Жакыбаев Ерлан Кадлетович Жетісу облысы Талдықорған қаласы. КММ №3 Д.Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатының тарих пәннің мұғалімі.
«Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі». Әбу Насыр Әл- Фараби
Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен тамыз конференциясы өтті. Ол жерде Ұстаздарға «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты міндет» деп атап өтті.
Менің ойымша, «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халқымыз. Бәріміз де кезінде мұғалім тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан, болашаққа жол сілтейтін мұғалім еңбегін лайықты бағалау, Мемлекет тарапынан қолдау өте маңызды. Тәуелсіз мемлекеттің ертеңі-ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен білігіне, іскерлігіне байланысты.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтып кеткендей білімді де білгір шәкірт тәрбиелеу ұстаздан басталары сөзсіз. Ұстаз-киелі ұғым. Осы ұлағатты сөздің астарында білімділік те,ақылдылық та,мейірімділік те, зерделік те жатқаны белгілі.
«Бұлақ көрсең, көзін аш»деген халық даналығы бар емес пе? Ендеше, көз алдымдағы шәкірттерімді «Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» атануға лайық, білімге деген құштарлықтары мен сүйіспеншіліктерін арттыруына жауапкершілікпен қарау -менің міндетім. Білім мен тәрбиені қатар бере отырып, осы шәкірттерімнің талаптарына нұр жауса екен деймін. «Өнерлі өрге жүзеді», «Талаптыға нұр жауар», «Өнерлінің өрісі кең» деген қанатты сөздермен қанаттандырып отырамын. Әлі де балапан қанаттары қатаймаған шәкірттерім талай байқауларға қатысып,талай бәйгенің жүгенін ұстайтындарына ұстаздық жүрегім күмән келтірмейді. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильян Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» -деген екен.
Білім саласы қызметкерлерін төл мерекелері — Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Сіздердің кәсіби мерекелеріңіз елдегі ең қадірлі, ең мерейлі әрі аса жауапты мереке. Себебі, Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Баланың болашағы, оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер болатыны тікелей тәлімгерге байланысты. Президентіміздің айрықша көңіл бөлуі нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын замануи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім саласын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Оның барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз.
Құрметі білім саласының ұстаздары! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шығармашылық табыстар, шабыттандыратын ұстаз қатарынан көрінуді тілеймін!