Home » Мақалалар » Ұстаз мәртебесі –ұлт мәртебесі

Ұстаз мәртебесі –ұлт мәртебесі

Метербаева Мөлдір Қайратқызы
Жетісу облысы, Талдықорған қаласы,
Д.Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатының
педагог – ұйымдастырушысы

Ұстаз мәртебесі –ұлт мәртебесі

Ұстаз – ұлы да ұлағатты есім. Әр адамның жадында мәңгі сақталатын жарқын бейне. Адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойымызға сіңіріп, тәлім-тәрбиемен қатар білім беріп, жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға еңбегі мен күш-жігерін аямаған қасиетті мамандық иелері. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық мамандықтың қай кезде де қоғамда алар орны маңызды. Себебі қоғам мен мемлекеттің дамуы оқу-ағарту саласымен тікелей байланысты екендігіне көз жеткізіп келеміз. Сондықтан ұстаз мәртебесі мен беделін көтеру, ұстаз мерейін арттыру  қашан да мемлекеттің назарынан тыс қалмауы тиіс.

Осы мақсатта президентіміздің бастамасымен бірқатар маңызды істердің жүзеге асырылып жатқандығына куә болудамыз. Бірқатарына тоқталатын болсақ, ең біріншісі білім саласындағы мамандарды қатты қуантқаны «педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы. Елімізде кейінгі жылдары ұстаздар қауымына деген пікірдің қоғамда екіжақты болуы, бала мен ұстаз, ұстаз бен ата-ана арасындағы шиеленіскен қарым-қатынастар, өзара түсініспеушіліктер, жасөспірімдер арасындағы теріс тәрбие мәселесі, сонымен қатар мұғалімдердің көп жылдардан бері қоғамдық іс-шараларға үздіксіз тартылуы —    ұлағатты жандардың еңсесін түсіріп жібергені шындық. Міне, сол себепті бұл заңның  барша ұстаздар қауымы үшін қаншалықты маңызға ие екендігіне көз жеткіземіз.

Елдегі экономикалық жағдайдың тұрақты болмауына қарамастан аяулы мамандық иелерін шабыттандарған тағы бір игі істі баса айтсақ болады. Мемлекет басшысының 2024 жылға дейін  мұғалімдердің жалақысы 100 пайыз көтерілетіні туралы мәлімдемесінің негізінде тапсырма кезең-кезеңімен орындалды. Аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы үшін еңбекақының көтерілуі жұмыс белсенділігін арттыруда оң әсерін тигізіп қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда да үлкен қолдау болды десек артық айтқандық емес. Тіпті, жалақы көбейгеннен кейін еңбек демалысын шетелдерде өткізген мұғалімдердің жиілегені қуантарлық жайт.

Мемлекет қолдау көрсеткен соң, ұстаздар да соған сай болуы керек. Осы бағытта жоғарғы оқу орындарындағы өзгерістерді де айтуымызға болады. Мұғалімдік бұрындары екінің бірі таңдайтын, кез-келген адам түсе салатын мамандықтар қатарында еді. Дипломы бар адамдардың бәрі ұстаз бола беретін. Қоғамдағы ұстаздар туралы теріс пікірлердің қалыптасуы да осыдан шығар… Ал қазір бұл саланың мақсаты мен бағыты басқа арнаға ауысты десек болады. Жоғарғы оқу орнында оқитын студенттердің іс-тәжірибеден өту кезеңіндегі өзгерістер, әдістемелік бағыттағы сабақтар, көмектер, оқу бітірген соң «педагог» мәртебесін алу үшін сынақ тапсыруы сапалы мамандар дайындау үшін жасалып жатқан ұтымды шешім деп білемін. «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасының дұрыс жүзеге асуы да ұлт болашағы үшін маңызды.

Мұғалім тек білім беріп қоймай, шығармашыл, жан-жақты болуы — заман талабы. Шығармашылық пен ізденіске, креативті ойлауға жетелейтін түрлі сайыстарда бақ сынап, қажыр-қайратын танытқан, өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білген ұстаздар қауымының еңбегіне қарай марапатқа ие болып, лайықты сый алуы – өте жақсы бастама. Бұл бастама еліміздің әр өңірінде тиісті деңгейде орындалып жатыр. Жетісу облысы Білім басқармасы ұйымдастырып, өтіп жатқан сайыстар, алда жоспарланған шаралардың барлығы осыған дәлел. «Үздік педагог», «Жас ұстаз», «Дарынды оқушыға – талантты ұстаз», «Жыл мұғалімі», «Жетісу ұстазы», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік балабақша», «Үздік әдіскер», «Ұстаздар әулеті», «Үздік ауыл мектебі», т.б. сынды аудан, қала, облыс деңгейінде ұйымдастырылған сайыстар ұстаздарды шыңдап қана қоймай, төккен тер, еңбегіне сай тиісті деңгейде лайықты бағалануда. Мәселен, жақында өңірімізде өткен «Жетісу ұстазы — 2023» байқауында  білікті де білімді, ізденімпаз, өз ісінің маманы деген атқа сай болып, бас жүлде алған жеңімпаз ұстаздың автокөлік иеленуі, қалған жүлделі орын алған әріптестеріміздің қаржылай сыйлықтар ұтып алғаны ерен еңбек иелері үшін шабыттарына қанат бітіретін үлкен қолдау деп білуіміз керек. Қазаның 4-і күні ұйымдастырылған «Үздік сынып жетекшісі — 2023» байқауындағы бас жүлде иегері 1000000  теңгенің сертификатын иеленді. Өзге де жеңімпаздар да ақшалай сыйлық алып, түрлі номинация иеленген қатысушыларға бағалы сыйлықтардың табыс етілуі ұстаз үшін еңбегінің дұрыс бағалануы, құнды екендігін білу мен сезудің өзі зор мәртебе екендігі сөзсіз.

Қорыта айтқанда, қасиетті мамандық иелерінің қадірін-қасиетін түсіндіріп, абыройы мен беделін көтеретін ең бірінші барынша қолдау көрсетіп, игі шараларды жүзеге асыратын мемлекет, сапалы білім беретін білікті де білімді ұстаздар, саналы тәрбие беретін ата-аналар, дарынды  да талантты ұрпақ, дұрыс көзқарастағы және ұстазды жоғары бағалайтын қоғам, бәрі-бәрі,  тіпті, сіз бен біз. Олай болса, еліміздің абыройын асқақтатып, халқымыздың игілігі үшін қызмет ететін ұрпақ тәрбиеленсін десек, қадірлі ұстаздар қауымының мәртебесінің артуына, бейнесінің жарқын болуына бәріміз  атсалысайық. Мұғалім мәртебесі жыл сайын арта берсін!  Мерейі үстем болып, үміті ақтала берсін! Мемлекеттің қолдауы жылдан жылға жақсара берсін! «Ұстазым-ақылшым, кемеңгерім» деп бас иетін саналы ұрпақ көбейе берсін! Жаңа оқу жылындағы бар тілегіміз осы! Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілеймін! Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.