Home » Балабақша » Мәдени мұрам – байлығым

Мәдени мұрам – байлығым

Батыр Бауыржан Момышұлы көшесіндегі болашақтың қаласы Астанамызға сән беріп тұрған ақбоз үйдің ішіне жолың түспесе кіре бермейсің …
«Достық үйі» деп үлкен әріппен жазылған ақ ғимарат іші көзтартар әсемдігімен, шаңырақ бейнесіндегі ұлттық бояуы басым көрме залымен бірден баурады.
Қос қабаттағы тұнып тұрған құндылықтар, мағыналы ақпараттармен танысып, рухани азық, көтеріңкі көңіл күй, өзгеше атмосфераны сезінген жандарда жылы жымиыс басым…
Түрлі этностың басын қосқан бірлік ордасында балабақша педагогтары жұмыс күнін бастады. Тәрбиешілерді музыка залынан емес көрме жақтан кездестірдік. Тың бастаманы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің  Гусманова Толқын Қадырбайқызы басқаратын №13 «Тұлпар» балабақшасының ұжымы көрсетті.
20 ақпан күні «Мәдени мұрам –байлығым» тақырыбындағы «Адамгершілік –патриоттық тәрбие» кластерін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану» орталығымен «Достық үйімен» бірлескен шара етіп қалалық деңгейде өткізуі жаңаша бағыт, тың идея болды.
 Көрмеден алған тамаша көңіл-күй «Лад» славяндық қозғалысы Астана филиалының «Радуга» ансамблінің хорына хорға ұласып, туризм орталығынан келген әнші Гульзада Бейсембаевамен бірлесе гитараның әсем үнімен Абай әнін көпшілік қосыла шырқады…
Таңғы тамаша тілектер төгіліп жатты.
Негізгі бөлімге ауысып серіктес №6 «Көктем», №58 «Өркен», №71 «Мөлдір» №24 «Айналайын» балабақшаларының  педагогтары арасында өткен туризм элементтері бар іскер ойынға ұласты. «Барыс», «Достық», «Тұлпар», «Қыран» топтары атанған төрт балабақшаның үштіктен құралған педагогтары  командалық сайысты бастап кетті. Қонақ болып қатысқан №87 «Қадір», №45 «Самұрық», №3 «Күншуақ», №16 «Шағала» балабақшаларының меңгерушілері Ләйла Мұратбекқызы, Құбажай Шәріпбекқызы, Гүлбагира Шариполлақызы, Гүлнәр Қалиасқарқызы төрелік жасады.
Танысудан басталған сайыс,  ғимарат ішінде бағдар алу яғни ішінде тапсырмалары бар конверттерді алып, жасырынған әріптерді тапты. Екінші тапсырма — викторина«Қазақстандағы ою-өрнек өнері», «Қазақ оюларының түстері» жайында қойылған сұрақтардың дұрыс жауаптарын тапты.
Әр командаға практикалық тапсырма зооморфтық ,
гометриялық пішінді, өсімдік, космогониялық белгілердегі оюларды атап өздері білмеген ақпараттарын алды.
Командадағы практикалық жұмыста трафареттер мен әзірленген материалдарды пайдаланып әр команда өз текеметтерін жасады. Тапсырмаларды орындап болысымен команда мүшелері келесі үстелге жақындады. «Мәдениет және көрнекті жерлер» жайлы қойылған сұрақтардың жуабын іркілмей тапты.
Туған қаламызға қатысты сұрақтарға да сүрінбей жауап берді.
Төртінші тапсырмада «Қазақ халқының ұлттық ыдыстары» жайлы қойылған сұрақтарға жауап беріп, торсық, кесе, ожау, тостаған жасады. Өз қолдарымен жасаған ұлттық ыдыстардың қолданылуымен пайдасы жайлы әділқазыларға түсіндірді.
«Музыка өнері» сайысында өз қолдарымен тайтұяқ  жасап ,барлығы бірлесе ұрмалы аспаптардың көмегімен оркестрде ойнады.
Жорықта, сапарда, аялдау сәті болады, сайысқа қатысушыларда палаткалар тігіп, ортаға алау от жағып,  «Изгиб гитары желтый», «Бірге жүрген көңілді» әндерін  шырқады. Сайыс мәресіне жетіп әділқазылар алқасының шешімімен №6 «Көктем» балабақшасы «Ең белсенді», №71 «Мөлдір» балабақшасы «Ең ынтымақты», №24 «Айналайын» балабақшасы «Ең көңілді», №58 «Өркен» балабақшасы «Ең креатив» аталымдарын иеленді. Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар табысталып сыйлықтармен марапатталды.
Шағын ғана ұжым болсада береке бірліктің үлгісі болған, жаңа бастаманың жаршысы, тамаша шараның ұйытқысы №13 «Тұлпар» балабақшасының тәрбиешілері  Колесниченко Миля Владимировна, Достанова Зиаш Оразбековна, Кашина Татьяна Владимировна, Рахметова Гюльзана Тулекбергеновна, музыка жетекшісі Русакова Алена Алексеевна, әдіскер Каюмова Клара Рамизовна жас туристер станциясы директорының орынбасары Шаяхметова Галина Мичиславовнаның бір жұдырықтай болып жұмылған, еш мінсіз жұмыстарына шын жүректен алғыс білдіреміз.
Бұл күнгі семинарға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан Кусайнова Айман Турсункуловна қатысып 30 жылдан астам еңбек жолында өзінен қанаттанып шыққан аталмыш балабақшаның педагогтарына біліктіліктері үшін алғысын білдірді.
Мамандықтарына деген сүйіспеншілік, өз істеріне деген жауапкершілікті көріп тұрған ұжымға Нұр-Сұлтан қаласы «Білім беруді жаңғырту орталығының» әдіскері Мәншүк Маратовнада тек сәттілік тіледі.
Нұр-Сұлтан қаласы, «Қоғамдық келісім» сараптама, мониторинг және әдістемелік талдау бөлімінің жетекшісі Агибаева Райса Мұхаметдиевнада балабақша қабырғасынан шығып сырт ортамен байланыста жұмыс жасап, тәрбиешілерге серпіліс, шығармашылық шабыт сыйлаған, өзара танысуға таптырмас мүмкіндік берген балабақша меңгерушісі Толқын Қадырбайқызына алғысын білдіріп, басқада балабақша меңгерушілеріне ынтымақтаса жұмыс жасауға есік ашық екенін жеткізді. №24 «Айналайын», №58 «Өркен», №6 «Көктем», №48 «Көгершін» балабақшаларының меңгерушілері Клара Боранбаевна, Ләззат Мақсұтқызы, Алтынай Нұрмағамбетова, Үлжан Әбенқызы  №13 «Тұлпар» балабақшасының ешбір үзіліссіз өз деңгейінде тамаша ұйымдастырылған шарасы үшін жоғары бағасын берді. Кластердің мақсаты педагогтардың өзара іс-тәжірибе алмасуы болса бұл күнгі басқосуда бұл мақсат орындалды.
Патриоттық тәрбие ұрпақты ұлтжандылыққа баулудың шыңы болса, еліміздегі бірлік ордасында бірлесе өткен шара Отансүйгіштіктің айқын көрінісі.
Тәжірибелі мамандардан жасақталған шағын ғана берекелі ұжымға тек шығармашылық табыс тілейміз. Әрдайым осылай ойға алған істеріңізді абыроймен атқарып алғыспен атаққа ие бола беріңіздер!

 

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.