есептерді шығару арқылы оқушының абстрактілі ойлау стилі, логикалық пайымдауы, дәлел келтіруі, формулаларды табуы, қорытындылауы, өз көзқарасын тұжырымдауы қалыптасады. Математикалық ойлау, сандық түсініктер, қарапайым математикалық ұғымдар оқушының функционалды сауаттылығын дамытады.
Қорыта келе, оқушының функционалдық сауаттылығын дамытуға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға және сөйлеу дағдысын дамытуға, алған білімдерін күнделікті іс-әрекеттерінде пайдалануға ықпал етеді.
Пайдаланған әдебиеттер
- Ильясова Д.С., М.К.Тасбулатова., Т.А.Оспанова. Бірінші сыныпта оқу үдерісін ұйымдастыру туралы әдістемелік ұсыныстар. Алматы:Эверо, 2017
- Әлімов А.Қ. Интербелсенді оқу әдістемесін мектепте қолдану» А: 2018
- Кобдикова Ж.У. Деңгейлеп саралап оқыту педагогикалық технологиясы -А., 2006.