Home » Мақалалар » Мың алғыс!

Мың алғыс!

Авторы: Әбдіманап Дана Қанатқызы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 2-курс студенті.

 

Күні мен түні, таңы бар ғалам,
Тұрғыны еттің жаратып Адам.
Жүректің әрбір лүпілі үшін,
Айтамын сізге, мың алғыс, Аллам!

Мейірі шексіз, күн-жүрек анам,
Асқар тау әкем — қорғаным, панам.
Перзенттік бақыт бұйыртқаныңа,
Разымын ғой, мен шексіз, Аллам!

Аңқау да, қамсыз кезімде балаң,
Сый еттің ғажап ұстазды маған.
Шәкірттік бақты сезініп өстім,
Сол үшін айтам алғысты, Аллам!

Студенттік шақ… өсер ой-санам,
Үмітпен алға адымдап барам.
Ғаламат сәттің куәсі еткен,
Алғыстымын ғой мен сізге, Аллам!

Өмірдің мынау жолында тарам,
Кезікті талай сынақ та алдан.
Сүйіншіледің сабырмен сонда,
Сол үшін алғыс айтамын, Аллам!

Шабытым өшпес кең байтақ далам,
Ана тіліммен биік қой бағам.
Жүректен шыққан жырыңды жаз деп,
Қалам ұстатқан, мың алғыс, Аллам!

Ұялатпайтын көңілге алаң,
Иман бердіңіз сөнбейтін маған.
Шүкірлікпенен өткен күн үшін,
Мың алғыс айтам, жаратқан Аллам!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.