Home » Мақалалар » Ыбырай Алтынсариннің Қазақстан қоғамындағы және рухани адамгершілік дамуындағы рөлі мен маңызы

Ыбырай Алтынсариннің Қазақстан қоғамындағы және рухани адамгершілік дамуындағы рөлі мен маңызы

 Атырау облысы
Жылыой ауданы
Жаңа Қаратон кенті
«№22 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ
тарих-құқық пәнінің мұғалімі
Баданова Назира Амановна

Жоспар:

  1. Ыбырай өмірі ұрпаққа өнеге.
  2. «Кел, балалар, оқылық» қазақтың сөнбес шырағы.
  3. Қазіргі қоғамға Алтынсарин еңбектерінің орны.
  4. Қорытынды.

 

Өзін де, өзгені де сауатты болуға шақырып, бар ғұмырын балаларды оқытуға, мектеп ашуға жұмсаған Ыбырайдың азан шақырылып қойған есімі – Ибраһим еді. Білімге құштарлығын титтей кезінен атасы байқап, қанатынан демеп, әрі қарай білім көкжиегімен дамуға үлкен мүмкіндік береді.

Еңбек жолын атасының хатшысы боп бастаған Ыбырай кейін тілмаш ретінде жұмысқа орналасады. 1864 жылы 8 қаңтарда ең алғаш өз мектебін ашады. Бұл күн қазақ тарихында сақталуы тиіс…

Мектеп ашқан жылдың қарсаңында Айғаныс атты қызбен отау құрады. Ақ неке жас жұбайды біраз жыл баласыз әбігерге салады. Кейін туысқандарының баласын бауырына басады. Сорақысы, алты жасында көз жұмады. Кейін бала сүйіп, екі ұл бір қыз сүйеді. Әбдірахман мен Шарипа қызы да өмірден балалық шағында қош айтысады. Абдолла атты тұңғыш ұлынан жалғыз тұяқ Нағима атты немересі 1998 жылы 82 жасында көз жұмады. Атасының көзін көрмесе де, әжесі Айғаныстың ертегісін тыңдап өскен қыз ұлт ұстазының ұрпағы екенін өмірінің ақтық деміне дейін мақтана айтқан.

Небәрі 48 жасында өмірден өткен ұлағатты ұстаздың әр тер төккен еңбегі қазақ қоғамының дамуына, сауатты болуына арналған еді. 1889  жылы 17 шілдеде Қостанай қаласынан үш шақырым  жердегі көл жағасында салдырған ағаш үйінде ауырып өмірден өтті. Өлерінің алдында өзіне тиесілі жерлерді Қостанай қаласындағы ауыл шаруашылық училещесінің меншігіне беруді тапсырған.

  1. «Кел, балалар оқылық» қазақтың сөнбес шырағы

«Бір Аллаға сиынып,

Кел, балалар, оқылық ,

 

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық», — дәл осы өлең шумағы әр қазақтың жадынан өшпейтіні, ешқашан ұмытылмайтыны анық. Алғаш әріп таныған сәттен бастап Ыбырай атамыздың «Кел, балалар, оқылық» атты бірер сөзі жүректі жылытып, құштарлығымызды оятары хақ, һәм айқын дүние.

Бала дамуының алғышарты еңбектеген сәтінен басталса, сауат ашуы Әліппеден бастау алады. Кітаптың ең бірінші бетінде Ыбырайдың өлеңі. «Ғалымның хаты өлмейді» деген рас-ау. Ұлты, ұрпағы ұлықтайтын ұлы ұстаз дәрежесіне халқы жеткізді.

Бір шумақ мына өлеңде өмір философиясы жатыр. Аллаға сиынған артық етпейтіндігін, өлгенше білім жинау, оқыған дүниемізді түсіну арқылы миға тоқу сынды төрт түрлі заңды төрт жолға сидыра білген қандай ғұлама десеңізші…

Ықыласыңды, зейініңді салып оқы деген Ыбырай сөзін қазіргі қоғамның оқушылары түсіне ме екен? Барша әлемді індет жалмап, пандемия басталғалы бір жылға жуық уақыт өтті. Қашықтан оқыту режимі жаңа технологияларды меңгеруге үйреткенімен, кітап бетінің жабылуы туралы мәселелерді де туғызғаны өтірік емес.

Онлайн платформалар арқылы білім алып жатқан оқушылар саны көптеген миллиондарды құрайды. Бір жыл бойы бойға сіңген білім мектептегі партада отырып алған сабаққа жетпейді. Енді әріп таныған 1-сынып оқушылары Ыбырай өлеңінен бейхабар…

Қазақтың сөнбес шырағына айналған өлең шумағын қазақ саны өскен сайын естір құлақ пен айтар ауыз да көбейгенін қалаймыз. Ол үшін ұлт ұстазының еңбектерін дәріптеп, ұмыт етпеу керек.

Қашықтан оқыту режимі басталғалы онлайн мектеп пен Zoom платформасы біздің оқу құралымызға айналды. Ұстаздардың жұмысы екі есеге артып, еңбегіміз осы жылы екі есе еленді. Қоғам мұғалімнің қадірін еселеп түсінді. Әлемді шарлаған коронавирус індеті тезірек кетіп, қалыпты өмірімізге оралғанымызды қалаймыз. Оқушы шуы мен мектептегі тақта біз сарғая күткен дүниеге айналды.

  1. Қазіргі қоғамға Алтынсарин еңбектерінің орны

Қазақ жазба әдебиетіндегі алғаш прозаиктің бірі, қазақ хрестоматиясының негізін салушы Ыбырай Алтынсарин шығармаларының алтын бастауы – еңбек. Еңбексіз адамзат баласының дұрысталуы, білімге бет бұруы бекер екенін жеткізеді. Әдебиет – тал бесіктен тәрбиелейтін құдіретті құрал. Балалық шағында бойға жақсы қасиеттерді сіңіріп өскен бала болашақта үлкен тұлғаға айналары анық.

Шығармаларының негізгі кейіпкерлері мен жағдаят қарапайым қазақ отбасындағы тұрмыс-тіршіліктен алынған. Алдымен адамгершілікті, кейін еңбекті елге дәріптеген Ыбырай әңгімелерінің бүгінгі қоғамға қандай ұқсастығы, қатысы бар?

Мысалы,  «Өрмекші», «Құмырсқа», «Қарлығаш», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ»,  «Сейтқұл» т.б. жазушының бір топ әңгімелері адамгершілік тәрбие мәселесіне жазылған. Адамзат баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап ата-ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласына бөленіп өсетіні белгілі. Ата-ана баласына небір асыл қасиеттерді үйретіп, жақсы азамат болуын тілейді және үміттенеді. Бұл тақырыпты да қамтыған Ыбырай шығармалары бар. Мысалы, «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Таза бұлақ» т.б. Әр әңгімесінде тәрбиенің ізі жатыр. Оны түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көзі жетеді.

 

Қоғамға қара күйе жағылып, адамгершіліктің ақ таңы жоғалып, адал еңбектің дәмін сезгісі келмейтіндер өте көп бұл заман – қорқынышты. Құтқаратын зиялылардың ақылы мен ұстаздардың ұлағатты ойы. Бір кітаптың кішкене жолағын оқыған адам өмірге басқаша көзқараспен қарайтын болады. Ал түгел кітапты игерген адам сауатты һәм білімді болмақ. Ыбырай еңбектеріндегі жақсы жаман адамның барлығы ортамызда жүр. Ақ ала жолдан аттап, қара батпанға белшесінен батып, жамандық атаулыға жаны құмар жандарды жақсылыққа баулитын дәл осы ұлт ұлдарының ұлы сөздері, еңбектері емес пе?

Ұстаздың жолын жалғаған миллион ұстаз бар. Біздің қазіргі міндет – ұлықтау. Баланың екінші үйі мен анасы ұстаз бен мектеп. Демек, бала тәрбиесінде ең үлкен орын да біздікі. Мектептен үйренген 11 жылдық білімі кейінгі жүз жылдық өміріне азық болып, тамыры тереңге жайылатындай, Ыбырайлардың жолын қуатындай азамат боп өсуіне септігін тигізер мына біз – мұғалімдер.

Қорытынды. Ыбырай Алтынсарыұлы қазақтың əдеби тілінің негізін салуда да елеулі еңбек етті. Тіл тазалығы үшін күресіп, оны ұстартты. Өз туындыларында халықтық тілдің негізгі сөздік қорын пайдалана білді. Əдеби тіл принципін қатаң сақтады. Шығармаларында мақал, мəтел, нақыл сөздерді, аңыз-əңгімелерді шебер пайдаланды. Өмір шындығын халықтық стильде жазды.

Сонымен, Ыбырай Алтынсарин – кемеңгер ағартушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген аса дарынды суреткер, қажырлы қоғам қайраткері. Ол заманның ең маңызды мəселелерін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы. Сөз жоқ, Ыбекең сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Ол өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды Азамат.

Көрнекті əдебиетші-ғалым Қ.Жұмалиев «ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ əдебиеті» деген ғылыми-зерттеу еңбегінде педагог-жазушыға: «ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Еуропа мəдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушылар дəрежесіне көтерілген əрі педагог, əрі ақын-жазушы Ыбырай Алтынсариннің өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор» [5], — деп баға берген.

Білімі мықты елді ешқандай мемлекет жаулай алмайтыны рас. Болашақ ұрпаққа майдай терін төгіп, ілім қалдырған ұлы адамдардың еңбегі барда қазақ тарихы мен әдебиетінің берер білімі бітпейтіні хақ. Ыбырай өмірі бізге өнеге…

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ыбырай Алтынсарин. Шығармалар жинағы. – Алматы:1955. – 413 б.
  2. «Ыбырай Алтынсарин мұрасының әлеуметтік, педагогикалық, өнегелі әлеуеті және қазіргі заман». Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдар жинағы. Қостанай, 2011. – 227 б.

Автордың аты-жөні, тегі: Исенова С.И.

Тег: Тәрбие Ақын

Журнал: Академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті ғылыми хабаршысы. Жыл: 2012

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.