Home » Жаңалықтар » ИГІ ІСКЕ ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН ҰСТАЗДАР

ИГІ ІСКЕ ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН ҰСТАЗДАР

 ИГІ ІСКЕ ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН ҰСТАЗДАР

 Игі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық жасауға құмартып жүретін жандардың көп болғаны қандай жақсы. Апат болған жерлерге ақша атау, дертке шалдыққан жандарға жылу жинау, жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созу – шын мәнісіндегі жақсылықтың, қамқорлықтың, әрі ынтымақты ел болудың белгісі емес пе?.. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Оларға кейде ақпараттық қолдау білдіріп, әрбір қайырымды ісін үлгі ретінде насихаттап отыру, атқарылған ізгі шаруаларды жариялау- бұл да бір маңызды іс, пайдасы бар жұмыс па дейсің. Өйткені кішігірім қайырымды іс қарқын алып, өзге елді-мекендерде жалғасын тауып жатса, жалпыхалықтық сипат алса, онда ол игілік пен жақсылыққа қарай жол тартады.

Тамыз айының басында жылдағы дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясы қолға алынып, ел бойынша жүзеге асырылғандығы белгілі. Қайырымды іс-шараға үлес қосып, жақсылық жасаған азаматтар көптеп табылды. Біздің Алматы қаласындағы №59 мектеп-гимназиямыздың ұстаздары мен ата-аналары да қалыс қалмай, қолдарынан келгенше көмек қолдарын созып, игі жұмыстарға атсалысты. Тұрмыс жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға мектеп құралдары мен киімдер сыйлап, қаржылай көмек берді.

Айталық, биылғы «Мектепке жол» акциясы «Мектепке жол — Шекарасыз жақсылық» деген ұранмен бастау алып, сайттар мен парақшаларда көмек сұраймын деушілер үшін  хабарландырулар жарияланды. Мектеп қабырғасына стенд жасалынып, ілініп қойылды. Алғашқылардың бірі болып әріптесіміз Енсебаева Ләйлә Төлеукенжеқызы көпбалалы отбасынан шыққан, тұрмыс жағдайы төмен  3-сынып  оқушысына материалдық көмек беріп, қайырымдылықтың «Бісмілләсін» бастап жіберді. Бұл ізгі істі жалғастырып, мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жабаева Гүлбаршын Мырзабекқызы көпбалалы отбасынан шыққан, жағдайы төмен 5 «Г» сынып оқушыларына мектеп формаларын алып берді. Дәл осындай материалдық көмектерді мектебіміздің басшысы Қасымова Айжан Тойбекқызы мен ардагер ұстаз, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрғасқаева Жанат Құдышқызы беріп, игі іске болысты.

Қазақ тілінің мұғалімі Сейдазимова Элеонора, орыс тілі пәнінің мұғалімі Максимова Фарида, бастауыш сынып мұғалімі Құдайқұлова Гүлжахан апайларымыз өз тараптарынан және ата-аналар тарапынан қаржы жинап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұядағы балаларға қайырымдылық жасады. Мектеп ұстаздары: Балтабаева А. (9 «Б» сыныбы), Надырова Н. (8 «Б» сыныбы), Алибекова Л. (6 «Ә» сыныбы), Темірболатова Р.(5 «Б» сыныбы), Тлеуова М.(4 «В» сыныбы), Арзикулова Г. (10 «Ә» сыныбы), Ибраимова Б. (11 «Ә» сыныбы), Сугирбаева М.(4 «Б» сыныбы), Айбасова Г. (9 «В» сыныбы), Сапенбаева Н. (9 «А» сыныбы), Бибек А. (6 «А» сыныбы), Текесбаева Н. (2 «А» сыныбы), Сагындыкова А. (4 «Ә» сыныбы), Айтахметова А. (3 «В» сыныбы), Есенбаева Б. (7 «Б» сыныбы), Қуанышбай Г. (6 «В» сыныбы), Оқыбаева Г. (2 «Г» сыныбы), Егеубаева К. (10 «А» сыныбы), Кемелхан Ғ. (7 «Б» сыныбы), Заманбекова Г. (11 «А» сыныбы), Ахметова Х.Б. (10 «Б» сыныбы),  Такежанова Б. (7 «В» сыныбы)  жетекшілік ететін сыныптың ата-аналары қаржылай көмек беріп, игі іске атсалысты. Жаратылыстану және математика-информатика бірлестіктері де қайырымды істен қалыс қалмай, ақшалай жәрдемдесті. Мектебіміздің жанашыр ата-анасы Сауытбаева Римма демеушілік жасап, 1 «Ә» сынып оқушысына сарафан, аяқ киімдер секілді материалдық көмектер берді. Түрксіб ауданының Әкімшілігі де «Мектепке жол» акциясын қолдап, көпбалалы отбасынан шыққан, тұрмыс жағдайы төмен балаларға мектеп сөмкелерін, оқуға қажетті құралдарды алып беріп, жақсы іске қолғабыс етті.

Жұмыла көтерген жүктің ауырлығы болмайды. Әсіресе жаңа оқу жылында білім алуды асыға күтіп отырған бүлдіршіндерге қуаныш, тәтті көңіл-күйді біріге отырып сыйлағанның өзі үлкен жақсылық емес пе?.. Біздің ұстаздарымыз бен сынып жетекшілеріміз қайырымдылық акциясында көп еңбек етіп, жақсы істерге ұйытқы болып жүрді. Жақсылыққа шақыру, қайырымды істерге мұрындық болу – бұл да бір үлкен шаруа, игілікті іс. Әріптестеріміз аталмыш іс-шараға қолдарынан келгенше атсалысып, қайырымдылықтың сауапты іс екенін насихаттады. Ата-аналармен жұмыс істей біліп, қайырымдылыққа тарта білді, ептілік танытты. Балаларымызға қуаныш сыйлады. Ізгілікті істің үлгісін көрсетті. Жаңа оқу жылын осындай көңілді ахуалда, жақсы ниетпен, игі істермен бастады.

Қанат Едігетегі,
59 мектепгимназия

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.