Home » Мақалалар » Алашорда үкіметінің мемлекеттік мүддесі

Алашорда үкіметінің мемлекеттік мүддесі

Исмаилова Жанаргуль Сыздыковна
 Көкшетау қаласы
Сәкен Жүнісов атындағы
№18 мектеп-лицейінің
тарих пәні мұғалімі

 Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында және қазақ мемлекеттілігінің тарихында Алаш үкіметінің алар орны ерекше. Өткен жүзжылдықтардың өзі қазақ тарихындағы мемлекет құру мен тәуелсіздікті қайта қалпына келтіру жолындағы ғасырлар бойы жүрілген күрес десек, «Алаш» партиясы құрылып, «Алаш Орда» үкіметінің өмірге келіп, аз уақыт болса да тарих сахнасына шығуы – бүгінгі Тәуелсіз мемлекет болу жолындағы үлкен белес екендігі анық. «Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді.

«Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек!» [1], – деп Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткен болатын. Яғни, Алаш арыстары құрған Алаш үкіметінің ХХ ғасырдың басындағы идеялары – бүгінгі Қазақстанның қарыштап дамуы барысында жүзеге асып жатқаны үлкен қуаныш әрі ұрпақтар арасындағы идеялық сабақтастық деп білеміз.

«Біз қазақ – мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…», – деп Қаз дауысты Қазыбек би айтқандай, ұлан байтақ даласының шетін жау баспасын деп, найзасына үкі таққан қазақ халқы сан ғасырлық күрес нәтижесінде көшпелі жоңғардан құтылғанымен, Ресейдің бодандығына түсіп, бірнеше ғасыр бойы шұрайлы жерден айырылып, болыстықтан биік билікке қол жеткізе алмай күн кешті. ХХ ғасырдың басындағы осындай күйдегі қазақ ұлтының ауыр халіне жаны ашыған ұлт зиялылары «Алаш» партиясын құрып, оның бағдарламалық негізін қазақ ұлтының әлемдік өркениетпен үндесе дамуына жол ашатын қағидаттар арқылы қалаған болатын.

Алаш Орда үкіметі 1917 жылға дейінгі өзінің басты қимыл-әрекетіне дейін ұзақ даму, пісіп-жетілу кезеңінен өткен болатын. Абай, Ы.Алтынсарин,                             Ш. Уәлиханов және басқа да ұлт зиялылары өз заманында қазақ халқының бағыныштылық халін білім мен ғылым үйренбей артта қалудан көрді. Сондықтан да осы буын өздерінен кейін еуропалық мәдениет пен ұлттық дәстүрді қатар игерген заманауи өркениетке бейім буын қалыптасуын аңсады. Міне, «Алаш» партиясын құрып, Алаш Орда үкіметін жасақтаушылар жан жақты білімдік-тәжірибелік дайындықта болды. Бұл жөнінде ғалым Мұхтар Құл Мұхаммед былай деп атап көрсетеді: «Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындғы ХХ ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі деп айтуға әбден болады». Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі ғылымға емес – утопияға, демократияға емес – авторитаризмге негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен «Алаш» партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы – «Алаш Орда» үкіметін құрып, ұлттық-аумақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады» [2].

Алаш автономиясын жаңа тұрпатты Ресей мемлекеті құрамында құруды көздеген Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялылары ұлттық мүддені батылдықпен алға шығарып, нақты мақсаттар белгілеп, осы жолда қаржы көздерін тауып, іс-шаралар жүргізгендігі белгілі. Бұл қандай іс-шаралар және ұлттық мүдде тұрғысында не мәселелер көтерілді, олар: ұлттық мемлекеттілік, президенттік басқару, құқықты-демократиялық қоғам құру, дінді мемлекеттен бөлу, ұлтаралық келісім мәселелері болатын.

Бұл жөніндегі жұмыс бағытын біз 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасынан анық көре аламыз. Мұнда Алаш автономиялық үкіметінің атқаратын негізгі 10 жұмысы анық көрсетілген. Олар мыналар: «Мемлекет қалпы», «Жергілікті бостандық», «Негізгі құқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», «Жұмысшылар», «Ғылым-білім үйрету», «Жер мәселесі».

Қазақ халқының атауына синоним болған «Алаш» атауын ала отырып, ұлт зиялыларының алдында қазақ халқы қалай автономия болады, мемлекеттік пе әлде өлкелік автономия бола ма, жерінің, елінің аумағы қалай болғаны дұрыс деген мүмкіндіктерді саралай келе қазақ зиялылары мынадай шешімге тоқтаған екен: «Мемлекеттік автономия болса, өз Мемлекеттік Думасы болмақ; өзіне керек закондарды сол Думасы шығармақ; Ақшасын өзі жасап шығармақ; Барша шаруашылық ісі, теміржол, почта, телеграф сияқты істерінің бәрі де өзінде болмақ; Жер-суының билігі де өзінде болмақ; Өз алдына әскер ұстамақ; Қысқасы, мемлекетке керек жабдықтарын өзі жайғастырып, өз қамын өзі жемек. Жалғыз-ақ шет мемлекеттер арасында болатын істер жалпы мемлекет арқылы істелмек. Мемлекеттік автономияның бас мемлекетпен жалғасатын жері осылар ғана. Уалаяттық автономия болса, оның өз алдына ақшасы, теміржолы, почта, телеграфы, әскері болмайды, жалпы мемлекеттің Думасына өкілдерін жібереді. Өз Думасы сол жалпы мемлекет Думасында шыққан законға қайшы келместей закондарды шығаруға ықтиярлы болады. Уалаяттағы барша жергілікті істерінің билігі өз қолында болады. Жер-судың билігі жалпы мемлекет қолында болады» [3].

А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов және басқа да озық ойлы алашшылар құрған бұл тұғырнамада тәуелсіз мемлекеттің сипат-белгілері толықтай бар деп айта аламыз. 1917 жылдың 11-24 маусымында іске кіріскен Алаш Орда қазақ мемлекеттілігін құру идеясын жүзеге асыруды көздеді. Мемлекет азаматына байланысты мәселеде сөз еркіндігі, баспасөз еркіндігі, жеке бас абыройының қорғалуы, сот үкімінсіз тұтқындауға тыйым салу туралы бағдарламада көрсетілгені – Алаш Орданың адам құқықтарын сыйлаған демократиялық ізгі қоғам құруды мақсат еткендігінің белгісі.

Сондай-ақ «Алаш Орда» үкіметін құрушылардың тіл мәселесі жөніндегі ой-пікірлері де либералды болғанын көреміз. «Алаш» партиясының бағдарлама жобасының Ү бөліміндегі билік пен сот мәселелері жөнінде мынадай баптарды көрсетеді: «Би һәм судья жергілікті жұрттың тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі һәм хүкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы. Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болуы. Присяжныйлар қазақтан алынуы. Қырдағы ауыл, болыс ішінде билік пен сот жұрт ұйғарған ереже жолымен атқарылуы тиіс» [4].

Сондай-ақ «Алаш» партиясын жақтаушылар білім беру мәселесінде шәкірттердің оқуы ақысыз және жалпы орта болуын, бастауыш мектептерде ана тілінде оқытуды және оқу ісіне үкіметтің кіріспеуі қажеттігін қолдады. Олар оқу жүйесіне үкімет тарапынан саяси ықпалдың жасалуына, онда белгілі бір идеологияның үстемдік алуына қарсы болғандығын нағыз көрегендік демеске шара жоқ. Әсіресе, бастауыш мектептерде әр ұлт өкілін өз ана тілінде оқыту қажеттігі де алысты болжаған қадамнан туындағаны сөзсіз.

Партияның бағдарламасын жасаушы Алаш Орда көсемдері  А. Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков және басқалардың үлкен ерік-жігерінің, білімі мен батылдығының арқасында 1921 жылы РСФСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.И.Ленинмен мәміле жүргізе отырып, мынадай үш маңызды мәселеге қол қойғызды:

1) 1917 жылғы «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, «Әр ұлттың қалаған кезде бөлініп кетуіне толық құқығы бар» екендігіне; 2) Қазақ өлкесін Түркістан Республикасынан дербес автономиялық республика ретінде жариялау. Оның шұғыл арада территориясын бекітуге (коммунистік биліктің көсемі Лениннің қолы қойылған сол қаулының негізі қазіргі Қазақстан Республикасының территориясы тұтастығына негіз болды); 3) Қазақ ұлтының жерін жеке меншікке беруге және қоныстанушыларды мүлде әкелуге болмайтындығына. Мұның өзі де үлкен мәселе еді.

«Дін ісі» жеке тарау ретінде «Алаш партиясының» бағдарламасына енді. Сондай-ақ, әдеби, мәдени өмірдің де тамыры жанданып сала берді. Рухани, саяси тұрғыдан барынша кемелденген Алаш Орда үкіметін жасақтаушы тұлғалардың ұстанған ұстанымдарын былай топтастыруға болады:

— Бай, кедей, орта деген секілді таптық бөлінушілік болмасын;

Жерді сатуға мүлде болмайды! Бұл кезде жер мәселесі Қазақстанда өте күрделі еді. Сондықтан да Алаш Орда үкіметі өз жобасында жер үлесі алдымен жергілікті халыққа берілуі тиіс, жерді қазақ жеке отбасына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алуы керек, жер законінде жер сату деген болмауы керек, әркім өзі пайдалануы тиіс, табиғат ресурстары – мемлекет меншігі деген мәселелер айтыла келе: «Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орнығып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін. Жер хақында қазақ өз алдына жер жобасын жасасын» – деп көрсетілген бағдарламада.

— Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі ретінде саналады (осыған орай «қазақ қойының үстінен қырқылып алынған жүн қазақтың иығына костюм болып жабылуы керек, қазақ жерінің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» – деген мазмұн бағдарламада көрсетілді);

— Қазақ тілі — мемлекеттік тіл болсын. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына атсалысқан Алаш ақындары гимн, ән жазып, Алаш әскерінің рухын асқақтатуға барынша үлес қосқанын білеміз. Алаш ұранды ақын С. Торайғыров «Алаш ұраны» атты жырында Алаш Орда үкіметінің бағдарын, аңсар-арманын көрсеткендей еді:

Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
…Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды алаш, өлмейміз!
Жасасын, алаш, жасасын! [5].

Алаш Орда үкіметін құрған Алаш көсемдері барша қазақ халқының басын бір мемлекеттің астына біріктіруді өзінің басты мақсаты етіп қойғанын көреміз. Алаш көсемі Ә.Бөкейхан: «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ қазақ болмайды», – десе, Х. Досмұхаметұлы: «Біздің мақсатымыз барлық қазақтың басын қосу болатын. Сондықтан Қытайдағы қазақтарды да қосып алуды қарастырдық. Әрине, ондағы қазақтар өздері мекендеп отырған территориясымен Алашорда құрамына кіру керек деп есептедік», – деп атап көрсетті [6].

Алашорда үкіметінің өз ықпалын халықаралық деңгейде, оның өзінде қазақ мүддесін қорғау тұрғысында нығайтуға бағытталған жұмысына тоқталмай кетуге болмайды. Атап айтқанда, Алаш көсемдері 1918 жылдың жазында Қытайдың Шығыс Түркістан аймағына сапар шегеді.                                             А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, С. Аманжолов, Р. Мәрсековтер бар, жұмбағы әлі де ашылмаған белгілі сапарда олар үш мақсатты көздейді:

  1. «Алаш Орда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу; 2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алаш Орда Үкіметінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету; 3. Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру.

Осылайша, Алаш Орда Үкіметі 70 жылдан кейін ғана мүмкін болған, барша қазақтарды бір тудың астына жинау идеясын жүзеге асыруға талпынғанын көреміз. «Олардың мұнда келуінде екі мақсат болыпты. Бірі – ақ пен қызыл арасындағы аласапыранда үркіп, үдере көшіп кеткен елдің жағдайын білу, көнсе қайта көшіру. Екіншісі – Алаш Орданың ауқымын осы жақтағы елге де ұлғайту болыпты» [7].

Алашорда үкіметінің халық үшін атқарған үлкен жұмыстарының бірі – ұлттың өзін-өзі қорғауы үшін Алаш әскерін құруы. «Өзімізді өзіміз қорғау үшін, бізге жалпықазақ милициясын құру керек… Егер өзімізді-өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады», – деп атап көрсетеді 1917 жылғы қарашаның 14 санында «Қазақ» газетінде жарияланған үндеуде.

Алаш Орда Үкіметі халықтық милиция қатарына әскери қызмет атқаруға жарамды 30-35 жас арасындағы ер азаматтарды еріктілік негізінде алу туралы шешім қабылдаған. Мұнда әр ауылдық қоғамдар алғашқы кезде өз милицияларын атпен, ер-тұрманмен, киіммен қамтамасыз етуге міндеттелген. Ал милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қоры қаржысынан алынады. Алаш қайраткерлері сол аласапыран заманда шұғыл түрде халықтық әскер құрудың саяси маңыздылығын келесідей айқындады: «Бұл заманда әскері жоқ жұрт – жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ та, ерік өзімізде. Бір жол – құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат-тонымызды ала қашатын болсақ, осындай жігімізді ашып, жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап жүруге ие табылады. Сонда қолымыздан ешнәрсе келмей, құлдық ұрғанымыз болғаны. Құлдық жолы дегеніміз осы.

Екінші жол – жұрттық жолы. Осы бастан автономия алудың қамына кіріссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы Үкіметіміз деп тіресіп қорғасақ, бізді ешкім басынбайды. Үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі» [4, 115-бет], – дегені күні бүгін де өз маңызын жоймаған, әрі қазір де жүзеге асқан өзекті мәселе екені даусыз. Бұл жөнінде Міржақып Дулатовтың мына сөзі ұстаным қағидат болады: «Жауап біреу-ақ: әскеріміз болса ғана жұрт боламыз!».

Мемлекеттің мемлекет болуы үшін ең басты қажеттілік – жер, жер болғанда да сол мемлекеттің аумағын мекендеуші титулды халықтың өзіне тиесілі шекара бойынша әкімшілік тұтастығы десек, Алаш Орда Үкіметі мүшелерінің осы тұрғыда болашақ ұрпаққа сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан Республикасы тарихи мұрагерлік құқығы бойынша, Кеңес Одағының құрамындағы 15 одақтас республиканың бірі болған Қазақ КСР-інің аумағы мен шекарасына иелік еткені белгілі. Ал кезінде ол шекараны тұтастандырып, бекіту үшін саяси аренада қандай үлкен айқас болғанын тарихтан хабарсыз адамдар біле бермеуі де мүмкін.

1920 жылдың 26 тамызында «Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет» дүниеге келді. Бұл жөнінде Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыста­рының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Мұндағы басты келіспеушілікке байланысты тартыс, дау-дамай «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге байланысты болған екен. Осыған қатысты Алаш көсемдері өздерінің алға қойған мақсаттарына жетті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков Қазақ мемлекеті алдында мәңгілік ұмытылмас тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Ә. Ермеков, Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасайды.

Ол баяндамада Орталық комиссариаттан Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен Ресей губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ Республикасының құрамына беруді сұрайды. Көрсетілген жердің                           81 пайызын саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатындығын алға тартады. Бұл сол аймақтардағы тұрғындардың 54 пайызын құраған екен. Сол мәжілісте отырғандар дәлелді де дәйекті сөйлеген Ә.Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да, негізгі бөлігіне қосылатынын білдіреді. Осыған байланысты, Әлімхан Ермеков мұны кеңес көсемі В.И. Лениннің алдында дәлелдеп шығуы қажет болады. Онымен арнайы жолығады. Көзін жеткізеді. Осының нәтижесінде 1920 жылы 12 тамыз күні өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков сөз сөйлеп, Ленин бастаған билік өкілдерінің көзін мәселеге жеткізе алады. Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет Алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды.

Ойымды қорыта келе айтарым: Алаш Орда Үкіметінің мемлекетшілдік деңгейі, алға қойған мақсаттарын орындаудағы табандылығы мен қайсарлығы – қазіргі күні баршамызға үлгі болса игі. Алаш қайраткерлерінің жан беріп, жан алысып қорғап, аманаттап кеткен қазіргі жер-суымызды болашақ ұрпаққа табыстау, олардың өнегелі жолынан үйрене отырып, жас ұрпақты патриотизмге баулу – бүгінгі күннің басты мақсаты болуы тиіс. Көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік болмағанымен,  Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар заманның қиыншылықтарына қарамастан ел еркіндігіне атсалысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда олар қанын да, жанын да аяған жоқ.      Бостандық жолында құрбан болған ерлердің еңбегі мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың арман-мақсаттары  бүгінгі таңда орындалды. Оған дәлел – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 Н.Назарбаев Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты // Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: 2008, 10 бет

  1. М.Құл-Мұхаммед Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарас-тарының эволюциясы. Алматы: Атамұра, 1998. — 135 б
  2. Алаштың талапты азаматына. //«Қазақ» газеті (Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов). Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998, 396-бет.
  3. Н.Шаяхметов «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін». Алматы: Санат, 2001, 113-б.
  4. С.Торайғыров. Шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1993 ж.
  5. Алашорда. (материалдар жинағы). – Алматы: Жазушы, 1997 ж.
  6. У.Қыдырханұлы. «Міржақыптың Өр Алтайдағы іздері» // «Ана тілі» №33, 2007 жылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.