Өміршең өлең — өлмес мұра, ұрпақтан-ұрпақ мирас болатын, мәңгілік ортаймайтын, сарқылмайтын қазына. Сөз өнерінде шоқтығы биік, дара тұлға М.Мақатаев — ұлт мақтанышы. Былтыр 90 жасқа толған ақиық ақынның мерейтойын атап өтуді төтенше жағдайға байланысты шегерген Алматы қаласындағы ақын есімімен аталатын 140 гимназия шектеу шаралары алына бастағаннан-ақ шығармашылығы бойынша қала көлемінде концерт өткізіп, ас беруді жоспарлаған болатын. Аталмыш шара 25 наурыз күні Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрда «Қазағым сағынды, рас, Мұзбалағын» тақырыбында өтті.
Қар мен жауын араласқан Алматы. Қасиетті жұма. Театр алды. Қарақұрым адам. Сағыныса қауышқан халық. Ауа-райына қарамастан, талайдан бері мұндай шараларда бас қоспаған соң ба, қазағымның Мұзбалағын сағынғанынан ба, қара сөзбен жеткізе алмайтындай, ерекше көңіл-күй көрініс тапты.
Керемет күн… Рухани азық үшін,
Мұзбалақтың сезінер алып күшін.
Ақынның ән-жырынан сусындаған,
Ерекше күн болды, рас, халық үшін.
Шара қонақтарының қатарында ақын ұрпақтары, Қарасаздықтар, Алматы қаласы Білім басқармасы қызметкерлері, қазақ зиялылары, ақын-жазушылар, эстрада жұлдыздары, журналист-тілшілер, әдіскер, ғалымдар, ардагер ұстаздар, жас мамандар, шәкірттер мен ата-аналар, түлектер болды. Шараны Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Л.Ә. Жылқыбаева ашты.
Қалың көрерменге «Ата-ана. Оқушы. Ұстаз» триадасының шығармашылығы паш етілді. Ақын өмірінен сахналық қойылымнан басталған шара көрерменнің көзайымына айналып, ерекше ықыласына бөледі. Мұзбалақ ақынның балалық шағын 5″Е» сынып оқушысы Әлімхан Әділет, есейген шағын 2011 жылдың түлегі Алпысбай Әліби сомдады.
Ақын шығармашылығы бойынша айтылған ән, оқылған өлең барлығы әсем музыкамен, тамаша бимен әрленді. Әуелете шырқалған ән, жүрекке жететіндей, әсерлі оқылған жыр, мектеп оқушылары мен ұстаздары жоғары деңгейде қойған қойылымдар кеш қатысушыларын рухани қанаттандырып, тартымды сәттерімен шабыттандырды.
Сонымен қатар, С.Тілеубай мен С.Темурбаеваның құрастыруымен ақын есімен аталатын мектептің шығармашыл өмірінен сыр шертетін 500 беттен тұратын «Мектебім — білім ордасы» кітабы оқырманға жол тартты. Кітапқа ұстаздар, оқушылар, ата-аналар, түлектер толғанысы, ойтолғаулары мен өлеңдері енген. Қатысушыларға бұл кітап сый ретінде ұсынылды.
Кеш соңында берілген аста ақын рухына құран оқылып, дұға бағышталды.
«Мұқағали» қоры атынан Мұқағалиұлы Жұлдыз, Мұқағали келіні Бақыткүл Қыдырбайқызы осынау дүбірлі шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған гимназия басшысы, «Құрмет» орденінің иегері С.Тілеубайға алғысын білдірді. М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның дарынды шәкірттері Дінмұхамед Жігер, Әділетқызы Меруерт, Жасұлан Ерболат «Мұқағали стипендиясының» иегерлері атанды. Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» бірлестігі қорының Президенті А.А.Нұрмановтың Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен 20-ға тарта ұстаз және гимназия басшысы С.Тілеубай, директор орынбасары С.Темурбаева «Ұстаз даңқы — 100 есім» төсбелгісімен марапатталды.
Әр игі істің басында мықты ұйымдастырушылығымен ерекшеленетін көшбасшы тұрары хақ. Бұл — төтенше жағдай аяқтала сала ізгі бастаманың көшбасшысы бола білген, ұжымды бірлікте іс қылуға шақырған, кәсіби шеберлігімен ерекшеленетін, гимназия басшысы Сәния Өскенбайқызының ерен еңбегі. Шара соңында ата-аналар, шәкірттер, қатысушылар тарапынан айтылған толассыз тілектері, тамаша пікірлері — соның айғағы.
Мәртебең арта берсін, ақиық атындағы 140 гимназия — құтты мекен! Ұрпаққа үлгі етер ұлы істердің көшбасында, тұғырыңнан түспей, биіктей бер!
Сафура Сәлімбайқызы, Алматы қаласы