Мулдагалиева Ботакоз Зейноллақызы
Батыс Қазақстан облысы
Орал қаласы
Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға
арналған арнаулы мектеп-интернатының
ұзартылған күн тобының тәрбиешісі
Мақсаты: Тренинг арқылы оқушылар арасындағы достық, сыйластық қарым-қатынасты нығайту, бірін-бірі құрметтеуге, қоғамдық ортада өзін еркін сезіне білуге, өзін-өзі тани білуге, адамгершілік қасиеттерді бала бойына сіңіртіп, жан-жақты тұлға тәрбиелеу.
Тренинг ережесі:
- Тыңдай білу.
- Сөзді бөлмеу.
- Белсенділік.
- Сыйластық.
Көрнекіліктер: ақ қағаздар,түрлі-түсті қарындаштар, шарлар
Барысы: Ұйымдастыру.
Амандасу: Бейне суреттер арқылы амандасу
«Сиқырлы сандық» тренинг
Сиқырлы сандық (онын ішінде айна болады). Тренингті бастамас бұрын ең бірінші, өз-өзімізді айқындап алайық. Қазір сендер мына сандықты бір-бірінің қолдарына бересіңдер. Осы сандықты алған адам оны ашып, ішіне қарайды. Оның ішінде жан-жақты, ғажайып және қайталанбайтын бейнені көресіңдер. Оған күлімдеп қарауларың керек.
Барлық қатысушылар сандыққа қараған соң, мұғалім сұрақтар қояды:
Жан-жақты, ғажайып және қайталанбайтын бейне кім болып шықты?
Сендер ол бейнеге күлімдеп қарағанда, ол сендерге қалай қарады?
«Менің мінезім»
Мақсаты: Өзіне деген сенімділігін, өзін тануға деген қабілеттерін анықтау. Әрбір қатысушы білезіктей шеңбер сызып, оны төртке бөледі. Әр бөлікке төмендегі жануар, аң, құс аттарын жазып шығады: Түйе, Жылқы, Сиыр, Қой, Ешкі, Ит, Мысық, Тауық, Қаз, Аққу, Қарлығаш, Үйрек, Бұлбұл, Арыстан, Қасқыр, Түлкі, Маймыл, Қоян, Тауешкі, Тасбақа, Жылан, Балық.
Соңында 1. Үйде, 2. Жұмыста, 3. Жолдастарының арасында, 4. Өзіндік баға деп бөлінген бөліктерге жазылған жануарлар, құстар адамның сол бөлікке қатысты мінездемелермен танысады.
Жауабы: 1. Түйе — шыдамды 2. Жылқы — тектілік 3. Сиыр — өкпелегіш 4. Қой- жайдарлылық 5. Ешкі — ұйымдастырушылық 6. Ит — адалдық 7. Мысық — биөрісі басым адамдар 8. Тауық — шығармашыл 9. Қаз — тазалық 10. Аққу — сезімтал 11. Қарлығаш — бауырмал 12. Үйрек — ұқыптылық 13. Бұлбұл — әнді жақсы көретін 14. Арыстан — қайратты 15. Қасқыр — жігерлі 16. Түлкі — бейімделгіш 17. Маймыл — әртістік қабілеті бар 18. Қоян — елгезек 19. Тауешкі — талғамы жоғары 20. Тасбақа — мейірімді 21. Жылан — салқынқанды 22. Балық — еркіндікті қалайды.
Талдау: жаттығудан алған әсеріңіз? Өзіңізді теңеу қиын болды ма?
«Ашулы шарлар» жаттығуы
Шарты: шеңбер болып тұрып, шарды үрлеп, оларды байлау. Шарлар адам денесін бейнелейді, ал оның ішіндегі ауа – адам сезімі. Қатысушылар қолдарындағы шарды жаруы керек.
Шарды жарғанда қандай сезімде болдыңыздар? Ашуды солай шығару дұрыс жол ма? Ондай ашудан кейін қандай сезімде болдыңдар?
Бұлай қатты жарылған шар агрессияны білдіреді. Ол қауіпті.
Енді қатысушылар келесі шарларды үрлейді, оны байламай ұстап тұрады. Бұл шарлар ашу толы сезімді білдіреді, ал енді жайлап қана ауасын шығарайық. Шар кішірейеді, бірақ жарылмайды. Бұл нені білдіреді? Ергер біз ашумызды бақылап шығарсақ, ол ешкімге зақым келтірмейді.
Енді қатысушылар шардағы ауаны толығымен сыртқа шығарады. Бұл дегеніміз ашудың қауіпсіз жолын табу – ол әр адамның өз қолында екендігін тұжырымдау.
«Сенімділік» жаттығуы
Мақсаты: Оқушыларды стрестік жағдайдан арылтып, сенімділікке үйрету.
Шарты: Оқушыларға бос ақ парақ таратылды. Сол парақты теңдей етіп екіге бөлу ұсынылды. Ол бөліктерді 1, 2 деп белгілеп, бірінші бөлікке жағымды қасиеттерін, екінші бөлікке жағымсыз қасиеттерін жазады. Өздеріне жағымды қасиеттерін қалдырып, жағымсыз қасиеттерін жыртып, қоқыс жәшігіне салады.
«Ақ тілек» жаттығуы лентамен.
Барлығымыз шеңберленіп тұрамыз, қолымыздағы лентаны алып, әртүрлі жаттығуларды жасау арқылы (лентаны жоғары лақтыру, қолымызбен бір шапалақтап лентаны ұстап алу, екі шапалақтап лентаны ұстап алу, айналу) лентаны жерге түсірмей ұстап алу. Бәріміз бірлесіп лентаны жерге түсірмедік, тренингтен ұғарымыз бірлесіп жұмыс атқарғанда ғана өз дегенімізге жетеміз «бірлік бар жерде, тірлік бар» екенін ұғынамыз.
Тренингті қорытындылау.