Home » Мақалалар » «Ым-ишара тілі»

«Ым-ишара тілі»

Астана қаласы әкімдігінің
«Шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәни атындағы
№85 мектеп-лицейі» шаруашылық жүргізу құқығындағы
мемлекеттік  коммуналдық кәсіпорны
Хасен Баршагүл Төнхөрханқызы

Тақырыбы:  «Ым-ишара тілі»

Бағыты: Қазақ тілі мен әдебиеті

Орындаған: 7 «Ж» сынып оқушысы,

Умиртаева Дильназ

Жетекшісі:қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Хасен Баршагүл Төнхөрханқызы

Пікір

Оқушым — Умиртаева Дильназдың ғылыми жобасы қазіргі кезеңде лингвистика ғылымында өзекті болып табылатын паралингвистика саласына арналған.   Соңғы жылдары паралингвистикаға байланысты біраз зерттеу жұмыстары жазылғанымен, әлі де көп зерттеуді қажет ететін сала. Осы тұрғыдан келгенде, ғылыми жоба тақырыбын өзекті деп санаймыз.  Аталмыш тақырыпты  оқушы өз қабілет-қарымы мен танымы тұрғысынан зерделеген.

Алғашқы бөлімде бейвербалды амалдардың қазақ тіл білімінде зерттелуіне шолу жасап, ым-ишара тіліне, түрлеріне, жасалуына талдау жасаған. Екінші бөлімді ым-ишара тілінің көркем шығармада берілу ерекшеліктеріне арнаған.  Зерттеу барысында ым-ишара тілінің ұлттық ерекшеліктері мен гендерлік сипаты туралы да тұжырымдаған. Көркем шығармалардан мысалдар теріп, өзіндік ой қорытындылар жасаған. Зерттеу барысынан оқушының ғылыми жұмыс жазуға икемділігі байқалады.

Зерттеудің техникалық безендірілуі, көлемі, ғылыми аппараты талапқа сай. Ізденуші өз мақсатына жеткен деп есептеймін.

Жетекшісі: Б.Т.Хасен

Аңдатпа

Ғылыми жоба тақырыбы ым–ишара тіліне арналған. Қарым-қатынастың бір түрі ретіндегі ым-ишара тіліне  мысалдар келтіріліп,  талдау жасалады.

Зерттеудің негізгі мақсаты – ым-ишара тілінің ерекшелігін, жасалу жолдарын, мән-мағынасын ашу және  ұлттық-мәдени  негізін  анықтау.

Зерттеудің нысаны ретінде ауызекі сөйлеу тілі мен қазақ жазушыларының шығармалары алынған.

Зерттеу жұмысы үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Аннотация

Тема научного проекта посвящен языку жестов. Приводятся примеры и анализируются языку жестов как один из видов общения.

Основная цель исследования-выявить особенности, пути создания, смысл и национально-культурные основы жестового языка.

Объектом исследования являются устная речь и казахские произведения.

Исследовательская работа состоит из трех разделов, заключения и списка использованной литературы.

 

Annotation

The theme of research project is devoted to the language of gesture.

There are some examples are represented and language of gesture as one of types of communication is analyzed.

The main purpose of research is revealing of features ways of making, meaning and national-cultural bases of gesture.

The objects of research are an oral speech and works of Kazakh writers.

The research project consists of 3 parts, conclusion and literature.

Мазмұны

Кіріспе…………………………………………………………………………………………………………..3

І.Негізгі бөлім.

1.1 Ым-ишара тілі және зерттелуі……………………………………………………………………5

ІІ. Зерттеу бөлімі

2.1 Ым-ишаралардың жасалуы және білдіретін мағынасы………………………………..8

2.2 Ым-ишара тілінің көркем шығармаларда қолданылуы………………………………17

ІІІ.Қорытынды……………………………………………………………………………………………22

Пайдаланылған әдебиеттер………………………………………………………………………….23

 

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілі:

 Адамдар өзара бір-бірлерімен қарым-қатынас жасайды. Қарым-қатынас адам өміріндегі маңызды аспектілердің бірі болып табылады.

Адамдар  арасындағы қатынас екі түрлі жүзеге асырылады. Олар: вербалды және вербалды емес. Ғылыми еңбектерге сүйенсек, вербалды қарым-қатынас тіл, сөйлеу арқылы жүзеге асады. Тіл – сөз жүйесі, сөздерді дұрыс құрастыру, ойды сөзбен толық жеткізу,  дыбыстың, интонацияның, сөздің нақтылығы.

Вербалды емес қарым-қатынас  — «дене тілі», «ым-ишара  тілі» деген ұғымдармен байланысты.  Бұл қарым-қатынас  құралына –  ым-ишара, мимика сияқты дене қатысымен жасалған тіл жатады.

Тілдік құбылыстардың табиғатын жете түсінуде маңызды орын алатын бейвербалды элементтерге қарай отырып, қасыңдағы сөйлеп тұрған адамның ойын алдын ала болжауға мүмкіндік туады және сұхбаттассушының түрлі қимылдары арқылы оның ойын алдын ала түсінуге болады. Адам жасайтын ым мен ишараттың мәнін, мағынасын білу, алдын ала болжау қарым-қатынаста өте маңызды. Бұл белгілі бір ұлттың салт-дәстүрі мен мінез-құлқындағы  ерекшеліктерін анығырақ білу үшін өзге ұлт өкілдеріне де қажет.  Сондықтан дене тілі, ым мен ишарат  тілін қарастырған ғылыми жоба тақырыбы  өзекті болып табылады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:

Зерттеудің негізгі мақсаты – ым-ишара тілінің қолданылу ерекшелігін қарастыра отырып, олардың жасалу жолдарын, мән-мағынасын ашу, ұлттық-мәдени негізін  анықтау. Осыған орай мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

  • ым-ишара тілінің ғылыми зерттелуіне шолу жасау;
  • ым-ишара тілін жасалуына қарай топтастыру;
  • көркем шығармалардан ым-ишара тіліне қатысты мысалдар теріп, білдіретін мағынасын көрсету;
  • ым-ишара тілінің ұлттық сипатын ашу.

Зерттеудің нысаны:

Қазақ жазушылары Ж.Аймауытов, С.Мұқанов,
М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин, Ш.Мұртаза,
Д. Исабеков,  О. Бөкей т.б. шығармаларындағы ым-ишара тілінің көрінісі.

Зерттеу жұмысында пайдаланылған ғылыми-зерттеу әдістері: Зерттеу негізінен сипаттамалы әдіспен жазылған. Сонымен қатар жұмыста баяндау, ғылыми талдау, мағыналық және лингвомәдениеттанымдық талдау тәсілдері басшылыққа алынды. Жиналған материалдарды іріктеуде жинақтау, жүйелеу, талдау әдістері кеңінен қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

Зерттеудің ғылыми жаңалығы ретінде ым-ишара тілін жасалу жолдарына қарай топтап, білдіретін мағынасын анықтауымызды және  ұлтқа тән ерекшелігін көрсетуімізді айтуға болады.

Зерттеу жұмысының құрылымы:

Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1.1 Ым-ишара тілі және зерттелуі

Лингвистика ғылымы қарқынды даму үстінде. Соның бір дәлелі ретінде паралингвистиканың дамуын айтуымызға болады.  Паралингвистика – тілсіз қарым-қатынасты зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Ол хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды, яғни сөзбен білдіру  тәсілдерімен қоса, сөйлеу үстінде қолданылатын вербалды емес, яғни тілсіз амалдармен берілуін зерттейді. Сөйлеу кезінде қолданылатын ым-ишараны зерттейді. Бейвербалды амалдар деген терминді алғаш ұсынған американ ғалымы А.Хилл. Ал тілсіз қарым-қатынасты зерттейтін сала – паралингвистика (гр. «para» — жанында, қасында деген мағынаны білдіреді).

Ым-ишара тілі – бұл қарым-қатынас жасау барысында сөздер мен басқа да тілдік бірліктерге сүйенбейтін тіл. Адамдар арасындағы байланыс тіл мен сөйлеу арқылы жүзеге асады. Сөйлеу қарым-қатынастың негізгі тәсілі болып табылады. Австралиялық ғалым А.Пиздың пікірінше, адамдар арасындағы қарым-қатынастың 7% вербалды (сөздер, сөйлемдер); 33% вокалды (интонация, дауыс ырғағы, дауыс немесе дыбыс әуезділігі, екпіні мен қарқыны, т.б.) және 55% бейвербалды элементтер арқылы жүзеге асатыны көрінеді [1].

Ғалымдардың теориялық тұжырымдарында санасыз адам дәуірінен саналы адамның қалыптасу дәуіріне дейінгі аралықта миллиондаған жылдар өткені жайында, сол саналы адамдардың өзі алғашында ым-ишара тілі арқылы қарым-қатынас жасағаны дәлелденген. Міне, осындай ұзақ дамудың барысында адамдар арасындағы қарым-қатынас тәсілдерінің бірі – бейвербалды амалдар қанша ғасырлар өтсе де, әрбір этнос болмысы мен қарым-қатынасында күні бүгінге дейін сақталуда. Адамдардың дене тілі, қимыл тілі десек те болады, қазақ тіл білімінде  аз зерттелген құбылыстардың қатарына жатады екен. Дене тілінің мән мен мағына иеленіп, коммуникация құралына айналуында адамның дене мүшелерінің (соматика) бәрі де қатысады деуге болады.

Зерттеушілер жасаған тағы бір тұжырым бойынша, вербалды немесе тілдік құралдар арқылы нақты ақпарат берілсе, ым-ишара тілі диалогқа қатысып

отырған екі жақтың (тараптардың) эмоциясы мен сезімін жеткізудегі таптырмас құрал көрінеді. Тіпті кейбір жағдайларда, күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, ым мен ишараттың қатысы арқылы ойыңды жеткізу оңайға түседі, кейде тиімді болып шығады. Сондай-ақ, ым мен ишаратқа, дене қимылдарына қарап отырып, қай ұлттың, қай құрлықтың өкілі екенін шамалауға болады, өйткені әрбір ұлттың дене тілінің өзіндік сипатты ерекшелігі (спецификалық) бар және ол ерекшеліктер көбінесе фразеологизмдерге негіз (ұйытқы) болып табылады. Айталық, қамшымен көзге шұқыды, қамшыны алдына тастады, әйел бетін шымшыды десек, қазақтарға ғана тән ишараттарды таныр едік.

Қазақ тіліндегі бейвербалды амалдарды зерттеген ғалымдардың қатарында А. Сейсенова, Ж. Өмірәлиева, С. Бейсембаеваны т.б. атауға болады. Атап айтар болсақ, А. Сейсенова ым-ишарат тілін лингвомәдениеттану тарапынан зерттеп, зерделеген. Ол қарым-қатынастағы бейвербалды амалдардың берілуін, ұлттық түрін, қазақ тіліндегі бейвербалды амалдардың орыс тіліне аударылу жолын, оның әдеп ұғымымен сай келуін қарастырған. Ал Ж. Өмірәлиева қарым-қатынас актісінде жүріп отыратын ым-ишараларды соматизмдермен байланысты қарайды. Ғалым бейвербалды құралдарды қазақ тілімен қоса ағылшын, орыс тілдеріндегі ым-ишараларды да салғастыру әдісі арқылы зерттеп, бас, қол, көз т.б. дене мүшелері арқылы берілетін бейвербалды амалдарды жеке-жеке алып қарайды [2].

Осы аты аталған ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен ғылыми тұжырымдарына сүйене отырып, С. Бейсембаева коммуникациядағы паратілдік құралдарды тек қазақ тілі негізінде зерттейді. Зерттеуші бейвербалды амалдардың мән-мағынасын ашумен қатар олардың фразеологизмдермен қатысын және ым-ишараттың қазақ тілінен орыс тіліне аударылуындағы

сәйкестігін, қарым-қатынас актісінде табу қимылдарының болатындығы жайлы айтады [3]. Ал Г. Мамаева ерлер мен әйелдердің   қарым-қатынасында қызмет ететін кинемалардың ұлттық және психологиялық ерекшеліктеріне қарай бөлінетіндігіне ерекше назар аударған. Жыныс арасындағы кинемалардың қызметі ұлттық, мәдени салт-дәстүрлермен, олардың психологиялық, биологиялық ерекшеліктеріне орай жеке әйелдерге тән және жеке ерлерге тән әдет, дағды, ым-ишаралар ретінде өмір сүреді. Бұлардың жыныстар арасында орны ауысып келуі салт-дәстүр, тәртіптерге қайшы келіп отырғанын зерттеуші нақты мысалдар, тілдік дәйектер арқылы дәлелдей түседі [4].

Қарым-қатынастың бір түрі ретіндегі бейвербалды амалдарды ғылыми тұрғыдан қарастыру қазақ тіл білімінде де соңғы жылдардың үлесіне тигенімен, бейвербалды амалдардың қызметі туралы тұшымды ой мен терең тұжырымдарды ертеден кездестіруге болады. Профессор Құдайберген  Жұбанов ымның ерекшелігі туралы өз ойын былай түйіндейді: «Ауызекі сөйленетін сөздердің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар. Дыбыстап сөйлеген сөздің олқысы, көбінесе, ыммен толығады. Тіпті бірінің тілін бірі білмеген я болмаса, бірінің тілі мүлде жоқ болған уақытта да, ыммен ылаждап түсінуге болады» [5, 148 б.].

Бейвербалды элементтердің зерттелуі туралы тілші-ғалым Б.Момынова: «Кең ауқымдағы танымдық тұрғыдан да дене тілі, ым мен ишаратты зерттеу – тілдің әлеуметтік, психологиялық лингвистика сынды салаларының фактілерін салыстыра отырып, кешенді зерттеу арқылы іске асатынын, теориялық тұғыры әлі толық қалыптаса қоймаған жаңа бағыт екенін» айтады [6, 16 б.].

Қазақ тіл білімінің атасы саналатын А. Байтұрсынұлы 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» еңбегінде айтыс өнері туралы айта келіп, айтыс үстінде айтысушы, сөз сайысына түсуші ақындардың дене ишараттарына көңіл аударып, ерекше мән береді, айтыскерлердің бет-әлпеттерінің өзгерісінің ақынның жан дүниесінің көрінісі деп, психологиялық ерекшеліктеріне

тоқталады [7, 39 б.].  Сонымен қатар М. Жұмабаев ым-ишара мен адам психологиясы арасында терең байланыс барын айтқан. Ол: «адамның жан сыры дене арқылы, мимика арқылы сыртқа білінеді», деген [8, 156 б.].

Зерттеулерге және күнделікті тұрмыста қолданылатын ым-ишараларға зер сала келе, олардың қарым-қатынас құралы болумен қатар адамның көңіл-күйін де жеткізетініне көз жеткіздік.

 

2.1 Ым-ишаралардың жасалуы және білдіретін мағынасы

Ым-ишара тілін жасауға дене мүшелерінің біразы қатысады. Дене атауларына қатысты қолданылатын төмендегідей ым мен ишараттарды көрсетіп, білдіретін мағынасын мысалдар арқылы дәлелдедік.

І. Бастың қатысуымен жасалған бейвербалды амалдар:

Басын шайқау – әлденеше рет басты оңға, солға жылдамдата бұру. Таңқалу, тамаша болу, таңырқау мағынасында: Күйме ішінде әншінің «Сырымбетін» естігенде, Ақандар бір-біріне үнсіз қарасып, таңырқағандай бас шайқасты (С. Жүнісов. Ақан сері).

Біреудің ойымен, пікірімен үзілді-кесілді келіспеу мағынасында: Ербол төреші болғандықтан, енді жұрттың бәрі жаттап алған төрелікті өзі тағы бір айтып, аз ойланып, бас шайқады (М. Әуезов. Абай жолы).

Амандасу, сәлемдесу мағынасында: Қазақтармен бас изеп амандасты
(С. Жүнісов. Ақан сері).

Қоштасу мағынасында: — Ал, бала, қош! – деді ол маған басын изеп
(С. Мұқанов. Өмір мектебі).

Бас ию – басты сәл төмен иген қалыпта азғана ұстап тұру.

Сәлемдесу мағынасында:Орнынан тұрып, беті қып-қызыл боп ду ете түсіп, сәл бас ие, амандасқандай белгі етті (М. Әуезов. Абай жолы).

Кінәсін, айыбын мойындау мағынасында: Мені аға десең, мына сөзіңді қайтып ал. Қайтып ал мына есер мінезіңді! Көрсетпе көзіме! Басыңды иіп,

үлкеннен кешірім өтін! (С. Жүнісов. Ақан сері).

Қадірлеу, құрметтеу, қадірлі адамға сый көрсету мағынасында: Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларымыздың ерлігіне бас иеміз!

Басқа біреудің артықшылығын, үстемдігін мойындау, мойынсұну мағынасында: Жігітек жаны болатын болса, жалтақтамай жетсін де, алдымызға келіп бас исін! – депті (М. Әуезов. Абай жолы).

Басын шұлғу – басын бірнеше рет жоғары көтеріп, төмен түсіру.

Келісу, мақұлдау: Әбіш мақұлдап, барынша ден қойып, басын қайта-қайта шұлғыды  (М. Әуезов. Абай жолы).

 Басынан сипау – алақанмен маңдай тұсынан бастап әлденеше рет сипай жүргізу (көбінесе балалардың басынан сипайды).

Ұнату, жақсы көру, еркелету: Жаным, құлыным, — деп қызының басынан сипады.

Мүсіркеу, аяу: Дәркембай атаға жаны ашып тістене жылап отырған екі жетімек жастарды да басынан сипап, қолтығына тартты (М. Әуезов. Абай жолы).

Басын төмен салу – басын төмен иіп, аяғының басына, жерге қарау.

Ұялу, қымсыну, қысылу: Ебейсін басын төмен салып, сазарып отыр (Ә. Нұрпейісов. Қан мен тер).

Ішкі алай-түлей сезімді өзгелерге білдірмеуге тырысу: Болыс ағам қызық. Жоғының ізіне мені сала береді,  –  деп Тәңірберген төмен қарап, мұртынан күліп отырды да, – мал жоғалса – ұрыдан іздемеуші ме еді осы,  – деді (Ә. Нұрпейісов. Қан мен тер).

ІІ. Беттің қатысуымен жасалған бейвербалды амалдар:

Бетін теріс бұру — әңгімелесіп отырған адамнан жүзін (бетін) басқа жаққа бұрып әкету, басқа жаққа қарау.

Жақтырмау, жаратпау, жек көру, жиіркену, жирену:  – Ой, тәйір-ай, – деді кітапты көрген Мұса, бетін теріс бұрып, – көйлек-көншек, бірдеме беріп

жіберген екен десем, кітап екен ғой!.. (С. Мұқанов. Өмір мектебі).

Ұялшақтықты, қарапайымдылықты, қысылған-қымтырылуды білдіру:

– Қандай сұлу едіңіз! – деді Төлеген.

–  О не дегеніңіз, – деп Арай, бетін теріс бұрып, ұялып қалды.

«Бет жырту» тұрақты тіркесі: Олар ренжіскенімен, бет жыртысып ұрса қойған жоқ (Ауызекі тіл).

Бетін басу – екі қолымен, алақанымен бетін басу.

Қатты қорқуды, шошынуды білдіру:  – Алла, алла! Субухан алла! – деп Ғабидолла бетін басты. – Алла-ай, Ақан, түсің қалай өзгеріп кетті… (С.Жүнісов. Ақан сері).

Қалың қайғыға батуды, тұйыққа тірелуді білдіру: Аяқ-қолы кісендеулі сүйретіліп келе жатқан туған інісін көргенде, Әбді-Саттар бір мезет екі қолымен бетін басып тұрып қалды (І. Есенберлин. Көшпенділер).

Ұялу:  Бетті бастым,

            Қатты састым,

           Тұра қаштым жалма-жан (Абай).

Бетін шымшу – сұқ саусақ пен бас бармақты біріктіріп бетті шымши ұстау.

Ұялу: – Қойшы, масқара, –  деп шешем бетін шымшиды, – қайдағы жоқты айтады екенсің (Т. Иманбеков. Үш айдың үш күні).

Бата беру (ас қайыру) – екі қолды бір-біріне түйістіре ұстап, жайылған алақанмен маңдайдан төмен қарай иекке дейін сипалай жүргізіп өту.

Қоштау, құптау, рұқсат ету, әлдебір іс-әрекеттің аяқталғанына орай сәттілік тілеп бата қылу:, … Хазіретті қоршаған халфе-қарилер, көп моллалар беттерін сипап бата қылып, дағды бойынша осымен «хұтпа тамам болды»  – деп жұрттың тарауына белгі жасай бастады (М. Әуезов. Абай жолы).

Ас ішіліп болғанын білдіретін ишарат: – Дастарқанның байлығын берсін, деннің саулығын берсін, ішкен-жеген  асымыз дәметкен аруақтарға тие берсін, – деп атамыз ас қайтарып бетін бір сипады.

ІІІ. Көз, қабақ, қастың қатысуымен жасалған бейвербалды амалдар:

Көзін алақтату – қасындағы адамға көзін кең ашып, қарашығын екі жаққа тез-тез қозғай түсіп қарау.

Қатты ашыну мен күйінішті білдіру: Көмейіне қанша тықсаң да, жұта беретін, аузын алып қойған,  – деп Нұртаза көзі алақтап, тісін қайрады (С. Жүнісов. Ақан сері).

Көзін қысу – қасындағы сұхбаттасына бір көзін қысып қарау.

Ниеттестікті білдіру: Жігітке көзін қысып, қас-қабағымен ишарат білдіріп, Балзияны нұсқады (С. Омаров. Өмір асулары).

Әзілдеу, қулану: – Апа, – деді Тілеукен. – Мына суыңыз тым суық екен, керегі жоқ, апарып қойыңыз. – Көзін қысты. – Бірақ төге салмаңыз, бізден соңғы қонақтарыңыз ішер (М. Мағауин. Түнгі қонақтар).

Көзін қадау (оқты көзін қадау) – қасындағы адамға жанарын кеңірек ашыңқырап тік, тесіле ұзақ қарау.

Жиіркенуді, жек көруді аңғарту: Сәтбала өз бөлмесінен Мұхит бөлмесіне еніп қайнысымен иек қағысты да, Қайырбекке оқты көзін қадап, самауыр алып сыртқа шықты (Ғ. Сланов. Асау арна).

Көзімен одырая, ажырая қарау – ажырайта кең ашылған көздерімен қасындағы адамға ұзақ тесіліп қарау. Бұл қабақтың қатты түйілуімен қабаттаса жүретін күрделі ишарат.

Шектен шыққан ашуды білдіру:  Кемпір көзі жасаурап, басы қалтақтап оқты көзімен одырая қарады (М. Тоқжігітов. Ән атасы – Әміре).

Таңдану, таңырқау: Екпіндей келіп екі қолымен мұздың ернеуінен ұстаған мені осы жаңа ғана көргендей көзі бадырая қарады
(О. Бөкей. Біздің жақта қыс ұзақ).

Қорқу, абдырау, абыржу: Пышақты түйінге жақындатады да, тартып алады. Мен болсам бажырайып қатып қалыппын.

Ала көзімен қарау – адамға кең ашылған көзін алайтып, көзінің құйрығымен жақтырмай қарау.

Көңілі толмау, жек көру:– Әбішке ала көзімен қарап: – Өзіңде де бар. Ұрлап апарған бір тоқты не болады саған? Онан да Абай айтқан кәсіпті істесең болмай ма?! (М. Тоқжігітов. Ән атасы – Әміре).

Көзін төмен салу – жанарын кірпіктерімен қалқалап, төмен, аяғының астына қарау.

Мұңаю, көңілінде реніш бар екенін аңғарту: Мосқалдау бір әйел Қарақатынды түртіп қалды. Төр жақта отырған Еламанды ымдап, ернін тістеп, қой дегендей ишара етті. Еламан оны байқаса да, өңін алдырмай, көзін төмен салып тұнжырай түсті (Ә. Нұрпейісов. Қан мен тер).

Сызданып қарау – қасын керіп, басын кекжиткен күйінде адамға көзін жай көтеріп қарау.

Жек көру, жақтырмау: Ақжелке қарнын шертитіп шалқайыңқырап, иығында асулы тұрған қылышының сабына бір қолымен сүйеніп тұрып, жақындап келіп қалған елге үрпиіп, сызданып  қарады (М. Әуезов. Қилы заман).

Қас-қабағымен нұсқау – қабағын көтеріп әлдекімді нұсқау.

Нұсқау, бағыттау: Жігітке көзін қысып, қас-қабағымен ишарат білдіріп, Балзияны нұсқады (С. Омаров. Өмір асулары).

Қабағын шыту – қабақ түю.

Біреуге күш көрсету, қыр көрсету, ренжу, қатты ашулану, көңілі толмау:  – Жә! Болды, – деп қабағын шытты әкем (М. Тоқжігітов. Ән атасы – Әміре).

Қасын керу – екі қабағын я болмаса бір жақ қасын жоғары қарай қозғау. Таңданысты білдіру: – Гүлмираға емес, сізге келдім. Қыз қайқы кірпіктерін жоғары көтеріп менің бетіме қарады да, ұзын қасын керіп, таңырқаған сыңай білдірді.

ІV. Мұрынның қатысуымен жасалған бейвербалды амалдар:

Мұрнын тыржиту – мұрын еттерінің жиырылуы.

Мазақ қылу, жаратпау: Шұнақ артына жалт қарады да, Смайылға мұрнын бір тыржитып, үйіне қарай жүгіре жөнелді (Т. Дәуренбеков. Біз әлі кездесеміз).

Мұрнын шүйіру – мұрнын тыржитып, демін ішке алу.

Ұнату, еркелегісі келіп тұрғанын білдіру: – Күмәнім бар, — дейді Лариса Петровна сыңғырлай күлуге тырысып. Еркелегені ме, мұрнын шүйіре тартып қояды.

  1. Таңдай, тіл және тістің қатысуымен жасалған бейвербалды амалдар:

Тілін шығару – тілін созып сыртқа шығару.

Әжуалау: Күнікей көзін бажырайтып, тілін шығарып: – Әшейін айтам, –  деді (Ж. Аймауытов. Күнікейдің жазығы).

Тісін қайрау – үстіңгі және астыңғы қатардағы тістерді бір-біріне қатты үйкеу.

Қатты ашуланып тұрғандықты және әлдебіреуге өшпенділікті білдіру, кіжіну: Көмейіне қанша тықсаң да жұта беретін жалмауыз емес пе? Керейлер аузын алып қойған ғой найсаптың, – деп Нұртаза көзі алақтап, тісін қайрады (С. Жүнісов. Ақан сері).

VІ. Иық, қол, саусақтың қатысуымен жасалған бейвербалды амалдар:

Қол сілтеу, сермеу, сілку – қос қолды я болмаса бір қолдың алақанын сыртқа қарата ұстап, қолды көтере беріп төмен қарай күшпен сермеп қалу.

  1. Бір нәрсені қажет етпеу, қабылдамау;
  2. Бір нәрсені не болмаса әлдекімді ұнатпау, риза болмау;
  3. Қасындағы адамның пікіріне немқұрайдылықпен қарау, сөзіне құлақ аспау: – Альтай, Альтай, сен де ұмытпайды, хватит, көп айту керек емес, – деп Ақаннан төменірек отырған гүжбан шал қарсылық білдірсе де, Әлтай қолын

ақ сермеді (С. Жүнісов. Ақан сері).

Қол көтеру – көбінесе оң қолды, кейде екі қолды бірдей жоғары көтеру.

Барлық істі тоқтатуды талап ету: Шыңғыс тамыры білеуленген сіңірлі қолын көтеріп, «жә!» деген белгі жасап, ырғаса бастаған екі шонжарды тыйып тастады (С. Жүнісов. Ақан сері).

Қабылданған шешімге қарсы шығу немесе жақтап дауыс беру: – Ешкім қарсы қол көтерген жоқ!.. Сонымен, бұл шешіміміз бір ауыздан қабылданды.

Қоштасу ишараты: – Жақсы, қош бол! – дедім мен де қолымды ұсынып (С. Мұқанов. Өмір мектебі).

Қол алысу – екі адамның бір-бірінің қолын алуы.

Сәлемдесу ишараты: Атаман, Сырым, Торғын үшеуі келеді. Торғын – губернаторға тізе бүгіп сәлем етеді. Губернатор тез тұрып келіп Торғынды тұрғызып Сырым екеуімен қол алысады (Ғ. Мүсірепов).

Екі жақ, екі тараптың келісімге келуі: Келістік пе? Онда кел, қол алысып қояйық! – деді Нұрлан қос қолын созып.

Қоштасу ишараты: – Ал, қош, ата! – деп қолдасып жүре беріп едім, аздан соң Жұмекең: – Әй, бала! – деп дыбыс берді (С. Мұқанов. Өмір мектебі).

Қос қолды кеудеге қою – қос қолдың алақанын бірінің үстіне бірін салып, кеудеге қою. Бұл ишарат та бас июмен қатарласа орындалатын күрделі ишараттың бір компоненті.

Сәлемдесу ишараты: – Арсыз ба, Бұқар-еке! – деді Науан ұста қос қолын кеудесіне қойып (І. Есенберлин).

Қол бұлғау – шынтақтан бүгілген немесе тік жоғары көтерілген қолдың алақанын оңға, солға, артқа қозғау, қимылдату.

Қоштасу ишараты: – Жолың болсын, балам! – деп көрші кемпір ғана маған қол бұлғап қала берді (М. Дүзенов. Ақ әже).

Жанына шақыру, жақын келуді сұрау, өтіну: Бірақ енді бұлардың

арасынан Өдек батымдау ажар көрсетіп, Афанасьич пен өзге екі еркекке қарады да, қолын бұлғап шақырып: – Жүр!.. Мұнда жүр! Еркек бар! – деп ерте бастады (М. Әуезов. Абай жолы).

Қол жаю – алақаны жоғары қаратыла ашылған қолды кеуде тұста ұстау.

Құран оқып болған кезде жасайтын ишарат: Күмісті қалтасына салған молда да қол жайып, әлденені ішінен күбірлеп, бетін сипады (С. Мұқанов. Өмір мектебі).

Қолды теріс жаю – қос қолдың алақанын теріс қаратып, кеуде тұста ұстау.

Қарғыс айту, қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша теріс бата беру:

Егер қошемет етіп біреуің жолдас болсаң, қолымды теріс жайып бата беремін, – деді Базарбай (Қыз Жібек).

Қол соғу, қол шапалақтау – қос қолдың алақанын бір-біріне қайта-қайта соғып, дыбыс шығару.

Құптау, мақұлдау, риза болу: Сол бір жарасымды көрініс кезінде залдағылар ұзақ қол соғып, өз сүйсіністерін білдірген болатын (Қ. Байсейітов. Құштар көңіл).

Саусағымен шақыру – жұмылған қолдың сұқ саусағын бүгіп-жазу.

Біреуді қасына шақыру: – Кил әлі мұнда! – деді молда, Оразалының қасында отырған маған, көтерген сол жақ қолының сұқ саусағын шошайта қимылдата (С. Мұқанов. Өмір мектебі).

Жұдырық түю – түйілген жұдырығының сырт  жағын қасындағы адамға қарата ұстау.

Күш көрсету, сес көрсету, қоқан-лоқы таныту: – Оңбаған-ау, мені мазақ қылғың кеп отыр ма? – деп Бекен қуланған кескінмен жұдырығын түйді (С. Мұқанов. Өмір мектебі).

Бас бармағын көрсету – қолдың барлық саусақтарын жұмып, тек бас бармақты жазып, тік ұстау. Қолды кеуде тұсқа дейін көтеріп ұстайды.

«Бәрі жақсы», «бәрекелді» дегенді білдіру: Өмірбай күшіктен көз алмай келе жатып, бір уақытта бас бармағын көрсетіп, екі ұртын томпайтты. Бұл оның «Ала күшік мықты болады», – дегені (К. Наменгенов).

V ІІ. Өзге де жиі қолданылатын бейвербалды амалдар:

Баурына басу (алу) – қасындағы адамның басын кеудесіне қолымен қысу (қос қолымен), денесіне жақындату.

Амандасудың белгісі: Абай да мол құшағын кең жайып, Әбішті бауырына алды. Әке мен бала екеуінде, осындай сағынышты құшақтан басқа бір ауыз сөз болған жоқ (М. Әуезов. Абай жолы).

 Жақсы көру, еркелету: – Қарашығым, жылама, шошыма! Түк те етпейді, – деп Рахымтай басынан сипап, бауырына басты. Дәркембай атаға жаны ашып тістене жылап отырған екі жетімек жастарды да бастарынан сипап, қолтығына тартты (М. Әуезов. Абай жолы).

Арқасынан қағу – қасындағы адамның арқасынан алақанмен бірнеше рет қағу.

Мақұлдау, қоштау: – Болады. Әбден болады. Бұл, бик ғажап ақыл. Мұндай ақылды ақшаға сатып ала алмайсың, – деп Темірке жүзі жайнап отырды да, – шүші матур… биік матур жігіт, – деп ол Тәңірбергенге ырза болып, арқасынан қағып-қағып қойды (І. Есенберлин. Көшпенділер).

Еркелету:Дәрмен сол үшін Асанды қасына шақырып, еркелетіп, арқаға қақты (М. Әуезов. Абай жолы).

Құшағын жаю – екі қолды екі жаққа жайып жәберу, құшағын ашу. Қуану, қатты толқу, сүйіспеншілікті білдіру: Күйме тоқтамастан, Абай бастаған жиын қарсы алдынан өздеріне қарай қозғалғанда, Әбіш тағы да тоқтап болмаған күймеден ытқып, секіріп түсіп, әкесіне қарай құшағын жайып, асыға жүгірді (М. Әуезов. Абай жолы).

Біз ым-ишарат туралы ерттеулерді негізге ала отырып, жасалу жолдарына  тоқталдық. Оларды

— бастың қатысуымен;

— беттің қатысуымен;

— мұрынның қатысуымен;

— көз, қабақ, қастың қатысуымен;

— ерін мен езудің, ұрттың, ауыздың қатысуымен;

— иық, қол, саусақтың қатысуымен және өзге де жиі қолданылатын ым-ишаралар  деп жіктедік. Сонымен қатар көрсетілген топтардың барлығына көркем шығармалардан мысалдар келтіріп, білдіретін мағынасын дәлелдедік.

 

2.2 Ым-ишара тілінің көркем шығармаларда қолданылуы

Көркем шығармалардан  ым-ишара тілінің қолданысына мысалдар теріп, білдіретін мағынасына, ұлттық сипатына талдау жасадық.  Ым-ишара тілінің көркем шығармаларда қолданылуының бірнеше жолдары бар:

1) бір сөзбен беріледі: ыржию, тыржию, ажыраю, қыржию т.с.с.

2) фразеологизмдер арқылы беріледі: бетін шымшыды, қолын төбесіне қойды т.с.с.

Енді осылардың көркем шығармаларда қолданылу ерекшелігіне тоқталайық: Өзінің тілін алмағанына қабағы дірілдеп, бұрынғыдан әрі иіле түсті (Б. Мұқай).

– Басқа рейспен ұшқан шығар, – деген Биғаң маған қарап көзін қысты (О. Бөкей).

  • Е, ащы су, (араққа қарап ернін шығарды), сен итті мына Шөкең менсінбей қойды, қылатыныңды қылып ал (О. Бөкей).

Көркем шығармаларда адамның қабағын түюі – ренжудің, бетін, маңдайын, мұрнын тыржитуы – риза болмау, көңілі толмаудың, ернін тістелеу –  өкініштің, тілін, төменгі ернін шығару – келемеж қылу, мазақтаудың, ернін бұлтиту – өкпелеудің символы ретінде қолданылып, жеке адамның

мінез-құлқынан, жағымды-жағымсыз қасиеттерінен хабар беріп отырады.

Сонымен, мимика дегеніміз – көз, қабақ, мұрын, ерін, тіл, тіс т.б. дене мүшелерінің көмегімен орындалып, белгілі бір ақпарат беретін бейвербалды амалдардың жиынтығы[3.21].

Қазақ тіліндегі ишаралық қимылдар ішінде қызметі жағынан ең өнімділері бас, иық, қол (алақан, жұдырық, саусақ), тізе, аяқ т.б. мүшелеріне байланысты. Дене мүшелерінің атауына қатысты көркем шығармаларда кездесетін ишаралар былай жіктеледі: бас ишарасы, иық ишарасы, қол ишарасы, аралас ишаралар, бүкіл дене тұрқымен орындалатын ишаралар.

Ишараларды орындалуына қарай жай ишаралар және күрделі ишаралар деп топтастыруға болады. Жай ишаралар бір ғана дене мүшесінің көмегімен орындалады. Мысалы, жұдырық түю, бас изеу, иық көтеру, қол бұлғау т.б. Ал күрделі ишаралар екі немесе бірнеше дене мүшелерінің қатысымен жүзеге асады. Ондай ишаралар қатарына санын сабалау –  әжуалап күлу, екі қолымен көзін уқалау –  өз көзіне өзі сенбеу; екі қолымен құлағын басу – ештеңе естігісі келмеу т.б. бейвербалды амалдар жатады. Сонымен бірге ишараларды дербес және заттық ишаралар деп топтаймыз. Дербес ишараларға қол бұлғау, саусақпен нұсқау, бас шайқау, қол көтеру сияқты ишаралар жатады. Ал заттық ишаралар қатарына қоштасу кезінде қолға орамал алып бұлғау, қолда ұстап тұрған затпен нұсқау т.б. ишараларды жатқызуға болады. Мысалы,

    Ақбілек те ақ орамалын желпілдетіп  қоштасты (Ж. Аймауытов. Ақбілек). – Әне, Ақшоқы деген атақты тау, –  деді Бати қамшысымен нұсқап
(О. Бөкей).

«Қарым-қатынас процесінде ер адамдар мен әйел адамдар арасындағы гендерлік ерекшеліктер байқалады. Осыған байланысты биологиялық, әлеуметтік ерекшеліктеріне қарай тек әйел адамдарға және тек ер адамдарға тән мимика, ишаралар, дене қалыбы кездеседі. Көркем шығармаларда кездесетін бейвербалды амалдарды коммуниканттардың гендерлік ерекшеліктеріне қарай

ер адамдарға тән ишара, әйел адамдарға тән ишара, ортақ ишаралар деп топтауға болады»[4.18]. Ер адамдарға тән ишаралар: төс соғыстыру, сақалын саумалау, сақалының ұшын тістеу, бөркін аспанға ату т.б.

Ал бет шымшу, ернін сылп еткізу, бет сызу, бетін жырту, шашын жаю, орамалын бұлғау, бүйірін таяну т.б. ишараларды жазушылар шығармаларында әйел адамдар қарым-қатынасын суреттеу кезінде белсенді қолданады. Ортақ ишараларды әйелдер де, ер кісілер де қолдана беретіні белгілі. Бұл қатарға қол бұлғау, жұдырық түю, қол сермеу, бет сипау, жағасын ұстау, басын шайқау, басын изеу, иығын көтеру, қол алысу сияқты ишаралар енеді.

Қорыта келгенде, «ишара – адамның ішкі көңіл-күйінен хабардар ету мақсатында жасалатын, дене мүшелерінің (аяқ, бас, иық, қол т.б.) әр түрлі қимыл-қозғалысына негізделген мағыналық әрекет»[3.22].

Ым-ишара тілі де ұлттық нышандарға ие. Олар әр халықтың ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің көрсеткіші болып табылады. Бір халықта кездесетін бейвербалды амалдар өзге халықта мүлдем кездеспейді, я болмаса басқа бір мағынада жұмсалады. Мысалы, Еуропа және Америка елдерінде бас бармақты көрсету «өте жақсы», «бәрі де жақсы» деген мағынаны білдірсе, Грецияда бұл – сақтандыру, Шығыс Африкада – масқаралау ұғымын білдіреді екен. Қазақ халқында да бұл ишарат «бәрі жақсы, бәрекелді» деген мағыналарды білдіреді. Мысалы, Өмірбай күшіктен көз алмай келе жатып, бір уақытта бас бармағын көрсетіп, екі ұртын томпайтты. Бұл оның «Ала күшік мықты болады», – дегені (К. Наменгенов. Біздің ауылдың аңшылары).

Ым-ишара тілі барлық халыққа тән болғанымен, әр ұлтта жұмсалуына қарай ерекшелік бар.

Әр елдің өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрі арқылы халықтың тұрмыс-салты, мінез-құлық ерекшеліктері мен дүниетанымының сыр-сипаты көрінеді. Көркем шығармаларда іске асатын қарым-қатынаста қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты бейвербалды амалдар өзіндік көркемдік таныммен

ерекшеленеді. Мысалы, біз шаншу, сырға салу, қамшы іліп кету, қамшы тастар сияқты қимылдары кейіпкер бейнесін тануға әсер етеді.      Халқымыздың ерте заманнан келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі – бата беру. Бата негізінен екіге бөлінеді. Бірі – оң бата (ақ бата), екіншісі – теріс бата. Әдетте, оң бата жолың болсын, ісің сәтті болсын деген жақсы тілекті білдіреді. Оң бата берерде адам екі алақанын алға қарай жайып тұрып, ақ тілегін, адал ниетін айтып, қос қолымен бетін сипайды. Мысалы,  … Хазіретті қоршаған халфе-қарилер, көп моллалар беттерін сипап бата қылып, дағды бойынша осымен «хұтпа тамам болды»  – деп жұрттың тарауына белгі жасай бастады (М. Әуезов. Абай жолы).

Ас ішіліп болғанын білдіретін ишарат ретінде де қолданылады.  Мысалы, – Дастарқанның байлығын берсін, деннің саулығын берсін, ішкен-жеген  асымыз дәметкен аруақтарға тие берсін, – деп атамыз ас қайтарып бетін бір сипады.

Батаның екінші түрі – теріс бата. Бұл риза болмағанда айтылады. Мұндай кезде қатты ренжіген адам екі қолын теріс қаратып тұрып, ауыр-ауыр сөздер айтады. Халық танымында «теріс бата алған адамның жолы болмайды» деген ұғым қарғысқа ұшыраудан, лағнет айтудан туған. Екі қолын теріс қаратып бата беру – қазақ халқында ер адамдардың қолданысында кездеседі. Мысалы, – Егер қошемет етіп біреуің жолдас болсаң, қолымды теріс жайып бата беремін, – деді Базарбай (Қыз Жібек).

Осындай қарғыс мәнді әйелдерге тән ол – омырауын көкке сауу. Ананың ақ сүтін халқымыз киелі деп түсінген. Мұндай іс ең ауыр жаза, кешірілмес күнә болып саналған.

Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасып келе жатқан дәстүрінің бірі – қонақ күту.

Сол Қаратан міне, бізді аттан түсіріп, қарсы алды (Қ. Жұмаділ).

         Қызылы таймаған екі бетіне күлкі үйіріле, бізге беттеген Ақтайдың жары – Гүлсара, менің кластасым еді… күле амандасты (О. Бөкей).

Қонақты қарсы алу, аттан түсіру, төрге отырғызып, шынтағына жастық қою, сусынды қос қолдап ұсыну, кетерде қолтығынан демеп аттандыру – барлығы сый-құрмет амалдары болып табылады. Міне, осындай амалдар арқылы жазушылар «қонақ десе ішкен асын жерге қояр» қазақтың жайдары да қонақжай мінезін даралай түседі.

Осындай ұлттық-мәдени негіздегі ым-ишара тілін көркем шығармаларда қолдану – жазушылар шеберлігінің бір қыры. Байқағанымыздай, жазушылар салт-дәстүрлік негіздегі ым-ишара тілін қолдана отырып, халық өмірінің шындығын бейнелеумен қатар, оның ұлттық ерекшеліктерін де бейнелеп көрсетеді.

Қорытынды

Ғылыми жобаның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, мақсат, міндеттері, зерттеу нысаны, әдіс-тәсілдері мен ғылыми жаңалығы берілді.

Зерттеудің бірінші бөлімінде ым-ишарат тілінің зерттелуі, екінші бөлімінде ым-ишара тілінің жасалуы мен білдіретін мағынасы, келесі біөлімінде  көркем шығармада жұмсалуы қарастырылды.

Осы  бөлімдерде қарастырылған мәселелер бойынша  мынадай қорытындыға келуге болады:

– ым-ишарат ұрпақтан ұрпаққа беріліп, ұлттық таным ақпаратының санада қалыптасқан мән­-мазмұнын, қызметін танытады;

– ым-ишарат тілінің көркем шығармада берілуінің екі жолы бар: бір сөзбен беріледі( ыржию, тыржию, ажыраю, қыржию) және  фразеологизмдер арқылы беріледі;

– ым-ишара тілі адамдар арасындағы қарым-қатынасты жеңіл іске асырып, біреудің ойын екінші адамға түсінікті, жан-жақты жеткізуге ықпал етеді;

— ым-ишара тілі барлық халыққа тән болғанымен, әр ұлтта жұмсалуына қарай ерекшелік бар. Бұл айырмашылық сол елдің тұрмысының, қоғамдық-әлеуметтік өмірінің осыған орай халықтың таным-түсінігінің әр түрлілігімен байланысты болса керек.

— көркем шығармаларда іске асатын қарым-қатынаста қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты ым-ишара өзіндік көркемдік таныммен ерекшеленеді.

Осындай ұлттық-мәдени негіздегі ым-ишара тілін көркем шығармаларда қолдану – жазушылар шеберлігінің бір қыры. Байқағанымыздай, жазушылар салт-дәстүрлік негіздегі ым-ишара тілін қолдана отырып, халық өмірінің шындығын бейнелеумен қатар, оның ұлттық ерекшеліктерін де бейнелеп көрсетеді.

22

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Нұрсұлтанқызы Ж. О. Бөкеев шығармаларындағы бейвербал амалдар: филол. ғыл. канд. автореф.:10.02.02. – Алматы, 2006 – 29 б.
  2. Өмірәлиева Ж.К. Национально-культурная специфика конвенциональных фразеологизмов с соматизмами: дис. канд. филол. наук. – Алматы, 1999.
  3. Бейcембаева С. Невербальные компоненты коммуникации в казахском языке: автореферат канд. филол. наук: 02.02. – Алматы, 2002. – 28 с.
  4. Мамаева Г. Ерлер мен әйелдердің сөз қолданысындағы ерекшеліктер (гендерлік зерттеу): филол. ғыл. канд. дис.: 10.02.02. – Алматы, 2003. – 150 б.
  5. Жұбанов Қ. Қазақ тіліндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966. – 361 б.
  6. Момынова Б. Лидерлер имиджін қалыптастырудағы бейвербалды элементтер. – Алматы, 2003. – 167 б.
  7. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. –  Алматы: Атамұра, 2003. – 206 б.
  8. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 156 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.