Home » Жаңалықтар » ӘЛІППЕНІҢ ҚАДІРІ КЕТТІ МЕ?

ӘЛІППЕНІҢ ҚАДІРІ КЕТТІ МЕ?

Бірнеше облыстың мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үдерістеріне шолу жасадым. Өкінішке қарай Оқу-Ағарту министрлігінің №348 бұйрық стандарты,  №422 бұйрық бағдарламасы, №394 үлгілік оқу жоспары дұрыс  орындалмай жатқанын байқадым. Оған дәлелдерім де жеткілікті.

Бұл мәселеге кім жауапты? Егерәки бағдарлама мен стандарт орындалмайтын болса. Оны жасап не керек? Өңірлік білім сапасын бақылайтын департаменттер не қарап отыр? Әркім өз талабымен жүретін, жүрдім-бардым қарайтын, оқу тәрбиелеу саласы кім-көрінгеннің тәжірибе алаңы емес деп ойлаймын. Сондықтан да осы саланы зерттеу мен зерделеуге ат басын бұрып отырмын. Бұрғаныма өкінішім де бар сияқты. Әлгі өлеңдегідей «көрмейін десем көзім бар, сезбейін десем сезім бар» болып отырмын.

Шатаспасам, ерте жастан ересек жасқа дейінгі бүлдіршіндердің дағдыларын дамытуға арналған Оқу-Ағарту министрлігінің арнайы бағдарламасы болу керек. Ол ұлттық құндылықтар мен болмысымызға сай,  рухани ғұрыптар мен  наным сенімімізге толы, ғылыми зерттелген, зерделенген негіздерге сүйене отырып құрастырылған болу керек. Сол бағдарламаны өңірлерге таратып, оны  баланың дамуы мен жетілуіне, жас ерекшелігіне байланысты жүйелі түрде қолдану басты назарда болу керек емес пе еді?

     Мектепке дейінгі  ерте жастан дамыту институты бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне сай етіп 2022 жылы кереметтей бағдарлама жасады. Оны салалық министрлік арнайы бұйрық етіп бекітті. Арнайы құжат өңірлердің білім басқармаларына, бөлімдеріне, мектеп, балабақша әдіскерлеріне таратылуы тиіс еді. Алайда кейбір мекемелерден осы құжаттардың жүйелі жүргенін көрмей отырмын. Қолдану жоқ. НЕГЕ? Кінә кімнен? Бағдарлама жасаған министрліктен бе, оны тарата алмаған басқармалардан ба, жоқ әлде әдістемелік кабинеттерден бе?

Қайда асығып барамыз? Бұғанасы қатайып, оң солын дұрыс танымаған 5 жасар бүлдіршінге 1-ші (бірінші) сыныптың бағдарламасын бұрап, сындыра отырып үйреткенде не ұтамыз?  Мектепалды топ/сынып (5 жасар) бүлдіршіндер көбінесе қоршаған ортамен танысып, сөйлеу қабілеттерін арттырып, оңы мен солын танып, мектеп үдерісіне үйрену керек еді.  Бірақ біз, жазу мен оқытуды сол 0 сыныптан бастап кетуге асығамыз. Ол әрекетке түсіністікпен және мақтанышпен қарауға болар еді. Кешіріңіз, бұл әрекет бесінші сыныптың бағдарламасын төртінші сыныптың баласынан талап еткен сияқты ғой. Оны көзі  қарақты ата-ана да жақсы білуі тиіс емес пе? Сонда біз кімді алдап жүрміз? Және қайда асығып бара жатырмыз? Біздің әлі мектеп қабырғасында он бір жылымыз бар емес пе?

Көп жерлерде «Ата-ана баласының ерте оқып, жазғанын жақсы көреді»-деп уәж айтады.  Тағы да кешіріңіз. Ата-ана сала маманы емес. Білім деген, тек оқу, жазудан тұрмайды.  Кез — келген тәрбие мен  білім қандай да ғылыми негізге сүйену керек. Олай болмаған жағдайда жабайылық болады. Осындай «өзім білемге» салынбас үшін де бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне байланысты талаптар қойылады. Өйткені алты жасқа дейінгі балалардың арасында екі-үш айдың өзі үлкен рөл атқарады.

Тәрбиелеу мен оқытуды орын-орынымен қараған дұрыс. Мектепке дейінгі (1 жас пен 5 жас арасы) үдерісті «тәрбиелеу», мектеп жасы 1 сыныптан, 11 сыныпқа (6 жас пен 17 жас) дейін оқыту болып бөлінеді.  Жалпы алғанда 16-18 жыл базалық білімге беріліп отыр. Осы аралықта жазу мен оқуға қатты құштарлық болатын болса, оны бірнеше рет өзгертуі немесе жақсы жағына ауыстыруы әбден мүмкін ғой.

Сондықтан да мектепке дейінгі бүлдіршіндерге ғылыми көзқарас керек. Олай дейтінім, сіздер құрметті тәрбиешілер, атаның баласын емес, ұлттың азаматын тәрбиелеп отырсыздар. Ал тәрбие берген білімнен артық болмаса кем болмау керек. Бүгінгі бала ертеңгі ел тұлғасы. Оған айтылған әр  сөздеріңіз бен жасалған әрекеттеріңіз жадында қалады. Бүлдіршіннің таным көкжиегін ұлғайтып, көкірегіне ізгілік махаббатын сіңіре білу — бүгінгі мақсат болу керек еді. Біз сөз қылып отырған 42 әріпті бірінші сыныпқа барғанда әліппеден үйренгені орынды ғой. Олай болса ӘЛІППЕнің қадірін кетірмейік. Әріпті бірінші сыныпқа барғанда да үйреніп алады.

Осы тақырыпқа байланыста пікір не уәж айтамын деген кісілер болса мен ашықпын.

Білім айнасы
Оңтүстік Қазақстан облысының тілшісі
Әбдіқадыр Яхияев

6 комментариев

  1. Ия, бала тәрбиесі- өте күрделі! Үй тапсырысы дайындайтын баланың да ата- анасы еңбегін жаңа белес ретінде бағалау өте терең де, мағыналы іс.

  2. Жансаулем

    Кермет жеткізілген өзекті ой!

  3. Өте керемет жазыпсыз. Бастауыштың мұғалімдеріне салсаң 42-әріпті біліп, жазып келгенді құп көреді. Бірақ баланың деңгейіне қарамайды.

  4. Әліппеш атауына көңілім толмайды. Әліппе атауы дұрыс еді.

  5. Әсемгүл

    Өте жақсы айттыңыз.Бізден 1 сынып мұғалімі және психолог маманы көрген сайын,нолевой классстан балалар әріп танымай келді,неге жазу жазғызып оқытып жібермейсіңдер деп қосады Баланың жасы ол программаға сай емес екенін айтамыз олар түсінбейді, сендер жұмыс жасамайсыңдар дейді бізге.

  6. Өте орынды айтылған. Әр нәрсе өз орнымен болуы тиіс. Мдбб де баланы білім алуға , зейіннін тұрақтауына ,саусақ моторикасының дамуы,Т.б. жұмыстар жүргізілуі керек деп ойлаймын

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.