Home » Мақалалар » Экологиялық білім беруде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудағы элективті курстың атқаратын рөлі

Экологиялық білім беруде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудағы элективті курстың атқаратын рөлі

Торпакова Зухра Кыдырбаевна
Шымкент қаласы
№2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының
 биология пәнінің мұғалімі

Экологиялық білім беруде функционалдық сауаттылық қазіргі таңда әлеуметтік мәні бар, өмір бойы білім алуға ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналып отыр. Экологиялық негіздері бойынша оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда және оны қалыптастыруда түрлі оқу-әдістемелік құралдарды қолдану мұғалімге басты  қажеттілік болып саналады. Себебі экологиялық білім беру бағытында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі сол, бұл оқушының жеке мотивациялық қызығушылығы мен шығармашылық қабілетінің артуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар функционалдық сауаттылықты дамытудың тиімділігін едәуір арттырады.

Экологиялық білім негіздерін-қоршаған орта туралы жүйелі білімді, табиғатты қорғау іскерліктері мен дағдыларын игеруге, жалпы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған үздіксіз оқу процесі деп айтсақ оған да негіз бар. Экологиялық сауаттылық бұл адам іс-әрекеті арқылы табиғатқа келтіретін залалдың алдын алу және жою бойынша табиғатты қорғау іс-шараларына саналы және сауатты қатысуға мүмкіндік беретін білім, білік және дағды деңгейі. Экологиялық жауапкершіліктің өзегін құрайтын фунционалдық сауаттылық оқушы санасына экологиялық құндылықтарды қалыптастыру барысында қосымша білім беруде элективті курстар ерекше маңызға ие болып келеді. Функционалдық сауаттылық — бұл адамның өмір бойы алған білімін  адам қызметінің, қарым-қатынас пен қоғамдық қатынастардың әр түрлі салаларында кең ауқымды өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана білу қабілеті. Қазіргі космостық жылдамдықпен дамып келе жатқан заманда функционалдық сауаттылық тек оқушылар ғана емес, сондай-ақ ересек адамдарға да барлық қызмет саласында  белсенділік таныту үшін өмір бойы білім алуына ықпал ететін негізгі факторлардың біріне айналуда. Сондықтан да қазіргі таңда оқушыға экологиялық  білім беру өзекті мәселеге ие болумен қатар, оларды шешу қазіргі заманғы білім беру мекемелерінің міндеті болып табылады. Мектеп жасынан бастап баланың санасына экологиялық білімді қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға баулу, рухани танымын ашу арқылы экология туралы білімді тереңдете игерту қажет. Өйткені сабақ барысында оқушының ситуациялық ойлауы, сыни ойлауы, оқу және әлеуметтік позициялау тәжірибесі кеңейеді, алған білімі арқылы оқушының шығармашылық және рефлексиялық қабілеттері қалыптасады. Экологиялық білім беру барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану, бұл оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту және олардың ортамен қалай қарым-қатынас жасау қабілетін ашады, сонымен қатар оған мүмкіндігінше өзін тез бейімдейді. Сондықтан сабақта жаңа инновациялық технологияларды қолдану оқушының функционалдық сауаттылығын дамуына мүмкіндік береді. Функционалдық сауаттылықты дамыту процесі экология білім негіздері бойынша білім, білік, дағдыға негізделген оқу пәндері, яғни биология, химия, физика, география арқылы ойлау қабілетін қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады. Функционалдық сауаттылық қарапайым сөзбен айтқанда — бұл мектепте алған білімі мен дағдыларын өмірде қолдана алатындай болу. Бұл мектепте оқу кезінде қол жеткізуге болатын білім деңгейі, ол әр түрлі салаларында өмірлік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде экология негіздері бойынша білім берудегі басты міндет – оқушының экология ғылымын терең білуге деген құштарлығын қалыптастыру, оған табиғат пен адам арасындағы байланыстың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік беру, оны таным тәсілдері арқылы бағдарлауға үйрету.

Экология негіздері деңгейінде балаға, адам мен оның қоршаған ортасының өзара байланысы туралы қарапайым, ғылыми және эмоционалды-бейнелі идеялардың қалыптасуына, қоршаған ортаға қажетті игілікті ұйғарымдарды игертуге тәжірибе түрінде бағыт-бағдар беру керек. Бұл оқушылардың талдау, салыстыру, жалпылау қабілеттерін қалыптастырады, сонымен қатар өз білімдерін зерттеуге, жүйелеуге, жаңа идеяларды қалыптастыруға және интеллектуалды шығармашылық іс әрекетін дамытуға жетелейді.Сондықтан функционалдық сауаттылықтың негізгі компоненттері-адамның қазіргі қоғамда әрекет ету қабілеті, белгілі бір білімді, дағдылар мен құзыреттерді қолдана отырып, әртүрлі міндеттерді ең кең ауқымды негізде шешу болып табылады. Оқушының экологиялық мәдениеттілігін қалыптастыру, ол баланың табиғатқа жаңа көзқараспен қарау  қажеттілігін туындатады.

Мұғалім сабақ барысында қолданатын түрлі әдіс — тәсілдер, жаңа технологиялар, оқушының танымдық, ақыл-ой белсенділігін дамытуға бағытталуы керек.  Бұл өз кезегінде әр баланың білімін тиянақтауға, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға, тапқырлыққа, ізденімпаздыққа, ойын қорыта білуге және бір жүйеге келтіруге, пысықтауға оның функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағыт- бағдар береді.

Оқушыны оқытудағы білім жетістіктерін бағалаудың жаңа критерилеріне сәйкес саралап, деңгейлеп оқытудың маңызы зор. Себебі оқытудың формасы мен әдістері оқушының  жеке қабілеттері мен қызығушылықтарына негізделеді. Ол үшін оқыту үрдісінде топтық жұмыс ұйымдастырылады.  Қарым-қатынас жасауға қолайлы жағдай туындайды. Экологиялық білім алу өзара қарым-қатынас нәтижесінде ұжымдық  қатынастың қалыптасуына, жауапкершілікті сезіне білуге үйретеді. Сонымен бірге  оқушылардың өзін-өзі бағалау және бақылауда тиімді әдіс болып табылады.

Сонымен экологиялық білім берудің тиімділігі неде?

  • Оқытудың дамытушылық сипатын қамтамасыз ету үшін жаттығулар мөлшерін көбейтуге болады;
  • Оқушы өзі ізденіп жауап береді, мұғалім ұйымдастырушы, бағыт, бағдар беруші;
  • Әр оқушыға тапсырманы таңдап алуда еркіндік беріледі;
  • Әр оқушы өз біліміне сай нақты бағаланады.

Экологиялық проблемаларды сабақта тиімді  қолдану үшін не керек?

  • оқушылардың жеке қабілеттері мен оқу мүмкіндіктерін ашу;
  • оқушылардың қабілеттері мен білім, білік  дағдыларын жекелеме, топтық жұмыста қолдану;
  • оқушылардың жұмыстарын жүйелі түрде талдау;
  • оқушылардың өз бетімен жұмыс жүргізе білу дағдыларын, жеке оқу үрдісін басқара білу біліктерін жоспарлау;
  • сабақта кері байланысты жүзеге асыру;

Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың ең тиімді әдісі білім беру жағдайынан тұратын экожүйелік ғылыми таным арқылы оқушыны оқу, ізденіс  іс-әрекетіне тарту. Экожүйедегі экологиялық қайшылықтардың пайда болу себептерін талдау, қоршаған орта жағдайларына байланысты экологиялық тәуекелдік болжамын негіздеу, ғылымның, мәдениеттің және жеке тәжірибенің деректерін пайдалана отырып, оқушы өзінің  фунционалдық сауаттылығын дамытады.

Қорытындылай келсек, оқушылардың табиғи құбылыстар мен заңдылықтар туралы түсініктерін қалыптастыратын, табиғатты зерттеп танып білуге, дүниетанымдық, мәдени және практикалық бағдарланған сипатын, интеллектуальдық және шығармашылық ізденіс қабілеттерін, оқушыларға өзгермелі әлемді дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бағытында сыни ойлауды дамытатын экология негіздері білімі ерекше өзіндік өзекті маңыздылығымен ерекшеленеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.