Home » Мақалалар » Ұлы Жеңіске – 75 жыл!

Ұлы Жеңіске – 75 жыл!

Елін қорғаған Иманқұлдың қос қыраны

 Ұлы Отан соғысы деп аталатын екінші дүниежүзілік соғысқа кезінде Павлодар уезі бойынша бас қазынашы, алғашқы Алашорда уездік кеңесінің мүшесі болған Алаштың ардақтысы Иманқұл Бәтісовтың екі ұлы бірдей аттанды. Үлкен ұлы Зәркеш – Ленинград майданында ерлікпен қаза тапса, Қабдылмәжені (Мәжен) – Калинин майданына қатысып, елге жеңіспен оралады.
Зәркеш Иманқұлов 1906 жылы Павлодар облысы Куйбышевский (қазіргі Ақтоғай) ауданында туған. 1936 жылы отбасын құрады. 1937 жылдан бастап, Павлодар аудандық райзаготскотта жұмыс істейді. 1941 жылдың он үшінші шілдесінде аудандық әскери комиссариатқа шақыртылып, соғысқа аттанады.
Зәркештің отбасына жіберген суреті.
Қызыл әскер Зәркеш Иманқұлов – аты аңызға айналған қаһарман Ленинград қаласын неміс-басқыншыларынан ерлікпен қорғаған батыр жерлестеріміздің бірі. Ол 1942 жылдың жиырма бесінші шілдесінде ауыр сырқаттан әскери госпитальде қайтыс болып, Ленинград облысы Рыбежно поселкесі Паша станциясында жерленген. Арада бес күн өткен соң, жауынгердің жары Нұрыш Иманқұловаға бөлімше командирі әскери комиссар Сметанинннің қаралы хабарламасы келеді.
Солдан оңға қарай: Иманқұлдың інілері Құрманның қызы – Қаншайым, Керейдің қызы – Раушан, Зәркеш, Зәркештің әйелі – Нұрыш, інісі – Мәжен.
Майдандағы әскерді киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде одақтас Моңғолия елінің көмегі айырықша болады. Олар КСРО-ға қайтарымсыз негізде мыңдаған қой береді. Коммунистік партияның тапсырмасымен қазақстандық комсомол жастар сол малды елге айдап әкеледі. Зәркештің жары Нұрыш «Ильинская школа ветфельдшеров»-ты бітіргендіктен, мал дәрігері ретінде сол көштің құрамында барады. Ал әкелінген малдың еті Семей қаласының ет комбинатында өндіріліп, майданға жөнелтіледі. Бұл – Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан комсомол жастардың тылдағы орасан зор үлесі болатын. Зәркеш майданда қаза тапқаннан кейін Нұрыш әмеңгерлік жолымен інісі Мәженге тұрмысқа шығады.

Қабдылмәжен Иманқұлов (Мәжен, азан шақырып қойған аты – Қабдылмәжит) 1912 жылдың он бесінші сәуірінде Павлодар облысы Куйбышев ауданы (қазіргі Ақтоғай ауданы) Калининский ауылдық кеңесінің №11 ауылында (қазіргі Ақсу қаласы және ауылдық аймағына қарасты Сарышығанақ ауылы, ол 1957 жылға дейін Ақтоғай ауданының құрамында болған) дүниеге келген. Бірақ, құжат бойынша 1918 жыл деп тіркелген. Жасының кішірейтіліп жазылуына 1935-1936 жылдары оның Ақтөбе облысының Ақбұлақ ауданындағы балалар үйіне орналастырылуы себеп болған көрінеді. Бірде балаларымен әңгімелесіп отырып, балалар үйінде болғанда жасының өзге балалардан әлдеқайда ересек болғанын және сол үшін өзін үнемі ыңғайсыз сезінгенін айтқан. Анасы дүниеден өткенде Мәжен ағай небәрі үш-төрт жаста ғана екен. Ата-анасынан айрылған соң, екі жылдай ағасының қолында тұрады. 1932 жылы Бийск қаласына барып, еңбек жолын сондағы экспортқа шығарылатын ірі қара мал бағудан бастайды. 1933 жылы қайтадан Павлодар ауданына келіп, Байғоныс ауылында екі жыл тағы да мал бағады. 1935 жылы еліміздің белсенді жастар ұйымына кіріп, комсомол атанады. Бұл кезде Мәжен ағаның тек үшжылдық білімі болған екен. Арнайы білімсіз жақсы жұмыс тауып, армандарына қол жеткізе алмасын түсінген ол 1936 жылы Алматы қаласына барып, байланыс техникумы жанындағы рабфак-қа оқуға түседі. 1939 жылы байланыс техникумының екінші курсын бітіріп, сол жылдың желтоқсан айында Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясы қатарына алынады. Алты ай полк мектебінде әскери даярлықтан өтіп, 1943 жылға дейін азық-түлік қоймасының меңгерушісі болады. 1942 жылы өз өтініші бойынша коммунистік партияға өтеді. 1943-1946 жылдары Калинин майданында 81 танк бригадасын қамтамасыз етуші взвод командирі, кейін штаб басшысының көмекшісі дәрежесіне дейін жоғарылайды.
1943 жылдың он екінші наурызы күні №73706 әскери бөлімшесінің взвод командирі старшина Қабдылмәжен Иманқұлов неміс басқыншыларымен шайқаста көрсеткен ерлігі мен әскери тапсырманы үздік орындағаны үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Мәжен ағаның жеке құжаттарының ішінде оның әскери қызметте тәртіпті сүйетін, өзіне де, өзгеге де талап қойғыш, тапқыр, алға қойған мақсатына жетуге қашанда дайын болғаны туралы жазылған мінсіз Мінездемесі де бар. Ол майдан даласында жауынгерлік міндетін атқарып жүріп екі рет жараланады.
1946 жылдың он төртінші ақпанында ҚК (б) ПОК-нің хатшысы С.Яковлевтің ұйғарымымен, батырға майданда көрсеткен ерен еңбегі мен ерлігі үшін онкүндік демалыс беріледі.
Майдангер 1946 жылы елге оралып, жеңгесі Нұрышпен отбасын құрады. Тұрмысы жақсарып, өмір жаңадан бастау алады. Бақытты отбасында алтын асықтай он бала дүниеге келеді. Ауырды ма, әлде «көз» тиді ме, балалардың төртеуі кішірек кездерінде, кейін 1959 жылы туған ортаншы ұлы Абуталип пен көп жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет етіп, подполковник шенін таққан тұңғышы Абдулхамит та елу жеті жасында қайтыс болады. Ал текті атаның соңында қалған төрт ізбасары: Майнұр, Айнұр, Абдулманат, Абдулмуталляп Иманқұловтар бүгінде Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында отбасыларымен бірге өсіп-өніп, бақытты ғұмыр кешуде. Иманқұл атаның өзі сияқты, оның ұрпақтары да білімге деген құштарлығы мен мамандық таңдаудағы өзіндік таным-талғамдарымен ерекшеленеді. Ағайындылардың отбасында: төрт бірдей дәрігер, екі темір жол қызметкері, екі ішкі істер қызметкері (Абдулхамит қайтыс болған), екі экономист, екі шет тілі маманы, бір журналист т.б. жоғары білімді, кәсіби мамандар бар.
Мәжен Иманқұлов – Павлодар облыстық сауда орталығының қоғамдық тамақтану азық-түлік қоймасының меңгеруші, Павлодар техстелсвит облыстық базасының қойма меңгерушісі, Шақат совхозының рабкоп басшысы, Красноармейка элеваторының телім басшысы және Павлодар қалалық сауда орталығының «Ертіс» мейрамханасының директоры міндеттерін атқарды. 1964 жылы Ермак ауданында (қазіргі Ақсу қаласы және ауылдық аймағы) жаңадан құрылған Қалқаман кентіне отбасымен көшіп барып, ондағы астық дайындау мекемесін басқарған. Оның соғыстан кейінгі тұралап қалған ел экономикасын қалпына келтіру және дамыту жолындағы қажырлы еңбегі әділ бағасын алып, екі мәрте «КСРО Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Майдангер ақсақалдың Қалқаман кентіндегі қара шаңырағы бүгін де дін аман. Абдулманат аға ата-анасының шаңырағын өз отбасының шаттығына бөлеп, әлі күнге дейін ие болып отырған жайы бар.
Кіші лейненант Қабдылмәжен Иманқұлов «Отан соғысы» орденімен, «Ұлы Отан соғысына 75 жыл (1941-1945 жыл)» және «1918-1978 КСРО Қарулы Күштеріне — 60 жыл» мерейтойлық медалдерімен марапатталды.
«Ұлы Отан соғысының ардагері» және екі мәрте «КСРО Еңбек ардагері» Қабдылмәжен Иманқұлов 1983 жылы, Нұрыш ана 1995 жылы дүниеден өтті.

 Айгүл МОЛДАШ,
«BILIM AINASY» газеті
Павлодар қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.