Home » Мақалалар »   Ұстазға тағзым

  Ұстазға тағзым

«Ұстазды алтын діңгекке балар едім» — деп, ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин  айтқандай ұстаздық – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Шындығында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр.

«Тамшысымен тас тесетін бейне бір  су тәрізді» жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету.

15.02.2024 жылы Исатай Әбдікәрімов атындағы  №168 орта мектебінде “Ұстаз- ұлы есім” атты Айтжанова Анипа Досхожақызын    “Еске алу “ кеші болып өтті.

Анипа Досхожақызы 168 мектепте математика, информатика пәндерінен сабақ берген ұлғатты ұстаз еді. Рухани кеш — ұстазымыздың өмірбаянымен басталды. Өмірбаянды оқыған Мұхтархан Қарақаттың дауысы, ішкі күйі, сезімі жүрекке жетті.

Өмірінің 33 жылын ұстаздыққа арнаған асыл анамыздың білім саласындағы ізгі жолы көпке үлгі.

Еске алу кешінде ұстазымыздың білім жолындағы еңбектері мен  жұбайы, ұл-қыздары жайлы түрлі естеліктер айтылды. Ұстазымыздың және өмірлік серігі болған жолдасының бауырлары, ұжымдастары естеліктер айтып, өткен өмірлерінен сыр шертті. Мектептің оқушыларынан сағыныштың лебін сездім.

Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы !- деген сөз бекер болмаса керек. Біздің ауыл үшін мұндай “Еске алу”  кеші тарихи оқиға болды.  Атаулы кешті ұйымдастырған Муслимова Замира Сейдахметқызының еңбегі ерен.

Ұстазының ұстамды жолын ұлықтап, ұстазына деген құрметі жүрегімізге жылулық сыйлады.

Еске алу кеші — жабырқаған жүректің сырын ашып, ой түкпірін тереңнен қозғаған шара болды деп толық айта аламын.

⠀Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, ол соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің бойына дарыту үшін мұғалім қаншама тер төкті десеңізші. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?

⠀Иә, Анипа Досхожақызы осындай құрметке лайық ұстаз  бола білді. Өлшеулі ғұмырында  асыл жар, мейірімді ана, ұлағатты ұстаз бола білген аяулы жанды еске алудың өзі- ұстазға деген құрмет деп білемін.

 

Дайындаған: Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылы
И.Әбдікәрімов атындағы №168 орта мектебінің
география пәнінің мұғалімі: Муслимова Замира Сейдахметқызы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.