Home » Мақалалар »    Азаттық —  аманат

   Азаттық —  аманат

Әбдіманап Дана  Қанатқызы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың  3-курс студенті

 

   Азаттық —  аманат

Ұрпағымын кіл дана мен дараның,

Азат елдің көшін бастап барамын.

Жеңісімде қаныменен жазылған,

Қолтаңбасы бар ғой абыз бабаның.

 

Асыл ерлер елдің жүгін көтерген,

Тәуелсіздік — еңбегі ғой өтелген.

Азаттыққа жанын айырбастаған,

Алаштыққа әркез тағзым етем мен.

 

Қиындықта мойымаған, қашпаған,

Ел мүддесін биік қойған басқадан.

Экономист — Бөкейханов Әлихан,

Алаш орда үкіметін бастаған.

 

Дей алмаспын даналарға кендемін,

Шапағаты тигендер көп елге мың.

Заңгер Танаш Уәлиханның елеулі,

Жоққа ешкім шығара алмас еңбегін.

 

Өткенге өкпе айтқан ұрпақ өне ме?!

Тамырымыз терең жатыр көнеде.

Шипа сыйлар Досмұхамед Халелдің,

Дәрігерлік жолы —  үлгі, өнеге.

 

Төтеп берген би, болыс пен төреге,

Алаштықтар оты оңай сөне ме?!

Бұрыс айтса, Тұрлыбаев Айдархан,

Құлақ асып, халқы оған ере ме?!

 

Жалған айып, бұрмаланған дерекше,

Күй кешті олар адамдардан бөлекше.

Бірімжанов Ахметтің есімі,

Алаш орда тарихында ерекше.

 

Алаштықтар — ардақтылар танып ал,

Әр қазақты жалғызым деп қабылдар.

Саясаткер, ғалым — Халел Ғаббасов,

Физик әрі математик танымал.

 

Қасым, Тәуке біліп өскен заңдарын,

Халықпыз ғой мақтан етер хандарын.

Мықты заңгер Аманжолов Садық та,

Тік көтерді тағдыр басқа салғанын.

 

Алаштықтар салған жолмен кешегі,

Ел рухы көкке өрлеп өседі.

Өткір ойлы, іскер Шоқай Мұстафа,

Күллі түркі әлемінің көсемі.

 

Тыныш заман, жасалған бар жағдайым,

Жарық болса, қазір күндей маңдайым.

Досмұхамед Жаhаншадай ұлылар,

Арқасы деп, шүкір етем, әрдайым!

 

Бейбіт елге қантөгіс жуытпаймыз,

Ғалымдарды бағалап, ұлықтаймыз.

Профессор Әлімхан Ермековтің,

Ғылымдағы еңбегін ұмытпаймыз!

 

Азаттық деп Алаш туы астында,

Пиғыл, ойын ұққан дос пен қастың да.

Мұхаметжан Тынышбаев — инженер,

Болса-дағы сұрапылда хас тұлға.

 

Қазақ үшін Алаштық, бұл — ұлы ұғым,

Теңдік үшін терген ойдың тұнығын.

Депутат Бақыткерей Құлмановтай,

Зиялылар бағалы ғой құны мың.

 

Елінің арқалаған ауыр жүгін,

Арыстардан айырды-ау қуғын-сүргін.

Этнограф, заңгер Жақып Ақбаевты,

Құрметпен еске алады елі бүгін.

 

Күнәсіз арыстарға салған ойран,

Зұлмат заман, сірә да, кетпес ойдан.

Заңгер, іскер, Базарбай Мәметовтер,

Ел десе, ішкен асын жерге қойған.

 

Болмасын деп бодан ел бағы тайған,

Тамырын Алаштықтар кеңге жайған.

Ағартушы Отыншы Әлжановтар,

Ұстаздардың ұстазы еді-ау, қайран?!

 

Өткеннің еншісінде кеткен есе,

Тәуелсіз азат елге қайтсын есе.

Омаров Елдестейін әз ағалар,

Осыны тіледі ғой күні кеше.

 

Болмаймыз деп өзгенің шабарманы,

Алыптардың жасалған қадамдары.

Сәрсенов Биахмет ағалардың,

Орындалды аңсаған ақ арманы.

 

Қандай бақыт — тіл біреу, ел біреуі,

Заңдылық қой, жүректің елжіреуі.

Алаштық алып Телжан Шонановтың,

Қалауы еді байрақтың желбіреуі.

 

Жол бермей арсыздық пен ағаттыққа,

Әлемді аузымызға қараттық та.

Жүсіпбек Аймауытов еңбегінің,

Өлшеусіз үлесі бар азаттықта.

 

Адаспай жолын тапқан көшкен елдей,

Дауылға төтеп беріп, ескен желдей.

Байтұрсынов Ахметтің әрбір сөзі,

Ұрпаққа ұран болды өшпей, өлмей.

 

Шер толған “шүкір”деуде алып кеуде,

Жарамас бейбіт елді ғаріп деу де!

Жұмабаев Мағжанның сенген жасы,

“Азаттық — аманат!” деп дәріптеуде!

 

Өткенге көз жүгіртіп, жүз өтеміз,

Тыныштықты ту етіп, түзетеміз!

Тәуелсіз ел — сыйы ғой бабалардың,

Қиянат жасамай, тек күзетеміз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.