Нұр-Сұлтан қаласы
№ 6 гимназия
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
педагог-сарапшы
Куленова Жанар Хасенқызы
Білім саласындағы маңызды өзгерістер болашақ мұғалімдердің кәсіптік дайындығына күрделі де нақты талаптар қойып отыр. Қазіргі қоғамда болып жатқан кең шеңбердегі өзгерістер білімді, саналы жастарды тәрбиелеуде үлкен міндет жүктері сөзсіз. Жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейдегі білім негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерінің бірі. Қазір «Ғасырдың мектебі мен мұғалімі қандай болу керек?» деген негізгі сұраққа жауап ізделуде. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, тәжірибелік қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген іскер мұғалім қажет екендігі аз айтылып жүрген жоқ. Қазір заман да, қоғам да өзгерген. Бүгінгі балалардың мақсаттары да, құндылықтары да, идеялары да бұрынғыдан мүлде басқаша. Өйткені олар — өзінің болашағына тиімділік тұрғысынан қарайтын, іскерлікке бейім, жоғары талап қоя білетін адамдар. Ол үшін мектепке заман талабына сай мемлекеттік білім стандартын енгізу, соған сәйкес кәсіби шеберлігі дамыған кадрлармен қамтамасыз ету, өркениетті ғылыми-әдістемелік бағытқа ынталандыру, жаңа базистік оқу жоспары мен жаңа буын оқулықтарына көшу, орта білімді ақпараттандыру, тағы сол сияқты білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды істер.
Қазақстанның оқу орындарында оқыту үрдісінде, оның ішінде, тілдерді оқытуда диалогтік әдістерді қолдану тәжірибелері зерттелді; педагогикалық және әдістемелік ғылыми әдебиеттер талданды; тәжірибелерді қорытындылау, жалпылау негізіндегі материалдар жинақталды; тілдерді өзге тіл ретінде оқытудың отандық және шетелдік озық тұжырымдамалары анықталды, оқушылардың сөйлесім әрекеттерінің түрлері бойынша дағдылары мен біліктерін қалыптастырудың қазіргі заманғы озық әдістемелері мен әдіс- тәсілдері зерттеліп, талданды, диалогтік оқыту жағдайындағы педагогикалық жүйені жобалаудың теориялық және практикалық мәселелері қарастырылып, зерттеудің ғылыми болжамы жасалды. Оқыту мен оқудағы жаңашыл әдістердің, диалогтік оқыту әдістердің сұрақтары бойынша әдебиетпен танысу, оқушылардың сөйлеу қабілеттерін деңгейлеп талдау.
Оқу бағдарламасының негізінде дайындалған әдістемелік үлгі бойынша сабақтар өткізіліп, мектеп сыныптарында қазақ тілін оқытуда диалогтік оқыту әдістерді қолданудың психологиялық-педагогикалық қағидалары анықталып, қазақ тілін оқыту үрдісінде диалогтік оқыту әдістерді қолданудың кезеңдері мен ерекшеліктері нақтыланды.
Мұғалімнің ұстаздық міндеті — оқушыларды шығармашылыққа баулу, шәкіртінің бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізетіндей етіп жұмыс істеу. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологиясын меңгермейінше сауатты, жан – жақты маман болу мүмкін емес. Ал өз пікірін пайымдай алатын, өз көзқарасын дәлелдей алатын оқушы — ертеңгі үлкен өмірдің бәсекесіне төтеп бере алатын тұлға болып шығатыны сөзсіз. Алдағы уақытта да білім беру үрдісінде осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыратын болсақ:
- барлық оқушылар сабаққа белсенді қатысады;
• барлық оқушылар өздерін еркін сезінеді;
• олар бір нәрсені қате айтамыз деген қорқыныштан арылады;
• жауапты бірлесіп іздейді, жолдастық көмек, бір- біріне деген жауапкершілік сезімі пайда болады;
• сабақ оқушы үшін, мүғалім үшін де пайдалы болады;
• ең бастысы олар бір- біріне қатты әсер етеді, бір-бірінен үйренеді және бірін-бірі үйретеді.
Қорыта келгенде, мұғалім мен оқушы арасында, оқушы мен оқушы арасында диалогтік қарым — қатынас орнатылса, сабақта сыни тұрғысынан ойландырылатын тапсырмалар берілсе, жаңа әдіс — тәсілдер көбірек қолданылса сабақ өз дәрежесінде өтіледі.