Home » Мақалалар » Найман ханы Күшіліктің   тарихта алатын орны

Найман ханы Күшіліктің   тарихта алатын орны

Юсупджанов Талғат Юсупджанұлы
 Тараз қаласы 125 education орта мектебі,
Тарих ғылымының магистрі

 Тұлғаның пайда болуы – тарихтың ұлтқа, арагідік адамзат өркениетіне тартқан сыйы, оны дер кезінде дұрыс танып және лайықты бағалай білу, әсіресе мемлекеттік құрылымдардың тарих алдындағы борышы. «Алып анадан туады», — дейді қазақ даналығы. Тұлға да адам баласы. Демек, ол – нақты этностың, халықтың, ұлттың өкілі. Айғақ-дәлел келтірер болсақ б.з.б.III ғасырда негізі қаланған Ғұн державасының тәңір-құты Мөде Шаньюй. Одан кейін б.з.VI ғасырда түрік тайпаларының басын құрап, Түрік қағанатының негізін қалаған Бумын қағанды айтуға болады және т.б. Осындай ер есімі ел есінде қалған Найман қолбасшысы, әрі ханы Күшілік Таянханұлы [2, 18].

Күшілік Таянханұлы (1180-1218 ж.ж.) өмір сүрген Найман хандығының ханы Байбұқа – Таянханның тұңғышы және тақ мұрагері. Күшілік айбарлы, күшті, қаһарлы деген мағынаны беретін лауазымы. Шын есімі – Алтынша [2, 85].

Тарихшы Г.Г.Пиковтың «Западные Киданы» деген ғылыми еңбегінде Күшілік сөзін анық түркілік, «луг», жалғауы көне түркі тілінің диалектикасына тән, бұл лауазым, атақты Қидан мемлекетінің соңғы гурханы Жилигуден алды деген деректермен келтіреді [3]. Жастайынан әскери өнерге әбден машықтанған, өз заманының нағыз қолбасшы, дипломат, саясаткерлігімен тарихта аты қалды. 1204 жылы 15 шілдеде Наху хонда басталған Найман ханы Таян мен моңғол ханы Шыңғысханның арасында қанды қырғын шайқас кезінде, Күшілік небәрі 20-дан асқан жас жігіт болатын. Наху хон шайқасы туралы дерек көзі 1884 жылы Иранда басылған «Ерте заманнан Темірланға дейінгі моңғол тарихы» атты еңбекте Наху хон шайқасы екінші аптаның 15-ші жаңасында болды дегеніне қарағанда, бұл шайқас 1204 жылы шілде айының 15-ші жаңасында басталса керек. Моңғол тарихшысы Х.Пэрлээ: «Наху хон жотасы Орхон өзенінің батыс жақ сағасындағы қазіргі Лах Баян тауы» деп жобалайды. Найман жағынан                         55 мың қол, ал моңғол жағынан 45 мың қол әскер қатысқан жан алысып, жан беріскен ұлы шайқас болды. Осы соғысқа Найман әскерінің екі түменін Күшілік бастап кірді [4, 188].

Алғашында Найман ханы Таян: «Біз Алтай асып қозғалып, моңғолдарды қоян бұлтаққа салайық, бізді қуамыз деп олардың арық аттарыі онан сайын арықтап тозады, содан соң қайта айналып ұрыс саламыз» деген ұстанымда болады. Шайқас басталмас бұрын Таян хан «моңғолдардың аттары арық, бірақ адам саны көп» деген жалған хабар алған. Алайда, Таян ханның бұл пікірін ұлы Күшілік пен белгілі тайпа басы Хорисубечи қолдамайды. Күшілік әкесінің намысына тиетін ауыр сөздер айтып: «сіз моңғолдардан қорқып қатынның сөзін айтып отырсыз. Ат төбеліндей аз ғана моңғолдар, қайдан көбейе қалды», — деп әкесін әбден тілдейді [5, 206]. Ол кезде Наймандар моңғол тайпаларымен бірігіп үстіртте осыншама алапат, зор күшке айналатының әрине білмеген. Таян ханның қолбасшысы Хорисубечи ханға: «хан әкең қарсы келген дұшпанынан жасқанып атының басын кері бұрып көрмеген еді, ал сенің айтып отырған сөзін мынау, келмеген жауыңнан қорқып кері шегінбексің, одан да өгей анаң Гүрбэсуді әкеліп, әскербасы етіп қоюың ғана қалды», — деп намысына тиетін сөздерді айтып тастаған. Таян хан осы сөздерге қатты намыстанып ұрысқа өзі бастап кіреді, бірақ жеңіліске ұшырап, 51 жасында алған ауыр жарақатынан қанды балақ серіктестерінің алдында көз жұмады [5].

Күшілік азғантай қолымен шегіне отырып, ұрыс салып, артынан қуғын салған моңғол қолымен Тамир өзенінің бойында екі рет шайқасқа түсіп, бірақ ойсырай жеңіліп, Алтайды жайлап жатқан ағасы-Бұйрық ханға келіп қосылады. Наймандарды біржолата талқандамақ ниетімен Шыңғысхан әскері 1205 жылы Урунгу өзенінің бойында Бұйрық ханның әскерімен шайқасты. Осы соғыста Бұйрық хан қаза тауып, Шыңғысханның қаптаған әскері батысқа қарай жылжып 1205 жылдың көктемінде Ойрат Хутуга бектің көмегімен Күшілік пен Меркіт Тоқты бектің соңына түсіп, Ертіс өзенінің бір саласы Бұқтырма өзенінің бір саласында Шыңғысхан мен Күшілік әскерінің арасында тағы да қанды шайқас басталады. Осы шайқаста Меркіт Тоқты бек қаза тауып, Күшлік Бесбалық арқылы шегініп, қазіргі Жетісу жерінде Қидан-Лиау патшалығының билеушісі гурхан Жилигуға келіп пана табады. Кейбір зерттеушілер наймандармен қидандардың арасынан туыстық байланысты іздемек болады.Қидан патшасымен одақтасуында ешқандай туыстық байланысты іздеудің қажеті шамалы. Екеуін одақтастырған негізгі мәселе мынада жатыр: сол заманда Орталық Азия, Батыс Азия сонау Үнді түбегіне дейін өзіне қаратып, билеп отырған Хорезм шах мемлекетінің шахы Мұхаммед II Батыс Лиау патшалығының басты қарсыласы болды. Хорезмдіктердің бірнеше мәрте жасаған шабуылына төтеп бере алмаған, Қидан гурханына саяси одақтас ауадай қажет еді. Аталған оқиғалар екі тұлғаны, екі жұртты бір-бірімен табыстырса керек. Күшіліктің Батыс Лиау патшалығына келіп қосылуы күйреудің аз алдында тұрған хандықтың күшін нығайтқаны айдан анық. Бірақ, Күшілік қауіп батыстағы Хорезм шах мемлекетінен емес,шығыстағы моңғол Шыңғысханнан келетінің білді. 1212 жылы Күшілік соңғы Қидан билеушісі Жилигуды тақтан кетіріп, бүкіл билікті өз қолына алады. Өзі гурханның қызына үйленіп, билігін одан әрі нығайтты. Академик В.В.Бартольдтың еңбегінде: «ол батыс Лиау билеушісін өлтірген жоқ» делінеді. «Гурханға Тай Шан Хуан (бас билеуші), ал оның анасына Хуан Тай Хоу (жесір ханша) атағын беріп гурхан әулетін аман қалдырды», — деп жазады. Атақты парсы тарихшысы Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарихында» Күшілік хан Таян ханның ұлы, Шыңғысханмен соғысып жеңіліп,Түркістан мен Мауереннахр аймағындағы Қарақытай мемлекетінің гурханның қызына үйленіп,әскер жиып,гурханға опасыздық жасап, қашқынға ұшыратып өлтіреді, ал өзі гурханның тағына отырды делінеді [6, 194].

Бұл жерде Күшіліктің гурхан тағын иеленгеннен кейін оны өлтіргеннен пайда жоқ екендігі, онсызда басынан бағы, астынан тағы кеткен Қарақытай билеушісін өлтірмегені анық. Басты ата жауы моңғол Шыңғысханнан ата кегін қайтаруды көкседі. Қолына билік тиісімен 1212 жылы Қарлұқ ұлысының орталығы Алмалыққа шабуыл жасап, билеушісі Бұзарды өлтіріп, ата жауы Шыңғысханды сескендіріп алды. Бұл Күшіліктің бірінші асығыс жасаған қателігі еді, ал екінші жасаған асығыс қадамы X ғасырдың бастап ислам дінінің гүлденген тұсында мұсылман халықтарына қарсы шығуы Күшілік ханның негізгі қателігі болды. Өлкедеге халықтарды христиан дініне кіргізбек болды. Себебі найман тайпалары ол кезде христиан дінінің несториандық  сектасында болатын. Кім біледі дінді пайдалана отырып өзінің билігін нығайтпақ болуы әбден мүмкін? Күшіліктің әрекеті тарих алдында ақталуға тұрарлық әрекеті қадам ба? Шыңғысхандай әлемді ат тұяғының астына салған ұлы билеушіге төтеп беріп, сан мәрте жеңілсе де, берілмей өмірінің соңына дейін моңғолдармен алысып өткен Күшілікті осал деп айту әрине болмас. Дінді пайдалану арқылы өзінің саяси билігін жүргізуге ұмтылған мемлекеттер тарихта аз емес. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазуы бойынша Моғолстан ханы Тоғылық-Темірдің билігі тұсында бір күнде 160 мың адамды ислам дініне кіргізген, ханның бұйрығы бойынша дінді қабылдамаған әмірлер мен бектерді өлім жазасына кескен. XV ғасырда Испания жерінде бірігу процесі аяқталғаннан соң, испандықтар христиан емес халықтарды қырғынға ұшыратты, соның ішінде ең көп зардап шеккен халық еврейлер еді. Ресей империясын алайық орыс отаршылдары өздерінің басып алған жерлеріне бекініс саларда, ең бірінші құрылысы шіркеу салудан бастаған. Күшілік хан өз заманына тән ерлік көрсетті. Күшілік ханның салған соғыстарын Шыңғысханға қарсы ұлт-азаттық күресі деп қарау керек. 1217 жылы Шыңғысханның Жебе ноян бастаған 20 мың қолына қарсы шайқасқа түсті. Күшілік хан тағы да жеңілді, бірақ берілмеді. Қасындағы үш адаммен таулы Бадахшан аймағына өтіп кетті [6, 194].

Сол жақта жергілікті халықтардың қолынан қаза тапты. Күшілік ханның өлімінен кейін Найман мен Қарақытай мемлекеттері өмір сүруін тоқтатты. Екі мемлекеттің соңғы билеушісі ретінде тарихта аты қалды. Мемлекеттердің жойылуына Күшілік ханды кінәлайтындар бар. Рас, ол Қарақытай билігін берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деген ыңғай танытып билік басына келді. Бірақ Найман мен Қарақытай мемлекетін жойған Күшілік емес – Шыңғысхан ғой, осыны ұмытпаған абзал. Наймандар – Шыңғысханмен бетпе-бет шайқасқан ең алғашқы күш. Шыңғысханның моңғол үстіртінде мекендеген түркі тайпаларының ішінде ең ұзақ соғысқан наймандар еді. Найман-моңғол соғысы іс жүзінде он төрт жылға созылды (1204-1218 ж.ж.). наймандар жеңілгеннен кейін Шыңғысханға батысты жаулап алуға жол ашылды. Күшілік хан бастаған найман тайпалары Шыңғысханның батысқа, анығын айтқанда Орта Азияға шапқыншылығына он төрт жыл қорған бола алды. Араға бір жыл салып 1219 жылы моңғол Шыңғысхан бастаған қалың әскер Хорезм шах мемлекетінің территориясына баса көктеп кірді. Орта Азия мемлекеттері шығыстан келген қауіпті кеш ұғынды. Күшілік ханның Шыңғысханға қарсы күресін ұлт азаттық жолындағы жанталас деп қарайтын болсақ, нағыз қаһарман батыр деп қараған жөн. Күшілік хан тарихта әлі күнге дейін саяси әділ бағасын алған жоқ. Он төрт жыл бойы моңғолдарға бағынбай, қарсыласып өткен Күшілік ханды біз моңғол басқыншыларына алты ай бойы қарсылық көрсеткен Отырар билеушісі Қайыр ханның, Хорезм шах мемлекетінің соңғы билеушісі Жалел ад-динің, Киев қаласын жан қиярлықпен қорғаған ағайынды Ярославичтердің, Рязаньді қорғаған батырлардың қатарынан көргіміз келеді. 1999 жылы Өзбекстан Республикасында Жалел ад-дин Мухаммедұлының 800 жылдық мерей тойы болып өтті. 2000 жылы 30 тамызда Жалел ад-диннің құрметіне ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен әскери қызметкерлер марапатталатын «Жалолиддин Мангуберди» ордені тағайындалды. Өзбек үкіметі өзінің тарихи тұлғаларын ұлықтап, марапаттап жатқанда неге біз санаулы саңлақтарымызды ұлықтап, құрметтемеске? Күшілік ханның артында қаптаған қалың елі қалды, Сауыс есімді ұлы қалды. Моңғолдар 1219 жылы Баласағұн қаласын шапқанда Күшіліктің жесірі Гунхуа (күнке) он жасар шамасындағы ұлын жетектеп, тоналып жатқан қаладан қашып шығады. Бірақ, қолға түсіп Монғолияға жөнелтіліп, Шыңғысханның үшінші әйелі, татар тайпасының қызы Есуй хатунның қамқорлығына беріледі. Сауыс Да-Лу найман фамилиясымен сонда өсіп, ер жетіп Шыңғысханның немересі Құбылай хан қалаған қалаған Юань әулетіне қызмет қылды. Күшілік ханның ұлы Сауыстың ұрпағы он үш атаға дейін өсіп, бір тайпа ел болған. Бірақ миллиондаған Қытайдың арасында Сауыс ұрпақтары толық қытайланып, қытай атанып кетті. Күшілік ханмен еріп келеген халық қазақ топырағында өсіп өнді. Қазақ шежіресінен орын алды. Олар қазіргі таңда Алтайдан Атырауға дейінгі Сырдария бойынан Батыс Сібірге, Жетісудан Еділ-Жайыққа, Шығыс Түркістаннан Бұқараға дейінгі дархан далада қанатын кеңге жайды. Қазақ ұлтының негізін құрап, Қазақ хандығының шаңырағын көтерісіп, уық болып қадалды [2, 85-88].

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев сөзімен айтар болсақ, түркі өркениеті, оның мәні өшпестей болып, мың жарым жылға жуық уақыт бұрын Еуразия құрлығының төсінде бедерленген көне жазбалары жалпы адамзат өкениетінің үлкен қазынасы болып отырғаны бүгінде баршаға мәлім. Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Сондықтан түркі тілдес тарихын, мәдениетін зерттейтін оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнай орталық құру керек. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақтеңізге дейінгі ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық жыр және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті, үзенгіні, ат ауыздығын ойлап тапты. Осындай батырлықты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын [2, 3].

Елбасшысы түркі мөдениеті халқымыздың тарихында елеулі орныға ие екендігінге қашанда көңіл бөліп, тәелсіз мемлекеттің дамуында түркі әлемі бірлесу мәселесіне үлкен мән береді. Өйткені, ортақ бабадан қалған мұра, бай рухани құндылықтар жиналған терең мұхит. Сол асыл қазынаны ұлы халықтың мұрагері – біздер бүгінгінің мүддесі үшін онтайлы пайдаланғанымыз тарихи тұрғыдан әділ болмақ. Ұлы далада тұлпарының төрт тұяғына сенген батыр бабаларымыздың негізгі арман мүддесін ары қарай жалғастырушы бүгінгі қазақ халқы. Осылайша тарихтың қай дәуірінде болмасын, тағдыр анықтағыш позиция адамға, адамдар қауымдастығына, солардың интеллектуалды қарымы мен әрекетіне тиесілі екен. Тарихты жасайтын халық, халық дегеніміз адам, тұлға. Дегенмен, халықты құрайтын адамдардың бәрі шетінен әрекетшіл, қисынын тапқыш, кемел, ізгі ниетті дос, жолдас-бауыр емес. Қысқасы, тарихтың жолы қайшылықтар мен қиыншылықтарға толы. Қозғап отырған тарихи тұлғаларды әлі де терең зерделеп зерттей түсу көп қажырлы еңбекті талап етері сөзсіз.

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  • Рашид –ад- дин. Сборник летописей. Т:ІІІ. Перевод с перс. А.К.Арендеса. –М-Л., 1946.-197 б.;
  • Қинаятұлы.З Қазақ мемлекеті және Жошы хан.Астана:Елорда .2004. – 419 б.;
  • Бартольд В.Туркестан эпоху монгольского нашествеие. Москва:Издетельство восточной литературы.Т.1.1963,-433б,
  • ПиковГ.Г. Памяти хана Кучлука. Новосибирск: 2009,
  • ПиковГ.Г.Кидани Сибирь(интернет сайтСибирская заимка.w.w.w.zaimka.ru)
  • Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. Т.ІІ. «Юань бао би ши», «Ляо ши», Алматы “Дайк — Пресс” 2005:-80б.;

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.